Мақсат – Қазақстанмен серіктестік орнату

892
0
Бөлісу:

Қытай павильонында Цинхай провинциясы апталығының ашылу салтанаты өтті. Қонақтарға Цинхайдың баламалы энергия өндіру мен қолданылу саласындағы табыстары таныстырылды. Шығыстан келген көршілер Цинхай мен Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан мемлекеттер арасындағы мәдениет, туризм және сауда-экономикалық серіктестік орнату, әріптестік ауқымын кеңейтуге шақырды. 

Провинция атынан Астанаға 13 компания өкілі келді. Не­гізі­нен, компаниялар баламалы энер­гия өндірумен айналы­сады.
Цинхай – Қытайдың орталық бөлігінің батыс жағында орналас­қан көпұлтты провинция. Ол Азиядағы ең үлкен тау жүйеле­рінің бірі – Куньлуньда орналас­қан. Биылғы жылдың маусым айында провинция 7 күн бойы өз өңірін толық қамтамасыз ету үшін күн, жел және су электр­стансасы энергиясын пайда­ланған.
XiNing Moonlight PV Techno­logy компаниясының бас ди­ректоры Хао Ионг провинцияда соңғы жылдары гидроэнергетика, жел энергетикасы мен газ гидрат­тары және басқа да экологиялық таза энергия ресурстарын өндіру мен қолдану қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
– Соңғы он жылда жалпы ұлттық өнімнің өсу қарқыны 10 пайыздан асты. Провинция­ның экономикалық қуаттылығы, мұнай мен табиғи газ сияқты химия өнеркәсібі дамып келеді. Сонымен қатар тау өсімдіктері мен мал шаруашылығы да жақсы жолға түсіп алды. Қытай мен тибет дәрісін жасау мен ұлттық киім тігіп, әшекей жасау да табысты кәсіпке айналған, – деді бас директор.
Сондай-ақ Астанаға Қазақ­стан нарығын зерттеп, серіктес табуға келгенін де атап өтті. Ком­пания, негізінен, күн панель­дерін өндіреді.
Цинхай апталығының ашылу салтанатында CCPIT Qinghai мен Қазақстан – Қытай сауда ассоциа­циясы және Qinghai Tibetan Sheep Group мен ҚР Қолөнершілер орталығы ара­сында меморан­думға қол қойылды.
Шараның ресми бөлігі аяқ­талған соң Цинхай провинция­сының дәстүрлі фольклорлық әні хуаэр шырқалды. Өнерпаздар тек ән айтып қоймай тибет­тердің, саларлар мен моңғолдар­дың ұлт­тық билерін де биледі.


Туристерге жайлы жағдай жасамақ

Бұл туралы Гамбияның Ұлттық күнін тойлау барысында Гамбия Республикасының Туризм министрлігінің маркетинг директоры Адам Нжи мәлімдеді. 

– Біз Гамбиядағы қазақ­стан­дық туристердің жағдайын жақ­сарту жолдарын қарастырғымыз келеді. Гамбияға дейін авиамар­шруттар аса қолайлы емес. Қазір біздің мемлекетімізге арналған тиімді турларды ұсына алатын туристік агенттіктер құруды, мар­кетингтік зерттеу жұмыс­та­рын жүргізуді жоспарлап отыр­мыз, – деді Адам Нжи.
Гамбияның Сауда министрі, док­тор Айсату Турэйдің айтуын­ша, «Астана – EXPO – 2017» көр­ме­­сін өткізуге дұрыс таңдалған қала.
– «Болашақтың энергиясы» – әлемдік бірлестіктер үшін аса өзекті мәселе. Энергияның әлем­дік экономикада маңызды екені даусыз. Қазақстанның мұн­дай тақырыптағы халықаралық көр­мені өткізуі біздің ғаламша­рымыз­дың болашағына аса үлкен алаңдаушылық білдіретінін көр­сетеді, – деді министр.
Гамбия – Африканың кон­тинентті бөлігінде орналасқан ең кішкентай мемлекет. Гамбия Рес­публикасының экспозициясы Африка плазасында орналасқан.
Шара соңында көрменің не­гізгі сахнасында Fula Juboo тобы ғажайып әндерімен қонақтарды таңғалдырды.


Ұлттық күнін тойлады

Сыртқы істер министрлігі Еуропа департаментінің директоры Сетчехо Кристоф баламалы энергия көздерін өндіруді дамытуға арналған EXPO – 2017 көрмесінің тақырыбын қолдайтынын айтты.

– Бенин Үкіметінің басты міндеттерінің бірі – орман кесу ісіне қарсы тұру. Осы мақсатта егіз бауырлар Atingan do zosi атты пеш ойлап тапты. Пеш баламалы энергия көздері негі­зінде жұмыс істейді. Алдымен ол пеш ішкі газ жетіспеушілігі мә­селесін азайтып, қоршаған ортаны қорғау үшін жасалып шыққан еді, – деді ди­ректор.
Биыл Қазақстан мен Бенин дипломатиялық қарым-қатына­сына 6 жыл толды. Сондай-ақ Бенин мемлекетінің тәуелсіздік алғанына 57 жыл. Білім және ғы­лым министрлігінің жауапты хат­шысы Арын Орсалиев Бенин Республикасын атаулы датамен құттықтады.
– Көрмедегі жаңа идеялар Қа­зақстан үшін ғана емес, ғаламдық энергетика үшін де жүзеге асады. Бенин Республикасының қаты­­суы – екі ел арасындағы жақсы қарым-қатынастың көрсеткіші. Сонымен бірге, біздің ел үшін де өзін та­нытуға, Африканы тануға жақсы мүмкіндік, – деді ол.
Ұлттық күн тойлау барысында Бенин Республикасының Supers anges hwend do na boua музыкалық тобы халықтың мәдениетімен дәс­түрін танытатын шоу көрсетті.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*