Жан жадыратқан жаһандық көрме

781
0
Бөлісу:

Дүйім жұрттың назарын аудартқан, жаңа технология жетістіктерін бір ортаға жинаған, Қазақстан жұртшылығы асыға күткен жылдың басты оқиғасына айналған EXPO – 2017 көрмесі 10 қыркүйекте салтанатты түрде жабылады.

«Болашақ энергиясы» тақы­рыбын арқау еткен көрме елімізге ғылыми жаңалықтардың дендеп еніп, экономика саласында өр­кен­деу байқалғаны жасырын емес. Үш айға созылған көрмені та­ма­шалаған ғаламның түкпір-түкпірінен келген меймандар Астананы Еуразия жүрегіндегі сұлу шаһарға балап, көрмеге там­санғанын жасырмады. Маңызы жағынан дүниежүзілік эконо­микалық форумдармен, ал турис­тік тартымдылығы бойынша ең танымал әлемдік деңгейдегі спорт­тық жарыстармен салыс­тыруға тұрарлық жаhандық ау­қымдағы оқиғаның Астана төрін­де өтуі еліміз жайында жаңа көз­қа­растар, ойлар қалыптас­тырғаны анық. Айтулы шараға әлемнің 115 елінен және 22 халықаралық ұйым­нан келген қа­тысушылар болашақ энер­гиясы саласындағы жаңа тех­ноло­гияларды ұсынды.
Қазақстан үшін бұл көрме үлкен жаңа белес болды. Бір жа­ғынан, көрме туристік әлеуеті­мізді көтеріп, барлық саладағы эконо­микалық қарым-қатынас­та­рымызды нығайта түскені аңға­рылды. Мәселен, осы уақыт ішін­де тауар айналымы 20 па­йызға өссе, ойын-сауық және сауда орталықтарына бару жиілігі екі есеге артты. Туризмде де жан­дану байқалды. Туристік орта­лық­тарға жүгініп, қызмет сатып алушылар қатары 78 пайызға артты. Әуе рейстері 1,3 пайызға артып, Хельсинки, Будапешт, Варшава сынды қалаларға жаңа рейстер ашылды. Күніне 7 мың адам әуе қатынасымен, 16 мың адам пойызбен келуде.
Көрме алаңында көздің жауын алған «Нұр әлем» шары қала көркін одан бетер ажарлан­дыра түсті. Ең танымал көрме па­вильон­­­­дары қатарына Египет, Африка, Түркия, Таиланд, Әзір­байжан, Өзбекстан, Үндістан, Ре­сей, Жапония және Сауд Ара­биясының алаңдары кірді. Негі­зінде, келушілер саны 2 мил­лион адам, ал павильондарды аралау жиілігі 5 миллион адам болады деген болжам жасалған болатын. Алайда көрменің жабылуына 37 күн қалғанда бұл көрсеткіштерді де еңсердік.
Елбасы EXPO – 2017 көрме­сінде таныстырылған жобаларға жоғары баға беріп, бұл өзге ел­дерден тың технологияларды үй­ре­нетін үлкен тәжірибе алаңы бол­ғанын баса айтты. Тағы бір айта кетерлігі, EXPO – 2017 нысандары көр­меден кейін де қолданысқа бе­ріле­ді. Қазірдің өзінде халық­ара­лық банктер, бұқаралық ақ­па­рат құ­ралдары осы жерден өз кең­селерін ашуға қызығушылық танытуда.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*