Өзбектер Қазақстан тәжірибесімен танысты

818
0
Бөлісу:

Өзбекстан Жоғарғы сотының басшысы елімізге ресми сапар жасады. Өзбекстан Жоғарғы сотының төрағасы Козимджан Камилов бастаған судьялар делегациясы Шымкент қаласына ресми сапармен келді.

Іссапар аясында қадірменді қо­нақтар өңірдің мамандандырылған соттарының қызметімен танысты. Өзбек судьялары делегациясына елдегі сот жүйесінің ақпараттық комму­никациялық технологияларының жұмысы ұсынылды.
Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облыстық сотынының ғимаратында Қазақстанның Жоғарғы сотының басшысы өзбек әріптесімен кездесу өткізді. Әңгіме басында Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми К.Камиловты Өзбекстанның Жоғарғы сотының төрағасы лауазымына тағайындалуымен құттықтады.
– Біздің алғашқы кездесуіміз Шым­кент қаласында өтуде. Мұның біз үшін, яғни, көрші әрі туысқандық елдер үшін символдық мәні бар, – деді Қ.Мәми.
Бұған қоса, ол әріптесін еліміздің сот жүйесінің жұмысымен және Елбасы бастамашылық еткен Ұлт жоспарының аясындағы сот реформасының негізгі жетістіктерімен таныстырды. Бұл ретте енгізілген жаңашылдықтардың іс жүзіндегі нәтижелеріне ерекше көңіл бөлінді. Қайрат Әбдіразақұлының айтуынша, сот сатыларын оңтайлан­дыру нәтижесінде сот дауларын қарау­дың ең ұзақ мерзімі екі есеге қысқар­тылды. Бүгінде азаматтық істердің көпшілігі тараптарды сотқа шақыру­сыз, жеңілдетілген өндіріс тәртібімен қарастырылады. Елдегі қылмыстық істердің төрттен бір бөлігі 10 тәулік мерзімге дейін жеңілдетілген процедура бойынша қаралады.
Сонымен қатар Қ.Мәми бітімге келу процедураларын және медиацияны енгізудің қазақстандық тәжірибесіне, Халықаралық кеңестің қызметіне тоқ­талып өтті. Электрондық сот төрелігін жүзеге асыруды да тілге тиек етті. Сон­дай-ақ сот білімін алу және республи­каның Жоғарғы соты жанындағы Сот төрелігі академиясының қызметіне көңіл бөлді.
Кездесу барысында өзбекстандық тарап соттарды реформалау және электрондық технологияларды енгізу бойынша Қазақстанда атқарылған жұмыстарға ынта-ықылас танытты.
Кездесу соңында Қазақстан Жоғарғы сотының төрағасы өткізілген кездесу үшін алғысын білдіріп, оның маңыздылығын атады. Сонымен бірге, биыл Ташкент қаласында өтетін ШЫҰ-ға мүше елдердің Жоғарғы сот төраға­ларының кезекті кеңесі барысында екі елдің Жоғарғы соттары арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою бойынша ұсыныс білдірді. Аталған құжат Қазақстан мен Өзбекстан сот органдарының қарым-қатына­сының басты бағыттары мен форма­ларын белгілейді.
Кездесу аяқталғаннан кейін өзбекстандық делегация Қ.Мәмидің төрағалығымен және өңірлердің қосы­луымен өткен бейне-конференцияға да қатысты. Бұл жиынға «Электрондық сот төрелігінің өзекті мәселелері» тақырыбы арқау болды.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*