Жүк тасымалдайтын әуе компаниясы ашылады

953
0
Бөлісу:

Қазақстанда әуе арқылы жүк таситын жаңа компания құрылатын болды. Бұл туралы «Үкімет үйіндегі» баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында мәлімделді. Жиында Ұлттық экономика, Инвестициялар және даму, Қаржы, Энергетика министрліктері басшылықтарының өкілдері Елбасы жариялаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Индустрияландыру және экономикалық өсім» үшінші институттық реформасын іске асыру барысы туралы баяндады.

Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаевтың айтуынша, «Қа­зақстан темір жолы» және «Эйр Астана» ұлттық компаниялары жүк әуе тасымалдарын жүзеге асыруға маманданған арнаулы әуе компаниясын құру бағытында жұмыс жүргізуде.
– Кез келген елде бұл салада жолаушылар тасымалы сыртында, жүк тасымалымен айналысатын көптеген компаниялар жұмыс жасайды. Күні бүгінге дейін бізде дәл сондай маманданған компания болған жоқ. Сондықтан ҚТЖ мен «Эйр Астана» екеуі бірлесіп, тиісті компанияны құратыны туралы қажетті шешім қабылданды. Және бұл жаңа компания болады. Қазіргі кезде ҚТЖ осы бағытта жұмыс жасайтын серіктес іздеуде, – деді А.Айдарбаев.
Оның мәліметінше, жаңа компания жыл соңына дейін құрылады және бастапқы кезеңде екі әуе көлігін жұмысқа жегеді.
Компанияның даму стратегиясы бойынша болашақта ол жүк тасымалдары нарығында өзінің лайықты орнын алуға тиіс. Бұл тіпті импорт алмастыруға да қызмет етпек. Себебі, қазіргі кезде елімізде барлық жүк тасымалын шетелдік компаниялар жүзеге асырады. Яғни, стратегия отандық жүк әуе тасымалын дамытуға бағытта­лып отыр, – деді бірінші вице-министр.
Оның мәліметі бойынша Ұлт жоспарының
63-қадамы аясында ғылымды қажет ететін эко­но­миканың негізі ретінде инновациялық кластерді дамыту үшін 2017 жылдың соңына дейін Тех­но­логияларды дамытудың үш орталығын – «Ақылды индустрия бойынша технологияларды дамыту орталығын», «Жаңа материалдар мен аддитивті технологиялар бойынша технология­ларды дамыту орталығын» және «Ақылды технологиялар орталығын» іске қосу жоспарланып отыр.
Сингапур, АҚШ, ҚХР, Үндістан секілді озық мемлекеттердің сәтті тәжірибесі негізге алына отырып, Алматыда «ІТ квартал» атты иннова­циялық өсімнің жаңа орталығын құру жос­парлануда. Ол жерде ірі ақпараттық технологиялық және инновациялық компаниялар орналасады.
– 67 қадам бойынша «Эйр Астана» әуе тасымалдаушысы 2020 жылдың соңына дейін Airbus А320neo әуе көлігінің 10 данасын алуды жоспарлауда. 2019 жылы екі «Боинг 787» ұшағын алады. Сол жылы Токио мен Сингапурға, ал 2020 жылы – Шанхай мен Нью-Йоркке әуе бай­ланысын ашу жоспарланып отыр, – деді Алик Айдарбаев.
Ұлт жоспары аясында бұл министрлік әзірлеген «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс жобасы биыл қыркүйекте ел Парламентіне енгізілетін болады. Ол жерде келісімшарттар жасаудың жеңілдетілген әдісін енгізу жоспарлануда.
Өз кезегінде Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов Ұлт жоспары аясында бизнесті салықтық әкімшіліктендіру мен кедендік бақылауды жеңілдету бағытында не істеліп жатқанынан құлағдар етті.
– «Индустрияландыру және экономикалық өсім» – Ұлт жоспарының маңызды бағыты болып табылады. «100 нақты қадамның» жартысы аталған бағытқа арналған! Ұлттық экономика министрлігі Ұлт жоспары аясында 4 қадамды іске асыруға жауапты. Оның үшеуі салық пен кеден саясатына және біреуі монополияға қарсы жұмыспен байланысты, – деді Р.Дәленов.
Оның дерегінше, салық-бюджеттік сала бойынша үш қадам қарастырылған, бұлар – «салық және кеден саясатын және ресімдерін оңтайландыру», «жанама салықтар өндірудің тетіктерін жетілдіру», «қолданыстағы салық режимдерін оңтайландыру».
Соның ішінде, 37-қадам («салық және кеден саясатын және ресімдерін оңтайландыру») бойынша Салық және Кеден кодекстерінің жаңа жобалары әзірленген.
І вице-министр олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтті.
– Салық төлемдері Қазақстанның мемлекеттік кірістерінің шамамен 64%-ын қалыптастырады. Салық және кеден саясатын оңтайландыру – сапалы экономикалық өсім мен еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырудың маңызды құрауышы. Ұлт жоспары аясында аталған бағыт бойынша қолданыстағы салық режимдерін оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Р.Дәленов.
Оның айтуынша, салық мәселесінде мемлекет тарапынан бизнесті әкімшілендіруді жеңілдету, несиелеуді, сондай-ақ геологиялық барлау жұ­мыстарына инвестициялар салуды ынталандыру көзделген.
Сонымен қатар Қазақстанда «салық консуль­танттары» институты пайда болады. Бұлар сыртында «дистанциялық аудит» және «салықтық несие» енгізіледі.
«Кодекс жобасын әзірлеу жұмысы аяқталды. Біз оны осы айда Парламентке ұсынуды жос­парлап отырмыз және 2018 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі деп күтеміз», – деді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.
Кедендік бақылау жайына тоқталған ол осы салада декларациялау кезінде электронды технологияларды ендіруге, кедендік операция­ларды жасау кезінде автоматты ақпараттық жүйелерді қолдануға, сондай-ақ бақылаудан өту кезінде «бір терезе» тетіктерін пайдалануға екпін түсірілетінін мәлім етті.
– Кеден кодексі жобасының басты жаңа­шылдығы – кедендік реттеуге деген жаңа көзқарас болып табылады. Қағазға қарағанда, элек­трониканың басымдығы бекітіледі. Енді сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар декларацияны кеден органдарының ақпараттық жүйесі арқылы қашықтықтан бере алады. Бұл жерде олардан растаушы құжаттарды қоса әкеліп беру талап етілмейді, – деді Р.Дәленов.
Өз ведомствосының Ұлт жоспарын орындау қорытындыларына тоқталған қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев кедендік және салықтық әкімшілендіру, сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына жағдай жасау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баян етті.
Ол да Ұлт жоспары аясында Қазақстанда жаңа Кеден кодексі қабылданатынын атап көрсетті және сол бойынша декларациялауды цифрлан­дыруға көшіру жүзеге асырылатынын қосты. Мұның сыртында экспорттық-импорттық опе­рациялар бойынша «Бір терезе» қағидасы енгізіледі.
– Егер қазір құжаттарды рәсімдеу орта есеппен 2 сағатты алса, жаңа жүйе енгізілгеннен кейін кедендік декларациялау жасыл дәліз арқылы автоматты түрде өткізіледі, – деп түсіндірді
Р.Бекетаев.
Ол экспорттық-импорттық операциялар бойынша «Бір терезені» 2019 жылдың басынан бастап енгізу жоспарланғанын жеткізді:
«Сыртқы экономикалық қызмет қатысушысы өз тауарларын кедендік тазарту кезінде мемлекет­тік органдардың барлық қажетті рұқсаттарын бір жерден ала алады. Кеденге қағаз түрінде құжаттар ұсыну ендігі қажет болмайды!» – деді Руслан Бекетаев.
Сондай-ақ вице-министр «Индустрияландыру және экономикалық өсім» Ұлт жоспарының үшінші бағыты аясында, дәлірек айтсақ, 41-қадам ретінде жүргізілген мүлікті заңдастырудың әсер-тиімділігі туралы айтып берді.
–2016 жылы мүлікті және қаражатты заңдас­тыру рәсімін табысты аяқтадық. Заңдастыруды 140 мыңнан астам азамат пайдалана алды. Ал экономикалық айналымға 5,7 триллион теңге қосылды. Оның ішінде ақша түрінде 4,1 триллион теңге және 1,6 триллион теңгеге бағаланған мүлік заңды айналымға кірді, – деп хабарлады қаржы министрінің орынбасары.
Оның ақпарынша, 151 мың заңдастырылған жылжымайтын мүлік нысанының 9,5 мың нысаны коммерциялық жылжымайтын мүлік ретінде есепке қойылды. Бұл – елімізде мүлік салығының түсімін жылына шамамен 800 миллион теңгеге өсірді.
Қаржы министрлігінің есебінше, заңды айналымға тартылған 4,1 триллион теңге қаражат та жылына шамамен 150 миллиард теңге салықты туындатады.
Жалпы, Ұлт жоспары шеңберінде бұл ведомство 8 қадамды жүзеге асыруға міндеттелген, «оның үш қадамы әлдеқашан орындалыпты».
«Қалған 5 қадамды аяқтау үшін біз кедендік және салықтық әкімшілендіруді жетілдіру бойынша үлкен жұмыс жүргізудеміз. Сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметке қойылатын талаптарды оңайлату үшін нормаларды қайта пысықтадық» деді Р.Бекетаев.
Энергетика министрлігі де өз саласындағы Ұлт жоспарын іске асыру қорытындыларын жария етті. Ведомствоның вице-министрі Бақытжан Жақсалиевтің айтуынша, Энергетика министр­лі­гіне 3 қадам, атап айтқанда, 50, 51 және 52-қа­дамдар жүктелген.
«Барлық қадамдарды іске асыру ұзақмерзімді сипатқа ие» деді ол.
Ұлт жоспарын іске асыру барысында электр энергетикасы мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер енгізілген және сол арқылы бірқатар жаңалықтарға жолдама берілді. Сонымен қатар жаңа заңға сәйкес, салаға инвестициялар тартуды ынтыландыратын жаңа тарифтік саясат іске қосылатын болады. Сондай-ақ ол арқылы өңірлік желілік компанияларды ірілендіруге жағдайлар жасалды. Бұл электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға, өңірлерде электр энергиясын жеткізу шығындарын қысқартуға және соңғы тұ­ты­нушыларға оның бағасын төмендетуге мүмкіндік береді.
–Бізде еліміздің энергетикалық кешенін ырықтандыру мен жекешелендірудің арқасында көптеген электр таратушы ұйымдар пайда болды. Бүгінгі таңда олардың саны шамамен 160-қа жетті. Шын мәнісінде, барлығының атқаратын міндеті бір – электр энергиясын тарату ғана, – деді Б.Жақсалиев.
Әрине, осы қаптаған делдал компаниялар жолай өз үстемеақыларын қосады. Нәтижесінде, ақырғы тұтынушыға, мәселен, қарапайым қазақстандықтарға электр қымбаттап жетеді. Сондықтан бұл ауыртпалықты жеңілдету мақсатында ірілендіру бастамасы ілгерілетілді.
Энергетика вице-министрі ірілендіруді ынталандырушы тетіктер ретінде энергия таратушы ұйымдарды иесіз электр желілерді өз балансына алған кезде мүлік салығынан және корпоративтік табыс салығынан босату, ірілену кезінде табиғи монополиялар саласындағы заңнамалық тыйымдарды алып тастау және басқа да жеңілдіктер болатынына назар аударды.
Сонымен бірге, ұйымдарға талаптар да қойылады, олардың қатарында «диспетчерлік технологиялық басқарудың болуы», «оқытылған және аттестатталған мамандары бар қызметтердің болуы», «жүйелік қызметтер көрсету бойынша жүйелік операторлармен келісімшарттарының болуы», «коммерциялық есептің автоматтанды­рылған жүйелерінің болуы» бар.
–Бұл шаралардың барлығы қаптаған электр таратушы ұйымдардың санын 2022 жылға қарай 30%-ға, яғни 160-тан 110-ға дейін қысқартуға, энер­­гиямен қамтамасыз етудің сенімділігін арт­ты­руға, иесіз электр желілерінің мәселесін ше­шу­ге мүмкіндік береді, – деп түйді Бақытжан Жақсалиев.
Елдос Сенбай

Бөлісу:

Пікір жазу


*