100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ: ТӘУЕКЕЛ ТҮБІ – ЖЕЛҚАЙЫҚ

4002
0
Бөлісу:

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағытты бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз» деген еді. Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша 100 жаңа оқулықты аударуға жаңадан құрылған Ұлттық аударма бюросы кірісіп кетті.
Жобаның алғашқы кезеңінде 17 ірі оқулық іріктеп алынып, аударыла бастады. осы жылдың аяғына дейін оқырман қолына тиеді деп жоспарланып отыр. Әлеуметтану, философия, тіл білімі, психология салаларымен қатар, атқарылатын жұмыстың үлкен бір бөлігі экономика ғылымын да қамтып отыр. Биыл жарық көргелі отырған 17 оқулықтың төртеуі – осы саладан. Грэгори Мэнкьюдің атақты «Экономикс» оқулығының төртінші басылымы, Томас Гриффиннің «Менеджменті», Дональд Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс және практика» оқулығы және Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» еңбегі – осы уақытқа дейін тек ағылшын және орыс тілдерінде қолжетімді болып келген, пән саласы бойынша маңызды оқулықтар.
Осыған орай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ұлттық аударма бюросының негіз болуымен, экономика саласы бойынша жарық көргелі отырған кітаптарға қатысты терминология, аударма мәселелері талқыланған дөңгелек үстел өтті. Жиынға ҚазҰУ жанынан құрылған «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Кенжехан Матыжанов, ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Баян Ермекбаева, Экономика кафедрасының меңгерушісі, доцент Гүлнар Садыханова, AlmaU Жоғары бизнес мектебінің деканы, доцент Гүлнар Күреңкеева және Narxoz университеті Экономика және менеджмент мектебінің деканы, профессор Самажан Өмірзақов қатысты.
Модератор – Ұлттық аударма бюросының редакторы Назгүл Қожабек.


Назгүл Қожабек: «Жаңа гу­ма­нитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды. Бұл жоба бойынша жұмыс бас­талып кетті. Осы орайда сіздердің са­ла­ла­рыңыздағы ізденістер қандай?


Кенжехан Матыжанов: Шын­ды­ғында, бұл – Елбасымыздың «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламасы негізінде қо­л­ға алынған дүние. 100 жаңа оқу­­лықтың қоғамдық сананы жаң­ғыр­тудағы рөлі ерекше. Бірден 100 оқу­лықты аудару ешқандай мем­ле­кеттің маңдайына жазылмаған дү­ние болуы керек. Қазақта «ақыл – ауыз, ырыс – жұғыс» деген сөз бар. Әлем­дік мықты стандарттар алма­сып отыруға тиіс. Бұл – кез келген қо­ғамдық дамудың көшінде бар тә­жірибелер. Алаш автономиясы құрылған сәтте олардың да алдында дәл осындай мәселе туындағаны рас. Әліпби мәселесі, жаңа оқулық құ­растыру, аударма мәселесі күн тәр­тібінде тұрды. Осы кезеңде Алаш қайраткерлерінің барлығы дер­лік оқулық аударумен айна­лыс­қан. Мәселен, Мағжан Жұмабаев «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытов «Психология», Халел Досмұхамедов «Биология» пәнін аударса, жиырма жастағы Мұхтар Әуезов «Жеткін­шек» деген оқулық жазды. Қаныш Сәт­баев – алғашқы «Математика» оқулығын жазған авторлардың бірі. Мұның бәрі ХХ ғасырдың басында жаңалық болып саналды. Қазіргі дүниеге келер болсақ, жаһандану дәуі­рі басталды. Ғалам ғарыштап да­мып барады. Әлемдегі эко­но­миканың, өндірістің, адамзаттың ақыл-ойының дамуы ерекше. Сон­дықтан біздің де «100 жаңа оқу­лықты» аудару мәселесін қолға алуымыз – қажеттілік. Мәселен, біз аударып бастаған Клаус Швабтың ең­бегі осал дүние емес. Ол өзінің «Төртінші индустриялық ре­волю­ция» кітабында бірқатар эко­номикалық процестерге жан-жақ­ты баға беруге тырысады. Адам­зат тарихында бес күрделі ре­волюция болған. Оның ал­ғаш­қысы – аграрлық революция. Ол қай ке­зеңде болды? Бұл адамзаттың те­рімшіліктен мал шаруашылығына ауысқан кезеңін қамтиды. Адамзат бұлшық еті еңбегінің арқасында жануарларды қолға үйрету арқылы аграрлық революция жасады. Одан кейінгі революцияны бу ма­ши­на­сының пайда болуымен бай­ла­ныс­тырады. Өндіріс дамыды, қарым-қатынас артты. Әр революцияның болуымен адамзаттың да дамуы айшықталып отырған. Эконо­ми­камыз қалай өркендейді, біздің ал­дымызда қандай қауіп-қатерлер тұр дегенді Клаус Шваб ашып көр­се­теді. Біздің жас мемлекеті үшін, адами сананы дамыту үшін бұл еңбектің рөлі ерекше деп ой­лай­мыз. Бұл әрі санамызды жаң­ғыртудың революциялық жолы де­генді айтқымыз келеді. Елбасы «100 жаңа оқулық» мәселесін ай­рықша бақылауында ұстап отыр. Же­дел арада 100 оқулықты аударып, өндіріске шығару керек деген мәселені алдымызға қойды. Әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті 100 кітаптың алғашқы ал­тауын аударуды өз қолына алды. Әзір­ге көңіл тұщытарлық деңгейде.


Баян Ермекбаева: Рухани жаң­ғырудың негізінде экономикалық жаң­ғыру да бар. Қазір әлемдік жаһан­дану заманында әр ел эконо­ми­касыз өмір сүре алмайды. Сон­дық­тан экономикамен үндестіре қ­арамасақ, ұтыламыз. Бәсекеге қа­бі­летті ел болу үшін әлемдік эко­номикамен байланыса дамуымыз қажет. Әдемдік экономикалық үн­дестікке білім арқылы ғана қол жет­кізе аламыз. Білім мен ғылым оқу­лық арқылы келеді. Сол оқулық ар­қылы санамызды жаңғырта оты­рып, бәсекеге қабілетті маман дайын­­дай аламыз. Экономикамыз да­мыса, рухани көкжиегіміз кеңейе­ді. Жағдайымыз да жақ­сара­ды. «100 жаңа оқулық» жобасына біз­дің де қатысуымыз – қуанышты жағ­дай. Ағылшын тілінен қазақ ті­ліне аудару мәселесі біздің әріп­тес­терге оңай тиіп отырған жоқ. Бұл әрі олардың кәсіби деңгейін арт­тыруға да мүмкіндік беріп отыр. Жаһандану заманында бәсекеге қа­білетті экономист мамандар дайын­дау үшін әлемде бар озық тә­жірибелерді пайдалануға тиіспіз. Ол үшін бірінші кезекте әлемнің на­зарын аударған оқулықтарға қол жет­кізуіміз керек. Ол үшін әлемдегі та­нымал білікті экономист маман­дардың тәжірибелеріне сүйенген абзал. Олар ондай дәрежеге қалай қол жеткізді? Даму процесінде нені пайдаланды? Әрине, ілім-білімсіз шыңға шыға алмаймыз. Біз аударып отырған «Экономикс» кітабында осы­ның бәрі жан-жақты түсіндірі­ле­ді. Мұны аударудың үлкен маңы­зы бар.


Гүлнар Күреңкеева: 2013-2014 жыл­дан бастап кәсіпкерлік уни­вер­ситет идеясын стратегиямызға ен­гіз­ген едік. Екі-үш жыл бұрын «Бо­лашақ» бағдарламасымен Аме­рикада тоғыз ай болып келдік. Сон­да байқағаны – арнайы кә­сіпкерлік университеттері бар екен. Біз-
дің стратегия – кәсіпкерлерді дайын­дау емес. Біздің мақсат – кә­сіпкерлер сияқты ойлай алатын ма­мандар даярлау. Кәсіпкер деге­німіз кім? Ол жаңаша ойлай алатын, ізденісте жүретін адам. Мұндай адам кез келген қызметке қажет. Сон­дықтан кәсіпкерлік пәнін бар­лық оқу жоспарына енгіздік. Кә­сіп­керлік ойлау қабілетін дамытуға ар­налған арнайы оқулықтарды іздей бастадық. Біздің университет таң­дап алған Дональд Куратконың кіт­абы – осы тұрғыдан келгенде, тап­тырмас оқу құралының бірі. Бұл кі­таптың орыс тіліндегі нұсқасы жоқ. Оқулықты бұған дейін де ағыл­шын тілінде қолданып жүрдік. Бұл кі­тапты аудардық және сол кітап­тағы бар дүниемен жүреміз деп еш­кім айта алмайды. Кез келген озық мемлекеттің өзінде бір фирма екінші бір фирмаға ұқсамайды ғой. Өзіндік бағыт-бағдары бар. Сол се­бепті де, кәсіпкерлік оқулығы – тео­рия түрінде кәсіпкерліктің бағ­дарын айқындап беру үшін қажет.
Н.Қ.: Оқулықтарды таңдап алу­да белгілі бір стандарт, талаптар бар ма? Мәселен, неге дәл Швабтың не­месе Гриффиннің, Куратконың кі­таптары таңдап алынды?
К.М.: Бұл оқулықтар жайдан-жай таңдап алынған жоқ. Бұл бағ­дар­ламаны реттеп отырған – Пре­зидент жанынан құрылған Ұлттық комиссия. Ірік­теуді жүргізетін – комиссия мү­ше­лері. Әр жоғары оқу орнының ма­ман­дары да арнайы ұсыныстар жасады. Комиссия соны бекітті. Ұлттық аударма бюросының қойып отырған талабы – әрбір оқу­лық әлемдегі ең мықты оқу орнында шыққан болуға тиіс. Кем дегенде, баспада үш рет басылғаны жөн. Әрі таралымы да жоғары болуы керек. Осы талаптар ескерілген жағдайда ғана оқулықты аудару процесі бас­талады. Жылдың соңына дейін 17 оқулық аударылып бітуге тиіс. Со­ның негізгі ба­сым бөлігі – эко­но­микамен бай­ла­нысты. Гуманитар­лық ғылымның ішінде экономика, философия, пси­хология пәндері таңдап алынды. Одан кейін педа­гогика, өнер мен мә­дениетке қа­тыс­ты оқулықтар ау­дарылуы мүм­кін. Экономикалық даму – қоғам­дық дамудың қозғау­шы күші. Әзірге әлемге танылған, сараланған, сұра­нысқа ие болған дүниелерді ғана таңдап алып отыр. Еуропа мен Ұлыбританияның оқу орындары ғана емес, жалпы әлемде сұраныста бар оқулықтарға жете назар ау­дарылғаны дұрыс шешім деп ой­лаймыз. Бұл – бір. Екіншіден, оқу­лықты таңдап алғаннан кейін, оның рұқсатын алуымыз керек емес пе?! Мәселен, 17 оқулықтың бар­лы­ғы дерлік, Англия универ­си­теті­нің баспасынан алынып отыр. Олар қолданысқа ие болған, таралымы жоғары, жиі пайдаланылатын оқу­лықтардың статистикасын жа­сайды екен. Ең мықты оқулықтың бар­лығын бір баспаға жинақтаған. Баспа рұқсат еткеннен кейін ғана қазақшаға аудару процесі басталды.
Самажан Өмірзақов: Томас Гриф­­финнің «Менеджмент» оқу­лы­ғының қазақ тіліне аударылуы – қа­зіргі кездегі маңызды қадамдардың бірі. Бұған дейін менеджмент сала­сында түрлі оқулықтарды қолданып келеміз. Атап айтқанда, Майкл Мэсконның «Менеджмент негіз­дерін» және Стивен Робинс пен Мэри Коултердің «Менеджментін», Ричард Дафтың оқулығын орыс ті­лінде оқып келдік. Ал мына кітап­т­ың басты ерекшелігі – орыс тілінде жа­рық көрмегені. Түпнұсқа ағыл­шын тілінен аударып жатырмыз.
Бұл оқулықтың ең үлкен артық­шы­лығы – теориядан бөлек, шет мем­лекеттердегі орта, шағын, ірі кә­сіпорындардағы басқару тәсіл­дерінің нақты компанияларда қа­лай қолданылғаны, сол арқылы қан­дай жетістіктерге қол жет­кізіл­гені нақты кейстар түрінде кел­ті­ріл­ген. Әр тараудың соңында талқылау сұр­ақтары, тапсырмалар беріледі және ол тапсырмаларды орындау үшін қандай материалдарға жүгіну керек екені сілтемемен көрсетіледі.
Менеджменттің дәстүрлі, қазір­гі заманғы тәсілдері мен амалдары көр­сетілген. Жаңа технология­лар­дағы өзгерістерді қалай пайдалану ке­рек екені де айтылады. Ең қызы­ғы, оқулықта компаниялардың жә­не табысты адамдардың қол жет­кен табыстары ғана емес, қалай қа­телескені туралы да айтылады. Со­нысымен де тартымды, қолайлы. Ал­ғашқы тарауының өзі «Адаса жү­ріп жол табу» деп басталады, яғни, сал­ған жерден басқару, менедж-мент – өрлеу мен құлаудың алма-ке­зек ауысып отыруы екенін баты­рып түсіндіреді.
Н.Қ.: Оқулықты аудару проце­сін­де қандай қиындықтар туындап отыр? Термин мәселесінде бірізділік бар ма?
К.М.: Қандай күрделі мәселелер бар дегенге келер болсақ, оқулық­тар­дың дені – негізінен ағылшын ті­лінен аударылуында. Ағылшын тілін білетін маман қазақ тілін еркін білмейді. Білген күннің өзінде еркін жаза алмайды. Қазақшаны еркін бі­летін тіл мамандарына ағылшын тілі қиындау тиіп тұр. Сондықтан ау­дарма жұмысы үш кезеңге бөлін­ген: аудармашылар аударады, ғы­лыми редактор қарайды, әдеби ре­дактор өңдейді. Аударманың тағы бір осал тұсы – ғылыми термино­ло­гия. Ағылшын тілінде белгілі ғы­лыми түсініктерді қазақ тіліне қа­лай ендіруіміз қажет? Осы мә­се­леде түрлі-түрлі көзқарастар бар. Ел тәуелсіздік алған алғашқы тұста көптеген терминдерді қазақшалап жі­бердік. Кейбіріне қисынға кел­мейтін аудармалар жасадық. Ғылым мен білімнің тілінде қолданыл­ма­ғанымен, қазақ тілінде синонимдер көп. Бірақ ол синонимдер ғылыми терминді дәл мағынасында бере алмауы мүмкін. Мәселен, ағылшын тілінде әрбір терминнің өзіндік ұғымы бар. Ол басқа бір мағынада қолданылмайды. Терминнің тұрақ­тылығы қажет. Ғылыми терминдер тілдік нормаға түсетін болса, қазақ тілін байыта түседі, қуаттандыра түседі деп ойлаймыз. Терминдерді қалай аударамыз? Бұл – ең үлкен мәселе. Осы уақытқа дейін тер­мин­дердің көбі орыс тілі арқылы жетті. Мә­селен, Клаус Швабтың ең­бегін «Төр­тінші индустриялық ре­волюция» деп алдық. Орыс тілін­де «Чет­вертая промышленная ре­волюция» деп алынған. Промыш­лен­­нось – өнеркәсіп. Егер біз «Төр­­тінші өнеркәсіптік революция» деп аударсақ, онда мағынасынан ауыт­қып кетеміз. Ағылшын тілінде «Industrial» деп жазылған. Әлемде қолдынылып жүрген қалыптасқан ха­лықаралық терминдерді аудар­майық деген шешімге келіп отыр­мыз. Интернеттің өзін ғаламтор деп ау­дар­дық. Қазақша қолданғанда құ­лаққа жылы естіледі. Ұғынықты сияқ­ты. Бірақ бүкіл әлемде инте­р­нет болып сіңісіп кетті. Термин­дер­дің артикуляциялық айтылымы біз­дің тілімізді бұзбайтын болса, он­да ол терминді сол күйінде алған дұрыс болар еді. Бұл – заманның сұранысы. Қазақ тілінің өзі еш­қа­шан таза күйінде сақталған емес. Бір кездері ғылымның тілі араб-пар­сы тілдерінде болды. Сол араб-пар­сы тілдерінен қазаққа сіңісіп кет­кен сөздер өте көп. Мектеп, мә­дениет, кітап, әйел – араб-парсы ті­л­дерінен енген сөздер. Мұның бәрін қазақ тіліне жат деп айта ала­мыз ба? Сондықтан тілдің дамуына кері әсерін бермейтін термино­ло­гияның барлығын кітапқа енгізсек, одан еш ұтылмасымыз анық. Өйт­кені біраз қолданысқа түскеннен кейін ол қазақы ұғымға сіңісіп ке­те­ді. Бұл кітаптың тағы бір ерек­ше­лігі – ағылшын тіліне біртабан бол­са да жақындаймыз.
Б.Е.: Термин мәселесінде біздің де тұйыққа тірелер тұсымыз көп. «Экономикс» кітабында кездесетін сөз­дердің аудармасын біз бір ізге әлі тү­сіре алмай келеміз. Мәселен, аргу­мент, модель, концепция, де­фицит. Экономикалық модель дей­міз. Оны басқаша айта алмай­мыз. Дефицит – мұқтаж, қарыз деп ай­тылып жүр. Бірақ экономикалық тер­минде мұқтаж деп қолдана ал­маймыз. Оқулық шыққаннан кейін тіл мамандары тарапынан сын пі­кірлер туындауы мүмкін. Біз ол сын­ға дайынбыз. Өйткені тіл ма­ман­дары да біздің уәжге тоқтауы тиіс. Экономикалық терминдерді өз бетімізше қазақшалайтын бол­сақ, оның мағынасы бұзылады.
С.Ө.: Менеджмент пәні бойын­ша әлі де қалыптаспаған, құлаққа сіңбеген категориялар бар. Одан бөлек, басқа салаларға да қатысты ұғымдардың аудармасынан әлі де қи­наламыз. Жай мысал ретінде ин­тернационализация, профес­сио­нализм, мотивация деген сөздерді-ақ алайық. Біз бүгінге дейін моти­ва­цияны ынталандыру десек, бір жа­ғынан уәждеме дейтін еді. Ка­рьера, инициатива ше? Көбінесе бас­тама дейміз, бірақ көп жерде қа­зір инициатива деп қолдануға кө­шіп жатырмыз.
Н.Қ.: Бізде арнайы эконо­ми­ка­лық сөздіктер бар емес пе? Тер­ми­нология мәселесінде сөздіктерді пай­далану мүмкіндігі қалай?
Б.Е.: Өкінішке қарай, бұл сөз­дік­терде бірізділік жоқ. Бір тер­мин­нің өзінің бірнеше нұсқасы бар. Қай­сысын пайдалану қажеттігін біл­мей, қиналасың.
Г.К.: Оқулықты аудару проце­сін­де бізді алаңдатып отырған мә­се­ле – осы. Әр аудармашы өз нұсқа­сын алып келеді. Бәріміз келіскен ортақ терминдеріміз аз. Кейде же­ке­леген авторлардың кітабын қара­саңыз, қарныңыз ашады. Автор әр тер­минді өз бетімен қазақшаға ау­дарған. Мағынасы мүлдем өзгеріп кет­кен. Өкінішке қарай, ортақ келі­сімге келген, терминология бе­кіткен нұсқалары жоқтың қасы. Сол себепті де, экономика са­ла­сында терминдерде біріз­ді­лік жоқ. Мәселен, осыдан 100-120 жыл бұрын Түркия тіл реформасын жасады. Олар неден бастады? Ең ал­дымен, басқа тілден ен­ген терминдерді өз­герт­ті. Әрі оны жекеле­ген адамдар емес, топ болып жұмыс істеді. Қа­зіргі түркі ті­лінде гума­нитарлық ғы­лым ерекше дамыған. Біз тер­минология саласында бірігіп жұмыс ат­қарған жоқпыз. «Жұмыла көтер­ген жүк жеңіл» екенін ұмытып кете­міз. Жеке дара шапқаннан кейін тер­миндер де бірізді болмайды. Сын­ның да көп айтылатыны – сон­дық­тан. Ортақ келісімге келген емес­піз. «100 жаңа оқулық» бағ­дар­ла­масы осы орайда бізге үлкен мүм­кіндік беріп отыр. Экономика са­ласында жүрген мамандар бірігіп, ортақ терминдерді қалыптас­ты­ра­мыз.
Н.Қ.: Бұған дейін қолданыста бол­ған оқулықтар мен «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында жарық кө­ретін оқулықтардың терминдерінде айыр­машылық бола ма?
Б.Е.: Ескі оқулықтар мен жаңа оқулықтың терминдері арасында аса айырмашылық болмайды деп ой­лаймын. Қанша дегенмен, ұзақ жыл бойы қалыптасып келе жатқан ғылым, орнығып, нықталған тер­ми­нология бар. Мына атқарылып жат­қан жұмыс нәтижесінде сол тер­минологиялық база молайып, то­лығып, тек кейбір бірнеше нұс­қада қолданылып жүрген терминдер бір ізге түседі.
К.М.: 100 оқулықты жүйелеу үшін арнайы Ұлттық аударма бю­росы құрылып отыр. Ертең ауда­рыл­ған кітаптардың барлығы ортақ ба­заға енгізілетін болады. Ақы­рын­дап бір жүйеге түседі. Бар­лық мем­лекеттер мұндай кезеңді бастан кешірді. Бұл бағдарлама қазақ тілін дамытуға, қазақы ортада ғылыми ұғымдарды сіңіруге ерекше әсер етпек. Осы уақытқа дейін қазақтың тілі журналистика мен көркем әде­биеттің тілі болып кел­ді. Қоғамдық және гуманитар­лық ғылымның тіліне айнала алған жоқ. Өйткені ғылыми оқулық жоқ. Жоғары оқу орындарының дені орыс тіліндегі оқулықтарды пайда­лануы­на тура келді. Жаңа оқулық­тар қолданысқа енген кезде эконо­мист мамандар­дың барлығы ортақ бір тілде сөй­лей­тін болады. Жаңа оқу­лықтарда жаңа термин, жаңа ұғым­дар бар. Жаңа дүниені бірден қа­лыпқа тү­сіру­дің әдісі осы кітап­тан көрінеді де­ген ойдамыз.
Б.Е.: «Біткен іске сыншы көп» дей­ді. Ертең біздің бұл оқулықтары­мыз­ға да сын айтатын адамдар та­былар. Тіл мамандары, әдебиетші қауым да сын айтар. Біз бұл кезең­нен өттік. Мәселен, магистранттар мен докторанттардың диссерта­ция­лық жұмыстарына анықтаманы үш тілде береміз. Осы жұмыстардың қа­зақша нұсқасын аударту үшін фи­лологтарға арнайы берген едік. Қа­зақша аудармасын мүлдем та­нымай қалдық. Тіпті диплом жұ­мысының тақырыбының өзі өзгеріп кеткен. Ақырында қайта аударуға тура келді. Ол кісілердің жұмысын жоққа шығарғым келіп отырған жоқ. Олар да – білікті маман. Бірақ эко­номиканың тілі бөлек. Оны көр­кем әдебиеттегідей суреттеп жаза алмайсың.
Г.К.: Қазақ тілінде шыққан эко­номикалық кітаптар жетерлік. Ал­ғашқы бетін оқығаннан кейін-ақ көңілің қалады. Қазақ тілінде жа­зылған экономикалық оқулықтарды оқы­мауға тырысамын. Себебі, түп­нұсқадан мүлдем ауытқып кеткен. Бі­лікті мамандар ғана нәтижелі оқулық жазып шыға алады. Батыс авторларының оқулықтарында қалыптасқан терминдерді мей­лін­ше сол күйінде сақтағанымыз дұ­рыс. Одан біз ұтпасақ, ұтылмаймыз. Та­ғы бір қызығы, орыс тілінде қа­лып­тасқан кейбір терминдер бас­тапқы мағынасынан мүлдем өзгеріп кет­кен. Өкініштісі, ол бізде де қол­даныста жүр. Түпкі мақсатын қа­расаңыз, тіптен бөлек. Осылайша, ұғым­ды шатастырып аламыз. Мәселен, венчур. Венчур – ағыл­шын тілінде кәсіпорын деген мағы­наны білдіреді. Орыс тілінде «рис­кованный бизнес» деп алынған. Аудармашылармен ақылдаса келе, венчур деген түпнұсқасын қалды­райық деп шештік.
Н.Қ.: Бір кітапты бірнеше маман аударады. Сегізінің аудармасы бірізді болмауы мүмкін. Термин бірізді бол­уы үшін не істеу қажет?
Гүлнар Садыханова: «Эко­но­микс» оқулығын аудару тобында се­гіз маман бар. Олардың бәрі PhD, экономика кафедрасының ұстаз­дары, барлығы шетелде оқып кел­ген. Біз әр сөзді, әр ұғымды ақыл­дасып қолданамыз. Бір терминді түсіне алмасақ, бір-бірімізден кеңес аламыз. Соңында ортақ шешім қа­былдаймыз. Бір термин бірнеше рет қайталануы мүмкін. Тек ағыл­шын тілінде оқып отыр­­­сақ, оны өзіміз түсі­не­міз. Оны қазақ тіліне ау­дарған кезде, ортақ түсінік қалыптас­тыру­ды мақсат тұтқан жөн. Ғылымның тілі оңай емес. Оның жалпы көп­ші­лікке ұғынықты болуын қамтамасыз етуі­міз керек. Қазақ тілінде тер­мин­дер бол­маса, орыс тіліндегі нұс­қа­сы­мен са­лыстыруға тырысамыз. Орыс ті­ліндегі нұсқасы қазақ тілін­дегі ұғым­­ға сәйкес келмейтін болса, он­да түпнұсқадан көп айнымаған жөн. Біз аударып отырған «Эко­но­микс» кітабында формулалар өте көп. Формуланы аударудың қажеті жоқ деп санадық. Өйткені орыс ау­дармашылары орыс тіліне ау­дара­ды, қазақ аудармашылары қазақ тіліне аударады. Ақырында ағыл­шын тіліндегі нұсқасынан мүлдем өзгеріп кетеді.
С.Ө.: Оқулықты аударумен ай­на­лысып жатқан мамандардың бар­лығы – осы пән бойынша сабақ бе­ріп келе жатқан ұстаздар, ғылыми еңбектерін де осы сала бойынша қор­ғаған. «100 жаңа оқулық» жоба­сын жүзеге асырудағы дәл осы ұста­ным дұрыс деп есептеймін. Өйткені кә­сіби аудармашы пән маманы бі­летін терминдерді, ұғымдарды, ерек­шеліктерді білмейді, ескер­мей­ді. Әр ұғымды, әр терминді аударуға келгенде «біз осыны қалай оқып едік, қазір қалай оқытып жүрміз?» де­ген ұстаным тұрғысынан аудара­мыз. Сондықтан осы жобаны жүзе­ге асыру арқылы терминдердің бі­різ­ділігіне жақындай түпесек, кері ке­те қоямыз деп ойламаймын.
Н.Қ.: Байқасаңыздар, экономи­ка­лық оқулықтардың ішінде кейстер көп кездеседі. Кейбір кейстер біздің мен­талитетке келмеуі мүмкін. Он­дай жағдайда, мысалдарды өзгер­туге бо­ла ма?
Г.К.: Кәсіпкерлік кітабында біз­дің менталитетке сәйкес кел­мейтін тұстары аз. Ондай қиын­дық­қа тап болған жоқпыз. Алайда қайт­кен күнде де, кітаптағы кейстер тек мысал ретінде оқытылады. Кез кел­ген ұлттың өзіне сай дәстүрі, сал­ты бар. Америкалық кәсіпкердің тұрмысы, іс-әрекеті біздің ұлтпен сәйкес келмейді ғой. Әр фирманың өз құндылықтары, мәдениеті бо­лады. Тіпті қазақ фирмаларының өзінің бағыттары бір-бірімен ұқ­самайды. Сондықтан бұл оқулықтар негізінен теориялық базаны қалып­тастыру үшін қажет. Практика жү­зінде оның бәрін дәл сол қал­пында қолдана алмаймыз. Сондықтан мүм­кіндігінше, теорияны жергілікті мы­салдармен бекітуге немесе кейс­терді біздің қоғамға лайықтауға ты­рысамыз.
С.Ө.: Иә, көптеген тақырыптар бойын­ша кейстерді аудару бары­сын­да қоғамымыздағы саяси, әлеу­меттік, экономикалық, мәдени фак­торлардың ықпалын да ескеру қа­жет. Өйткені респуб­ли­ка­мыздың мәдениеті, даму тарихы, кәсіпо­рын­дардың ұйымдас­тыру­шылық, кә­сіби, экономикалық ме­ханизм­дері шетелдікімен сәйкес кел­мейді. Сондықтан көп жерде қа­зақстандық үлгілерді көрсетуіміз ке­рек.
Н.Қ.: Аударма көші басталды. Ары қарай жұмыс қалай өрбімек? Бұл оқулықтар жаңа бір идеяның бас­тауына жол аша ма?
Г.К.: Осыдан үш жыл бұрын үл­кен жобамен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ұсыныспен барған едік. Ондағы мақсат – қазақ тіліндегі МВА дайындау. Біздегі үлкен проблема – қазақ тілді бизнес дамымаған. Үлкен бизнес: банк, кор­порация, компаниялар қай тілде сөйлейді? Ресми тілде. Мемлекеттік тілде сөйлейтін шағын және орта кәсіпкерлік ғана. Біздің идея – қазақ тілді бизнесті кәсіби дең­гей­ге көтеру. Дамыған кәсіпорын­дар­ды ашу. Осыдан үш жыл бұрын қазақ бизнесін дамыту үшін қандай кітаптарды аударған жөн деп ізде­ніп, экономикалық сауатты кітап­тар­дың тізімін әзірлеген едік. Бола­шақ­та «Рухани жаңғыру» аясында осы бағдарламаны іске асыруды мақ­сат тұтып отырмыз. Осы мақ­сат­қа қол жеткізсек, қазақ бизнесі өркендей түсер еді.
С.Ө.: Бұл кітаптың қолданысқа енуі, студенттердің қолына тиюі біздегі менеджментті оқытудағы бір мақсаттың орындалуына сеп бол­мақ. Бағана атап өттім ғой, бұл кі­тап­тың ерекшелігі – теориядан бө­лек, практикалық мысалдар, кейс­тер көп деп. Солардың ішінде тек табысқа жету тарихы ғана емес, сәтсіздікке ұшырау мысалдары да көп. Оларды практикалық тұрғыда, неге олай жасауға болмайтынын түсіну үшін қолдана аламыз. Қазір біздің оқытушылар да қазақстандық ком­паниялар мысалында кейстер ар­қылы оқыту тәсілін қолданып жүр. Оқулық жазу үшін де жақсы үлгі – осы. Осылай кейстер арқылы оқы­туды дамыта бергіміз келеді.
К.М.: Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдар­ла­масын дамыту мақсатында әл-Фа­ра­би атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті жанынан осыны жүзеге асыратын ғылыми-инновациялық «Рухани жаңғыру» атты орталық ашыл­ған. Бұл орталық осы жұмыс­тар­ды жүйелеп, реттеп отыруға мұрындық болып отыр. Елбасымыз айтқан Цифрлық Қазақстан, латын қарпіне көшу, 100 жаңа оқулық, 100 жаңа есім, Қасиетті Қазақстан, Туған жер – бәрі бір-бірімен тығыз бай­ланысты. Қазір белгіленген кес­те бойынша жүзеге асып келеді. Ал­ла бұйыртса, алдағы уақытта мұн­ың нәтижесін көреміз деген ой­­дамыз.

Дайындаған Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу:

Пікір жазу


*