Балық бізді байыта ала ма?

1293
0
Бөлісу:

Мәдениеттің түрі көп. Соның бірі – аквамәдениет. Бұл сонда не болғаны деп елең етсеңіз, айтайық. Бұл – балық шаруашылығы. «Агробизнес – 2020» бағдарламасының аясында ет, сүт өнімдерін, көкөніс, құс және балық шаруашылығын дамыту көзделіп отыр. Алдыңғы айтқан салалар жақсы қарқынмен қанатын кеңге жайып жатыр деуге әбден болады. Дегенмен біз қозғағалы отырған тақырып – балық шаруашылығында ауыз толтырып айтар жетістік аз. Әрі Елбасымыз «Рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Демек, туған жерімізде түрлі кәсіптің болуы, оның қарыштап дамуы бізге экономикалық тұрғыдан ғана тиімді болып қоймай, отандық өнімдерді қолдануға, өз елің үшін мақтануға тұрарлық себеп болмақ.

Жоғарыда атап өткен «Агробизнес – 2020» бағдарламасының әу бастағы мақсаты балық өндірісін 7 жылда 15 есе көбейту еді. Соған сәйкес, асылтұқымды түрлерін ұстауға 1,8 миллиард теңге көлемінде субсидия бөлінген. Яғни, 2020 жылға дейін барлық республика бойынша беріледі. Мәселен, 2016 жылы 4 тонна асылтұқымды балық асырауға 13,4 миллион теңге бөлінген еді. Бағдарламаның жоспарында сондай-ақ 2020 жылға қарай жылына 15 мың тонна балық өсіру бар. Салыстыру үшін мына фактіні келтірейік. Көршілес Өзбекстанда жылына 40 мың тоннаға жуық балық өсіреді. Біздегі көрсеткіш – 300 тонна. Мұның себебін іздеп көріп, мынадай қызық мәліметке қанық болдық. Табиғи су қоймаларында балық қоры азайып жатыр. Қырғызстан яки Өзбекстанмен салыстырғанда бізге бұл қиындау болып отыр. Өйткені көршілес елдерде табиғи балық қоры жоқ. Соған сәйкес олар қолдан жасауға тырысып, әу бастан аквамәдениет қалыптастыруға тырысты. Біз болсақ, Зайсаң, Алакөл, Қапшағай, Шардара, Арал және Каспий секілді ірі су қоймаларындағы балықтарды игердік. Бүкіл әлем бұл жолды жүріп өткен. Себебі, «барында батып іш, жоғында сатып іш» дегендей, теңіз бен мұхиттардағы қор жеткілікті болғанда аса бас қатыра қоймай, азая бастағанда барып ойлана бастаған. «Балық өсірудің басқа қандай жолы бар?» деген сауалдың төңірегінде табиғи су қоймалары жоқ мемлекеттер көбірек бас қатыратыны содан. Бізде де қор азаю қаупі туындаған еді – ел ояна бастады. Оған дәлел ретінде еліміздің әр аймақтарында түрлі балық шаруашылықтары іске қосылып жатыр. Дегенмен кәсіпкерлер мемлекет тарапынан көмектің өте қажет екендігін айтады.


Балықтардың бір ерекшелігі – олар салқынқанды жануарлар. Алдымен жақсылап сараптап, бейімдеу қажет. Сол себепті, оны сатып ала салып, дөңгелете әкету оңай емес. Мамандардың айтуынша, балық шаруашылығы үшін субсидия тек бастапқы кезеңде ғана керек болады. Себебі, тігісін жатқызып, тетігін таба білген адамға бұл кәсіп өте тиімді. Үкімет тарапынан да аймақтарды таңдауда қателеспей, кәсіпкерлерді үнемі ынталандырып отыру қажет.


Біздегі басты кедергілер
Біріншіден, заңнама мен қаржылық механизм саласында бірқатар мәселелер бар. Екіншіден, білікті кадрлар жетіспейді. Үшіншіден, бастапқы инвестиция қажеттілігі. Статистикаға сүйенсек, импорт бойынша соңғы он жыл ішінде Норвегия мен Ресей көш бастап тұр. Атап айтқанда, Норвегиядан майшабақ, скумбрия, ақсерке алады екенбіз. Ресейден елімізге майшабақ, килька, минтай, сурими келеді. Бұлардың барлығы теңізде мекендейтін балықтар екенін атап өту керек. Яғни, бұлар аквамәдениет өнімдері емес. Қазақстанда мұхит не ірі теңіз жоғын ескерсек, аталған балық түрлерін өз өнімдерімізбен алмастыра алмасымыз анық.


Бизнестегі бір қағиданы еске түсірсек артық болмас. Тауардың үстіне қосатын баға 10 пайыздан аспағанда ғана тұрақты кәсіп қылуға болады. Сондай-ақ бизнесіңіз жергілікті нарыққа байланған болуы тиіс. Бұл дегеніміз, сіздің тауарыңыз импорт арқылы келгендерден арзан болуы шарт. Егер қымбат болар болса, жай ғана патриоттық сезім тұрғысынан сатып алсын деу – қателік.


Бүгінде Қазақстандағы балық шаруашылығының басым көпшілігінде алабалық (форель) өсірумен айналысады. Олардың бірқатары Алматы облысы, Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында орналасқан. Байқап қарасақ, көпшілігі Кеңес кезінде салынған екен. Дегенмен мамандардың сөзіне сүйенсек, жаңа тоған шаруашылығын салу бүгінде сән емес. Әрі Кеңес кезінде баса назар аударылған сала болғандығы да бір себеп деседі. Ол кезде өсірілетін балықтардың түрі де басқа болған. Қазіргі таңда құбылмалы бақтақ – көпшіліктің сүйіктісі. Нақтырақ айтқанда, кәсіпкерлердің сүйікті балығы. Олай дейтін себебіміз, бағасы жөнінен қымбат болса да, өсіру жолы оңай, ұрықтанған уылдырықты тасымалдаудың халықаралық инфрақұрылымы дамыған. Айтқанымыздай, ірі шаруашылық салу тиімді емес. Одан гөрі отбасылық ферма іспеттес, қуаты 5-50 тонна аралығында болатын шаруа қожалығын құру оңтайлырақ. Соңғы кездері аквамәдениетке құмар жандардың саны күрт артып келеді.


Тақырыптың тоқетері: 

Аквамәдениетті дамыту үшін оның түрлі салаларына көз тастап, сараптау қажет. Мәселен, көл-тауар балық шаруашылығын дамытуға баса назар аударған жөн. Айталық Солтүстік Қазақстанда аталған шаруашылық саласын ұйымдастырған соң, игерудің алғашқы кезеңінде-ақ жылына кемі 4 мың тонна балық әкелген. Соның ішінде сиг балығы мен тұқы (карп) көп өсірілген. Еліміз көлге бай, кенде емес, шүкір. Осы қарқынын жоғалтпайтын болса, алдағы уақытта 12 мың тонна балық өсіруге мүмкіндік алатын боламыз. Бұл – біздің байлам емес, мамандардың болжамы. Мұндай сенімді сөйлеулеріне себеп те жоқ емес. Ресейлік ғалымдар соңғы жылдары бірқатар жаңа технологиялар ойлап тапқан. Соларға сүйене отырып, қолда бар алтынды қадірлеу ғана қалды. Балық жегенді бәрі жақсы көреді. Балық өсіргенді ше? Жексенбіде қолға қармақ ұстап, балық аулау – бір басқа. Аквамәдениеттің дамуына үлес қосып, қалтаны «қампайту» – бір басқа. Қалай десек те, мол су қорын тиімді пайдалана білгенге не жетсін! Жаратқанның берген ризығын халық игілігіне жұмсар болсақ, асымызда берекет болмай ма?

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*