АБАЙ: АДАМ және ҚОҒАМ

Сана сілкінісі, санды сапаға айналдыру
Отанымыздың жалпы халқының саны статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі күні он сегіз миллионға жетсе, ал қазақтың саны он екі миллионнан асты, жалпы, әлемдегі қазақ саны он бес миллион делініп жүр. осыдан бір ғасыр бұрынғы Ахмет Байтұрсыновтың «Әлхамдулилла, алты миллион қазақпыз» дегеннен кейін қолдан жасалған дүние тозағының оты мен суын кешіп, өз жерімізде жүз жылдан кейін екі есе ғана өстік. Кезіндегі қырылған жақсы мен жайсаңның орны бостығынан, жазушы Асқар Сүлейменов айтқандай «қазақ қауымы гуманитарияның тақырына отырып қалды». Қазақшаласақ, бағыт-бағдарсыз, ақыл-ойсыз, идеясыз, өзіндік құндылықтарынан ажыраған халде қалды. Тәуелсіздікке жетіп, ел болуға ұмтылуға ақылымыз жетсе де, заман талабына сай ғылымымыз жетпей жатыр, бодандық дәуірден семіп қалған сананы жаңғыртуға, сүйекке сіңген надандықтан арылуға қалыптасқан мінез-құлық та ырық берер емес.
Өзгеріс керек екені анық, бірақ қалай өзгеруіміз керек, нені өзгертуіміз керек? Санымыз көбейді деп бөрікті аспанға атқанмен, Асқар Сүлейменовтің тағы бір сөзі «сапаға айналмаған сан жеме-жемге келгенде, сан болудан да қалады» дегеніндей, өзгеріп сапалы қазаққа айналмасақ, ел болудан қаламыз.
Асқар Сүлейменов айтты деген үшінші бір сөз бар еді: «Абай ескірмесе, қазаққа ес кірмейді» деген. Түсінігі: қазақ Абайды игеріп, түсінбейінше ұлттық санаға жетіп, сапасын түзей алмайды.
Енді қалай өзгеру керегін бағдарламаққа Пайғамбар заманына бізден гөрі бір ғасыр жақын өмір сүрген Абай хакімнің отыз сегізінші қарасөзіне, «Кітап Тасдиққа» немесе «Ғақлиат Тасдиқатқа» (Ғ.Т) үңіліп көрелік.
Абайды түсінуге талпыныс
Ақыл-ойымыз, арымыз, абыройымыз Абай қандай жолмен осындай даналық ой биігіне жетті деген сұрақ қойсақ, Жаратқанның тарапынан оған берілген хакімдіктен басқа өзі көп айтатын «ақыл» мен «ғылымға» сүйенгені анық. Бірақ нендей ғылым? Алтын хәкім өзінің ой-тұжырымдарына жету үшін қандай әдіс-методология қолданды? Ол қандай кітаптар оқыды және оларда қандай идеялар бар еді? Оны кемеңгердің өзі қолданған терминдер мен ұғымдарына саралап, ой жүгіртіп көру арқылы және Абай жайында жазылған тарихи фактілерге сүйене отырып, анықтап көруге тырысайық. Содан кейін барып, оның «батысы» мен «шығысын» толығырақ түсініп, байыптауға жол ашылмақ және күні бүгінге дейін Абайда фәлсафа (философия) жоқ деген көзқарасқа жауап беріп көруге мүмкіндік табылмақ.
Абайдың «батысы»
Абайдың «батысына» келсек, ол таныс болуы мүмкін, орыстың ойшыл, ақын-жазушыларынан басқа, әдебиеттер тізімі американдық жазушы-саяхатшы (George Kennan Siberia and the Exile System English. Published: New York, Century Co., 1891), Джордж Кеннанның «Сібір және қуғын-сүргіндік жүйе» (1891 ж. ағылшынша) атты кітабындағы Семей кітапханасындағы Абай таныс болған, сол кезде орысшаға аударылған, бірақ цензурадан өткен жазушы-ойшылдардың Спенсер, Бокль, Льюис, Mилль, Тэн, Лаббок, Тайлор, Хаксли, Дарвин, Лайель, Тиндаль, Альфред Рассел Уоллес, Маккензи Уоллес және Сэр Генри Мэн еңбектері мен Скотт, Диккенс, Maрриэт, Джордж Элиот, Джордж Макдональд, Антони Троллоп, Джастин Маккарти, Эккерманн-Шатриан, Эдгар Алан По және Берт Гарт роман, новеллаларын атап көрсеткен. Әрине, бұлар Абай орыс тілі арқылы таныс болуы мүмкін әдебиеттің бір бөлігі ғана.
Абайдың «шығысы» және қазақ жәдидшілдігі негізі
Енді хакімнің «шығысына» келсек, «Әдебиет майданы» журналының, 1934 жылғы №11 санындағы Мұхтар Әуезовтың «Абай ақындығының айналасы» мақаласында Абайды бірінші имам Ғазалиге ұқсайтындығы, Хайым Насыри, Шиғабуддин Маржаниді, Ысмайыл Ғаспарәліні қолдайтыны айтылады, сонымен қатар Жәлеледдин Ауғани мен Мұхаммед Әбдуһты атайды, бұлар сол замандағы мұсылман әлеміндегі прогресшіл тұлғалар еді. «Алла бізге екі кітап берді, біреуі Құран, екіншісі Табиғат», – деген екен XIX ғасырдағы Мысырдың қоғам және дін қайраткері Мұхаммед Әбдуһ. Бұл жерде «Құран» деп жалпы исламды, ал «табиғат» деп тұтас болмысты, жаратылысты айтып отыр. «Құран мен Табиғаттың арасында қарама-қайшылық болмауы керек, өйткені екеуінің авторы
бір – Жаратушы. Егер қарама-қайшылық кездессе, ол екеуін келістіретіндей шешім табу керек», – дейді Әбдуһ. «Батысқа бардым, исламды көрдім, мұсылман көргенім жоқ, шығысқа келдім мұсылман бар, ислам
жоқ», – деген де Әбдуһ. Енді Абай ұстаз тұтқан Маржаниге келсек, кезінде Бұқара мен Самарқантта он жылдай оқыған, кейін өз еліне Қазанға қайтқан. Бұқарадағы атақты «Мир Араб» медресесін оқыған, онда ол шығыс ойшылдары әл-Фараби, әл-Бируни, ибн Сина, ибн Рушд, әл-Кинди, әл-Ғазали, әл-Маари, ибн Халдундар т.б. мен атақты шығыс шайырлары — Сағди, Фирдоуси, Хаям, Низами, Руми, Навои т.б. шығармаларымен жақсы таныс болған, ұстазы таныс болған әдебиетпен шәкіртінің де таныс болуы заңды құбылыс және шығыс жайында әңгіме болғанда жоғарыда келтірілген шығыс ойшылдарын айналып өту мүмкін емес. Тағы бір айтуға тұрарлығы, Абай бұларды түпнұсқада оқи алатындығы. Маржани татар балаларына Бұқараға оқуға баруына тыйым салған. Керітартпа ілім аласыңдар, одан да орысша, татарша оқы деген талап қойған. Шиғабуддин Маржани мен Ысмайыл Ғаспарәлі ресей жәдидшілдігінің негізін қалаушылар.
Абай қазақ арасындағы жәдидшілдіктің негізін қалаушы тұлға.
Абай хакімнің ғылымға қызығушылығы
Джордж Кеннанның «Сібір және қуғын-сүргіндік жүйе» кітабынан үзінді: Семейге жер аударылған Леонтьев: «Мен осында Бокльды, Мильді, Дрэперді оқыған бір қарт оқымысты (learned, (ағыл.)) қырғызды (қазақты) (Абайды) (түпнұсқада Ibrahim Konobai) білемін.
– Шынымен қырғыз ба? – деп әңгімеге қатыса отырған студент шектен тыс таңғала сұрады.
– Иә, қырғыз, – деді Леонтьев. – Бірінші кездескенімде ол менен индукция мен дедукцияның арасындағы айырмашылықты өзіне түсіндіруді сұрағанда таңданғанымнан талып қала жаздадым. Кейін әңгімелесе келе білдім, ол ағылшын философтарының және жоғарыда мен айтқан авторлардың шығармаларын оқып, зерттеп жүр екен. Дрэпердің «Европаның ақыл-ойының даму тарихы» кітабының төңірегінде екі кеш бойы әңгімелестім. Сонда оның оқығандарының бәрін түсінетініне көзімді жеткіздім, – деп жауап береді Леонтьев».
Осы бір кішкентай диалогтан көп нәрсені аңғаруға болады. Хакім осы үш кітапқа неге баса көңіл аударды және дедукция мен индукцияға неге қызықты екен? Соны бағдарлап көрейік.
Бокльдің «Англиядағы цивилизация тарихы» деген кітабы бар. Дрэпердің «Европаның ақыл-ойының даму тарихы» екі томдығында ежелгі гректерден, Сократ хәкімнен басталып, XIX ғасырдағы ашылған ғылыми жаңалықтары, мысалы Абайдың өзі (Ғ.Т.) айтатын «электрия» мен магнетизм, жарықтың таралуы, адамның ақыл-ойы дамуының заңдылықтарына дейін бар. Екінші томда Еуропаның ақыл-ойының дамуына араб-мұсылманның, сарациндердің ықпалы, мысалы Ибн Әл Хайтамның ғылымының, Әл Ғазалидің философиясының әсері жайында жазылған. Джон Стюарт Милль XIX ғасырдың «ең ықпалды философы» атанған, «Логика жүйесі» деген еңбегі бар және «индуктивтілік логиканың» негізін салушы. «Логика жүйесінде» Милль силлогизмнен бас тартып, жаратылыстану ғылымдарына негізделген жаңа логиканы ұсынады. Осы кітаптың VI бөлімінде Милль «адамгершілік ғылымдар», яғни этика мен адам табиғатын зерттеу үшін физикалық ғылымдар сияқты логикалық құрылымдар керек екенін айтады. «Әрбір адамның этикалық сипаттағы қалыптасуы сияқты, адам психологиясы мен мінез-құлығы әмбебап заңдар арқылы басқарылады» дейді Милль. Бұл заңдар бақылау мен эксперимент арқылы зерттелінбейді, сондықтан тек қана дедукция керек. Милль ғылым және математикадан алынған мықты ғылыми дәлелдер әдіснамасы мен философиясын ұсынады. Абай осы адам психологиясы мен мінез-құлығының әмбебап заңдылықтарын іздеуде Мильдің логикасына сүйенген.
Кеннанның Сібірге саяхаты 1885 мамыр айында басталып 1886 жылы аяқталған. Семейге 1885 жылдың тамыз айында келгенге ұқсайды. Абайдың 40 жастағы кезі, «қартайдық, қайғы ойладық» дейтін тұсы. Хәкімнің өзіне қойған сұрағы: «озық ойлы, ғылымы мен техникасы дамыған Еуропа қалай сол даму деңгейіне жетті және қандай идея арқылы жетті, және соны қазаққа қалай қолдануға болады» екеніне аталған үш автордың кітаптарының мазмұнына қарап болжауға болады. Жалпы алғанда Абайды философия, жаратылыстану ғылымдары, адамзаттың даму тарихы мен логикалық ойлау жүйесі қызықтырғанын байқаймыз. Тағы бір қызығушылығының себебі, дәл сол уақыттағы төбе билік қызметінде, билер ережесін жазуда, ел мінезін сынауда, әлеуметтік тартыстарда, билік жасауда нақтылы, бұлтартпас қисын-логиканы қажет ететіндігінен деп тұспалдаймыз. Тағдыр Семейде Кеннан мен Абайдың кездесуін жазбапты, кездескен жағдайда хәкім жайында көбірек мәлімет қалуы сөзсіз еді, кездеспеген себебі, дәл сол кездері әкесі Құнанбайдың дүниеден өтуі деп шамалаймыз.
«Ғақлиат Тасдиқат» мінез жайындағы жәдігер
Кеннанның кітабынан үзіндіні келтірудің себебі, индукция мен дедукция «Ғақлиат Тасдиқатқа» тікелей байланысты. Жалпы, Абайға ғылым не үшін керек «өзі бір күйік» болатын болса? Адамзатқа деген сүйіспеншілік десек артық айтпаймыз. Қазақты, жалпы адамзатты қалай өзгерту деген мақсат, оның ішінде мінезді қалай түзету. Ол да өзі айтпақшы «Пайғамбар сүннеті», Мұхаммед салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің жер бетіндегі миссиясы адамзаттың мінезін түзеу, көркемдеу екені хадисте айтылған. «Ғақлиат Тасдиқатты» хәкімнің өзі «мінез жайындағы жәдігер» деген, яғни адамды өзгерту, жақсарту мақсатында жазылған шығарма.
«Тасдиқ» сөзінің мағынасы
Мұхтар Әуезов «Абайдың батысынан шығысы басым» дегеніндей хакім еңбектеріндегі қолданған терминология негізінен араб-парсыдан тұратыны белгілі.
Мысалы, «тасдиқ», «тағриф» терминдерінің түп-төркінінің қайдан шыққанына үңіле келе, ислам мантығына (логикасына) тірелесіз.
1. Дәстүрлі ислам логикасында екі негіз бар. Олар тассауир және тасдиқ. Арғы жағы Аристотельдің логикасына «концепция» – «анықтама» мен «силлогизмге» – «пайымдау, тұжырымдауға» барып тіреледі. Әл-Фараби бабамыз грек ойшылдарын тәржімалағанда тасдиқ терминін бірінші қолданған. XII ғасырда мұсылман әлемінде Аристотельдің логикасы Ибн Синаның логикасымен толық алмастырылды. Ибн Сина «дедуктивті пайымдау» әдісін қолданған. Білім алу, қоршаған ортаны тану, Алланы тану, ақиқат іздеу процесінде тассауир – анықтама, яғни бір ұғым, концепция. Тассауир пікірталасы бес тәсілді қамтиды екен, оның біреуі тағриф (анықтау, анықтамасын беру). Тасдиқ – ойлау, ақылдан өткізу арқылы сол ұғымның шын мағынасына, ішкі мәніне, ақиқатына жетіп, оған сену. Тасдиқ – Аpperception (ағыл.) – ақыл-оймен қабылдау; әсіресе, алдыңғы тәжірибе тұрғысынан қабылданатын түсіну процесі.
Белгілі абайтанушылар Асан Омаров «тасдиқ» сөздің төркіні «сиддық», яғни «шындық» десе, Омар Жәлел «бекіту» деп түсіндірген. «Тасдиқ» тек термин емес, түсіну процесі екенін осыдан да байқаймыз. Ой қорытып, шындыққа жету, оны жүрекке бекітіп сенімге айналдыру. Ойлау формасы, танымның негізгі құралы.
Абай «Мұттакалимин мантикин езеді дүр» деп мантықшыларды сынай жазғанда мантықпен тек қана таныс емес, шығармашылық барысында қолданғанын көреміз, мысалы мантықты өз өлеңдерінде қазақтың ой-түсінігіне аса шеберлікпен жымдастырып отырғанынан өлеңдердегі идеялардың арғы жағында бұлтартпас логикалық дәлелдердің жатқандығын байқамай да қаламыз. Біздің Абайды жақсы көретініміз сол логикалық қорытындылардан шыққан шындық пен ақиқаттың әсері екеніне күмән жоқ. Абайдың математикалық логикамен де жақсы таныстығы «Единица кеткен соң не болады өңшең нөл» сияқты қарапайым мысалдан да көрініп тұр.
Абай философ-ғалым ба немесе кітаптың аты неге Ғақлиат Тасдиқат?
Енді Абай Алланың сипаттарынан адамның қасиеттерін не үшін шығарды, қандай қажеттілік бар еді және қандай тәсілге сүйенді дегенге келейік.
«Ғақлиат Тасдиқат» мінез жайындағы еңбек болған соң, Абайдың мақсаты адам психологиясы мен мінез-құлығы әмбебап (универсал) заңдылықтарға бағынады деген Милльдің идеясын қуаттап, сол заңдылықты ашу. Милльдің идеясы адамның табиғатын түсіну үшін оны нақтылы физикалық заңдылықтардың өлшеміне салу керектігін айтады, яғни адамның табиғаты, ақыл-ойы, мінез-құлқы оның рухымен байланысты, ал рух абстрактылы, трансцендентті-батини болғандықтан, оны дұрыс түсіну үшін физикалық әлемдегі өлшемге сиятын имманентті-захири ұғымдармен ауыстыру керек. Осы ұғымдар сол заңдылық болмақшы. Ерекше шегелеп айтар жайт Милльдің өзі де, басқалар да осы идеяны іске асыра алмаған, көксеген заңдылықтарын аша алмаған, адамзат баласында екі дүниені тең ұстаған хакім Абайдан басқа жан бұл идеяның тереңіне сүңги алмаған сыңайлы. Қысқаша айтқанда, алтын хәкімнің мақсаты адамның рухына қатысты бар мазмұндар мен бұ дүниедегі адамның қасиет-қабілетінің арасынан байланыс-ұқсастықтық тауып, қолданбалы заң шығару. Ол үшін дедукция керек. Дедукция неден бастау алу керек деген сұраққа адамның рухы не деген сұрақ тудырады. Адамның рухының бастауы Аллада екенін Абай білген. Құран: «Сол уақытта Раббың періштелерге: «Мен балшықтан бір адам жаратамын» деген» (38:71) «Қашан оны жасап, оған Рухымнан үрлеген сәтте, оған сәждеге жығылыңдар (делінді.)» (38:72), Осы жерде адам Аллаға неге ұқсау керек деген сұрақтың жауабы шығады, адамның рухы Жаратушының Рухынан бастау алады. Алла кім дегенде, оның сипаттары Құранда тұр, оны да Абай біледі. Ендігісі Жаратушының сипаттарынан адамның қасиетін дедукциялау. Хәкім бұл ізденісінде Мильдің логикасы мен идеяларын қолданса да ислам мантығының терминдерін пайдаланған. Сол себептен Абайда философия жоқ деген түсінік пайда болуы мүмкін.
Мұхтар Әуезов «Ибраһим Құнанбайұлы» атты монографиясында Абайдың көзқарасында Рене Декартпен ұқсастықтар бар екенін атап өтеді. Декарт «Ақыл-ойды бағыттау арқылы ғылыммен ақиқат іздеу әдісі» деген еңбегінде қорытынды ой әрқашан анық және айқын бола бермегендіктен дедукция керек дейді. Декарттың дедукциясы – «белгісізді алдын ала танымнан өткен, белгілі арқылы анықтау», ілкіде Ибн Синаның дедукциясына (истидлал) барып тіреледі. Қысқаша айтқанда, «белгісізді белгілі қылу». Оған жетудің шарты ой қозғалысының әрбір қадамнын анық, айқын сезіне отырып келу керек.
«Ғақлиат Тасдиқатта» белгілі – Алланың сипаттары, белгісіз – адам қасиеттері. Әрине, біз Абайды адам танымайды деп айта алмаймыз, оның жастайынан болыстығы, билігі, төбе билігі сияқты қызметтері оның адамдардың мінез-құлқын жете тануына әсер еткеніне сөз жоқ, керісінше, өмірлік тәжірибесі дәл осы жерде өзінің ғылымына пайдалы болды. Тағрифтаудың әрбір қадамын оймен анықтап, айқын жүріп өткен, бірақ шығармадағы түсіндірмесіне көңілі толмай «тағрифқа тілім қысқа-ақ» деп қынжылатыны да бар. …Сатылы, күрделі тағрифтеуден кейін, нәтижесінде Абай «Ғақлиат Тасдиқатта», 38-қарасөзде Алланың сегіз тұрақты сипаттарынан адамға керек үш захири қасиет (әділет, ғылым, рахым) шығарады, бұл – дедукция. Ислам теологиясында «тасдиқ» пен «иман» екеуі синоиним, бірақ «тасдиқ» білім-ғылым арқылы жететін – иман якини. Сонда біз «тасдиқтың» екі мағынасына жеттік, біреуі мантықтағы таным құралы, түсіну процесі, екіншісі иман. «Ғақылия» – ақылмен ұғыну болса, «Ғақлиат Тасдиқат» – ақыл, ғылыммен жеткен иман деген мағына береді. Өзі айтқандай «Ақыл сенбей сенбеңіз». Бір ғажабы, хәкім осы шығармасын қазақ жерінде бір ғасырдан аса уақыттан кейін дін таласы болатынын, ал ол таластың басы иман тақлидиден шығатынын сезіп жазғандай.
Әділет, рақым және ғылымды иман деңгейіне шығару
Мүмкін біреу «иман-сенім деңгейіне шықты» дегенді бидғат көріп, дінге жаңалық енгізді деп қабылдар. Бірақ хәкімнің өзі «Және Пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлләм «ақыр заманда бір жылдық бір күн болар» дегенде сахаба-и кәрәмлар «бұл бір жылдық бір күнде намаз нешеу болар» деп сұрағанда: оның пәтуасын сол заманның ғалымдары білер деген сөзінен ғибратланып қарасаң, замана өзгеруімен қағидалар өзгерілмегін білдіргені мағлұм болады» (Ғ.Т) деп түсіндіргеніндей қабылдау керек. Абай заманы Осман империясының әлсіреп, ыдыраудың алдында тұрғаны, барша мұсылманның ғылым білімде артта қалған, Мұхаммед Әбдуһтың жоғарыдағы айтылған Құранмен қалып, Табиғатты тастаған кезі болатын. Дер кезінде айтылған идея, бірақ хәкімнің бұл идеясы басқа түгілі өзімізде де әлі қолға алынған жоқ. Әрине, талпыныстар болды, мысалы Алашорда үкіметінің бағыты осы идеямен қабысып жатты, өкінішке орай ғұмыры ұзақ болмады.
Абайдың Аллаға ұқса дегені күпірлігі ме?
Тағы бір қабылдауға қиын, мұсылманмын дегенді шошытатын түсінік адамның Аллаға ұқсауы, хәкім Аллаға ұқсау керек деген. Құранда «Алла ештеңеге ұқсамайды» делінген. Мекенсіз, тәнсіз Жаратушыға қалай ұқсау керек? Енді соны кеңірек қарастырып көрейік.
Әділет, ғылым, рақым бұл үшеуі де адамның бойында азды-көпті бар қасиеттер, бірақ ешбір хайуанда жоқ. Әрине, мысалы биенің құлынға деген мейірімі бар, бірақ ол табиғи инстинкт. Бұдан шығатын түсінік, бұл үш қасиет адамға рухпен бірге берілетін нығмет, рухтың құрамдас бөлігі. Құран: «Сол уақытта Раббың періштелерге: «Мен балшықтан бір адам жаратамын» деген» (38:71) «Қашан оны жасап, оған Рухымнан үрлеген сәтте, оған сәждеге жығылыңдар» (делінді.)» (38:72), адамның рухы Жаратушының Рухынан бастау алады. Ұқсайтын жеріміз осы.
Адамнан ақылы жоғары тұрған шексіз ақыл иесі ол – Алла. Алла Құранда адамға ақыл беріп, басқа мақұлықтан жоғары етіп, Жерге иелік етуге халифа-орынбасар қылдым деген. Ғылымсыз адамзат өзінің жердегі халифалығын атқара алмайды. Өзінен ақылы жоғарыға құрметпен қарау, мойындау, жақсы көру, оған ұқсауға тырысу түйсікті адамға табиғи қалып. Жерде Алланың тапсырмасын орындау да Алланың берген нығметтерін бар адамзат әділетпен бөлісіп, бір-біріне мейірбандылық танытса, күш-қуаттарын ғылымды дамытуға жұмсау арқылы өздері дамыса, ұқсады деген сол болмақ.
Сурет, икона салып не мүсін жасап, оған құдай деп табыну, жалпы құдайды адам бейнесінде көру, құдай адамды өзіне антропологиялық, заттық тұрғыда ұқсатып жаратты деген таза христиандық, мәжусилік сенім.
Жүрек, Ақыл және Қайрат
Енді, Абай идеяларының негізі жүрек, ақыл және қайрат сөздерінің мағынасы кемеңгер ұғымында қандай еді деген сауалға жауап іздеп көрейік.
Жүрек – «Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі». 14 қара сөз.
Жүрек сөзі Құранда 132 рет кездеседі екен. Осыған қарап отырып, жүректің жай ғана қан айдайтын құрал еместігін шамалауға болады.
Адамда, жануарларда, эмбрионда бірінші қызметін бастайтын мүше жүрек екен де, басқа дене мүшелерінің жаралуын бақылаушы рөл атқарады екен. Жүрегін ауыстырған (трансплантация) адамдардың мінезінде өзгеріс болғандығы да факт. Давид Патерсон деген Оксфорд универстетінің PHD профессоры жүрек пен ми қосарланып жұмыс істейтінін айтады. Нейрокардиология ғалымдарының анықтауы бойынша адам жүрегінде 40 мыңнан аса нейрон бар «жүректік ми» бар екен. Ми мен жүрек бірігіп жұмыс істегенмен, жүректен шығып миға баратын сигналдың саны мен қуаты көбірек. Жүректен шығатын электромагниттік өріс мидыкімен салыстырғанда ондаған есе жоғары. Тағы бір қызық жайт жүректе окситоцин «махаббат немесе бақыт» гормонын шығаратын без бар екен. Әрине, бұл таза физиология.
Ақыл – Адамда ақыл бар. Шексіз ақыл иесі ол Алла. «Алланың бірінші жаратқаны – ақыл» және «Ақылдан асқан көрікті ештеңе жоқ» деген Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисін жеткізеді бізге имам Ғазали «Ихия улум ад-дин» кітабында.
«Күмәнсіз, Алланың алдындағы ең нашар хайуан ол, ақылын қолданбайтын саңырау сақаулар». Құран 8:22.
Ақыл — жан қуаты. Пайда менен залалды – ақыл айырады. Абай.
Ақыл жайындағы Абайдың шығыстан шыққан ұстаздарының айтқаны:
Әл-Фараби: «ақыл – адамды толықтырушы элемент, рухтың, жанның нұры», «рухтың басқа бөліктерін бақылаушы», «ойлау жұмысына көмекші» депті.
Ибн Сина: «ақылды рух екі бөлімнен тұрады, теориялық бөлігі – ақиқат жайындағы ілім, практикалық жағы – мінез». Әл Ғазали ақылға төрт анықтама берген:
Адамды жануардан айыратын сапа және адамға ғылымды түсінуге мүмкіндік береді;
Балалар да игере алатын бір нәрсенің мүмкін не мүмкін еместігін айыра алатын білім түрі;
Тәжірибемен жиналатын ғылым түрі;
Бір нәрсенің (заттың) шетін (бітетіндігін) болжайтын қабілет және адамның тілек-құмарын бақылаушы.
Қайрат – бұл сөздің түбірі қайыр – жақсылық, арабша мағынасы (түрік пен парсышада да) қайырымдылық, жақсы істер.
Қазақ тіліндегі қайрат сөзінің синонимдері әл, дәрмен, жігер, күш, қажыр, қару, қауқар, қуат, мұрша, шама, шарық; қайратты – табанды, күрескер деген мағынада. Бүгінгі қоғам не өнер қайраткері дегеніміздің түсінігі – қоғамға не өнерге жақсылық жасап еңбегін сіңіруші. Бұдан жалпы алғанда екі мағына шығып отыр, бірі адамның күш қуаты десек, екіншісі жақсы істер. Қайратты теріс мақсатта да, жақсылық жасауға да қолдануға болады.
Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық.
Абай Құнанбаев. Он сегізінші қара сөз
«Толық адам» заңы адам рухының физикалық әлемдегі айнасы
Жоғарыда айтылған орта ғасырдан Ибн Араби, Әл Ғазали сияқты ғалымдардан келе жатқан адамның ақылы, жүрегі, мінез-құлқы жайындағы түсініктер негізінен Абайға дейін нақты ұғымнан гөрі абстрактылау күйде жетті. Қарапайым пенде түгілі осы ғылымның соңында жүрген адамға бұлардың ара-жігін ажыратып қолмен қойғандай қылу қиын іс, (мысалы, жүрек ойлай ала ма, ақыл жүректе ме, мида ма т.с.с.), бұл тартыс ақылды адам жаралғалы келе жатқанына күмән жоқ. Себебі, біреу, Құранда: «(Мұхаммед, салаллаһу ғалайһи уәссәлләм) олар сенен (рух) жан туралы сұрайды: Ол Раббымның әмірінен. Сендерге өте аз мәлімет берілді де» (17:85). Абайдағы жүрек, ақыл, қайрат тікелей адамдағы рухпен байланысты, ол жайында адамның білімі аз болғандықтан олар жайындағы талас адамзат барда жалғаса береді.
Қайраттың о бастағы мағынасы қайырымдылық еді, рақым, мейірімге сұранып тұр. Ақылсыз (хайуан) Ғылым игере алмақ емес, адамның ақыл ойының жететін биігі ғылым, ал Жүректен Әділетті шығарды, «Әділет барша ізгіліктің анасы. Әділеттен айырылсаң иманнан да, адамдықтан да айырыласың» (Ғ.Т.). «Ислам тыныштықтың діні деген қате түсінушілік бар, дұрысы тыныштыққа шақырушы дін, ал тыныштыққа жетудің алғышарты әділет» дейді Тариқ Рамадан.
Сонымен алтын хәкім, өзінің идеяларының негізі жүрек, ақыл және қайрат атты үш батини ұғымдардың, рухтың құрамдас бөліктерін, захири – физикалық әлемдегі өлшемге сиятын нақтылы әділет, ғылым, рахым ұғымдарына алмастырды.
Бұл үшеуі Мильдің логикасы арқылы шығарылған адам рухының физикалық әлемдегі айнасы және Абайдың «толық адам» заңы. Бәлкім, Абайдың ұлы жұмбағы да осы болар… Батыс пен Шығыстың дамуын, ойлау жүйесін, логикасын қатар зерттеп, оны өзінің еңбегінде ой қорытуға қолданып, осы «Ғақлиат Тасдиқаттың» өзегін құраушы Жаратқанның сипатынан адамның қасиетін шығару идеясы бұрын оңды-соңды батыс пен шығыстың философиясында, адам тану, дін тану ғылымында бар ма, жоқ па, ол басқа әңгіме. Қысқасы, Абайда философия жоқ дегендерге нақтылы дәлел.
Ақыл мен Ақлақ
Ғылым мен Рахым адамның рухымен астасқан адамның ішкі мазмұны ақылы мен мінезімен байланысы бар, яғни Ақыл мен Ақлақ (мінез құлық).
«Пайдалы білім мінезді жақсы жағына өзгертеді». Мәшһүр Жүсіп.
«Дін деген көркем мінез» Мұхаммед салаллаһу ғалайһи уәссәлләм.
Білім мен Мінез, қайсы бұрын тұру керек?
Әлихан Бөкейхан: «Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден…
Нешетүрлі залалды қазақ мінезі бұзық орысша, мұсылманша хат білетіндерінен көріп жүр. Бұлар өзге қазақтан білімді, білімінен жақсы мінез шықса, бұл қалай?» дейді.
«Бірақ пендесінде ақыл – хүкімші, қайрат, қуат – қызмет қылушы еді» (Ғ.Т.) Абай.
Most people think that it is the intellect which makes a great scientist. They are wrong. It is character. Albert Einstein. «Көпшілік мықты ғалым ақылдылығынан болады деп ойлайды, олар қателеседі, оны мінез жасайды». А. Эйнштейн. Абайдікі дұрыс па, Эйнштейндікі дұрыс па? Қайрат мінездің сипаты десек, Абай оны ақылға бағындырды, ал Эйнштейн ақылды мінезге бағындырды. Қайсынікі дұрыс? Мінезсіз ақылдың бағыты жоқ, мінез ақылдың артында тұрған қозғаушы күш.
Құрғақ ақыл ол белгілі бір алгоритмге құрылған роботтың іс қимылындай, олай болу қоғамға қайшы келеді, адам робот емес, сезімі билеп тұру керек. Ақылсыз мінез, биік харизма әпербақандыққа, шолақ белсенділікке әкеледі, ол өз кезегінде қоғамды тұрақсыздандырады.
Жалаң ақыл мен мінез әрқайсы жеке тұрғанда адамға пайдасы толық емес, бүгінгі күннің тәжірибесі мен ғылымы екі сипаттың біртұтас болғанда адамға да, қоғамға да пайдалы екенін көрсетті, мінез адамға құндылықтарды анықтауға көмектеседі, ал ақыл сол құндылыққа қалай жетудің жолын көрсетеді.
Бұл сұрақтарға алтын хәкім өзінің он жетінші қара сөзінде ақыл мен мінез (қайрат) жүрекке бағыну керек деп жауап берген. Абайда, бірінші Жүрек оған бағынышты Ақыл, одан кейін Қайрат. Хакімнің өлеңіндегі: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» дегені тең ұстау мағынасында емес, үшеуін бірдей қолдан деген мағынада. «Алла жүректерге иман жазды», Құран 58:22. Ақыл мен қайрат иманға бағынуы керек.
Алланы сүю неге қарыз іс, бүкіл адамзатты қалай сүйеміз?
Тәңірі адамға тәнін, жанын, ақылын, денсаулығын, ғылымын және жер беті мен қойнауындағы байлықты, аспандағы Айды, Күнді, барлық нығметті беріп, бар жақсылығын жасап қойған. Сондықтан адам Жаратқанға қарыз. Ол қарызды құлшылықтың негізі парызбен қайтаруға мұқтаж және бүкіл жанды-жансыз жаратылысқа да мейіріммен, ақыл көзімен қарауға міндетті.
Адамзатты сүю – оның дамуына, ғылым – біліміне үлес қосу.
Қырық бесінші қара сөз «Ғақлиат тасдиқаттың» жалпылама түрі.
Ғылымды игермек үшін де оған деген махаббат керек. Мейірім-рақым махаббаттан шығатынына күмән жоқ, сонда «Ғақлиат тасдиқаттан» әділет пен махаббат қалады. Бұл қырық бесінші қара сөз, хәкім «жалқы» түсініктерден «жалпыға» өтті, бұл қарапайым «индукция». Бұл абайтанушы Асан Омаровтың «45 қара сөз Ғақлиат тасдиқаттан кейін жазылған, екеуінің идеясы бір» деген ойын қуаттайды.
Бұдан хәкім неге бірден бұл заңның жалпылама түрін қорытып, «Ғақлиат тасдиқаттың» керегі де шамалы емес пе деген ой тууы мүмкін. Жалпылама заңдылықтарды практикада қолдану қиындығы бар. Бүгінгі күннің адамына нақтылық керек. Әділет деген әр нәрсенің, заттың (адамның да) құдай ісі мен ақылға сиярлық, өзінің орнында тұруы. Шекспир айтпақшы «махаббат соқыр», оны әділеттің елегінен өткізіп отыру керек. Мысалы, бір ғылымды сүйесіз, бірақ ол ғылымның нәтижесі қоғамға залал әкелмес үшін Әділет көзімен қарау керек. Әділеттілік үшін тартыстар болып жатады, тартыс шектен шықпас үшін махаббат керек. Екеуі әрқашан қосарланып жүрмесе оң нәтижеге жету қиындайды.
«Әл инсан әл кәмил» – Кемел адам
«Әл инсан әл кәмил» – Кемел адам Бируни, Ибн Арабилерден келе жатқан Құран мен хадиске арқа сүйеп жасаған концепция. Ибн Арабиде кемел адам – ардақты пайғамбарымыз Мұхаммет салаллаһу ғалайһи уәссәлләм, яғни үлгі тұтарлық, нәпсісін жеңген, биік рухани жетістікке жеткен, ақиқатты, ғайыпты таныған және күпірлікке бармайтын адам. Оны жақсы көру, сүннетін ұстану мұсылманға парыз. Пайғамбарлық Алланың таңдауы. Құран «хәкімдік Алланның тарапынан беріледі» дейді. Сондықтан екінің бірі хакім бола алмайды, Хикмет – рухтың ақыл арқылы ғылымды өңдеп жететін деңгейі, бұл деңгей Хақты тануға жеткізеді, қателіктен сақтайды, және жасаған қадамдарын дәл, анық басады.
«Толық адам» мен «Кемел адамда» айырмашылық бар ма?
Абайдың «толық адамы» сол «кемел адамға» жетудің практикалық жолын көрсетеді. Жұрттың бәрі пайғамбар не хәкім емес, толық кемелдікке жете алмайтындығы анық, бірақ оған ұмтылу адамзат қоғамына және ұмтылушы пендеге пайдалы.
«Ғақлиат тасдиқаттың» практикалық мәні қандай?
Біздің қоғамда маман дайындау бар да, адам тәрбиелеу жоқ. Мамандардың да ғылымы сын көтермейді. Бүгінгі күні құндылықтардың ауысып кетуінен «асырау» мен «тәрбиелеудің» айырмасы жоқ, немқұрайлық, жемқорлық, надандық көзі «асыраудан» шығады.
Бақара сүресінің 11-аятында: «Оларға: «Жер жүзінде бұзақылық қылмаңдар (жіктемеңдер, азғындыққа бастамаңдар, ірткі салмаңдар)!», – делінсе, олар: «Біздер түзеуші ғанамыз (жақсартушылармыз, түзетушілерміз, реформа жасаушылармыз, татуластырушылармыз)» дейді. Осыдан шығатын түсінік адам «бір жартас болып қала бермей» бірінші өзін жақсы жағына өзгерту керек, содан кейін қоғамның жақсаруына атсалысуы керек.
«Раббы» деген сөздің түбірі арабтың Р-Б қаріптері. Тәрбие сөзінің түбірі де сондай. Бұл дұрыс тәрбиенің аса маңызды екендігін көрсетеді. Тәрбиенің мақсаты тақуалыққа, қарапайымдылыққа жету. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр мен дін нормалары, пайдалы білімдер тәрбиенің көзі.
Адамды періштеден биік қылатын оның білім-ғылымы.Ғылым игеру хикметті сезінуге, профессионализмге жеткізеді. «Бәлки дүниенің ғылымын білмей қалмақтық – бір үлкен зарарлы надандық, ол Құранда сөгілген» (Ғ.Т.). «Білуші білмеушімен тең емес» дейді Құран. «Ғылым іздеу парыз-кифая» дейді Пайғамбар (с.ғ.с.). «Ғақлиат тасдиқаттағы» заң зайырлы қоғамда да, адамға да қолданылатын әмбебаптығымен құнды.
Кемел (толық) қоғамды орнатудың үш шарты:
Бірінші, зайырлы қоғамның заңдарына сүйенген тәуелсіз әділет жүйесін;
Екінші, озық ғылым-білім жүйесін;
Үшінші, әлеуметтік қорғау жүйесін қалыптастыру.
Мейірім жасауды өзіне өмірлік мақсат қылған, тәрбиелі, мінезді, оқыған-тоқыған, ғылымы мол, адал, әділет ұстанушы зайырлы адам түбінде Хақты танымай қоймайды. Танымаған күннің өзінде қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасатынына күмән жоқ.
«Ғақлиат Тасдиқат» – ақыл, ғылыммен иманға жету, Хақты тану, адам тану заңы. Бұл заң қоғамға да, жеке адамға да қолданбалы. Философия хикметті сүю болса, ислам әлемінде XII ғасырдағы имам Әл Ғазалидан кейін философия өзінің дамуын тоқтатты деген ой бар. Абайдың бұл заңы сол тұралап, дағдарысқа ұшыраған ақыл-ой дамуын қайтадан қозғалысқа түсіру талпынысы десек қателеспеспіз және адам психологиясы мен мінез-құлығының әмбебап заңдылығы.
Жүрек, ақыл, қайрат бұлар адам рухының құрамдас бөліктері, салыстырмалы түрде абстрактілі, батини түсініктер.
Ғылым, рақым, әділет нақтылы захири түсініктер. «Толық адам» қасиеттері.
Бүкіл адамзатқа тастаған сенім деңгейіне шығарарлық ұран. Кез келген ұлтқа пассионарлықты қалпына келтірудің кілті. Дұрысын Алла біледі.
Сұлтан ЫБЫРАЙ