Ұлт жоспарының игіліктері

1164
0
Бөлісу:

Дөңгеленген дүниеде тәуелсіздік алғанымен, өлместің күнін кешіп, тек жанбағыстың қамымен жылды аударып, тіршілік етіп отырған мемлекеттер көп. Тәубе делік, қазақ елі бұлардың қатарынан емес. Қазақстан – алыс болашаққа көз тігіп, алдына биік межелер, стратегиялық мақсаттар белгілеген және соларға қай жолмен жететінін айқындап, оны жүзеге асыруға нақты кіріскен мемлекет.

«Ұлы жолдың өзі шағын қадамнан басталады» деген даналық бар. 2015 жылдың мамырында Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жарияланған болатын. Мемлекет басшысының осы бастамасын қызу қолдап, іске асыруға құлшына кіріскен Қазақстан халқы мен барлық билік құрылымдары қазірдің өзінде толағай табыстарға жетіп, телегей тәжірибе жинақтады.
Екі жылғы жұмыстың алғашқы қо­рытындылары қазір шығарылуда. Одан республикамызда бұрын-соңды бол­маған қаншама жаңалықтардың өмірге жолдама алғаны байқалады. Біз солардың бірқатарына мән бере кетпекпіз.
Ұлт жоспарында мәселен, кеңестік кезеңнен бері қолданылып келе жатқан және ескірген «құрылыс нормалары және ережелерінің» (ҚНжЕ немесе ескіше «СНиП»-тер) орнына заманауи еурокодтар жүйесін енгізу көзделген-тін.
Мамандардың түсіндіруінше, бұл – Қазақстанның құрылыс саласын тех­никалық реттеудің еуропалық жүйесіне интеграциялауға, шетелдік инвес­тор­лар­дың отандық нарықтағы қызметі үшін техникалық кедергілерді жоюға, шетел­дік озық технологиялар мен инновация­ларды пайдалануға, қазақстандық құ­рылыс ұйымдары мен кәсіпорындары­ның техникалық дең­гейін арттыруға мүм­кіндік береді. Сондай-ақ осының арқасында отандық құрылыс өнімдерін өндірушілер еуро­палық нарыққа шыға алады, олар еуро­палық биік стандарттарға жауап беретін өнім өндіруге, құрылыс және инжи­нирингтік қызметтер көрсе­туге қабілетті болады.
Бұл ретте Еуропалық комиссияның басшылық құжаттары бойынша еуро­кодтар ешкімге күштеп таңылмайды, керісінше, олар сол күйінде көшірілмей, жергілікті жағдайларға сай бейімделуге тиіс. Осылайша, олар ұлттық стандарт­тарға айналады. Сондықтан Қазақстан да өзінің табиғи-климаттық жағдайларын, атап айтқанда, жел және қар жүктемесін, сырттағы ауа температурасының күрт құбылатынын, сейсмикалық жағдай­ларды және басқаларын ескере отырып, бұл мәселеде төл тәсілдемелерін қарас­тыруда.
Инвестициялар және даму министр­лігінің бірінші вице-министрі Алик Айдарбаевтың хабарлауынша, Ұлт жоспары аясында Қазақстанда кеңестен қалған «құрылыстың нормалары мен ережелері» жыл соңына дейін жойылатын болады.
– Еурокодтарға арналған жаңа нор­ма­­­тивтік база ендірілді. 2019 жылдың соңы­на дейін Қазақстан осы жүйеге то­лы­ғымен көшуді жүзеге асырады. Биылғы жылдың соңына дейін жалпы құ­рылыс мәселелері бойынша «СНиП»-тер (құ­рылыстың нормалары мен ереже­лері) жойылады, жалпы саны – 189 бір­лік. Олардың орнына қазіргі заман та­лап­тарына жауап беретін жаңа нормалар мен ережелер ендіріледі, – деді А.Айдарбаев.
«Аумақтарды жоспарлау және салу», «аудандық-жоспарлау шешімі», «инженерлік жүйелер» және басқалар бойынша жойылатын 189 норма мен ереже орнына 121 «ҚР ҚН» (құрылыс нормалары), 164 «ҚР ЕЖ» (қағидалар жинағы) және 11 «ҚР ҚБҚ» (құрылыстағы басшылық құжаттар) енгізілуде.

Айтқандай, еурокодтар отандық құрылыс нарығындағы бәсекелес­тікті де арттыруы ықтимал. Өйткені енді Еуропалық одақтың құрылыс ұйымдары елімізге ұмтылады, еуропалық өндіріс пен сападағы құрылыс технологияларын және өнімдерін әкеледі.
Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары­ның байламынша, Ұлт жоспарын­дағы құрылыс саласының рефор­малары Қазақстанға Doing Business рейтингісінде жоғарылауға мүмкін­дік берді.
Атап айтқанда, Ұлт жоспарын іске асыру аясында «бір терезе» қағидасы мен құрылыстың рұқсат құжаттарын алудың үш сатылы қағидасы енгізілген. Құжаттарды алу мен эскиздік жобаларды бекіту мерзімдері бұрынғы 40-60 күннен 17-6 жұмыс күніне дейін қысқар­тылды. Құрылыс салуға рұқсат беру электрондық түрде хабарлама беруге алмастырылды.
«2020 жылға қарай жобалық-сметалық құжаттама сараптама­сының 90%-ға дейінгісін жеке на­рық өткізетін болады. Қазірдің өзін­де бұл көрсеткіш 60%-ды құ­райды. Құрылыс саласындағы ре­фор­малардың нәтижесінде, Қазақ­стан Doing Business жаһандық рей­тингі бойынша 2015 жылдан бастап, өз орнын 130 тұғырға жақсартты, яғни, бұл салада 152-ден 22- орынға көтерілді», – деді Алик Айдарбаев.
Ұлт жоспары қазақстандық іскер жандардың өркен жаюы үшін жаңа өріс, тың тыныс ашады. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленовтың ай­туынша, «100 нақты қадамды» іске асыру аясында шағын бизнес үшін салық мөлшерлемесін 2018 жылдан бастап төмендету ұсынылды.
Р.Дәленовтың түсіндіруінше, қазір Қазақстанда шағын бизнес салық төлеудің бірнеше әдісін таң­дай алады: бұлар – жалпыға бірдей белгіленген түрі, компаниялар тәрізді және патент. Соңғысында жарты жылда бір рет табыстың 2%-ы көлемінде ғана салық төле­неді. Жаңа Салық кодексінің жо­басы осы салық мөлшерлемесін 2018 жылдан бастап 2-ден 1%-ға дейін төмендетуді көздейді.
– Егер табысы мен айналымы көп болса, шағын бизнес «жеңілде­тілген декларация» режимін таңдай алады: онда жарты жылда бір рет айналымнан 3% төленеді. Ол табыс салығы және әлеуметтік салық се­кілді 2 салықтың орнын алмасты­рады. Салық кодексінің жобасында айналым және саны бойынша шектеулер заңды тұлғалар үшін де, жеке кәсіпкерлер үшін де теңестіріл­мек. Бұл бірінші кезекте жеке кәсіпкер үшін жақсы, – деді бірінші вице-министр.
Оның мәліметінше, шағын биз­неске алда тиянақталған шегерістің (фиксированный вычет) жаңа режимі ұсынылады, ол айналымы көп, бірақ кірісі аздар үшін тиімді болмақ.
«Мұндай кәсіпкерлер үшін айналымға салық салу тиімсіз. Сон­дықтан салық базасы кірістер мен шығындардың арасындағы айырма болмақ. Шаруалар мен фермерлер өздерінің жеңілдікті режимдерін жо­ғалтпай, қосылған құн салығын төлеушілер құқылы болады. Оларға сондай-ақ қызмет­тің басқа түрлері­мен айналысуға рұқсат беріледі және олар бұл үшін де жеңілдікті режимдерінен айы­рыл­майды. Кооперативтерге кіруге, бірнеше ауыл шаруашылығы өнді­ру­шіле­рінде құрылтайшы болуға және басқаларға шектеулер бол­майды», – деп атап өтті Р.Дәленов.
37- қадам аясында түзілген жаңа Салық кодексінің басты идеоло­гиясы сол, ол адал салық төлеушінің мүддесін қорғауға бағытталады. Мәселен, салықшылар мен тексеру­шілер заң талаптарын өз беттерінше түсіндіріп, бизнесменге үлкен кө­лем­де айыппұл салуы мүмкін, мұн­дай жағдай аз кездеспейді. Кә­сіпкерге мұның қате екенін және өзінің адалдығын дәлелдеуге тура келеді, соған ол қаншама уақыты мен қаржысын жұмсайды. Салда­рынан, іскер жан бизнесін ары қа­рай дөңгелету орнына шенеу­ніктермен күреске уақытын босқа шығындайды. Енді мұндай кесапат кейінге қалуы тиіс.
– Барлық түсініксіз жерлері мен ауытқулар салық төлеушінің пай­дасына шешілетін болады! Мұндай қағидат салықтық дауларды әділ қарауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, егер салық төлеуші салық органының түсіндіруіне сәйкес, әре­кет еткен болса және соның сал­дарынан ұстанымы өзгерген болса, айыппұлдар мен өсімпұлды қол­данбау ұсынылады. Үстеме төлем­нің дәлелділігіне талап та кү­шей­тілетін болады,– деді бірінші вице-министр Руслан Дәленов.
Оның айтуынша, жаңа Салық кодексінің қабылдануымен бірге салықтық тексерулер жеңілдейді, салық төлеушілер оларды тексеру азаюы үшін не істеу қажет екенін анық білетін болады. Салық тө­леушінің «кінәсіздік презумпциясы» қағидаты енгізілетін болады, бұл салық дауларын басқаша қарас­тыруға мүмкіндік береді. Салықтық жеңілдіктер жүйелендіріледі. Шағын және орта бизнес үшін та­лап қою мерзімі 5-тен 3 жылға дейін қысқарады. Әйтпесе, тексерушілер бес жыл бұрынғы құжаттарды көте­ріп, «тырнақ астынан кір тауып», кәсіпкерді қудалай беретін.
Ұлт жоспарын іске асыру ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру­шілерге халықаралық нарықтарға шығуға мүмкіндік береді. Қазақ­стан­дық ауыл шаруашылығы тауар­ларын өндірушілер Qazaq оrganic food, Halal Kazakhstan және Kaz meat атты 3 «шатырлы брендтер» ая­сында әлемдік нарықтарға топ­тасқан түрде шыға алады.


Ет брендімен Қытай экспортына бағдарланған 15 отандық ет ком­пания­ларын біріктіру болжануда. Органикалық бренд болса, өсімдік шаруашылығы, құс шаруашылығы, балық өнімдерінің және басқа да тауар топтары өнімдерінің барлығы шамамен 40 өндірушісін біріктіреді. Сондай-ақ халықаралық норма­ларға сәйкес, органикалық өнімдер бойынша ұлттық стандарттарды құру жұмыстары жүргізілуде.
– Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімдері бізде зор әлеуетке ие, біз оны толық пайдаланбаймыз. Осын­дай шатырлы брендтердің арқа­сын­да отандық өндірушілер өз әлеует­терін жүзеге асырып, өз өнім­­­дерін шетелде ілгерілете алады, – дейді Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдар­баев.
Ол аталған брендтерді одан әрі дамыту және жарнамалау бойынша тұжырымдама мен жол карталары әзірленгенін атап өтті.
Ұлт жоспарының бұл бағытын жүзеге асыру арқылы біріншіден, «Қазақстанды органикалық табиғи өнім өндіруші ретінде позиция­лауға», екіншіден, «жаһандық на­рықтарға шығуға», үшіншіден, «ерекше сапа белгісі бар тауар топ­тарын бірыңғай брендпен ілгері­летуге», төртіншіден, «сыртқы на­рықтарда отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін жоғарыла­туға» және ақыр соңында «отандық өнімді шетелде оң қабылдауды қалыптастыруға» қол жеткізіледі деп күтілуде.
Бұдан өзге, Ұлт жоспарының 55-қадамы аясында жаңа экспорт­тық тауарлар құру үшін қайта өңдеу секторына алпауыт 10 трансұлттық компанияны тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Мысалы, 2015-2016 жылдары трансұлттық компания­лар­дың қатысуымен құны 275 мил­лион доллар тұратын 6 жоба іске асырылды.
Тарата айтсақ, Global 2000 жа­һан­дық аса ірі компаниялар тізі­мінде 716-орында тұрған амери­калық Halliburton Қарағанды облы­сында барит концентратының өндірісіне 40 млн доллар, оңтүстік кореялық Lotte (Global 2000-да – 1082 орын) ОҚО-да азық-түлік тамақтарының өндірісіне 50 млн доллар, түркиялық Abdi İbrahim Алматы облысында фармацевти­калық дәрі-дәрмек өндірісіне 35 млн доллар, италиялық Tenaris (Global 2000 – 1396) Маңғыстау облысында құбырлық ойма-кесу желісін өндіру зауытының құрылы­сына 40 млн доллар, түркиялық Coca-Cola Anadolu Group компа­ниясы (Global 2000 – 86) Астана қаласында сусын өндірісі бойынша зауытының құрылысына 80 млн доллар қаржы құйды.
– Қазіргі уақытта 2,8 миллиард доллар сомасындағы 8 жоба жүзеге асырылу кезеңінде. Тағы 305 мил­лион доллар сомасындағы 3 жоба пысықталуда. 56-қадам аясында зәкірлік инвесторлардың қаты­суымен жалпы сомасы 890 миллион доллар болатын 5 инвестициялық жоба іске асырылуда, – деп құлағдар етті Алик Айдарбаев.
Бұладың сыртында, шетелдерде фронт-кеңселері бар Kazakh Invest ұлттық компаниясы құрылды. Ұлт­тық инвестициялық стратегия жо­басы әзірленді, ол таяу арада ұсы­нылады. Сонымен бірге, Инвест­жобалардың көпдеңгейлі картасы және инвесторларды сүйемелдеу ақпараттық-мониторингтік жүйесі бойынша жұмыс жүргізілуде.
Ұлт жоспары мемлекеттік сатып алулар саласын тәртіпке келтіруге септесті. Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаевтың мәліметінше, 2015 жылы «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылданды. Ол мемлекеттік сатып алу процесін оңайлатуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге, әлеуетті өнім берушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиімді тетіктерін енгізуге, сондай-ақ қаты­сушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Мемлекеттік сатып алулар енді республикалық бюджет комиссия­сында мақұлданған жобалар бойын­ша алдын ала жылдық жоспар негізінде ғана жүргізіледі. Конкурс­тардың өздері www.goszakup.gov.kz бірыңғай веб-порталда электрондық форматта өтеді, бұл адал бәсекелес­тікті дамытады. Қазіргі уақытта жос­парлау, сатып алу туралы хабар­ландыру, рәсімді өткізу, өнім берушіні таңдау, шартты жасасу және орындауды қамтитын мемле­кеттік сатып алу процесі осы веб-портал арқылы жүзеге асырылады. Процестің автоматтандырылуы бәсекелестікті және шартты үнемді жоғарылатуға мүмкіндік берді. Қаржы министрлігінің мәліметін­ше, осылардың арқасында 130 миллиард теңге ел қаржысы үнем­делген.
Жаңа заң тендерге қатысушы өнім берушілерге алдын-ала тех­никалық ерекшеліктермен танысуға және қажет жағдайда, конкурстық құжаттаманың «орындалмайтын» жағдайларын даулауға мүмкіндік береді. Осы норманың негізінде,
3 мың 632 конкурстық және аукцион­дық құжаттамалар қайта қаралған.
Кейбір кәсіпкерлер тендер ке­зінде ақылға сыймас соманы ұсы­нып, жеңеді де, бірақ артынан шарт­тарға уақытылы қол қоймайды. Бұл мәселе енді «шарт жасасудан жалтарған өнім берушілерді Мем­лекеттік сатып алудағы жосықсыз қатысушылардың тізіліміне авто­маттық түрде енгізу» жолымен ше­шілді. Бұл ретте екінші жеңімпазбен шарт жасасуға мүмкіндік берілді.
Тағы бір игілігі сол, мемлекеттік сатып алуда жеңген кәсіпорынмен үш және одан көп жылға шарттарды жасасу мүмкіндігі туды. Бұл – ол кә­сіпорынды көпжылғы тапсы­­рыспен қамту арқылы өндірісін да­мытуға, жұмыс орындарын сақтауға жол ашты.
Қалай болғанда, ілгері озған сайын Ұлт жоспарының игіліктері де арта беруге тиіс. Бұл Елбасының стратегиялық міндеттерге нақты қадамдар бойынша жетуді қарас­тыратын саясатының дұрыстығын паш етеді.
Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*