Қазақстан Fintech нарығын қалай игеруде?

954
0
Бөлісу:

Қазіргі қалалық жастардың өмірін бір елестетіп көрелікші. Оқуына немесе жұмысына барарда интернеттен автобустың қай жерде келе жатқанын қарап жолға шығады, баяғыдай аялдамада сарылып күтпейді. Автобусқа мініп, электронды картасымен немесе телефоны арқылы жол ақысын төлейді. Түскі ас ішкісі келсе, тағы да интернет арқылы тапсырыс беруіне болады әрі оны банк картасымен-ақ төлей салады. Саяхатқа шығарда ұшаққа билет алу үшін ақшасы жетпесе, кредиттік картасымен пайызсыз несиеге-ақ сатып алады. Несі бар, екі айдың ішінде бөліп төлесе, ешкім де оның шапанын шешіп алмайды ғой. Қарап тұрсаңыз, қазір барлығы бір ғана құрылғыға байланған. Қаржы технологиялары өмірімізге еніп келе жатқаны соншалық, ол бүкіл адамзаттың күн тәртібін толық өзгертіп жіберуге қауқарлы. Бұған дейін бірнеше инновациялық қаржы құралы туралы сөз еткен болатынбыз. Бүгін осы нарыққа жалпылама шолу жасап көрелік.

Қазақстандық Fintech
Елімізде қаржы технология­лары қарқынды дамып келе жа­тыр, бірақ әлі де таңдай қаға­тындай нәтижеге қол жеткізе алған жоқпыз. Дегенмен өткен жылдың қорытындысы бойынша отандық fintech екі есеге ұлғайған. Бүгінде еліміздің қаржы техноло­гияларының 10 саласында 63 ком­пания қызмет етеді. «Алматы ай­мақтық қаржы орталығы» Рей­тинг агенттігінің мәліметтеріне сүйен­­­сек, олардың негізгі бағыты – төлемдер мен ақша аударымдары және микрокредит саласы. Оның алғашқысында 26 компания қыз­мет етсе, соңғысында 15 компания табыс тауып отыр. Тіпті Р2Р фор­матында кредит беретін алаңдар да жұмыс істейді. Бұл сервистің ерекшелігі сол, мұнда кредитті банк­тер немесе кредиттік ұйым­дар емес, топтасқан адамдар мен инвесторлар береді. Бірақ өкініш­тісі еліміздегі Р2Р компания­лар­дың нақты қызметі туралы толық әрі ашық ақпарат жоқ.
Адамдардың «бір-біріне қарыз беруіне» арналған алаңдардың неліктен жаппай қолданысқа еніп кетпегенін қайдам, бірақ интер­нет және мобильді банкингті тұтыну­шылардың саны күн санап артып келеді. Мысалы, өткен жылы елі­мізде осы қызмет ар­қылы 58,3 млн транзакция жасал­ған әрі олардың жалпы сомасы 934 млрд теңгеге жетіп отыр. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 2,3 есеге, яғни 69,4 пайызға жоғары әрі қолма-қол жасалмаған тран­закциялардың 44 пайызын құ­райды.

Одан бөлек, электронды қара­жатты пайдалану аясы да кеңейіп келеді. 2016 жылы электронды әмиян арқылы жасалған опера­циялар саны 2,7 есеге өсіп, 43,3 миллионға жеткен. ААҚО Рей­тинг агенттігінің кіші сарапшысы Екатерина Андрюшина өз зерт­теуінде биыл жыл басында 5,9 миллион қазақстандықтың электрон­ды әмияны болғанын мә­лімдеген. Салыстырар болсақ, 2015 жылы бұл көрсеткіш небәрі 2,9 миллион еді.
Онлайн-кредит саласында да сең қозғалғандай. Бірінші кре­диттік бюроның мәліметтері бойынша, ең алғаш рет нарыққа шыққан 2013 жылдан бері он­лайн-несие беретін компания­лардың кредиттік портфелі 18,8 млрд теңгеге ұлғайған. Бірақ бұл «теңіздің тамшысындай» ғана, себебі, онлайн-кредиттің жалпы тұтынушылық кредит нары­ғын­дағы үлесі 0,5 пайыздан да ас­пайды.

Бүгінгі банк өзгере ме?
Қазақстандық банктер өзге елдермен салыстырғанда бөлшек­тік кредит беруге біршама бейім­делген. Мысалы, «ААҚО Рейтинг агенттігінің» мәліметтері бойын­ша, 2017 жылы экономикалық тұрғыда белсенді халықтың 56 пайызы – бөлшектік кредит алушылар. Бірақ елімізде 100 мың адамға 600 РОS-терминал мен 53 банкоматтан келеді екен. Қазақ­стандық банктердің 90 пайызы­нан астамы интернет-банкинг қыз­метін ұсынады. Бірақ оны жеке тұлғалардың 20 пайызы ғана пай­даланады. Яғни, әзірге он­лайн-аударымдар мен төлем­дердің айналымы енді ғана күшейіп келеді, сондықтан біздің банктер­дің бұл нарықта «тамыр жаюына» әбден болады.
Көріп жүргеніміздей, банктер­дің кредиттік портфелінің нашар­лауы мен девальвациядан кейінгі халықтың таза табысының тө­мендеуі – тұтынушылық кредит­тің өсімін тежеп отыр. Бірақ мұ­ның өзі қаржы технологиялары­ның кредиттік секторын дамытуға алғышарт бола алады.
Одан бөлек, еліміздегі Ұлттық банктің құнды қағаздарын блок­чейн-технологиясы арқылы сау­даға шығаруы да отандық қаржы технологияларына біршама қолдау болар еді деп түсінеміз.

Онлайн-сауда
Еліміздегі онлайн-сауда көле­мі өткен жылы 45 пайызға өскен. Бұл жоғары көрсеткіш, дегенмен интернет арқылы сатып алынған тауар көлемі нарықтың 3 пайы­зына ғана тең. Тауарлар мен қыз­мет ақысы үшін жасалған электронды төлем өткен жылы 93,6 млрд теңгеге жеткен. Бірақ бұл онлайн-сауданың тек 41 пайызы ғана. Себебі, көпшілігі ақшасын тауар алған соң ғана төлеуді жөн көреді. Яғни, Статис­тика агенттігінің сауалнамасы көрсеткендей, тұтынушылардың 17,8 пайызы интернетте сауда жа­сайды, ал сауалнамаға қатысқан­дардың ішінде 44,2 пайызы тауар құнын қолма-қол, 15,1 пайызы мобильді жолмен төлейді.
Көптеген мемлекеттерде электрон­ды коммерция fintech-тің дамуына негіз болып отыр. Бірақ бізде бұлай деуге әлі ерте, себебі онлайн-сауданың көрсет­кіштері жоғары болғанымен, нарықта толық орныға алған жоқ. Сарапшы Екатерина Андрюши­наның айтуынша, дәл қазір біз­дегі интернет-дүкендердің сайт­тары «витрина» секілді қызмет атқарып жүр. Ол жерде сатып алушы тауар­ды әбден зерттейді, ал сауда негі­зінен, офлайн жүргізіледі.


Fintech – қаржы қызметі нарығында «жаңа технологиялар» мен инновацияны қолданатын бизнестің бір бағыты. Оған цифрлық және мобильдік төлемдер мен ақша аударымдары, электронды әмиян, онлайн-кредит, Р2Р алаңдар, краудфандинг, онлайн-қорлар мен сақтандыру компаниялары жатады.


Fintech болашағы – Next буын
Қаржы технология­ла­рының дамуына қай жер­де болмасын цифрлық кеңістікте еркін тыныс­тай ала­тын ұрпақ әсер етіп отыр­ғаны шын­дық. Мысалы, Қы­тай­ды алып қарасақ, 2015 жылдары он­дағы ха­лықтың 25 пайы­зы – 20-34 жас ара­лығындағы жас­тар, яғни, Y буын немесе «миллие­ниал­дар» болған. Бірақ сол 25 пайыз­дың өзі жалпы онлайн-қызметтің 45 пайызын пайда­ланып отыр. Олар жаңа техно­ло­гиялар­ға деген көз­қарасы ашық әрі интернет-кеңістікте еркін «жүріп-тұ­рады», қаржылық тәуекел­дерге төзімді­лікпен қарайды, жасы үлкен буын­мен салыстыр­ғанда шығын­дары едәуір жоғары, бірақ жылдам қызмет көрсетілуін талап етеді.
Бізде де интернетте белсенді буын – халықтың 25 пайызына тең. Дегенмен Қытайға қарағанда бізде «қартаю» процесі емес, ке­рісінше, 1995 жылдан кейін туыл­ған Z буынның әсерінен 2030 жылға қарай онлайн қызметтерді пайдаланушылардың үлесі 45 пайызға өседі деп жоспарланып отыр. Мұның өзі еліміздегі fintech үшін тағы бір мүмкіндік деуге болады.
Бірақ әзірге, қазақстандықтар интернет арқылы маңызды қар­жылық операцияларды орында­мақ түгілі, тауар сатып алуға да онша сеніңкіремейді. Яғни, қазір қолымызда бар қаржы техноло­гияларын одан әрі жетілдіру үшін, бізге аудиторияның виртуалды қызмет түрлеріне деген негативті көзқарасын түбегейлі жоюға тура келеді әрі халықтың қаржылық сауаттылығын жоғарылату да кедергі келтірмес еді.


Біз айтсақ:

Еліміз қазір қаржы технологияларын тек тәжірибеден өткізіп жатыр десек те жарасар. Нарық жаңа тауарларды қалай қабылдайтыны әлі де зерттелуде. Қазақстан интернет-бизнес қауымдастығының президенті Константин Горожанкин талай жерлерде халықтың сирек қоныстанғаны қолбайлау болып жүргенін айтып келеді. Ол бізді тіпті нанға жұқалап жағылған сарымаймен теңестірген болатын. Демек, интернет-инфрақұрылымдар қалыпты дамығанымен, бізде халық санының аздығы қаржы технологияларының қарқынды дамуына кедергі. Әлемдік дағдарыстың экономикамызға әсері мен 2015 жылғы девальвация бүгінде адамдардың кез келген виртуалды өнімге сақтықпен қарауына себеп болып отыр. Мұның өзі адам табиғатына тән нәрсе, бізді ғасырлар бойы қауіп-қатерден сақтап келген түйсігімізді де шетке ысыра алмайтынымыз рас. Дегенмен «Сақтықты сұңқардан үйрен» деген халқымызға қаржылық сауаттылықты арттыру үшін интернетте белсенді болу қажет-ақ.


АҚШ-тан Азияға
Еліміздің қаржы технология­лары саладағы мүмкіндіктерін арт­тыруға олардың АҚШ-қа қа­рағанда, Азияда қарқынды дамуы әсер етуі мүмкін. Әлемдік сарап­шылардың пікірінше, бұл сала­дағы көшбасшы рөлі жақында Азияға беріледі. АҚШ-тың тех­нология мен қаржы саласына әсері мол болғанымен, InsiderPro сайтының хабарлауынша SoftBank Group Corp. 1.4 млрд АҚШ долларын индиялық Paytm төлем компаниясына құюы – алда болатын өзгерістердің баста­масы ғана екенін көрсетеді. Одан бөлек, әлемдегі ең қымбат fintech-компанияның да штаб-пәтері Азияда орналасқан. Ол – қытай­лық р2р кредит алаңы – Lufax. Дегенмен CB Insights ұсынған мәліметтерге сенсек, Азиядағы стар­таптардың көп бөлігі қаржы­ландыруға жобаның бастапқы кезеңінде қол жеткізетін көрінеді. Мұндағы венчурлық капитал тартуға бағытталған келісімнің үштен екі бөлігінен көбі жобаның енді аяққа тұрып келе жатқан уақытында жасалады. АҚШ-та мұндай жобаларға қаражат құю көрсеткіші – 52 пайыз. Бұл – өңірде идеялар мен стаптартардың мықты конвейері жұмыс істейді деген сөз. Яғни, болашақта осы жобалардың дені «мүйізтұмсық-компанияларға» айналуы мүмкін.
Қазіргі криптовалютаның аясындағы дүмпу аяқталысымен, бізге қаржы индустриясына ен­гізілген көптеген инфрақұры­лымдар қолжетімді болар еді. Сингапурдың блокчейн-техно­логиясын қолданатын компа­нияларға біршама қолдау көрсет­кені және қытайлықтардың қа­зіргі биткоин-инфрақұрылымына кедергі келтірмеуінің өзі – Азия­ның блокчейн-бизнестің орта­лығына айналып келе жатқаны­ның дәлелі. Бұл дегеніңіз – Нью-Йорк Уолл-стрит пен оның банк­теріне ие болып отырғанымен, Азия­да жаңа цифрлық Уолл-стирт­тің қалыптасып келе жат­қанын көрсетеді. Міне, банк бизнесі мен технологиядағы талант­тардың келесі буыны да осында қалыптасатын болады. Қазақстан «Астана» қаржы орта­лығын құру арқылы географиялық тиімділікті өте орынды пайда­лануда. Себебі, онда құрылатын технопарк пен еліміздің «жасыл экономикаға» бет бұруы сандар дәуіріне ілесуімізге зор мүмкіндік береді.

Fintech әлеміндегі алпауыт
Бүгінде Қытай әлемдік Fintech нарығының көшбасшысы десек артық айтпаспыз. Мысалы, өткен жылы Қытай бұл салаға 10 млрд дол­лар инвестиция тартқан, бұл – рекордты көрсеткіш. Активтерді басқаратын онлайн қор Yu’e Bao (иесі – Alibaba интернет-компа­ниясының еншілесі Ant Financial) небәрі төрт жылдың ішінде, яғни, 2017 жылы әлемдегі ең ірі инвес­тициялық қорға айналды. Ол бү­гінде 260 миллион клиентінің аты­нан 160,2 млрд долларды бас­қа­рады. Fintech ұсынатын өнім­дердің көбеюінен нарықта толық цифрлық – MyBank пен Webank банктері пайда болды. Қарап отыр­сақ, Қытайдың қаржы сек­торы кеңейіп қана келе жатқан жоқ, ол мүлдем өзгеше формада дамып жатыр.
Қытайда қаржы технология­ла­рының жылдам өріс алуына не себеп болды? Мамандардың ай­туын­ша, бұған бірнеше фактор қа­тар әсер еткен. Әсіресе, ха­лық­тың кең жолақты интернетке жыл­дам әрі жаппай қол жеткі­­зуі – алғашқы фактор. Internet World Statistics сайтында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, 2017 жыл­дың наурызында Қытайдағы интернет қолданушылардың саны 731,4 миллион адам болған. Бұл – Еуропа мен АҚШ-тың көрсет­кіштерінен де жоғары. Интернетті қолданушы қытай­лықтардың 92,5 пайызы желіге өздерінің смарт­фондары арқылы шығады. Деген­мен жалпы ел бойынша интер­неттің енуі 53 пайыз ғана, яғни, дамыған елдер­дің көрсеткішінен төмен. Мы­салы, Солтүстік Амери­када бұл 76% болса, Еуро­пада 74%. Бірақ сандық тұрғыдан алғанда интер­нетті пайдалану­шылардың көптігі Қытайда түрлі онлайн-сервистер­дің дамуына себеп болып отыр.
Елімізге келер болсақ, біз ин­тернет-инфрақұрылымы жағы­нан тіпті Қытайдан да алда келе­міз. Мысалы, Бүкіләлемдік эко­но­микалық форумның Global Information Technology Report 2016 баяндамасында желілік дайын­дық тұрғысынан Қазақстан әлемде 39-орында, ал Қытай 59-орында тұр. Елімізде халықтың 65 пайызы смартфон пайдала­нады. Бұл – посткеңестік елдер арасында ең жоғарғы көр­сеткіш. Орташа есеппен алғанда елімізде бір адамға 2,1 интернетке қосыл­ған смартфоннан келеді. Мұның өзі – елімізде онлайн-бизнестің қа­рыштап дамуына негіз бар еке­нінің айғағы.

Кәмила ДҮЙСЕН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*