Ұрпаққа дамыған әрі көркем Қазақстанды қалдырамыз

1177
0
Бөлісу:

Латын графикасындағы қазақ әліпбиін мектепте 2022 жылы бірінші сыныптан енгізуге болады. Бұл туралы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында айтты. Мемлекет басшысы сұхбат барысында рухани жаңғыру үдерісіне қатысты өзекті сұрақтарға жауап беріп, конституциялық реформадан күтілетін нәтижелер жөнінде мәлімдеді. 
Сондай-ақ Елбасы халықаралық EXPO – 2017 мамандандырылған көрмесін өт­кізудің маңыздылығына тоқталып, оның жұмысы аяқталғаннан кейін кешен ны­сан­дарын пайдалану жоспары туралы ой бө­лісті. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев отан­дық туризмді дамытудың перс­пек­ти­валары және өңірлердегі мәдени-туристік клас­тердің қалыптасуы жөнінде әңгімеледі. Сонымен қатар Елбасы Шанхай Ынты­мақ­тастығы ұйымы, Еура­зиялық экономикалық одақ секілді интег­рациялық бірлестіктер аясындағы ынты­мақтастық мәселелерін тілге тиек етті.
Алғашқы сұрақ Мемлекет басшысының «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дарламалық мақаласына қатысты қойылды. Елбасы озық дамыған мемлекет болу үшін рухани дамудың маңыздылығын атап өтті.
– Кез келген мемлекеттің өркендеген эко­номикасы, сарабдал саясаты болғаны жөн. Бірақ қоғамының рухани санасы жо­ғары болмаса, отансүйгіштіктен жұрдай бол­са, елді алға қарай ілгерілету міндеттерін орын­дау мұңға айналады, – деді Н.Назарбаев.
Өз мақаласында Елбасы қазақ тілін бір­тіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыс­та­рын бастауды жүктеген болатын. Бұл ретте Президент латын графикасына көшкенде әріп­тердің үстіне әртүрлі элементтер жал­ғап, әліпбиін күрделендіріп жіберген кейбір елдердің бірқатар қателіктерін қайталамау қажеттігіне назар аудартты. Бұл үшін әліпбиді оңтайландыруға болады.
– Кириллицадан кірген, алайда бізге ке­рек емес әріптер бар. Мысалы, қазақта «щ», «я», «ъ», «ь», «ч», «ц» сияқты әріптер бол­ма­ған. Олар қазір біздің алфавитте отыр, пай­даланылмайды. Пайдаланылғанның өзінде, біздің қазақ тілінің негізгі нұсқа-ма­қамын бұзып жібереді. Екіншіден, менің ойым­ша, біз әріптерімізді компьютер тіліне лайықтап, ешқандай нүктесіз-жұрнақсыз жасауымызға болады. Мысалы, ағылшын тілінде «ш» деген әріпті «sh» деп, екі әріппен береді. Егер сондай жолдарын табар болсақ, ешқандай нүкте-сызықшаларсыз әліпби жасауға болады, – деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы латын әліпбиіне тек қазақ тілі ғана көшетінін, орыс тілі кирил­лицада қалатынын және орыстілді басы­лымдар ескі графикасында шыға беретінін баса айтты. Демек, бұл жерде бос байбалам болмауы тиіс.
Арнайы топ қазақ тілінің латынша әліп­биінің жобаларын осы күзде ұсыну үшін жұмыс жасауда.
– Бұл бағытта қазір үлкен жұмыс ат­қарылу­да. Жақында мен бір-екі нұсқасын қа­райтын боламын. Саладағы осы іспен ай­налысып жүрген ғалымдарды, тілмаш­тарды, мамандарды жинап, солармен бірге талқылау арқылы бір жобаға тоқтайтын боламыз. Бұл әбден ойластырып, асықпай жасайтын мәселе. Алдымен әліпбиді дайын­дап, жариялайық. Бірте-бірте енгі­зейік. Айталық, газет-журналдардың бір бө­ліктерін, кей мақалаларды жаңа әліп­бимен басайық. Жұрттың көзі үйренсін. Ба­лалардың бәрі ағылшын тілін оқиды, олар­да латын қарпіне қатысты қиындық бола қоймас. Содан 2022 жылдан бастап,
1-сы­ныпты түгел соған көшірсек, онда ары қа­рай ілгерілей беретін боламыз, – деді Елбасы.
Рухани жаңғыру аясында Елбасы «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсын­ған болатын. Президенттің пайым­дауынша, егер ұлан-байтақ даламыздағы барлық жер-су аттарын және олардың шығу тегін тіркеп қойсақ, әр өңірімізде өмір сүр­ген атақты тұлғаларды танысақ, «қазақтың тарихы ешқашан өшпейді», жадтарда жат­талып, мұрағаттарда сақталып қалады.
– Отан дегенде ең алдымен, есіңе ата-анаң келеді. Содан кейін кіндік қаның там­ған, сәби кезің өткен туған жерің еске тү­седі. Адам қанша жасқа жетсе те, ұйқысыз түн­дерде, не демалып отырғанда, бала кезі көз алдына келеді емес пе. Менде де үнемі со­лай болады. Кейде ойға батып, қиял қа­натына мініп, не ұйықтай алмай жатқанда, бала кезде кезген жерлерді ойша шоламын. Балалық шақтағыдай қиялмен Алатаудың баурайын шарлап, тауға өрлеп, ауылымның көшесін аралағанда, піскен алма, жидек­тер­дің жұпар иісін еске түсіргенде, жүрегім жы­лып, рақат сезімге бөленемін, – деген Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстан­дық­тарды туған жерге немқұрайды қарамауға, оған қарасып, ізгі істермен қолдауға ша­қыр­ды.
Мемлекет басшысы өзі бастамашы бол­ған «Қазақстанның киелі жерлерінің геог­ра­фиясы» жобасына да тоқталды.
– Францияға барсаң, олар Наполеонның жат­қан жерін, басқа да тарихи жерлерін көр­сетеді. Испандықтар да өздерінің ескі ас­та­насын, киелі тау-суларын паш етеді. Қа­зақстан да ешкімнен кем емес. Бізде де кие­лі жерлер көп, – деген Н.Назарбаев дү­ние­жүзіне көрсетуге лайықты киелі жер­лер қатарында Қожа Ахмет Яссауи және Арыс­тан баб кесенелерін, Отырарды, оң­түстіктегі Алтын адам табылған Есік ме­кенін, орта­лық­тағы Ұлытауды, Шығыс Қазақ­стандағы Берел кешенін, батыстағы Жайық бойында Алтын орда хандарының жатқан жерін атап өтті.
Сұхбат барысында Мемлекет басшысы Астанада өтіп жатқан ЕХPO жаһандық көрмесінің мән-маңызына жеке тоқталды.
– EXPO – 2017 тек Қазақстан үшін ғана емес, күллі технология әлемі үшін ешкім күт­пе­ген қуатты іс-шараға айналды. Біз қыс­қа уақыт ішінде Астанада жаңа әрі үлкен ауданды тұрғызып шықтық. Бұл – ерекше аудан. Ол қазірден-ақ барша қазақстандық­тар мен шетелдік қонақтар баратын сүйікті, көрнекті орынға айналды. Біз көрме өтетін үш ай бойында келушілер саны 2 миллионға жетеді деп жоспарлағанбыз. Алайда екі ай ішінде ғана 2,5 миллион адам келді. Әрбір павильонға кіру санын есептегенде, бұл көрсеткіш 20 миллионға жеткен, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы EXPO-ға келген көптеген ше­телдік қонақтар мен саяхатшылар Қазақ­стан­ның өзге өңірлеріне сапарлағанына, яғни, бір жағынан, жаһан жұртшылығы елімізді танығанына, екінші жағынан, отан­дық туризм дамығанына назар аудартты. Осы­лайша, «Қазақстан әлемге танымал бола түсті». Дегенмен, Президенттің байла­мын­ша, EXPO-ның басты мән-маңызы – «қазақ елін ғылыми-технологиялық прог­рес­ке бағдарлауы» болып табылады.
Сұхбат барысында Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағ­дарламасының ішкі туризмді өркен­детуге қомақты үлес қосқанын атап көр­сетті.
– «Нұрлы жол» бағдарламасының мәнін қазақстандықтар әлі түсіне қойған жоқ. Біз тарихымызда ұлан-ғайыр жеріміздің о ше­тінен бұ шетіне дейін еш уақытта мұндай даң­ғыл жолдар салған емеспіз. Қазір Шым­кенттен Алматыға не Ақтөбеге көзді ашып-жұмғанша, жылдам жетуге болады. «Нұрлы жол» бағдарламасы Астанамыздан шұғы­лалы қағидат бойынша, күн нұры сияқты жан-жаққа жолдарды таратады. Ел эко­номикасы іштен дамуы үшін өз өңірлеріміз арасында қарым-қатынас болуы керек, адамдар мен жүк әрлі-берлі ағылуы тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы ішкі туризм мен бизнесті да­мытудың негізгі шарты да осы екенін нық­тады: «Егер елге келген саяхатшылар жақ­сы жолдармен елді шарлай алмайтын болса, туризм дамымайды. Мына жолдар бойында тиісті инфрақұрылым, қонақүйлер, дәм­хана-асханалар пайда болады, бизнес да­миды».
Елбасының айтуынша, бұл жолдар – біздің ұрпаққа қалатын мұра­мыз: «Иен далада, Бетпақдаланың өзінде теміржол стансалары пайда болды. Ауыл­дар, тұрғын үйлер бой көтерді. Босап қалған жерлері­міз­дің жүзіне қан жүгіріп, өмір келді. Қазір са­лып жатқан инфрақұрылым мен жолдар ұрпаққа қалады, кейін олар: «100 жылдан бері осы жолдармен жүріп ке­леміз», – деп айтып отыратын болады», – деп түйді Пре­зи­дент.
Бурабайдың баурайында өткен сұхбат соңында Елбасы барша қа­зақ­стандықтарды әсем табиғатымызды аялауға шақырды.
– Құдай бұйыртса, біз де туризмнен мол қаржы табатын, елімізді әлемге белгілі ете­тін боламыз. Ол үшін демалыс орындарын, жағажайларды жөнге келтіруіміз керек. Сонымен бірге, экологияны, әсем табиға­ты­мызды сақтап қалуға тиіспіз. Оны аялап ұстауымыз шарт. Адамды көп келтіреміз деп, бәрін аяққа таптатуға да болмайды. Көркем әрі керемет жерімізді сақтап, ұрпақ еншісіне тапсыру – бізге парыз! – деп қо­рытты сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*