Зейнетақы жүйесін жаңғырту керек пе?

Осыған дейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі зейнетақы жүйесін жаңғырту туралы талай рет сөз етті. Соның бірінде «зейнетақы салымдарының кірістілігін арттыру үшін зейнетақы қаржыларын инвестициялау тәсілдерін қайта қарастыру керектігін» айтқан болатын. Жалпы, елімізде зейнетақымен қамтамасыз ету 3 деңгейлі жүйемен жүзеге асырылады: базалық, міндетті және ерікті зейнетақы жарналары. Оның біріншісі тек қана мемлекеттік бюджетке тәуелді болса, соңғылары зейнетақы қорының инвестициялық табысына байланысты белгіленіп отырады. Елбасымыз инвестициялық тәсілдерін қайта қарау дегенде, дәл осы инвестициялық табыстың жоғары деңгейде болуын қадағалауды тапсырған еді. Себебі, әлемдік экономика тұрақсыз кезеңде қаражатты тұрақты табыс әкелетін салаларға құю өте маңызды.
Біз білетін зейнетақы енді болмайды…
Қордың басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаеваның түсіндіруінше, базалық зейнетақы жүйесінің бір артықшылығы – ол қаржылық ахуалға тәуелді емес әрі алдын ала белгіленген мөлшерде төлем жасалады. Бірақ ол елдің демографиялық жағдайына тәуелді. Себебі, халықтың орташа жасы ұлғайған сайын, бұл жүйеге қаржылық тұрақсыздық қаупі төнеді. Нәтижесінде, салықты көбейтіп, зейнет жасын ұлғайтуға тура келеді. Тіпті кей елдерде 2040 жылдарға қарай адамдар базалық зейнетақы алмауы да мүмкін. Бұл туралы биыл Давоста өткен Бүкіләлемдік экономикалық форумға келген ғалымдар да айтып өтті. Олардың ойынша, дүниежүзінде зейнетке шығу уақыты кейінге шегерілуі мүмкін.
Статистикаға сенсек, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Франция мен Германия секілді дамыған елдерде 2000 жылдан кейін дүниеге келген адамдар 100 жасайды, мүмкін одан да ұзақ өмір сүреді деген болжам бар. Макс Планк атындағы демография институтынан келген Джим Вопел: «ХІХ ғасырдан бері адамдардың өмір сүру ұзақтығы әр онжылдықта 2,5 жылға өсіп келеді», – дейді. Бұл, әрине, тамаша жаңалық дерсіз, бірақ таяқтың да екі ұшы болатыны секілді, бұл құбылыстың зейнеткерлікке шығу жасын ұзарта түсетіні сөзсіз. Тіпті бұлай жалғаса берсе, адамдар үш-төрт мамандықты игеріп, өмір бойы жұмыс істеп өтулері де ғажап емес. Давостағы экономикалық форумда психолог Линда Граттон: «Егер 30 жасқа ұзақ ғұмыр кешсек, онда бізге зейнетақыға қазіргіден 5 есе артық қаражат жинауға тура келеді. Біз көріп-біліп жүрген зейнетақы енді болмайды», – деп түсіндірген болатын. Демек, бұл тенденцияның біздің елімізде де байқалуы заңды. Себебі, 1960 жылдан бері қазақстандықтардың орташа жасы 58-ден 71 жасқа дейін ұлғайған.
Бірақ біздің зейнетақы жүйеміз әртараптандырылған, сондықтан демографиялық ахуалға тәуелсіз ерікті және міндетті зейнетақы жарналарын пайдалану жекелеген тұлғаларды мемлекетке тәуелділіктен арылтады. Бұлар – қаржылай тұрақты жүйе әрі салымшылардың қаражат жинауға деген қызығушылығын арттырады және елдің экономикасына қосымша инвестиция бола алады. Дегенмен мұның да кемшіліктері жоқ емес. Біріншіден, салымшы қанша қаражат жинаса, сонша зейнетақы алады. Одан бөлек зейнетақы қорының сол қаражатты инвестициялау арқылы тапқан табысынан қосымша пайда көреді. Яғни, бұл жүйе инвестициялық басқаруға тікелей байланысты.
Өткенге ораламыз ба?
Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев Астана экономикалық форумы аясында өткен брифингте зейнетақы нарығында бәсекелестік ортаны қайта қалыптастыру керектігін айтты. Бірақ нарықта қарама-қайшылықтар туындамас үшін оған капитал деңгейі жоғары, тұрақты компанияларды тарту керек. Қаржы реттеушінің басшысы қандай өзгерістер болса да, қазіргі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қала беретінін ескертті. Себебі, адамдарда қаражатын белгілі бір ұйымға сеніп тапсырарда таңдау болуы қажет. Ұлттық банк ұсынып отырған зейнетақы жүйесінде БЖЗҚ қаржыны Ұлттық банкке бағыттайды, ал жеке компаниялар салымшының қалауы бойынша қаражатты инвестициялайтын болады». Ақышев: «Біз әр адам зейнетақы жинағын басқаратын компанияны өзі таңдауы үшін бәсекелестікті қайта қалпына келтіру керек деп есептейміз. Сонда ол өз қаржысын қайда салу керектігін де таңдай алатын болады. Егер оған Ұлттық банк ұнамаса, жеке компанияға кете алады. Бұл біз ұсынып отырған базалық принцп», – деген болатын.
Бірақ Ұлттық банктің бұрынғы басшысы Қайрат Келімбетов БАҚ-қа берген сұхбаттарында «кері шегінуді», яғни, менеджменттің бұрынғы моделіне оралуды құптамайтынын айтқан. «Себебі, активтердің тиімді менеджерлеріне айнала алатын компанияларды көрмей тұрмын», – дейді ол. Экс-төраға неліктен мұндай байламға келгенін былай түсіндіреді: «Біріншіден, қор нарығы қажет, бізде ол енді ғана дамып келеді. Сондықтан қаражатты жеке компаниялардың немесе мемлекеттің басқаруында ешқандай айырмашылық болмайды. Себебі, мемлекеттік құнды қағаздардан басқа зейнетақы қаражатын инвестициялайтын жер жоқ. Оған инвестиция жасау үшін комиссиясы жоғары жеке компанияларға жүгінудің қажеті жоқ». Қайрат Нематұлының айтуынша, зейнетақы жүйесінің келесі қадамы Ұлттық қордың басқару үлгісіндегі менеджмент болуы керек. Мұндай тәсіл бойынша, қаражаттың жартысын Ұлттық банк басқарса, қалған бөлігін халықаралық менеджерлер қадағалайтын болады.
Зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін жаңғырту тұжырымдамасында азаматтардың зейнетақы жинақтарын мемлекет тарапынан кепілдендіру және зейнетақы жүйесін реттеудің заңнамалық негіздері туралы айтылған. Ол бойынша жарналар қаржылық құралдарға инвестицияланады. Іс жүзінде Зейнетақы қоры елдің ішкі нарығында негізгі инвесторға айналуы қажет. Себебі, зейнетақы активтері құнды қағаздарға, оның ішінде мемлекеттің, жеке компаниялардың немесе шетелдік үкіметтер мен компаниялардың облигацияларына инвестицияланады.
«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында Президентіміз Үкіметке Қазақстанның инвестициялық стратегиясын дайындау туралы тапсырма берген еді. Осыдан еліміздің инвестициялық стратегиясы бойынша сенімді ұлттық валютамыздағы қаржы құралдарын қалыптастырудың қаншалықты маңызды екенін көре аламыз. Себебі, ол зейнетақы активтерінің тұрақтылығын және алдағы уақытта басқа да инвесторлардың табыстылығын қамтамасыз етеді.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының таза инвестициялық табысы 206 млрд теңгеге жетті. Қордың зейнетақы активтерін құрайтын алғашқы үштік: мемлекеттік құнды қағаздар, еліміздегі екінші деңгейлі банктер мен квазимемлекеттік ұйымдардың облигациялары. Атап айтқанда, табыстың 42 пайызы мемлекеттік құнды қағаздардан түскен. Олардың жалпы құны 3 трлн теңгеден асады. Үштікті аяқтайтын квазимемлекеттік ұйымдардың облигациялары 808 млрд теңгеге жетіп, жалпы табыстың 11 пайызын жапқан. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинағының жалпы көлемі шілдеде 7,1 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 458 млрд теңгеге көп.
Болашақ зейнеткердің «байлығы» қанша?
Зейнетақы активтері бойынша инвестициялық табыстың көлемі қаржы нарығындағы ахуалдарға және зейнетақы қаражаты салынған қаржы құралдарының бағасына тәуелді. Бүгінде Ұлттық банк әртараптандырылған инвестициялық портфель тұжырымын ұстанады. Бұл принцип зейнетақы қорының инвестициялық табысын тұрақты деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Биыл шілденің бірінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының таза инвестициялық табысы 206 млрд теңгеге жетті. Қордың зейнетақы активтерін құрайтын алғашқы үштік: мемлекеттік құнды қағаздар, еліміздегі екінші деңгейлі банктер мен квазимемлекеттік ұйымдардың облигациялары. Яғни, зейнетақы қоры табысының негізгі бөлігін осы қаржы құралдары құрайды. Атап айтқанда, табыстың 42 пайызы мемлекеттік құнды қағаздардан түскен. Олардың жалпы құны 3 трлн теңгеден асады. Үштікті аяқтайтын квазимемлекеттік ұйымдардың облигациялары 808 млрд теңгеге жетіп, жалпы табыстың 11 пайызын жапқан. БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағының жалпы көлемі шілдеде 7,1 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 458 млрд теңгеге көп.
Әлем тәжірибесі
Алғашқы мемлекеттік зейнетақы жүйесі Германияда княз Отто фон Бисмарктің реформасы негізінде пайда болды. Реформа алғашқы кезде науқастарға және мүгедек адамдарға қаржылық көмек ретінде жүргізілсе (1883-1888 жж) кейіннен 1889 жылдан бастап жалпы зейнетақымен қамтамасыз ету жүзеге аса бастады.
Өткен ғасырдың зерттеушілері қарт адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелерін әртүрлі қарастырды. Либералды нарық экономикасының жақтаушылары әрбір тұлға қор жинау арқылы қарттығын өзі қамтамасыз етуі тиіс деген пікірде болды. Джон Кэйнстің көзқарасын қолдайтын экономистер, керісінше, жеке жинақтардан бөлек, қарт адамдарға мемлекеттің есебінен зейнетақы және басқа да әлеуметтік төлемдер түрінде жәрдем көрсетілуі қажет екенін айтты.
Президенттің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында Италия, Швеция, Польша, Ресей Федерациясының тәжірибелеріне сүйене отырып, «еңбек еткен бүкіл өмірінде зейнетақы резервтерін қалыптастыруға қатысуынан зейнетақы мөлшерінің тәуелділігін күшейту» мәселесі қамтылған. Әлем елдерінің зейнетақы жүйесі көпдеңгейлі модельдер зейнетақымен қамсыздандырудың неғұрлым тиімді әрі қаржылай тұрақты екенін көрсетеді.
Мысалы, американдықтар үш жүйенің: мемлекеттік, жеке және жұмыс орнынан бөлінетін зейнетақы жинағын пайдалана алады. Бұл бағдарлама 1935 жылдан бері жұмыс істеп келеді әрі АҚШ-тағы қарияларды ең жоғары зейнетақымен қамтамасыз етіп отыр. Зейнетақы жүйесін жаңғырту туралы тұжырымдамада айтылған Швеция біз қолданып жүрген көпдеңгейлі зейнетақы жүйесін қолданады: жинақтық, шартты-жинақтық және міндетті (ең төменгі). Бірінші жұмысшылардың жалақысының 16 пайызынан құралады. Мұнда зейнетақы салымшының бұрынғы жалақысының 70 пайызына жуықтайды. Бірақ жақында Rogers Holdings компаниясының иесі Джим Роджерс келесі әлемдік дағдарыс АҚШ-тың зейнетақы жүйесінің әсерінен болуы мүмкін екенін айтқан еді. Ол: «Дағдарыс әлемнің кез келген нүктесінен келуі мүмкін. Ол Греция экономикасының құлдырауынан немесе АҚШ-тың зейнетақы бағдарламасынан болуы мүмкін. Себебі, зейнеткерлер өз қарыздарын өтей алмай отыр. Зейнетақы төлеу тоқтап қалмаса да, жуық арада АҚШ-тың белді зейнетақы қорларында проблемалар пайда болады», – деген еді.
Бүкіләлемдік экономикалық форумның баяндамасында «2050 жылға қарай зейнетақы жүйесіндегі қаражаттың жетіспеушілігі 427 трлн долларға жетеді» деген болжам айтылған. Бұл қазіргі әлемдік ІЖӨ-нен бес есеге көп. Осыдан-ақ зейнетақы жүйесін қандай болашақ күтіп тұрғанын бағамдай беріңіз. Демек, алаңсыз қарттықты қамтамасыз ететін жүйенің тиімділігі күн тәртібіндегі мәселе болып қала бермек.
Кәмила ДҮЙСЕН