Сағынтаев сапарға шықты

943
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған ауыл-аймақты аралауын Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев кеше одан әрі жалғастырды. Осы күні Үкімет жетекшісі Ақмола облысына барды. Бұл өңірде ол Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді іске асыру барысын бақылады.

Б.Сағынтаев бірінші кезекте «Есіл Агро» серіктестігінің сүт-тауар фермасы мен егіс ал­қаптарын аралады, онда ауыл шаруашылығы өндірісінің тех­нологиялық ерекшеліктерімен және кәсіпорынды одан әрі дамыту келешегімен танысты. Премьер-министр сүт фермасын аралау кезінде кәсіпорынның өндірістік үдерістеріне қанықты және дайын өнімдер көрмесін тамашалады. Фермада өндірістік қуаттылықты 2 есеге дейін ұлғайту және сауын табынын 2 400 басқа дейін жеткізу көзделіп отыр екен.
Осы күні Бақытжан Сағын­та­ев­қа Ақмола облы­сы­ның ту­ристік әлеуетін дамыту шаралары көрсетілді: ол Щучинск қаласындағы жаңа респуб­ликалық шаңғы спорты базасының құрылыс орнына барды, Бурабай ауылының шипа­жайлық нысандарының, көрікті жерлерінің және туристік инфрақұрылымының жағ­дайымен танысты. Сон­дай-ақ 2017 жыл­ғы сәуір-шіл­де аралығында жүр­гі­зілг­ен «Щучинск – Бура­бай» автожо­лының 16-18 шақы­рым учас­кесіндегі жөндеу жұмыста­ры­ның нәтижесін бағалады. Об­лыс әкімі Мәлік Мырзалин жүр­гі­зілген реконс­трукциялау жұ­мыс­тары және жалпы өңірдегі жол­дарды жөндеу бойынша алдағы жоспарлар туралы есеп берді.
Бақытжан Сағынтаев шаңғы спорты базасын ара­лау барысында құрылыс ғи­марат­тарымен та­нысып, ны­сандағы қазіргі жағдай мен жұмыстарды аяқтаудың жос­пардағы мерзімдері туралы баян­да­маны тыңдады. Нысанның ғи­мараттары мен құрылыс ке­шені 140,5 гектар аумақта орна­лас­қан. Оның әзірлік деңгейі 90%-дан жоғары делінді. Жаңа рес­публикалық шаңғы спорты ба­за­сында шаңғы жарыстары, биат­­лон, шаңғы-роллер спорты бойын­­ша жаттығулар мен халық­ара­лық жарыстар өткізу жоспар­ланған.
Осыдан кейін Үкімет басшысы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің шипа­жайлық нысандарына және көрікті жер­леріне ат басын бұрды. Ол «Щучинск – Бурабай» шипажайлық аймағын дамыту мәселелері бойын­ша кеңес өткізді. Он­да осы саладағы барынша перс­пективті бағыттар мен жобалар талқыланды. Кеңеске туристік бизнес өкілдері, бизнес қауым­дастықтардың, «Ата­мекен» палатасы, орталық ме­мор­ган­дар­дың, сондай-ақ Ақмола облы­сының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері қатысты.
Жиында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ақмола облы­сының әкімі Мәлік Мырзалин, сонымен қатар «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев жалпы туристік саланы және «Щучинск – Бурабай» шипажайлық аймағын дамыту шаралары туралы баяндады. Бұдан өзге, аталған саланың алдағы перспективалары туралы көзқарастарымен Қа­зақстан туристік қауымдасты­ғының президенті Роза Асанбаева және Туризмнің еуразиялық қауымдастығының президенті Рысты Қарабаева бөлісті.
Өз кезегінде Бақытжан Са­ғын­таев Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәй­кес, Қазақстан­да экономи­каның үшінші жаң­ғы­руы басталғанын атап өтті. Оның аясында өсімнің жаңа мо­делі қалыптастырылуда. Деген­мен әлемнің 30 ең үздік дамыған елдерінің қатарына қосылу үшін базалық салалардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудан өзге, экономиканың өзге де перс­пективалы салаларын жақсарту қажет, олардың ішінде туризм мен сервистік қызметтер бар. Бұл үшін, Премьер-министр­дің айтуынша, қажетті инфра­құрылымды дамытып, сервис деңгейін арттыру қажет. Үкімет тарапынан осы бағытта қажетті кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр, соның ішінде «Щучинск – Бурабай» курорттық аймағын дамытудың 2020 жылға дейінгі кешендік жоспары әзірленді. Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға аталған ұсыныстарды жинақтап, об­лыс­тың туристік кластерін да­мытудың қолданыстағы бағдар­ламасына өзгерістер енгізу кезінде ескеру тапсырылды.
Сапар аясында Бақытжан Сағынтаев аймақтағы кәсіпкер­лер палатасының өңірлік кеңе­сінің мүшелерімен кездесіп, шағын және орта бизнесті қолдау мен дамыту мәселелерін талқылады. Кездесу барысында қатысушылар туристік саланы дамытуға бөлінген қосымша қаражаттың бөлінуін, сауда нарықтарын жаңғыртуды, «БЖК – 2020» бағдарламасы ая­сында пайыздық мөл­шерлемені субсидиялауға бюджетті арттыру­ды, ірі ауыл шаруашылығы өн­дірушілері кооперативтерін қар­жы­ландыруды, елдімекендердің бас жоспарын түзетуді, сонымен қатар Қазақстанда шағын ин­дустриялық аймақтарды дамыту мәселелерін талқылады.

Дайындаған Елдос Сенбай

Бөлісу:

Пікір жазу


*