Софи МАНАСЯН: Елімнің намысы, абыройы маңызды

762
0
Бөлісу:

Софи Манасянды кез келген қазақстандық білмеуі мүмкін емес. Себебі, ол көшедегі билбордтарда ғана емес, дүкендердегі жарнамалық плакаттарда да бейнеленген. Жас та болса цирк аренасынан көрініп, түрлі халықаралық би байқаулары мен ән фестивальдарына қатысып, Италия, Ресей, Австралия, АҚШ елдерінде қазақ халқының намысын қорғап, жеңімпаз атанған. 7 жасында Карнеги-холлда қазақтың халық биі – «Аққуды» билеген қыз, қазір АҚШ-та дарынды балаларға арналған өнер мектебінде оқиды. Тіпті хореография бойынша ЮНЕСКО-ның мүшесі, Еуровидениенің арнайы қонағы болған, «Ұлттық мәдениетке сіңірген еңбегі» грамотасымен марапатталған.


– Софи, сен сахнаға екі жа­сың­нан бастап шығып жүрсің. Бү­гінде біраз жетістікке жеттің. Дегенмен өзіңнің алғашқы сахнаға шыққан кезің есіңде ме?
– Әрине, есімде. Ол кезде бар-жо­ғы екі жастамын. Топтағы ең кішісі едім, қалғандары 4-5 жас­та болды. Алматыда Ха­лық­аралық балаларды қор­ғау күніне орай ұйым­­дас­тырылған кеште би мек­тебінің тобымен би­ле­генбіз. Бір қызығы, сол жерде билеп жүргенде биші апайымыз абай­сызда мені қағып кет­ті. Әлгі жерде құлап, сахнаның үстінде жылап қалдым. Ән­нің маған ұнай­тын жері ой­най баста­ған­да жасым­ды сүрте са­лып, билеп кет­кенім бар. Көрермендер қы­лығымды кө­­ріп бір жағынан кү­ліп жатса, екіншіден,
би­ле­геніме тәнті болып, таңданып жат­ты. Міне, бұл күн осылай есім­де қалды.
– Шыны керек, сахнаға шық­қан­да бала түгілі, үлкеннің өзі сас­қалақтайды. Сахнаға, көрерменге деген қорқыныш болмады ма? Сах­наға шығарда уайым­да­ғанда не істейсің?
– Кім біледі, бала бол­ған соң қорқу, сескену де­генді білген жоқпын. Оның үстіне қасымда әке-шешем, достарым болды. Бүгінде сах­наға шығуға қатты уайым­дамаймын, керісін­ше сахнаға шыққан сайын өзімді бақытты сезінемін.
– Нью-Йорктің әлемге бел­гілі Карнеги-холл сах­на­сында өнеріңді көрсетіп, 7 жасыңда қазақ биін биледің. Сол кезде қандай сезімде бол­дың?
– Өзім сахнаны үл­кен-кіші, жақсы-жа­ман деп бөлмеймін. Маған сахнаға шы­­ғып, ел ал­дын­­да өнер көр­­сетіп, кө­рер­­­менге қуа­ныш сыйлай білу маңызды. Әри­не, өзге елде өз елімнің намы­сын қорғап, биіктен көр­сетіп жатсаң, қуанышың аспанға бір елі жетпей тұрады. Шыны ке­рек, бұл жерде өзімнен гөрі, елім­нің намысы, абыройы жоғары тұ­рады. Сахнаға шықпай жатып, бі­раз кедергіге тап болдым.
Н.Тілендиевтің «Аққу» әні сол жерде аспаппен орындалу керек еді. Бірақ аяқастынан әнді ойнап беретін адам болмай қалды. Улап-шулап жүріп, сахнаға шығар ал­дында әрең дегенде әнді ойнайтын адамды таптық. Онымыз ел-жұрт­қа байқалмаған болар, бірақ му­зы­кант екеуміз сахна үстінде бір-бірімізге үйлесуге тырыс­тық. Басында қобалжыдым, ар­тынан өз-өзімді қолыма ал­­дым. Сол кезде анам қуан­­­­ғанынан көзіне жас алды.


Ольга ЮГАЙ, Софидің анасы:

Қызым танымал емес, қарапайым ғана бала

– Біздің арғы ататегімізде елге еңбегі сіңген композиторлар, мүсіншілер, дәрігерлер бар. Бірақ отбасымызда ешкім сахнаға шығып, бимен айналысқан емес. Тіпті тегімізде артист деген болған жоқ. Оның үстіне жолдасым екеуміз де елдің алдына шығып, көзге түскенді ұнатпаймыз. Бізге керісінше, тып-тыныш жерде өзімізбен өзіміз болған ұнайды. Софи ол жағынан бізге мүлдем ұқсамайды. Улап-шулап, жалт-жұлт еткен жерде өзін емін-еркін ұстайды. Сол жерді жандырып, ортаның гүлі бола алады. Біреулер оны қызымыздың еркелігі десе де таңғалмаймын. Бірақ бұл – Софидің қызығушылығы. Бастысы, өзіне ұнайтын ісімен айналысады. Ата-ана ретінде оған қатал болып, сүйікті ісімен айналыстырмасақ дұрыс емес. Меніңше, бала немен айналысса да өзін жоғалтпауы керек.
Софи өз жасынан тез есейіп кетті, балалықтың не екенін білмеді деп ойламаймын. Рас, оның бос күндері мүлдем аз. Ол қашан да тынымсыз жұмыс үстінде. Еңбегінің жемісін де көріп жатыр. Бірақ соған қарамастан, ол әлі бала. Өмірдегі қиындықтарды шешу, біздің мойнымызда. Қазір оған сүйікті ісімен айналысуға барынша мүмкіндік жасауға тырысудамыз. Әрине, шетелде тұру оңай емес. Қаржының тапшылығы да көп нәрсеге бөгет етеді. Алайда біз өзімізден гөрі, балаға пайдасы тиетін нәрсемен айналысамыз. Егер адам ниеттеніп, соған бар күшін салса, барлығы орындалады.


– Қазір Лос-Андже­лес­те Милениум атты би мек­тебінде оқып жүріп, өзің­нің мини-клубыңды ашып алыпсың. Мұндай идея қайдан келді? Білуі­міз­ше, ол мек­теп­те Бри­­тни Спирс, Джас­­тин Тим­бер­­лейк оқы­ған екен.
– Қалағанымда кез ке­лген жерде, қысылмай қым­тырылмай билей беремін. Сөйтіп жүр­генімде жаным­дағы құр­бы­ларымды жинап, кішігірім топ құрып алдым. Бас­тап­қыда біз сабақ ара­сын­дағы үзілісте, дәлізде билей беретінбіз. Қойы­лымдарым көңілді әрі жан­дыратын болғандықтан көпшілігіне ұнады. Сөйтіп, балалар шет-шетінен топқа қо­сыла бастады. Біз әлі де биле­­мек­шіміз. Бо­ла­шақта тіпті өзі­міздің girl band құру жоспарда бар.
– Софи, NFSM (National Fraternity of Student Musicians) мүшесі болып, салтанатты түрде АҚШ пианистерінің ұлттық гильдия алтын белгісін иелендің. Осы дәре­жеге жетудің өзі қиын болмады ма? Бұған қанша дайындалдың?
– Біріншіден, бұл жалғыз ме­нің ғана емес, ұстазым Даяна мен ата-анамның еңбегі. Себебі, олар­дың сенімін ақтағым келді. Сон­дық­тан тынымсыз еңбектендім. Екін­шіден, өзге елге келгенде ол жақ­тың тілін үйреніп, ортаға бейім­деліп, өмір сүруге біраз уақыт ке­рек. Өзіңді оқытатын білікті ұстаз­дың табылуы да қиын. Оны қай жерден, қалай іздейтінді де білмедік. Ұстазым Даянаны тап­қанда анам екеуміз кеш қарайған шақта оның үйіне барғаным есімде. Анам менің әңгімелесуіме қатысса да қобалжып отырғанын сездім. Ол мені бірден ала салған жоқ. Екеуміз бір сағаттай сөйлестік. Менен көп нәрсе сұрады: арасында аспапта ойнап та бердім, оның ойнағанын қай­таладым. Ақырында «Софи, са­ған басқа қояр сұрағым жоқ, енді екеуміз бірге жұмыс істейміз» деді. Міне, қыстан бері бар күш салып келемін. Ұстазым көп нәрсені үй­ретті, соның арқасында бүгінде АҚШ пианистерінің ұлттық гиль­дия алтын белгісін иелендім. Осы қиын­дықтың бәрінен анам екеуміз өттік.
– Сол жақта мамыр айында фор­­тепиано ойнаудан жеке кон­цер­тің өтіпті. Жалпы, фортепияно ой­науды қашаннан бастап үйрендің?
– Негізі, фортепианоға кіш­кентайымнан қызықтым. Ол кезде бимен айналысып жүріп, түрлі байқауларға қатысып, цирктің гастролімен жүргендіктен уақытым бол­мады. 1-сыныптан бастап то­лық­тай музыкамен айналыса ба­с­тадым.


«Алматыда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған кеште би мектебінің тобымен биледік. Ол кезде бар-жоғы екі жастамын.
Сол жерде билеп жүргенде биші апай абайсызда мені қағып кетті. Әлгі жерде мен құлап, сахнаның үстінде жылап қалдым. Сол сәтте әннің маған ұнайтын жері ойнай бастағанда жасымды сүрте салып, билеп кеткенім бар. Көрермендердің бірі қылығыма күліп жатса, енді бірі билегеніме таңданып жатты. Міне, бұл сахнаға алғаш шығуым еді».


– Өз еліңді, Қазақстанды са­ғындың ба? Қазақстанға келсең, ең бірін­ші не істейсің? Мүмкін өзіңнің барғың келетін сүйікті жерлерің бар шығар?
– «Өз үйің – өлең төсегің» де­ген­дей, әрине, үйімді, туған-туыс­тарымды сағындым. Елге келе са­лысымен ең бірінші ата-әжеме ба­рамын. Олармен бірге Mega-ға барып, балмұздақ жеп, биіктен шолу әткеншегіне отырмақшымын. Негізі, Астанада өтіп жатқан EXPO – 2017 көрмесін көрсем бе деп ой­лағанмын. Ол енді уақыттың ың­ғайы­на қарай шешіледі.
– Софи, ол жақта, негізінен, ағыл­шынша сөйлесесің ғой, қазақ тілін ұмытып қалмадың ба?
– «Қанша елдің тілін білсең, сон­ша түрлі ілім білесің» дегендей, барлық тілді үйренуге тырысып жатырмын. Себебі, анам үйден өзімен бірге көп кітап алып келген, күнделікті соны оқимын. Ол жақта қазақша сөйлеспесем де, қазақша, орысша кітаптарды оқып тұрамын.
– Демалыс күндеріңде не істей­сің, қалай дем аласың?
– Негізі, демалысты жағажайда өт­кізгенді жақсы көремін. Сол жер­де теңізге түсіп, сүйік­ті кітап­тарым­ды оқып, бал­мұздақ жегенді ұна­тамын.
– Қазір қандай маман иесі бол­ғың келеді? Әлде әлі де артист бол­ғың келе ме?
– Жалпы, сахнаға шығудың өзі ма­ған қызықты әрі көңілді. Сон­дықтан сахнаға әлі де шыққым ке­леді. Шынымды айтсам, арман­дарым жиі ауыса береді. Бірде дә­рігер не болмаса архи­тектор болғым ке­леді. Бірақ қан­дай ма­ман иесін таң­дасам да ата-анамның қол­дай­тынын білемін. Алай­да анам таңдау жасау­ға әлі асық­пауым­ды сұрайды. Ен­ді оған уақыт төре­ші…
– Көкейкесті арма­ның­ды бізбен бөліскің келмей ме?
– Бастысы, әке-ше­шем­нің әрқашан жанымда болуын қалаймын. Ағайын-туғаным ғана еме, бүкіл адамзат аман болуын тілеймін.
– Әңгімеңе рақмет!

Сұхбаттасқан Анар ҚОНЫС

Бөлісу:

Пікір жазу


*