Отандық туризм дамып келеді

1728
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елдігімізді нығайтатын 5 институттық реформаны іске асыру үшін «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 57-қадамы бойынша «Туристік кластер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық (зәкірлік) инвесторларды тарту» туралы тапсырма берген болатын. Осы бағытта Елбасы Жолдаулары мен ел дамуын айшықтайтын мемлекеттік бағдарламаларда туризм кластерінің дамуына ерекше мән беріп, Қазақстанды туристер үшін тартымды елге айналдырудың бағыт-бағдарларын көрсетіп келеді. Соңғы жылдары елімізде туризмнің барлық түрлері дамумен қатар, еліміз үшін тың сала – ивент-туризм де дамудың даңғыл жолына түсті. Ивент-туризмнің, яғни, халықаралық іс-шараларға байланысты дамып отыратын бұл туризм түрінің жандануына Астанада өтіп жатқан EXPO – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі түрткі болды. Десе де, сала мамандарының айтуынша, сыртқа шығып демалатындар саны да азаймаған. Бірақ шетелде демалғанда нені ескеру қажет?

Соңғы жылдары Қазақстан туристерінің шетелге шыққанда көңіліне қаяу түсіп, туропе­ра­торлардың банкротқа ұшы­ра­ғанын естіп, ақшадан қағылып, амалсыздан елге қайтқан жағдай­лары жиілеп барады. Өткен жыл­дары, тіпті ірі туристік ком­пания­лар қиындыққа тап болса, биыл «Элит класс» турагенттігі өзін банкрот деп жариялаған. Отандық туристердің айтуынша, қонақүй құны төленбеген. Далада қалған 24 туристің мәселесін Қазақстан­ның Анталиядағы кон­сул­дығы оңтайлы шешкен. Сыртқы істер министрлігі бас­пасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда бар­лық туристер басқа қонақүй­лерге жайғасты­рылған.

«Сақтансаң сақтаймын…»
Сыртқы істер министрлігі мұндай жағдайларда шұғыл мәлім­деме жасап, туристердің қаперіне «сақтықта қорлық жоқ» екенін салады. Әдетте, мұн­дай қиындықтың алдын алу үшін ше­тел­ге демалуға шығып бара жатқан ел азаматтары қонақ­үйлермен алдын ала хабарласып, олардың атына бронь жасалған-жасалмағанын әрі қонақүй құнының төленген-төленбегенін анықтап алуы керек. Бұдан тыс әуе билеттерінің кері қайту үшін де төленгеніне көз жеткізуі қа­жет. Келеңсіздіктер туындап жат­са, Анталиядағы консулдыққа не­ме­се басқа да дипломатиялық өкіл­­діктерге хабарласып, мән-жағ­дайды айтып, көмек сұрау қажет.
– Негізінен, бұл арада сақ­тан­дыру компаниялары жұмыс іс­теуі керек, – деп бастайды турис­тік фирма директоры Дина Стыбаева: – Өкінішке қарай, соңғы үш жылдың ішінде ше­тел­­ге демалуға шыққан азамат­тарымыздың көңіліне кірбің түсіп, дау-дамайлар орын алып жатыр. Тіпті нарықта ұзақ жылдар жұмыс істеген үлкен туроператорлар да жабылып үлгерді. Сондықтан бұл салада күтпеген жағдайлар болып тұрады. Шетелде туристерді не күтетінін алдын ала болжау қиын. Меніңше, осы тектес мәселелер туындамас үшін халықаралық туроператорлар мен сақтандыру компаниялары бірігіп жұмыс істеуі керек.
Туристік фирма басшысының айтуынша, қазақстандықтар үшін all inclusive қағидаты, яғни, «бәрі қамтылған» ұстанымымен жұмыс істейтін Түркия – ең жиі баратын мемлекеттердің көшін бастап тұр.
– Шынын айтсақ, отандық туристердің көбі балалары үшін теңіз жағалауларын таңдайды. Бұл ретте Түркия жағалауларына ынта-ықылас жоғары. Екінші орында – Тайланд. Бұл елге қыста да, күзде де баруға болады. Одан кейін Вьетнам бағытын таңдап жатқандар да баршылық. Дубай мен Үндістан да сұранысқа ие. Әрине, қазақстандық туристер Еуропаға да қызығады, бірақ қалтасына қарай түрік еліндегі эконом-турларды таңдайды. Десе де, Еуропаға барып-жатқандар да жетерлік, – дейді Дина Стыбаева.
Жақында ғана Түркиядан оралған әрі елдегі жағдайды іштей біліп келген маманның ойынша, түрік елі туризм кластерін сақтап қалудың бар амал-әрекеттерін жасап, экономикалық дағдарысты еңсере білген. Қазіргі таңда бір турдың орташа бағасы 325 000­
тең­генің шамасында екен. Таңдал­ған қонақүйге байланысты бұл қаржыға 7 немесе 10 күн демалуға болады. Өз кезегінде туристік фирма басшысы:
– Қазіргі таңда шетелдік турлардың қымбат болуы­ның басты себебі – әуе компания­ларының ұшақ бағасын жоғары қоюы. Екінші жағынан, туропе­раторлардың жұмыстары тұрақ­сызданып барады. Мәсе­лен, кей­бір туроператорлар бәсе­ке­лес­тікке шыдамай шынымен де жабылып жатады. Кейбір ком­паниялар науқандық сипатта ашылып, ақша жинап алғаннан кейін өзін банкрот деп жариялап, халықты алдайды. Біз осындай ком­паниялардың жұмысынан қор­қамыз, – дейді.
Соңғы кездері түрік елінде аll inclusive жүйесіне қатысты жаңашылдықтар да енгізілу үс­тінде. Мәселен, 2 және 3 жұл­дыз­­ды қонақүйлер туристерге үш реттік ас берумен қатар, күні бойы тегін сусындарды ұсына алса, 4 жұлдызды қонақүйлерде туристерге 4 реттік ас, 10 түрлі салат пен 10 түрлі ыстық тамақ, мұнымен қоса, күні бойы тегін шай мен дәмді тоқаштар ұсынылады. Сондай-ақ тегін шезлонг, матрас, оранатын сүл­гі­лер беріледі. Бұдан тыс, ашық бас­сейн­дермен қатар, жабық бас­сейн­­дерге де жол ашылады. Ба­ла­­­ларды аниматорлар ойнатып, әр­қилы клубтар жұмыс істейді. Ере­­сек адамдарға дискотека мен кон­церттік бағдарламалар ұсы­нылады.
5 жұлдызды қонақүйлер жо­ға­рыда айтылған қызметтерден бөлек, шетелдік шараптарды тегін ұсынады. Сондай-ақ күні бойы балмұздақ дастарқан мәзірінен түспейді. Моншадан бөлек, джа­ку­­зиге тегін кіруге мүмкіндік бері­­леді.


Әлбетте, соңғы жылдары әлем­ді шарпыған экономикалық дағдарыс пен Түркия – Ресей ара­сындағы дипломатиялық қақ­­тығыс туризм кластеріне де салқынын тигізді. Егер еуропалықтар қым­бат турларды сатып алса, ре­сейліктер осы күнге дейін ар­зан, эконом-класс тур­ларының бас­ты тұ­тыну­шы­­ларының бірі еді. Ең өкі­ніш­тісі, посткеңестік ел­­дерден шыққан туристер, әсі­ре­се, ресейліктер all inclusive жүйесі бойынша, «бәрі төленген, бәрі менікі» деген ұстанымнан арылмай, ысырапшылдыққа жиі бой алдырады. Содан бо­лар, тәрелкелерге салынып, бі­рақ желінбеген тонна-тонна тағамдар тасталып жатады. Бұл мәселені ескерген кейбір қонақүй бизнесінің өкілдері ысырапшылдықты сүйетін туристерге айыппұл салуды да ұсынып жатты. Осы тектес жаңа­шыл­дықтарды Қазақстан туристері барынша қолдайды екен. Бұл тұрғыдан туристік фирманың директоры Дина Стыбаева:
– All inclusive жүйесіне қа­тысты жаңашылдықтарды отан­дық туристер талқылаумен қа­тар, бұған дұрыс қарап отыр. Се­бе­бі, шынымен де дастарқанда қан­шама тағам ысырап болып қалып жатады?! Біздіңше, адам өзіне қа­жетті мөлшерде ғана тамақ­тануы керек. Бұл салада қаншама адам, аспазшылар мен даяшылар еңбектеніп жатыр? Қаншама шығын болып жатыр? Өз басым тү­рік­тер өте еңбекқор халық деп білемін, біз мұны бағалай біл­ге­ні­міз жөн, – деп ойын түйіндейді.
Түркияда демалып қайтқан туристердің айтуынша, расында да, тамақ жағынан үнемдеу бар. Бірақ қызмет көрсету сапасы өте жоғары деңгейде. «Сондықтан отбасылық демалыс үшін Түркиядан асатын ел жоқ» деген пікірде.

Алакөлдің жағдайы қалай?
Ел ішінде таралған өтірік-шыны аралас мына әзілдің астары тым терең: Түркияда екі қазақ кез­десіп қалып, бірі екіншісіне: «Не Алакөлге ақшаң жетпеген соң, Түркияға келдің бе?» деп сөзбен қағытқан көрінеді. Расында да, ішкі туристік бағыттарды да­мы­ту бойынша мемлекеттік бағ­дар­ламалар қабылданып, тиісті шаралар қолға алынса да, баға саясатын реттейтін тетіктер көрін­бейді. Бәлкім, нарық заңы болған соң, бұған да көнуге тура келетін шығар.
Таяуда Алакөлдегі жағдайға Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев та Үкімет пен Шы­ғыс Қазақстан облысы әкім­дігі өкілдерінің назарын ау­дарт­ты. Облыс әкімі Даниял Ах­ме­­товтың айтуынша, қол қо­йыл­­ған меморандумға сәйкес көл­дің айналасында тиісті инфра­құ­ры­лы­м­дарды салу үшін 550 мил­лион теңге бөлінген. Турис­тер­ді қабылдайтын 147 объектінің 82-сі дайын болса, 38-інде әлі де жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Бұл тұрғыдан Бақытжан Сағынтаев Алакөлде жұмыс іс­тей­тін бизнесмендердің жоға­ры деңгейде қызмет етуін талап ету­мен қатар, санитарлық норма­лар­дың сақталуын жіті бақылауда ұстауды тапсырды.
Естеріңізде болса, бұдан бұрын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Ала­көл­ден гөрі, Түркия немесе Эми­ратқа барып келу әлдеқайда ар­за­нырақ» деп мәлімдеген еді. Әлеуметтік желі қолданушылары да бұл мәселені сын тезіне алып, тіпті көл маңында бір күн де­ма­лу­дың өзі бір адамға – 20000-25000 теңгеге шығатынын жарыса жазып жатыр.
Дина Стыбаеваның айтуынша, алматылықтар Алакөлде демалғ­ан­ды ұнатады. Бірақ бір ап­та­лық турдың құны мегаполис тұ­р­ғын­дары үшін қолжетімді бағада. Осы орайда турфирма өкілі:
– Мәселен, былтыр Алакөлде бір апта демалудың орташа құны – 150 000 теңгенің маңайында болды. Жасыратыны жоқ, онда қызмет көрсету сапасы сәл төмен. Бәлкім, осындай эконом-бағаға сапасы төмендеу жерлер ғана бұйыратын шығар. Туристер дема­лыс орындарының ластығын да жиі айтады. Қызмет сапасының төмендігін де сынайды, – дейді ол.
Туристік сала мамандарының айтуынша, соңғы жылдары ішкі туризм жанданып келеді. Діни ту­ризм бойынша Түркістанға бару­шылар саны көбейген, ал «теңіз туризмінде» Алакөл, Бу­ра­­­бай, Каспий, Балқаш, т.б. жер­лер­ге сұраныс жоғары.
Жоғарыда айтқанымыздай, ел ішінде ивент-туризм, яғни, белгілі бір халықаралық іс-ша­ра­ға байланысты жанданатын туризм түрі де күрт даму үстінде. Бүгінде Астанада өтіп жатқан EXPO – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі елі­міз­дің түкпір-түкпірінде тұ­ра­тын азаматтардың ынта-ықы­ла­сын елордаға аударып тұр. Сарапшылардың айтуынша, Астана мен Қапшағай сияқ­ты жерлерге адамдар туропера­тор­лар­дың көмегінсіз өз беттерімен қыдырып барып жатады. Өз кезегінде Дина Стыбаева:
– Өкінішке қарай, бізде туристердің ой-көзқарасын өзгер­ту де қиын. Олар екі адамдық де­малысқа пәленбай мың теңге төле­сек болды, бізге бар жағдай жасалуы керек деп ойлайды. Бірақ адамдар Түркиядағыдай қызмет көрсетудің басқа елдерде жоқтығын ескеруі керек. Мұны бағалай білуі керек, – деп ойын қайырады.
Оның айтуынша, өткен жылы экономикалық түйткілдерге бай­ла­нысты сыртқа шығушылар аз­дау болса, биыл шетелде дема­ла­тындар саны күрт көбейіпті. Ішкі туризм де оңтайлы даму үс­тінде. Бірақ қызмет көрсету са­пасын арттыру, баға саясатын қай­та қарау, санитарлық-ги­гие­­налық нормаларды сақтау, т.б. мә­селелерді шешу – уақыт күт­тір­мейтін түйткілдер. Түптеп кел­ген­де, Түркияның туристік даму үрдісінен үлгі алып, тиісті ша­ралар қол алынса, Қазақстан да барлық туристік бағыттары бойынша даму потенциалы жо­ға­ры елге жатады. Отандық ту­ро­ператорлар да ішкі бағыт­тар­дың дамып, туристік клас­тердің кең құлаш жаятынына кәміл сенеді.

Кәмшат ТАСБОЛАТ

Фото: Тұрар Қазанғапов

Бөлісу:

Пікір жазу


*