Заң үстемдігі қамтамасыз етілуде

806
0
Бөлісу:

Қазақстанда жергілікті соттардың 191 судьясы «жалғандық детекторымен» тексеріліпті. Бұл жайында кеше ел Үкіметінің баспасөз орталығында, Ұлт жоспарының «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» атты ІІ институттық реформасын іске асыру қорытындылары шығарылған баспасөз конференциясында мәлім болды. Жиында Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Ішкі істер және Әділет министрліктері өкілдері сөз сөйледі.

– Ұлт жоспарына сәйкес Жоғарғы сотқа барлығы 10 қадамды іске асыру жүктелді. Олардың бар­лығы 2015-2016 жылдары іске асырылды. Бес сатылы сот жүйе­сінен үш сатылы сот жүйесіне көшу әрбір сатының рөлін нығайтты және сот шешімінің түпкілікті күшіне енуін жылдамдатты. Соттарда аза­маттық істердің қаралу мерзімі 2 есеге қысқарды. Сот бұйрығы не­гі­зінде қаралған істер саны 4 есеге, баламалы тәсілдер бойынша аяқталған істер 3 есеге артты. Про­ку­рордың сот отырысына қаты­суы айтарлықтай қысқарды, – деді Жоғарғы сот жанындағы Сот­тардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов.
Сот бақылауын кеңейту бойын­ша жүргізілген шаралар оң нәтиже­сін беруде. Барлық істер санаты бойын­ша сот төрелігін жүзеге асыру сапасы «жоғары деңгейде» делінді. Ұлт жоспарының 20-қадамын іске асыру аясында соттардың барлық залдары аудио, бейнетіркеу жүйесімен жабдықталды.
Судьялыққа кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары мен іріктеу механизмдері айтарлықтай күшейді. Олар үшін психологиялық тестілеуден өту мен полиграфтан («жалғандық детекторы») тексеру жүйесі енгізілді. Судьялыққа кандидаттардың жасы 25-тен 30-ға дейін ұлғайтылды. Биыл жаңа ереже бойынша 191 кандидат іріктеліп, жергілікті соттардың судьясы лауазымына тағайындалды. Енді судьялар өз біліктілігін жұмысының алғашқы жылынан кейін және одан кейін әрбір бес жыл сайын растауы керек. Біліктілік комиссиясы биыл 140 судьяның кәсіби қызметін бағалады. 2016 жылы 1220 судьяға қатысты бағалау жүргізілді.
Әділет министрінің орынбасары Жанат Ешмағамбетовтің айтуынша, бұл ведомство «жеке сот орындау институтын одан әрі дамытуды және сот орындаушыларының мем­л­екеттік қызметін біртіндеп қысқартуды» қарастыратын 27- қадамды іске асыруға жауапты.
– 2016 жылдан бастап, мемле­кеттік сот орындаушыларында (МСО) тек мемлекеттің мүддесін қорғайтын құжаттар ғана қалды. Бар­лық басқа санаттар жеке сот орын­даушыларының (ЖСО) құзы­ретіне берілді. Бұл олардың құ­қы­қтары мен міндеттерін айтар­лық­тай кеңейтті. Мысалы, оларға же­ке тұлғалардың банктердегі шот­тары туралы ақпаратты сұра­ту туралы өкілеттілік берілді. Кө­мек­шілерге процессуалды іс-әрекеттер шығарумен байланысты емес функциялар бөлігі берілді. Сондай-ақ Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының негізінде біліктілігін мерзімді түрде арттыру талабы бекітілді, – деді Әділет вице-министрі.
Қазір елімізде ЖСО-лар қа­та­ры артып келеді: егер бұл жеке сек­торда 2015 жылы 1 мың адам істесе, қазір олардың жалпы саны 1 498-ді құрайды. Осы саладағы көмекшілер мен іс жүргізушілерді қоса есептегенде, шамамен 4 000 жұмыс орны ашылды. Институт енгізілгеннен кейін, жалпы 4 784 лицензия берілді. Бұл ретте 2016 жылы МСО саны 30%-ға немесе 374 бірлікке қысқартылды. Биыл да дәл сонша мемлекеттік қызметкерлерді қыс­қарту көзделген. 2018 жылы тағы 15%-ға азаяды. Нәтижесінде, бар­лығы 303 мемлекеттік сот орын­дау­шысы қалады. Сол арқылы жыл сайын бюджеттік қаражатты үнем­деу шамамен 1,8 млрд теңге.
Бұл шараларды қабылдау ЖСО өндірісіне берілген құжаттар санының 2 есе көбеюіне әкелді: 2015 жылы 936 мың болса, 2016 жылы 2 мил­лионнан асты. Соның ішінде орындалған құжаттардың саны да, сомасы да артты: тиісінше, 249 мыңнан 588 мыңға дейін және 58 миллиардтан 96 млрд теңгеге дейін. Сот орындаушыларына қатысты министрлікке түсетін шағымдардың саны азайыпты. Мысалы, 2016 жыл­дың 6 айында 805 негізді арыз келіп түссе, биылғы жартыжылдықта ол 3 есеге дерлік – 337-ге дейін азайды.
Өз кезегінде Бас прокуратураның Құқықтық статистика және ар­найы есепке алулар комитеті төра­ғасының орынбасары Бағлан Бекбауов Ұлт жоспары аясында «Қылмыстық құқықбұзушылықтар картасын» қолдану қоғамдық орындарда қылмыстарды азайтуға мүмкіндік бергенін айтты. Қазір әлемнің көптеген елдерінде қыл­мыстық істер статистикасы картада бейнеленеді. Дәл осы түрінде бұл ақпарат қабылдауға жеңіл әрі қа­жетті ақпаратты жылдам алу­ға, қалалардың, аудандардың қауіп­сіздік деңгейін салыстыруға болады.
– 2016 жылғы желтоқсанда біздің комитет осы картаны жа­сады, онда облыс және аудан ор­талықтары көрсетілген. Кез келген адам енді Qamqor.gov.kz порталына кіріп, барлық қажетті ақпаратты ала алады. Картаның бірегейлігін оның «Сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізілімімен» кіріктірілуінен көруге болады. Соның арқасында қылмыстық құқықбұзушылық туралы ақпарат арыз полицияда тіркелгеннен кейін картада автоматты түрде пайда болады. Қылмыс жасалған жер, уақыт пен қылмыс түрі көрінеді, – деді Б.Бекбауов.
Ішкі істер министрінің орын­басары Ерлан Тұрғымбаев Ұлт жос­парының 30-қадамын жүзеге асыру аясында 2016 жылдың
1 қаң­­тарынан бастап елімізде жер­гілікті полиция қызметі құрыл­ғ­анын баяндады. Ол сондай-ақ полиция қызметкерлерінің өз қызметі барысында бейнетіркеуіш­терді қолдануы оң нәтиже көрсете бастағанын атап өтті. Мәселен, биылғы жылдың басынан елімізде па­трульдік автокөліктерге ор­на­тыл­­ған бейнетіркеуіштердің кө­мегімен 100 мыңнан астам құқық­бұзушылық анықталды, бұл істер­де бейнетіркеуіштер жазбасы сот­тар­да дәлелдеуші база ретінде қол­данылады.

Дайындаған Елдос Сенбай

Бөлісу:

Пікір жазу


*