Кәсіпкер болуға қандай мүмкіндіктер бар?

1260
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Үкімет жұмысындағы басым бағыттардың бірі ретінде жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыруды атады. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, елдің экспорттық әлеуетін арттыру жақын болашақтағы маңызды мақсаттар болып белгіленді. Ұлттық экономикадағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін дамыған мемлекеттердің көрсеткішіне жеткізу бойынша жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде, 2016 жылы Doing Business рейтингінде Қазақстан Венгрия (42), Италия (45), Чили (48), Израиль (53), Түркия (55), Люксембург (61) елдерін артта қалдырып, 41-орынға тұрақтады. Бизнестің дамуына серпін беретін 10 саланың 7-еуі бойынша 19 реформа жүргізген Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ішінде көш бастап тұр.


Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың механизмдері
Кәсіпкерлікті мемлекеттік қол­даудың бірнеше тетіктері бар: халықты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің білімін жетілдіру бойынша арнайы бағдарламалар ұсыну, қаржылық қолдау көрсету, банк несиелеріне кепілдік беру, консультативтік кеңес, әкімшілік кедергілерді жою және мемле­кет­тік тексерістерден босату.
Халықты кәсіпкерлік дағды­ларына үйрету курстары ерікті түрде «Бизнестің жол карта­сы – 2020» бағдарламасы шеңбе­рінде «Бизнес-кеңесші» және «Биз­нес-өсім» жобалары бойын­­ша жүр­гізіледі. Оқу ұзақтығы – 2-5 күн. Олардың қатарына кәсіпкерлер үшін жүргізілетін отандық және шетелдік іс-тәжірибелер мен тре­нингтерді, шеберлік сағаттарын қосыңыз. Кәсіпкерлік негіздерін үйрету курстарын ұзартуға бай­ланысты ұсыныстарға сәйкес қолға алынған «Бизнес бастау» жобасы халықтың жұмыспен қам­тылу деңгейін бизнес-баста­малар мен кәсіпкерлік негіздеріне жан-жақты үйрету курстары арқылы көтеруді мақсат тұтады. Аталған жоба халықты жобамен құлақ­тандыру және таныстыру, тестілеу жүргізу мен қатысушы­ларды іріктеу, тәжірибелік оқыту, биз­нес-жоспарды жан-жақты тал­қылау, бизнес-жоспар жасау, жобаны микронесиелеу беруді қоса алғанда, алғашқы 12 ай бойы ілгерілетуді қамтитын 5 кезеңнен тұрады.


Қаржылай көмек іздеген кәсіпкерлер мемлекеттен 3 млн теңгеге дейінгі көлемде қайта­рымсыз негіздегі мемлекеттік грант ұтып ала алады. Берілген қаржы техникалық құрал-жаб­дықтар сатып алуға, франшиза құқығын иеленуге, материалдық емес активтерге қол жеткізуге және жұмысқа қажетті өзге ре­сурс­тарды алуға жұмсалуы керек. Мемлекеттік грант иегері атану үшін кәсіпкер бизнес-жоба ұсынады. Сондай-ақ оған «Бизнес-кеңесші» оқыту курсы­нан өту және көзделген грант со­масының 10 пайызына тең мөл­шердегі ақшаны жеке қаража­тынан қамтамасыз ете алу мүм­кіндігін растау талабы қойылады. Бизнес-жоспар байқау кезеңінде Өңірлік координациялық кеңес тарапынан үздік деп танылса, оның иесіне мемлекеттік грант табысталады.
Кез келген кәсіпкерліктің аяқ­қа тұруына ақшаның қажет екені айтпаса да белгілі. Осы тұста «Бизнестің жол картасы – 2020», Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге төменгі пайыз­дық көрсеткішпен несиелер беріледі.


Шағын және орта бизнес өкіл­дерінің маңызды мәселе­лерінің бірі –қарызға алынған қаржыны қайтаруды қамтамасыз етудің болмауынан, қаражат көз­деріне қол жеткізудің қиындығы. Коммерциялық банктер несие берер кезде, тәуекелдің жоғары деңгейін есепке ала отырып, тез өткізіп, ақшаға айналдыра алатын кепілдік сұрайды. Шағын кә­сіпорындардың несие тарихы болмауы себебінен, оларға қаржы берілмейді немесе өте жоғары пайызбен беріледі. Сөзсіз, осы жағдайдың бәрі халықтың кәсіп­керлік белсенділігін төмендетіп, шағын кәсіпорындардың дамуы­на кедергі келтіреді.
Дүниежүзінде осы мәселелер­ді шешу үшін кәсіпкерлікті кепілдік қолдау механизмдері жасалып, енгізіліп жатыр. Қазақ­станда да жүзеге асырылып жат­қан жобалар бойынша несиелерге кепілдік бағдарламалары кәсіп­керлерге кепілзат болмаса да, банк­терден қаржы алуға мүм­кіндік береді.


Қазақстанда жеке кәсіпкерлік формасы кеңінен таралған (ша­ғын және орта кәсіпкерлік субъек­тілерінің 68%). Биз­нестің басым көпшілігі сауда және терең кәсіби бағдар мен ар­найы мамандануды қажет етпей­тін жеңіл салаларды қамтиды. Мә­селен, елімізде тіркелген 1 млн 453 мың жеке кәсіпкерлік субъек­тілерінің 47 пайызы саудамен айналысады. Әлемдік тенденция инновациялық жобалар мен жоғары технологиялық өнді­рістер­дің үлкен қарқынмен бой көтеріп келе жатқандығын көр­сетеді. Мемлекет ұсынып отырған гранттар және кәсіпкерлікті қол­дау­дың өзге де ресурстары бірінші кезекте, экспортқа тауар шыға­рып, ұлттық экономиканың ди­версификациясына үлес қосатын өндіріс орындары мен жаңашыл мүмкіндіктер, иннова­циялық идеяларға құрылған жо­баларға басымдық беретіні де осыдан.
2015 жылдан бастап шағын және орта кәсіпкерлікке берілген несие көлемі артып келеді. Жыл басындағы дерек бойынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 29 пайызға артық несие берілген.

Дерек пен дәйек

Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерліктің даму деңгейін білу үшін, сандарды сөйлетіп көрелік. Ranking.kz сараптама агенттігінің Дүниежүзілік банк деректері негізінде жыл басында жасаған талдауына сәйкес, Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлік ЖІӨ-нің 26 пайызын, бизнеспен айналысатын халық республикалық еңбек нарығының 36 пайызын құрайды. Ел азаматтары арасында кәсіпкерлікпен айналысуға деген қызығушылық күн санап артып келе жатқанына қарамастан, халықтың бизнестегі белсенділігі әлемнің дамыған елдеріндегі көрсеткіштермен салыстырғанда әлі де болса төмен. Қазақстанда кәсіпкерлік субъектілерінің ЖІӨ-ге қосатын үлесінің көптігіне байланысты Астана (46%), БҚО (40%) және Алматы (29%) көш бастап тұр.


Кәсіпкер мінбері

Қазақстандағы кәсіп жүргізудің артықшылықтары мен қиындықтары туралы білу үшін, өз ісін мемлекеттік қолдау бойынша ашқан азамат пен бизнестегі алғашқы қадамдарын өз қаржысына бастаған кәсіпкерге бірдей сауалдар қойып, олардың өз тәжірибесінде кездескен оқиғаларға құрылған әртүрлі жауаптар алдық.

Әсел Болатқызы, Kadam_kz отандық аяқкиім дүкенінің иесі:


Мейрам Көшенов, Endurance Almaty фитнес орталығының директоры:


Жеке кәсібіңізді қалай бастадыңыз?

Мейрам Көшенов:
– Жеке кәсіпкерлікпен үш жыл­дан бері айналысып келемін. Бұл саладағы алғашқы қызметімді Finpark фитнес орталығының бас­шысы болудан бастадым. Онан кейін, достарыммен бірге қолға алған тағы бір жаттығу залының жобасында серіктес болдым. Қазір жеке өзіме ғана тиесілі Endurance Almaty фитнес орталығының жұмысын жүргізіп отырмын. Біз арнайы маман­дар­мен бірлесіп жасаған кроссфит, емдеуге арналған дене шынық­тыру, стретчинг пен йоганың жиын­тығынан құралған авторлық әдістемені пайдаланамыз. Менің негізгі мамандығым – дәрігер. Қазір бұрынғы еңбек тәжірибем мен білімімді аурулардың алдын алуға, халықты бұқаралық спорт­қа баулуда пайдаланып жүрмін.

Әсел Болатқызы:
– Кәсіпкерлікпен алғашқы таныстығымды бал өнімдерін саудалау мен тойға арналған кә­десыйлар дайындаудан бастадым. Кейіннен бұл істі кәсіп қылған­дардың қарасы көбейді де, қызмет көрсетуге деген сұраныс азайды. Қырғызстанға барып, жергілікті қолөнер жәрмеңкесіне қатысуым менің өмірімді мүлде жаңа бағыт­қа өзгертті. Сондағы қолдан ті­гілген аяқкиімдерді көріп, мал шаруашылығы ежелден дамыған өз елімізде әлі күнге былғары бәтеңкелер дайындайтын бірде-бір кәсіпорын жоқтығы жаныма батты. Өзім қолөнерге бұрыннан бейім едім. Ғаламторды ақтарып отырып, орыстың бір шеберін тауып алдым. Сол кісіден теріден аяқкиім тігу технологиясын оқы­дым. Ұлттық нақыштағы аяқкиім­дердің сызбасын дайындап, өз дизайныммен өнім дайындауға кірістім. Осылай қазақы намыс­шылдық пен ұлттық өнімдерді әлемдік нарыққа шығаруға деген құлшыныс мені өзім үшін тың салаға жетектеп әкелді. Қазір Алматы қаласында Kadam_kz сауда белгісінде дүкеніміз бар.

Кәсіпкерлік жүргізу кезінде кездескен қиындықтар

Мейрам КӨшенов:
– Осы уақытқа дейін кездес­кен есте қаларлық қиындыққа доллар бағамы күрт өскен кезде тап болдық. Фитнес орталықтың жалға алу бағасы келісімшартта доллармен көрсетілгендіктен, оның бірнеше есеге қымбаттап шыға келуі қалтамызға біраз соққы болғаны рас.
Соңғы кезде кәсіпкерлік тәжі­рибемде ұшырасқан қолайсыз­дықтарды мен халықтың сатып алу қабілетінің төмен болуымен байланыстырамын. Бұл кәсіп­керлік субъектілері үшін өз тауар­лары мен қызметтерін өткізуде бірқатар қиындықтар тудырады. Айталық, осыдан үш жыл бұрын халық спорттық нысандарға қазіргімен салыстырғанда көбірек қаржы жұмсайтын. Бір артықшы­лығы, нарықта әлі ойыншылар аз болғандықтан, шынымен сапалы әрі қолжетімді қызмет түрін ұсын­ған кәсіпкер ұтылмайды. Сон­дықтан бүкіл әлемде болып жат­қан экономикалық қиындықтар мен маусымдық белсенділіктің төмендігіне қарамастан, бізге келетін тұрақты тұтынушыла­рымыз бар.

Әсел Болатқызы:
– Ең үлкен қиындық аяқкиім тігетін шеберлерді табу болды. Бұрын Алматыда «Жетісу» фабри­касы болған. Ондағы жұмысшы­лардың дені – ұйғырлар мен орыстар. Кеңес Одағы құлағаннан кейін, олардың барлығы өз ел­деріне қайтып кеткен. Қазір мен Ресейден алдырып отырған шебер де – бұрыннан аяқкиім тігудің бабын білетін ісмер кісі. Өз елі­мізде былғарыдан аяқкиім дайын­дайтын білікті мамандардың тап­шы­лығы қынжылтады, әрине. Екін­ші бір тілге тиек етер қиын­дық – қаржы. Кәсіпкерлікті үлкейтуге, шағын цехты үлкен фаб­ри­каға айналдыруға қолбай­лау болып отырған да – сол. Өз кәсібімнің жобасын мемлекеттік гранттар конкурсына жолдап, аяқкиім тігуге арналған заманауи құрал-жабдықтар сатып алуға
3 млн теңге көлеміндегі қаржылай қолдауға ие болдым.

Қазақстандағы бизнес климатты қалай бағалайсыз?

Мейрам Көшенов:
– Қазір Қазақстанда кәсіпкер­лікпен айналысуға ниет білдірген жандарға мүмкіндер көп. Мәсе­лен, жеке кәсібіме қажетті қа­ражатты «Даму» қорының қол­дауымен алдым. Банктердің қазіргі ұсынатын пайыздық мөл­шерлемесі мен инфляцияны ескерсек, алғашқы кезде қарызды қайтару уақытын біраз кейінге шегеру арқылы 7,5 пайызбен несие алуым тиімді жағдай деумен келісуге болады. Кәсіпкерлерге мемлекеттік бағ­дарламалар аясында көрсетілетін көмекке қол жеткізу үшін, әуелі банк қызметкерлерін, кейіннен Алматы қаласы әкімшілігіндегі арнайы комиссия мен соңында «Даму» қорында белді кәсіп­кер­лердің алдында стартап жобамды қорғадым. Жарты жылымды ар­наған жұмыс нәтижелі аяқталып, банктегі несиемнің 60 пайызға дейінгі бөлігін қор кепілдендірді. Конкурстық негізде жобамды қор­ғау барысында, ешқандай бар­мақ басты, көз қысты оқиға­ларына, не болмаса пара беріп, болашағы жоқ жобасы үшін мемлекеттен заңсыз қаржы алған адамды көрмедім. Барлығы қатаң, талапқа сай, әділ. Сондықтан мұн­дай жағдайда, қолда бар мүм­кіндіктерді пайдаланып, кәсіп­керлікке бет бұру керек деп ой­лаймын.

Әсел Болатқызы:
– Қазір ерінбей еңбек еткен адамды аяғынан шалып, жұмы­сына кедергі болатын үлкен қиын­дықтар жоқ деп ойлаймын. Кәсіпкерлік жүргізу кезіндегі бір қиыны – өндірілген тауардың сатылымын дұрыс жолға қою. Біздің аяқкиімдердің сапасы өте жоғары деңгейде. Жергілікті шикізат негізінде тері мен был­ғарыдан толықтай қолдан тігіп, дайындаймыз. Бағасы – 10 мың-40 мың теңге аралығында. Қазіргі нарықта аса қымбат баға болмаса да, біздің халық арзан Қытайдың аяқкиімдеріне жүгіруге үйреніп алған. Олардың сапасы сын көтермейтінін айтудың өзі артық шығар. Елімізде тауарды бағасына қарап емес, талғаммен, сапасына орай таңдайтын көзқарас қалып­тасуы керек. Біз өз сауда белгі­міз­дің әлеуметтік желідегі парақ­ша­ларын жиі жаңартып отырамыз. Бірақ үлкен жарнама кампания­сын жүргізуге қаржының тапшы­лығы мүмкіндік бермей тұр. Те­леар­надағы 1 минуттық жарна­ма 500 мың теңге дегенде, жағам­ды ұстадым. Сондықтан отандық аяқкиім өндірісі туралы көп адам хабарсыз шығар. Дегенмен тұрақ­ты тұтынушыларымыз да жоқ емес.

Кәсіпкерлік саласындағы біліміңізді қалай жетілдіресіз?

Мейрам Көшенов:
– Кәсіпкерлік саласындағы білімім бұл салаға жаңадан қосы­лып жатқандармен салыстыр­ғанда, әлдеқайда терең. Бірнеше жыл бойы фармацевтикалық компанияда менеджер қызметінде болуым, тауарларды өткізудің негізгі әдістерін меңгеруге көмек­тесті. Жеке кәсібімнің басын құ­рағанға дейін, бірнеше орталық­тар мен ұйымдарда басқарушылық функцияларын атқару адам ресурстары мен қаржыны ұтымды бас­қару дағдыларын қалыптас­тырды. Қазір бизнес жүргізуде сол жинаған тәжірибем көмектеседі. Ара-тұра пайдалы кітап оқу мен күнделікті жаңалықтар қараудың да маңызды екені айтпаса да түсінікті шығар.

Әсел Болатқызы:
– Жуырда Назарбаев уни­верситетінде өткен бизнес тренингке қатыстым. Duke уни­вер­ситетінен келген шетелдік ғалымдардан сабақ алып, курс соңында жекелеген жобалар дайын­дадық. Енді менің жұмы­сым шетелдік тренерлер мақұл­даған жобалардың қатарынан табылса, Германияға екі апталық тағылымдамадан өтуге барамын. Барлық шығындарды мемлекет өтейді. Нарықтағы өзге тауар­лар­мен танысу, әріптестік байланыс­тар орнату, біліктілігімді арттыру мақсатында үнемі отандық өнімдер жәрмеңкелеріне қатысып жүремін. Жақында «EXPO – 2017» халықаралық көрмесі аясын­да өткен «Қазақстанның үздік тауары» жәрмеңкесіне қа­тысуға мүмкіндік алған 174 сауда белгісінің қатарында Kadam_kz те болды.

Жеке кәсібіңізді болашақта қалай дамытқыңыз келеді?

Мейрам Көшенов:
– Қазір мен фитнес орталы­ғының тұтынушылар базасын кеңей­туге жұмыс істеп жатыр­мын. Халық үшін жаттығу залы, фитнес орталығы бүгінде жаңа­лық бо­лудан қалды. Нарықта бәсекелес­тер көп. Дегенмен автор­лық әдіс­темеміздің тиім­ділігінен болса керек, жаз мезгілі болғанына қа­ра­мастан, орта­лыққа келушілер­дің аяқ алысы басылар емес. Әдетте, жаз мез­гілінде халықтың спорт залдарына бару белсенділігі төмен болады. Жақын болашақ­тағы жоспарлар: банктен алған несиені тезірек қайтарып, дербес қаржы айна­лымы деңгейіне шығу және Астана қаласынан екінші фитнес орталығын ашу.

Әсел Болатқызы:
– Болашақта кәсіпкерлігімді кеңейтіп, үлкен фабрика салсам деймін. Біздің тауарымыздың бір ерекшелігі – ұлттық дизайнмен шығатын аяқкиімдерімізге қа­зақы нақыштарды салып, әрлеп жүрміз. Сол аяқкиімдерден көрі­ніс тауып жүрген қошқар мүйіз оюын бүкіл әлемге танымал брендке айналдырғым келеді. Шетелдік нарықта да қазақ­стандық өнімдердің жұрт таласып алатын сұраныстағы тауарға ай­налғанын қалаймын.
Кәсіпкерлікті қолдау – ұлттық экономиканы шикізат есебінен көтеріп отырған мемлекеттің болашақтағы ең үлкен перес­пективасы. Күні кеше қолында еш ресурсы болмаған Сингапур не шөл далада мұнайдың ақ­ша­сына бой көтерген Дубай мысалы – келешек экономиканың қызмет көрсету саласы мен бизнеске арқа сүйейтінінің айқын дәлелі. Сон­дықтан бүгінгі мемлекеттік бағ­дар­ламалар ертеңгі жалпы ішкі өнімнің 50-60 пайызын қамта­масыз ететін отандық ірі кә­сіпорын­дардың іргесін қаласа, стратегиялық бағдардың дұрыс жолға қойылғаны деп білеміз.

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз