Биыл үш ақылы жол пайда болады

1178
0
Бөлісу:

Биылғы жылы үш автожолда ақылы жүйе енгізілетін болады. Бұл туралы кеше Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлімделді. Жиында Үкімет мүшелері «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасын іске асыру барысын және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту шараларын қарады. Сондай-ақ олар есірткінің жаңа түрлеріне жедел тосқауыл қоюға бағытталған заң жобасын құптады.

Күн тәртібі бойынша ең алдымен 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инф­рақұрылымды дамыту бағдарламасын іске асырудың биылғы бірінші жарты­жыл­дықтағы қорытындылары шығарылды. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлей­меновтің айтуынша, «Нұрлы жолға» биыл жарты триллиондай, нақтырақ айтқанда 484,2 миллиард теңге арна тар­туда. Осынша қаражат көлік-логистикалық және ин­дустриялық инфрақұрылымды да­мыту, жылумен, сумен жабдықтау және су тарту, білім беру саласының инфра­құры­лымын дамыту, халықаралық қаржы ұйым­дарымен бірге жобаларды ортақ қар­жы­ландыру секілді бағыттарға бөлінген.
Өз кезегінде инвестициялар және даму ми­нистрі Ж.Қасымбек автожол жобаларын іске асыру, көлік-логистикалық әлеуетті да­м­ыту жұмыстары, сондай-ақ теміржол жә­не әуе көліктерінде жүк және жолау ­шы­лар ағынын ұлғайту шаралары туралы баян­дады. Жеңіс Қасымбектің айтуынша, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарлама­сы­ның негізгі ба­сым­дықты міндеттерінің бірі – «респуб­ли­калық маңыздағы автожол­дар­ға ақылы жүйе енгізу». Бұл ретте республика бойын­ша барлығы 6,5 мың шақырым ав­тожолды ақы­лы ету белгіленген екен.
– Биыл біз 132 шақырымдық Астана – Те­міртау және 42 шақырымдық Алматы – Қапшағай автожолдарында ақы алу жүйесін монтаждау жұмыстарына кірістік. Жылдың екінші жартысында 295 ша­қы­рымдық Алматы – Қорғас автожолындағы ақылы жүйені монтаждау жұмысы баста­ла­ды. Жыл соңына қарай олардың барлы­ғын­да ақы жинау жүйесі толық енгізілетін бо­лады, – деді ол.
Ж.Қасымбек биыл соңына дейін тағы 5,5 мың шақырым жолға «ақылы жүйені енгізу жо­баларын» әзірлеу аяқ­та­латынын атап көр­сетті. Бұл жобалар Қап­шағай – Тал­ды­қорған, Астана – Қостанай – РФ шекарасы, Павлодар – РФ шекарасы, Ақтөбе – Орал – РФ шекарасы, Атырау – Дос­сор – Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан ше­карасы, РФ шекарасы – Ақтөбе – Қы­зылорда, Тараз – Қайнар, Щучинск – Көк­шетау – Петропавл – РФ шекарасы, Орал – РФ шекарасы, Астана – Павлодар, Ақтау – Бейнеу, Қызылорда – Шымкент – Тараз, Шымкент – Өзбекстан шекарасы бағыт­тарын қамтиды.
Министрдің мәліметінше, ақылы жүйе­ні енгізу және жүйені ары қарай эксплуа­тация­лау үшін Kapch, FETC, РТ-Инвест се­кілді осы саладағы әлемге танымал ком­панияларды тарту жоспарланған. Осы мақсатта Еуропалық қайта құру және даму бан­кінің (ЕҚДБ) қосымша қаржы­лан­дырылуы көзделеді. Бұл жұмыстар 2018-2019 жылдар кезеңінде іске асырылмақ. Қазіргі уақытта «ҚазАвтоЖол» ұлттық ком­паниясы ЕҚДБ-дан 150 миллион дол­лар қарыз алу бойынша жұмыстар жүргізуде екен.
Бір айта кетер жайт, әзірге Қазақстанда Ас­тана – Щучинск автобаны ғана ақылы са­налады. Онда әр шақырымға 1 теңгеден ас­пайтын ақы сұралады. Соның арқасында жи­налатын миллиард теңгеден артық қар­жы аталған кең жолақты тасжолдың жо­ғарғы сапасын ұстап тұруға толық жететін көрінеді. Енді бұл тәжірибе басқа жаңа жолдарға да таратылмақ. Сөйтіп, олардың бюджетке түсіретін ауыртпалығы жойы­лады.
Министр Ж.Қасымбек «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 4,4 мың шақырым болатын 22 автожол жобасын іске асыру қарастырылғаны тура­лы құлағдар етті. Бірінші жартыжылдықта құрылысы жүрген жобалар бойынша 112 млрд теңге игеріліпті және бұл жобаларға 80 мың адам жұмылдырылған.
Кезінде Кеңес одағы еліміздегі барлық ши­кізатты тек өзге одақтас республикаларға әкетуге басымдық бергендіктен, Қазақ­стан­ның өз облыстарын бір-бірімен жал­ғай­тын жолдар салуға ден қойылмаған. Бұл еліміздің егемен дамуына үлкен қиын­дық­тар келтіретін. Сондықтан тәуелсіз Қа­зақ­стан енді халықаралық дәліздерді дамыта отырып, өз өңірлеріміз арасындағы жан-жақты жол қатынасын қарқынды түрде рет­ке келтіруде. Бұған Елбасы бастамашы бол­ған «Нұрлы жол» бағдарламасы мүм­кін­дік береді.
Сонымен, «Орталық – Оңтүстік» жоба­сы бойынша ұзындығы 228 шақырым бола­тын Құрты – Бурылбайтал учаскесін жөн­деу жұмыстары басталды. Бұл жобаны Дүние­жүзілік банк және ЕҚДБ қаржылан­дырады. Сонымен қатар бюджет есебінен биылғы 3 тоқсанның соңына дейін Қара­ған­ды қаласының Солтүстік-Шығыс
ай­нал­­ма жолының құрылысы мен ре­конст­рук­циялау жұмыстарын бастау жос­­­­пар­ланып отыр.
2018 жылы 297 шақырымдық Балқаш – Бурылбайтал учаскесінде жұмыстар бас­талуға тиіс. Сондай-ақ Дүниежүзілік банк қолдауымен 2019 жылы 67 шақырымдық Құрты – Қапшағай, 364 шақырымдық Қара­ғанды – Балқаш учаскелерінде жол төсеу жұмыстарын бастау көзделуде.
Орталық – Оңтүстік жобасы бойынша келесі жылы аяқталуы тиіс, ұзындығы 14 ша­қырым болатын «Теміртау – Қарағанды» учас­кесін қайта жаңғырту жұмыстары жал­ғасуда.
Орталық – Шығыс жобасы бойынша 675 шақырым жолда жұмыс жүргізілуде. Жыл соңында Астана – Павлодар учас­ке­сіндегі 230 шақырым жолда 4 жолақты қоз­ғалысты ашу жоспарланған. Сондай-ақ Семей – Қалбатау арасындағы ұзындығы 36 шақырым болатын соңғы учаскедегі бөлікті аяқтау жоспарда бар.
Орталық – Батыс жобасы бойынша Аста­на – Қостанай және Ақтөбе – Қара­бұтақ – Денисовка (114 км) учаскелеріндегі автожолды реконструкциялау жұмыстары толық аяқталды. Биыл Ақтөбе – Атырау – Астрахань автожолын реконструкциялау жұмыстары басталады.
– Биылғы бірінші жартыжылдықта астаналық әуежайдағы жолаушылар ағы­нының өсімі, 2016 жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда, 19%-ды немесе 1,8 миллион жолаушыны құрады. Жаңа жо­лау­шылар терминалы пайдалануға берілген күн­нен бастап, халықаралық рейстердің 227 мың жолаушысына қызмет көрсетті, – деді ол.
«Нұрлы жол» бағдарлама аясында са­лынған жаңа астаналық теміржол вокзалы да биыл пайдалануға берілді және ол қазір «Нұрлы жол» деп аталады. Жаңа вокзал іс­ке қосылғаннан бастап, шамамен 305 мың жолаушыға қызмет көрсетіпті.
«Жаңа вокзалдың өткізу мүмкіндігі тәулігіне 35 мың жолаушыға дейін жетеді. Елордалық ескі вокзалдың өткізу мүм­кіндігін қоса есептегенде, бұл көрсеткіш 47 мың жолаушыны құрайды. Яғни, Астана­дағы жолаушылар ағынын, әсіресе, EXPO халықаралық көрмесі өтіп жатқан кезеңде де толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бар», – деді Ж.Қасымбек. Айтқандай, «Нұрлы жол» аясында теміржолдар да төселуде. Осы арқылы еліміздің теміржолдық-тран­зиттік әлеуеті дамытылуда. Аталған міндет­ті орындау мақсатында ұзындығы 112 ша­қырымнан асатын Алматы – Шу теміржол учаскесінің екінші жолының құрылыс жо­басы іске асырылуда. Жобаның құны – 38,4 млрд теңге. Биылғы желтоқсан айын­да екінші жолды іске қосу жос­пар­ланған. Нәтижесінде, учаскенің жүк өткізу мүмкіндігі қазіргі 70 миллион тоннадан екі есеге, яғни 130 миллион тоннаға дейін ар­ту­ға тиіс.
Қорыта айтқанда, «Нұрлы жол» мемле­кеттік бағдарламасы Қазақстандағы және еліміз арқылы өтетін тасымалдардың жыл­дамдығын ұлғайтуға, көлік шығындарын тө­мендетуге, транзиттік әлеуетті іске асыру­ға және сервисті жақсартуға мүмкіндік бе­ре­ді. Бұл еліміздің әлеуметтік-эконо­ми­калық өркендеуіне, өнімділік пен іскерлік белсенділіктің артуына оң ықпал етеді.
Үкімет отырысында осы бағдарламаның іске асырылуы туралы Білім және ғылым ми­нистрі Е.Сағадиев, «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Ө.Шөкеев, Қаржы вице-министрі Т.Савельева, «Бәйтерек» холдингі төрағасының орынбасары
А.Арифханов, сондай-ақ Жамбыл және Ақ­мола облыстарының әкімдері К.Көкірек­баев пен М.Мырзалин сөз сөйледі. Бірінші мәселені қарауды қорытындылаған Пре­мьер Бақытжан Сағынтаев Ұлттық эко­номика министрлігіне, Қаржы министр­лі­гі­мен және бағдарламалардың әкім­­ші­лерімен бірлесіп, бюджеттік қаражаттардың уақы­тылы орындалуы мен жобалардың іске асы­­рылуын тұрақты бақылауда ұстауды тап­­сырды.


Күн тәртібіне сәйкес, осы жиында Үкі­мет мүшелеріне «қайта өңдеу картасының» жобасы таныстырылды. Аграрлық қайта өңдеу кәсіпорындарының облыстарда ор­наласуы картасының жобасы туралы Үкімет басшысының орынбасары – Ауыл шаруа­шылығы министрі Асқар Мырзах­метов баяндады. Ол ауыл шаруашылығының тиімділігі аграрлық қайта өңдеуге байла­нысты екеніне назар аудартты. Себебі, ол ауылшаруашылық өнімдерге сұраныс туғы­зып, олардың қосымша құнын арттыра түседі. Вице-премьердің айтуынша, аграр­лық қайта өңдеуді дамыту «Үшінші жаң­ғырудың жобалық шеңбері аясында аг­роөнеркәсіптік кешеннің жалпы өнімінің жыл сайын орташа 5,3%-дап өсу ырғағын қамтамасыз етеді». Басқаша айтқанда, қай­та өңдеу – ауыл шаруашылығының жалпы өні­мі өсімінің 50%-ын беруге тиіс. Сала бас­шысына сенсек, бұл ретте ауыл шаруа­шылығы өнімдерін қайта өңдеу үдерісі өсім­дік шаруашылығы өндірісін 1,4%-ға, мал шаруашылығын 1,2%-ға арттырады. Қазір елімізде 1 345 қайта өңдеу кәсіпорны бар екен. Сонымен бірге, 435 кәсіпорынды қамтитын қайта өңдеудің 9 басым түрі анықталып отыр. Оларға сүтті, етті, теріні, жүнді, майлы және астық дақылдарын, көкөністер мен жемістерді, қант қызыл­шасын және картопты қайта өңдеу жатады. Олар бойынша әр облысқа қатысты қайта өңдеу кәсіпорындарын орналастырудың Картасы дайындалды. Бұл құжатта қолда бар қуаттылықтарды барынша жүктеу қарастырылған. Бұл үшін айналым қара­жатын толтыруға қажетті кредиттерге қолжетімділікті қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтері арқылы шикізат жинауды ұйымдастыру көзделеді. Сонымен бірге, қолданыстағы 80 өңдеу кәсіпорынын жаңғырту және жаңадан 79-ын салу қарастырылған. Картаны жүзеге асыру арқылы АШМ өнімдер импортын 32%-дан 25%-ға дейін азайтуға уәде етеді. Отырыста Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Ю.Якупбаева, Тамақ кәсіпорын­дары одағының вице-президенті А.Нау­рызғалиева, сондай-ақ Қарағанды, Алма­ты облыстарының әкімдері Е.Қошанов, А.Баталов сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын қосты. Мәселені талқылауды түйіндеген Үкімет басшысы Б.Сағынтаев вице-премьер – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовке кәсіпкерлер палата­сының, қоғамдық ұйымдардың және тамақ өнеркәсібі қауымдастықтарының ұсыныс­тарын ескере отырып, Аграрлық қайта өңдеу картасының жобасын ары қарай пысықтауды тапсырды. Үкімет отырысы соңында «Кейбір заңнамалық актілерге есiрткi құралдары, психотроптық заттар, оларға ұқсас заттар және прекурсорлар айналымын бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» жаңа заң жобасы құпталды. Оның мән-жайын түсіндірген Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов халықаралық тәжірибеге сәйкес, тыйым салынған заттардың «Ұлттық тізімін» бекіту туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Қазір тыйым салынған есірткі құралдары ата­лымдары Парламент талқыға салып, қабылдайтын заңмен бекітілетіні мәлім. Ол заңға өзгеріс енгізу ұзаққа созылады екен. Сондықтан енді олардың тізімін Үкіметтің қаулысымен бекіту ұсынылады. Бұл нарық­та жиі-жиі пайда болатын жаңа психот­роптық заттар түрлеріне шұғыл тосқауыл қоюға жол ашатын көрінеді. ІІМ басшысы есірткілердің қазақстандық тізімі 88 негізгі, қауіпті психикалық белсенді заттармен то­лықтырылатынын хабарлады. Бұл Еу­разиялық одақ мемлекеттері мен БҰҰ-ның есірткілер айналымын бақылау бойынша халықаралық комитетінің бақылауындағы синтетикалық есірткілердің барлық тізімін қамтуға мүмкіндік береді. Әзірге қолда­ныстағы заңда есірткінің 275 түріне тыйым салынған көрінеді.
Үкімет мүшелері бұл заң жобасына бі­рауыз­дан дауыс беріп, мақұлдады. Енді құ­жат Парламент қарауына жіберіледі.

Айхан ШӘРІП 

Бөлісу:

Пікір жазу


*