Жеңіл өнеркәсіптің жағдайы қалай?

2212
0
Бөлісу:

Жеңіл өнеркәсіп – ел экономикасының күретамырына айналар маңызды салалардың бірі. Халықтың сұранысы жөнінен тұтыну тауарларының ішінде азық-түлік өнімдеріне ғана жол беретін жеңіл өнеркәсіп саласы өндірісін жолға қоюдың елдің импорт қауіпсіздігін қалыптастырып, халықтың басым бөлігін жұмыспен қамтуда үлесі зор.
Finprom.kz сараптама орталығының мәліметінше, өткен жылы Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындардың 27 пайызы жабылып қалған. Сондай-ақ киімнің 97 пайызы, аяқкиімнің  96 пайызы, мақта-мата өнімдерінің 60 пайызы шетелден импортталады. Қазақстан Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауым­дастығының президенті Любовь Худованың ұсынған ақпаратына сәйкес, 2000 жылдары жеңіл өнеркәсіптің өңдеу саласындағы үлесі 2 пайыз болса, 2016 жылдың соңында бұл көрсеткіш 0,5 пайызды құраған.

Кеңес Одағы тұсында жеңіл өнеркәсіп са­ласы Қазақ КСР бюджетінің төрттен бір бөлігін қамтамасыз етіп, Алматы мақ­та-мата комбинаты, Жамбыл аяқкиім ком­бинаты, Семей жүн-былғары ком­би­наты сияқты ірі кәсіпорындардың саны мыңнан асып-жығылатын. Тәуелсіздік алатын 90-жылдардың өзінде жеңіл өнер­кәсіптің жалпы өндіріс саласындағы көлемі 15,8 пайыз болған. Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдары экономиканы аяққа тұр­ғызу үшін шақырылған шетелдік ин­весторларға одақтас елдермен бай­ла­ны­сын үзіп алған тоқыма, тігін зауыттары тар­тымсыз көрінген шығар, бірақ одан кейін­гі 26 жылда қабылданған мемлекет­тік бағдарламалар қол еңбегіне құрылған та­ныс саланың еңсесін көтеруге неге кө­мектесе алмағаны белгісіз.

Жеңіл өнеркәсіптің ауыр жағдайына шолу жасау үшін, осы саладағы негізгі мәселелерді санамалап көрдік. Қазақстан Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауым­дастығының президенті Любовь Худова саланың дамуына тежеу болып отырған ішкі нарықтағы жағдайлардың теңсіздігі деп есептейді. Ішкі теңсіздікті сарапшы-маман екі түрлі мысалмен түсіндіреді:
– Бірінші, Қытайдан, Қырғызстаннан елімізге тауар алып келетін физикалық тұлғалардың арнайы салық төлеместен, еш қиындықсыз жүзеге асыратын карго-тасымалдары базарлардағы арзан тауар­ларды қалыптастырады. Салыстырмалы түрде, отандық қымбат аяқ киім мен қытайлық арзан балама тұрғанда, бір жалақыға бар баласын бастан-аяқ киін­діруге шамасы жоқ ата-ана қолжетімді нұсқаға жүгіреді. Шекара асып келетін көрші мемлекеттің тауары сапасыз екенін білсе де, сананы тұрмыс билеп, адамдар соны жаппай сатып алып жатыр. Кедендік тексеріс кезінде сапасы есепке алын­байтын, тек жүгінің көлемі мен салмағы үшін ақша төлейтін саудагерлер отандық кәсіпорындарға үлкен бәсекелес болып отыр. Екінші теңсіздік, шикізат экспорты кезінде туындайды. Елімізде тері, мақта, былғары сияқты шикізат қоры мол. Бұл бізді жеңіл өнеркәсіптің әлемдік на­рығында әлдеқайда әлеуеті жоғары ел етеді. Өйткені шикізаты өзінен шығатын елдің өзгеге тәуелділігі жоқ, тауары да арзан болады. Соған қарамастан, біздегі шикізаттың 80-90 пайызы экспортталады. Оны өңдейтін зауыттар аз болса да, бар. Бірақ, айталық, мақта өндірушілерге өнімін шетелге сатқан тиімдірек. Экспортқа шығарылатын шикізат үшін қосымша құн салығынан босатылады. Дәл сол мақтаны ішкі нарықта сатса, ешқандай салықтық жеңілдікті пайдалана алмайды. Өзбекстанда ішкі нарыққа шикізат өткізген азаматтарға 15 пайызға дейін салықтық жеңілдік қарастырылған.
Жеңіл өнеркәсіптің артықшылығын түсінген елдер бұл саланы мемлекеттік қолдаудың тиімді тетіктерін қарастырып отырғанын алға тартқан Любовь Худова бір-екі мысалға тоқталды:
– Өзбекстанда жеңіл өнеркәсіп сала­сындағы кәсіпорындар корпоративті салықтан босатылады. Бірақ оларға сол қаржыны өндірісті алға ілгерілету үшін өз кәсіпорнына инвестициялау талабы қойылады. Біз 2007 жылдан бері Қазақ­станда да осы әдісті енгізуді ұсынып келеміз. Дегенмен, бұл ойымыз мемле­кеттен қолдау таппады. Біздің кәсіпкерлер үшін сауда орындарына тауарларын сатылымға қою – үлкен мәселе. Ресейде халық көп жүретін сауда орталық­тарындағы орындардың 30 пайызы ресейлік тауар өндірушілерге берілуі керек деген талап бар. Бізде мұндай жерлердегі сауда орындары қымбат бағада жалға беріледі. Ішіне кірсең, шетелдік тауар белгілерінен көз сүрінеді.
Жеңіл өнеркәсіптің тынысын тарыл­тып тұрған тағы бір мәселе – кадр тап­шылығы. Осыдан бұрын, «Айқында» жарияланған кәсіпкерліктің жай-күйі жөніндегі мақаламызда отандық аяқкиім өндірісімен айналысатын Әсел Болатқызы елімізден табылмаған былғары шеберін Ресейден алдырып отырғанын айтып, мамандар мәселесін тілге тиек етіп еді. Любовь Худова да, жеңіл өнеркәсіптің жекелеген салалары бойынша қолында дипломы бар жастардың оқу бітірген соң, өзге кәсіптің тізгінін ұстап кететінін айтады. Мемлекеттік гранттан қағылмау үшін осы мамандыққа тапсырған жастар елімізде дамуы кенжелеп тұрған фабри­калар мен зауыттардағы жұмысшылар қатарын толықтыруға құлықсыз көрінеді.
Қазақстандық тігін фабрикаларының басым көпшілігі арнайы кәсіптік киімдер тігумен айналысады. Өйткені тендер ар­қылы келетін үлкен көлемдегі мемлекет­тік тапсырыстар кәсіпкерді дүкен сөресіндегі киімі өтпесе, жұмыскерлерге жалақыны қайдан тауып беремін деген артық уайымнан арылтады. Кепілден­дірілген қаржыға жұмыс істеуге бейім болып алған отандық тігін цехтары Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында шетелдік брэндтердің бәсекесіне төтеп бере алады дегенге сену қиын. Көп киімді бір деммен тігіп шығатын кәсіпорын­дардың қолынан шыққан көшедегі тәртіп сақшыларының дене өлшеміне кел­мейтін, кең киімдері әзіл мен әжуаға аз ілінген жоқ. Олардың сапасы халық­аралық талапты қанағаттандыратын дең­гейде екеніне тағы да күмән бар.
Қазір Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп саласы ішкі сұраныстың тек 10 пайызын қамтамасыз етеді. Кез келген мемлекет үшін қауіпсіздігін нығайтуда бұл көр­сеткіш ең кемі 30 пайызды құрауы керек. Біздегі жағдай, ең минималды қорғаныс деңге­йінен 3 есе төмен. Көңілге қуаныш ұя­лата қой­майтын бұл цифрлар жеңіл өнер­кә­сіптің жағдайына алаңдаушылық білдіруге негіз бар екендігінің тағы бір дәлелі.
RFCARATINGS рейтинг агенттігінің зерттеулеріне сәйкес, жан басына шақ­қандағы азық-түлікке жатпайтын тұтыну тауарларына жұмсалатын қаржы жалпы табыстың 25,6 пайызын құраса, оның 10,8 пайызы киім мен аяқ киім алуға бағыт­талады. Қазақстандық тұтынушылар жеке табысының 11 пайызына ай сайын жеңіл өнеркәсіп тауарларын сатып алады. Соңғы 7 жылда бұл шығын мөлшері тұрақ­тылығын сақтап келеді. Яғни, дағ­дарыс не күнкөріс деңгейінің төмендеуіне қарамастан, адамдар киінуден бас тарта қойған жоқ деген сөз. Жоғарыда айтылған дерек жеңіл өнеркәсіптің тұтынушы назарынан тыс қалмайтын, өнімі өтімді сала екендігіне талас тудырмайды. Ендеше, халықтың сұранысы жоғары, қызығушылығы үлкен саланың кеудесіне жан, тамырына қан жүгіртетін уақыт әлдеқашан жеткен сияқты.

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*