«Нұрлы жер» – дамудың жаңа серпіні

1174
0
Бөлісу:

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақтөбе облысында болып, өндірістік кәсіпорындар мен көлік кешендерін, әлеуметтік нысандарын аралады. «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысып, аталған бағдарламаның ел аймақтарында жүзеге асуы бойынша жиналыс өткізді.

Сапар барысында Асқар Мамин «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан қолжетімді несиелік үйлердің құрылысымен танысты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй массивінде бой көтеріп жатқан үйлердің сапасы мен жобалық шешімдерінің ерекшеліктерін атап өтті.
Тұрғын үй массивінің шағын аудандарында 2017-2018 жылдары 423 қолжетімді үй салу жоспарланып отыр. Биыл жалпы көлемі 25 мың шаршы метрді құрайтын 194 үй пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар «таунхаус» түріндегі 60 үй салынуда. Ондағы 53,3 мың шаршы метрді құрайтын 22 үй биыл пайдалануға беріледі. Нысандарды 2017 жылы пайдалануға беру облыстағы 1 000 отбасыны баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мұндағы құрылыс материал­дарының 85 пайызы отандық өнім.
Әлеуеті жоғары кәсіпорындардың бірі – «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС-да А.Маминге есеп беру кезінде мұнай-газ қон­дырғылары мен құбырлардың өндіріліп жатқандығын айтылып, дайын өнімнің үлгілері көрсетілді.
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Ақтөбе рельс-арқалық зауытының жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорын ЕАЭО аумағында ұзындығы 120 метрге дейінгі термоберік рельстерді шығаратын жалғыз өндіруші болып табылады. 2017 жылдың соңына дейін зауыт 100 мың тонна рельс шығарады.
Ақтөбеде «АГРС 300» автомат­тан­дырылған газ тарату станциясы салынған. Ол газ тарату көлемін айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл нысанды аралау барысында А.Маминге аймақтағы елді мекендерді газбен жабдықтауда қолданылып жатқан шаралар туралы хабардар етті. Облыс әкімінің айтуы бойынша, соңғы екі жылда Ақтөбе облысын газдандыру деңгейі 60 пайыздан 87 пайызға дейін өскен.
Ақтөбе қаласының оңтүстік айналым автомагистралін қайта жаң­ғырту жергілікті жолдар желісін­дегі көлік инфрақұрылымын дамытудың маңызды жобасы болып табылады. Аталған жобаны жүзеге асыру қаладағы барлық транзиттік көлікті шығаруға, республикалық маңызды жолдарды тоғыстыруға және Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізіне шығуға мүмкіндік береді.
ҚР Премьер-министрінің бірін­ші орынбасары Ақтөбе қаласының оңтүстік айналым жолы мен Ақтөбе – Орск автожолын қайта жаңарту жұмыстарымен танысты.
Сонымен қатар А.Мамин жалпы көлемі 9,5 гектарды құрайтын «Грин Хаус Қазақстан» жылыжай кешенінде болды. Оның жобалық қуаты – жылына 6 мың тонна көкөністі құрайды. Жобаның жүзеге асуы облысты көкөніспен толықтай қамтамасыз етіп, артылған өнімді Ресейге экспорттауға мүмкіндік беріп отыр.
Ақтөбе облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмін пайдаланып әлеуметтік саланы дамытуға ерекше назар бөлінеді. Ол облыс бюджетін үнемдеуге мол мүмкіндік береді.
А.Мамин жұмыс сапары бары­сында «Олимп» жаңа хоккей моду­лінде, сонымен қатар Қазақстанда бұрын болмаған жетім балаларға арналған «Мейірім» әлеуметтік үйінде болды. Сондай-ақ Жастар сарайының, «Көз жарғы» заманауи офтальмологиялық орталы­ғының, ауылдық жерлердегі дарынды бала­ларды қоныстандыруға арнал­ған интернаты бар «Сымбат» жекеменшік мектебінің құрылыс барысымен танысты. Жақын арада шығармашылық Академиясын ашу жоспарда бар.
Сапар қорытындысы бойынша ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша жиналыс өткізді.
Жиналысқа мемлекеттік орган­дар басшылары, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, облыс әкімдері, ҰБХ, ұлттық компаниялар мен құрылыс ұйымдарының басшы­лары қатысты.
– Мемлекет басшысының тап­­сыр­масымен біз «Нұрлы жер» бағдар­ламасын жүзеге асыруға кірісеміз. Бағдарлама еліміздегі тұрғын үй құрылысын дамытуға, тұрғындарды баспанамен қамтама­сыз етуге бағытталған, – деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары.
Инвестициялар және даму вице-министрі Р.Скляр мәлімдегендей, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биыл 10,2 млн шаршы метрден астам баспана (99 мың пәтер) пайдалануға беріледі. Ағымдағы жылдың 7 айы ішінде 6,2 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Ол 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,2 пайызға жоғары көрсеткішті көрсетеді.
Жиналыста «Тұрғын үй құры­лыс жинақ банкі» АҚ басқарма Төрағасы Л.Ибрагимова, «Бәйтерек девелопмент» АҚ басшысы М.Құдай­бергенов, Солтүстік-Қазақстан обылысы, Қарағанды, Павлодар облыс­тарының және Астана қала­сының әкімі «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы баяндады.
Жұмыс сапарын қорытындылай келе А.Мамин Ақтөбе облысының дамуында оң динамиканың барын айтты.
– Біздің Ақтөбеде жиналыс өткізуіміз тегін емес. Мұнда «Нұрлы жер» бағдарламасы сәтті жүзеге асы­рылуда. Бүгінгі жиналысқа барлық облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысып отыр. Сіздерге тұрғын үй құры­лысы бағдарламасын жүзеге асыру барысында Ақтөбе облысының оңтайлы тәжірибесін қолдану керек. «Нұрлы жер» бағдарламасын белсенді әрі сапалы жүзеге асыру ғана тұрғындарды қолжетімді баспа­намен қамтамасыз етуге, құрылыс саласын және еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыта түсуге жол ашады».
А.Сағындықова

Бөлісу:

Пікір жазу


*