Дүйім дүние көз тіккен EXPO рухымызды көтерді

1298
3
Бөлісу:

EXPO – 2017 көрмесі тұп-тура тоқсан күн бойы әлемге есігін айқара ашты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана мен еліміздің барлық өңірлері күш жұмылдырғанының арқасында EXPO – 2017 көрмесі мәреге табысты жетіп, ел экономикасын дамытуға мультипликативтік тұрғыдан оң әсер еткенін ерекше атап өтті.

– Шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорын құны 640 мил­лиард теңге болатын тауарларды жеткізуге және қызмет көрсетуге тап­сы­рыс алды. Туристік сектор жандана түс­ті. Туроператорлардың қызметіне де­ген сұраныс 1,8 есе артты. Астанада кә­сіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыздан аса көбейді. Елорда бюдже­тіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өсті. Қазақстанның аста­на­сы бүкіл әлемнің назарын өзіне ау­дар­ды, – деді Елбасы.
Көрменің басты тақырыбы – «Бо­лашақ энергиясы». Президентіміз осы тақырып аясында озық идеялар мен тех­нологиялардың дамуына түрткі бол­ған және әлемде ғылымның өзара ық­пал­дас­тығын нығайтуға септігін ти­гіз­ген көрменің бірқатар жағымды ас­пек­тілеріне тоқталды. «EXPO бүкіл әлем­нің интеллектуалдық және техно­логиялық әлеуетін көрсетуге зор мүм­кіндік берді. Мұнда жаңартылатын энер­гия көздері саласындағы 140-қа жуық ғылыми жаңалық көпшілік на­зарына ұсынылды» деп атап өтті Мем­лекет басшысы.
EXPO аясында қазіргі заманғы энер­гетикалық саясаттың басымдық­тары жөнінде жаһандық диалог ұйым­дастырылғанын және энергетика мен экология саласындағы заманауи проб­ле­маларды шешуге арналған ұсыным­дар әзірленді. Бұл турасында Елбасы: «EXPO көрмесін өткізу арқылы біздің ел «жасыл технологияларды» дамыту идея­сына берік екенін тағы да дәлелдей түс­ті. Жалпы біздің көрме «таза энер­ге­тиканы» жаһандық деңгейде дамыту­ға айрықша үлес қосатынына сенімді­мін» деді.
Халықаралық көрме аясында әлем­нің барлық мемлекеті ең үздік тех­но­ло­гиялық, ғылыми-мәдени жетістік­те­рін көрсетуге тырысты. Нендей озық дүние болса, соның бәрі көрменің тө­рін­де тұрды. Әлем қазақтың астана­сы­на көз тікті, көңіл бөлді. Бұл да қазақ­тың ең үлкен жетістігі. Бәсі биік бә­се­кеде Астананың аты озық шықса, бе­кер болмағаны.

Биылғы жылдың ең теңдессіз оқиғасына айналған көрме балама қуат көзін өн­дірудің оңтайлы жолын іздегендердің басын бір арнаға тоғыстырды. Ғылыми-мә­дени жетістікке қол жеткізген әлем өз жа­ңалығын Астананың төрінде көпшілікке паш етті. Дүйім дүние көз тіккен EXPO Қазақстанның атын тағы бір асқақтатып жіберді.
Тоқсан күннен астам уақыт елдің аң­са­рын аударған көрме де өз мәресіне жетті. Мемлекет басшысы көрменің жа­былу сал­танатында: «Астанадағы EXPO – 2017 көр­месінің жоғары деңгейде әрі табыспен өт­кенін зор мақтанышпен айт­қым келеді. Бұл тәуелсіз Қазақстанның абы­ройын асқақ­татқан айрықша жетістік­тердің бірі болды. Елорда 3 ай бойы 115 ел мен 22 халықаралық ұйымның басын қосқан EXPO шағын қала­шығына айналды. Бұл көрме Қазақстанның танымалдылығы мен туристер үшін таным­дылығын арттырды. Елімізге келген мей­мандарға халқымыздың қонақжайлылығын көрсете алдық. Біз болашақтың энергия­сына қатысты бүкіл әлемнің тәжірибесін өз жерімізде тоғыстырдық» деп атап өтті.
EXPO – 2017 көрмесін 4 млн адам аралап көрді. Олардың 3/2 бөлігі жастар мен оқушылар. Баршаның назарын ау­дарған елордаға күн сайын 40-50 мың адам келіп тұрды. Көрмені 180 мемлекеттен жарты миллион адам тамашалады. Әрбір алтыншы қонақ шетелдік болғанын ерекше айтып өтуге болады.
EXPO-ның ең танымал павильоны – «Нұр әлем». «Нұр әлемді» көруге асық­қандар қарасы соңғы күнге дейін үзілген жоқ. Басталғалы бері бұл павильонға 1 млн 300 мың адам кіріп шықты. Дүниежүзі көр­ген EXPO беделімізді биіктетті, рухымызды көтерді. Жаһан жұрты жарыса жазған елі­міздегі басты шара Қазақстанның таны­малдылығын арттырып қана қойған жоқ,
ел экономикасына да оң әсерін тигізді. EXPO – елдер мен өркениеттерді жалғаған алтын көпір. Бұл көпірді тұрғызуға атса­лысқан әрбір азаматтың еңбегі ерен. Осы орайда Елбасы көрменің сәтті өтуіне жұмыла кіріскен еріктілермен қатар, осы бірегей бастаманы жүзеге асыруға қолдау білдірген барша Қазақстан халқына ризашылығын жеткізді.
«Осымен халықаралық мамандан­ды­рыл­ған EXPO-ны жабық деп жария­лаймын. Көрменің сәтті өтуіне мыңдаған адам атсалысты. Ең алдымен, Қазақстан халқына шын ризашылығымды білдіремін! Барша­ңызды қазақ жеріндегі шараға қатысқан­дарыңыз үшін алғыс айтамын! Еліміз осындай шыңдарды ала беретін болсын!» деді Елбасы.

Соңғы күннің жүгі ауыр…
EXPO жұмысының бітуіне бір күн қалғанда, көрмеге келушілер саны үш-төрт есе артты. Бір күн ішінде 100514 адам көр­мені тамашалауға келген. Салыстырып қа­райық. Көрме алғаш ашылған тұста, яғни алғашқы күндері тәулігіне орта есеппен 22 840 адам көрмені араласа, соңғы жағына қарай келушілер саны көбейген. Қытай, Гер­мания, Катар, Оңтүстік Корея, Финлян­дия, Малайзия павильондарында кезекте тұрғандар саны өте көп. Мерекелік шеру мен концерттік бағдарламадан кейін де па­виль­ондарды аралаушылар легі толастаған жоқ. Көрме кешкі сағат 22:00-ден түнгі 03:00-ге дейін жалғасты.
Сонымен EXPO бізге не берді?
Алыс-жақын елдерден көрмені та­машалау үшін келген қонақтардың қарасы үзілген жоқ. Олардың арасында қазақ астанасының табалдырығын алғаш аттаған­дар да бар. «Көрме жоғары деңгейде ұйым­дастырылған. Бұл – біз үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Тіпті Астанадан кеткіміз келмей қалды. Сәті түссе, Қа­зақстанға, елордаға қайта жол түсер. Бұл көрме біздің мәңгі есімізде қалды» дейді көрмеге Еуро­падан келген қонақтардың бір парасы. Египеттен, Африка құрлығынан келген қо­нақтар да Астананың сұлу келбетіне тамса­нады. Ирандықтар да EXPO-ға дән риза. «Үш ай бойы көрме жайлы ақпарат тарат­тым. Бұл шара Қа­зақстанның абыройын асқақтатты. Шараға бүкіл әлем көз тікті» дейді Амирхушанг Данви мырза.
EXPO халықтар достығы мерекесіне айналды. Біріншіден, бұл – еліміз үшін үлкен абырой. Ауқымы жағынан Олим­пиада ойындары мен әлемдік футбол чемпионатынан кем емес көрмені өткізу – ТМД кеңістігінде алғашқы болып Қа­зақстан­­ның маңдайына бұйырыпты. «Бұл – бізге берілген сенім квотасы».
Екіншіден, үш ай ішінде Астанаға
4 мил­­лиондай қонақ келді. Бұл миллиондар­дың ішінде инвесторлар да, туристер де, журналистер де, қарапайым адамдар да бар. Үшіншіден, көрме Астананың инфрақұры­лымына үлкен серпіліс әкелді. Жаңа қо­нақүйлер салынды, жаңа жұмыс орындары ашылды, сауда-саттық өркендеді. Шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік туды. Рухымыз көтеріліп, ғылымға ұмтылыс күшейді. Төртіншіден, көрменің басты тақырыбы – «Болашақ қуаты». «Жасыл технологияларды» дамыту, балама қуат көз­дерін табу мәселесінде ұтымды шешім­дер қабылдауға жол ашты. Бұл тарихтан да белгілі жайт. Мәселен, 1939 жылы Нью-Йоркте өткен әлемдік көрмеде Рузвельт экранға шығып, жиналғандарды таңғал­дырған екен. Содан бастап телевидение саласы өрістей бастады. Эдисонның фоно­графы да Париж көрмесінде танымал бол­ған еді. Сол секілді Астана көрмесінде де жаңа технологиялар мен ғылыми жетіс­тіктердің бағы жанды.


Елдос НҰРБОЛҰЛЫ,
Энерготиімділік және ресурсты үнемдеу қоғамдық палатасының басшысы:

ЕХРО аясында заңнамалық база қалыптасты
– EXPO – 2017 халықаралық көрмесін өткізу мәртебесі бізге бұйырған күннен бастап еліміздің экономикасын транс­форма­циялауда бірқатар оң өзгерістер болды. Оның негізінде қоршаған ортаның ластануына әкелетін қалдықтардың зиянын төмендете отырып, экономикалық про­цестерді жүргізуге бағытталған жасыл экономикаға көшу концепциясы да бар. Бұл тұжырымдаманың әртүрлі мәселелерге бағытталған «жеті жарғысы» айқындалған. Мәселен, «жасыл энергетиканы» дамыту бағытын алайық. Халықаралық EXPO – 2017 мамандандырылған көрмесінің өтуі осы саладағы бірқатар заңдардың қабыл­дануына да септігін тигізді. Елімізде «Жаңар­тылатын энергия көздерін пайдала­нуды қолдау туралы» заңы, «Энергия үнем­деу және энергия тиімділігін арттыру ту­ралы» заңы, «Органикалық өнім өндіру туралы» заңы қабылданды және осы заңдарды жүзеге асыру үшін мемлекеттік қолдау бар. Оның үстіне, халықаралық көрме шеңберінде отандық және шетелдік үкіметтік ұйымдар мен бизнес өкілдерінің түрлі кездесулері өтті. Осындай басқосу­ларда шет мемлекеттен келген делегация өкілдері өз технологияларын танытуға, тіпті өндіріске енгізуге даяр болды. Бірқатар екі жақты келісімдер жасалып, шетелдік компаниялар еліміздің аумағында өз серік­тестерін тапты. Мәселен, елімізде жы­лына 5 миллиондай қатты тұрмыстық қал­дықтар жиналады да, оның 2 пайызы ғана өңделеді. Осы орайда, Италия, Испания сын­­ды да­мыған мемлекеттердің өнер­тапқышта­рымен кездесіп, олардың тәжі­рибесіндегі қызықты да тың техноло­гиялармен таныс­тық. Енді осындағы жобаларға инвестор тартып, алдағы уақытта республика ау­мағында жүзеге асырсақ, бір экологиялық проблеманың түйінін тарқатқан болар едік.
Бұл көрмеге түрлі технологиялық жетіс­тіктер қойылды. Енді осы техноло­гияларды дамытуды қолдау мәселелері күн тәртібіне ілінді. Мәселен, «Нұр әлем» павильонында отандық өнертапқыштар өз технология­ларын ел назарына ұсынды. Бұлардың бар­лығы дерлік іс жүзінде жұмысқа жарамды және балама энергия көзін өндіруге бағытталған. Дегенмен, көрме аяқталғаннан кейін жаңағы жоба­лардың ел игілігіне жарамдысын, мем­лекеттің экономикасына тиім­дісін, яғни өндіріске енгізуге болаты­нын іріктеп алуымыз қажет. Дамыған мем­ле­кеттер таныстырған балама қуат көз­дерін өндіру технологияларына да аса ма­ңыз берілуі шарт. Сондай-ақ жел, су, күн сәу­лесінен алынған энергияны тиімді пай­далануды да меңгеруіміз қажет. Мәселен, америкалық бір компания баламалы қуат көздерінен алынған энергияны сақтау жүйелерін жасаған. Ұлыбритания павильо­нынан көрген графендік шамдар да энергия үнемдеуді көздейді. Осындай дайын техно­логияларды енгізу ел экономикасы үшін аса тиімді. Оның үстіне, мемлеке­тімізде жасыл энергетиканы дамытуға бағытталған жүйелі заңнамалық база қалыптасты.


Салтанат РАХЫМБЕКОВА,
«Жасыл экономиканы» қолдау және G-global-ды дамыту коалициясының басқарма төрайымы:

«Жасылдандыру» жобасының қақпасы ашылды
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың 2012 жылғы «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемле­кеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын­да «жасыл экономикаға» көшу мәселесіне назар аударылды. Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын Қа­зақстан­ның «жасылдандыру» жобасын жүзеге асыруға мол мүмкіндігі бар. Алайда табиғат ресурстарын тиімді пайдалануды ұйымдастыру үшін экономикалық мүм­кіндікке негізделген кешенді тәсіл қажет. Елордада өткен халықаралық EXPO – 2017 мамандандырылған көрмесі аясында осы айтқан кешенді тәжірибе алмасу алаңын құра алдық. Елбасы бұл көрмеге дайындық кезеңінде дүниежүзілік деңгейдегі «жасыл экономика» саясатымен танысып, соның ішіндегі елімізге тиімдісін меңгеру туралы тапсырма берген-ді. Пре­зидент, әсіресе, бүгінде шалғай аймақ­тарға жеткізілетін қуат көздерін баламалы электр энер­гиясымен алмастыруды баса айтқан болатын.
EXPO – 2017 көрмесі шеңберінде «жасыл экономиканы» қолдау және дамы­туға бағытталған түрлі халықаралық форум­дар өтті. Дамыған мемлекеттер осы сала­дағы өз тәжірибелерін ортаға салып, түрлі серіктестіктерге қол жеткіздік. Үш жылдан бері бірқатар үкіметтік емес ұйымдар бі­рігіп, «жасыл экономиканы» қолдау әрі да­мыту мақсатында коалиция құрдық. Ас­тана­дан 40 шақырым жерде «Арнасай» деп аталатын «жасыл эконо­микалық» орталық ашылды. Екі жылға жу­ық жұмыс істеп тұрған орталықтың мақ­саты – республика бойынша жасыл технологияны пайдала­натын өнертап­қыштарды іріктеу және тың дү­ниелерін жүзеге асыра алу үшін бизнес серіктестерді тарту. Көрме аясында ма­кеттерді тамашалау бір басқа да, «Арнасай» орталығында іс жүзінде жүзеге асырылып жатқан қон­дырғыларды көру мүлдем бөлек дүние. EXPO-ға шеттен келген қонақтар осы орталыққа бас сұғып, технологиялық мүм­кіндігіміз хақында біраз ұсыныс-пікірлерін айтты.
Жалпы, EXPO – 2017 халықаралық көр­месі – «жасыл экономиканы» қолдау әрі да­мыту саясатының үлкен қақпасы. Біздің мем­лекет үшін дүниежүзінің назары ауған «жасылдандыру» жобасының дарбазасы ашылды. Ендігі кезек сан қырлы саланың ішіне еніп, қыр-сырын меңгеру. Ол үшін халыққа кең көлемде насихат қажет. Мәсе­лен, органикалық жемістер мен көкөністер өсіруге, ірі қара малының қалдықтарынан био­газдық қондырғылар арқылы тыңайт­қыштар өндіруге, ауыл шаруашылығында қалдықсыз технология­ны қалыптастыруға болады. Қуат көзін күннен, судан, желден алатын баламалы қондырғылар орнату тағы бар. Осындай технологияларды халық ара­сында, әсіресе, шалғайдағы ауыл тұр­ғындарына танысты­руымыз қажет. Қызы­ғушылық танытқан шаруаларға тех­ноло­гияның мүмкіндіктерін меңгеруге жағ­дай жасасақ, олардың арасында бәсекелестік пайда болады. Сәйкесінше, бәсеке бар жерде, сапалы өнім болады.
Гүлзина БЕКТАС,
Айдана НҰРМҰХАН


P.S.
EXPO инфрақұрылымдарын көрмеден кейін де пайдалана аламыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Нұр әлем» және көрме тақырыбы көрініс тапқан басқа да бірқатар павильондар EXPO мұрасы ретінде сақталады. Көрменің аяқталуы бірнеше ауқымды жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік береді. Ең алдымен, мұнда «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасады. Ол қаржы хабына, инвестиция тартатын орталыққа айналып, халықаралық қаржы жүйесінде лайықты орынға ие болуға тиіс» дейді.

Бөлісу:

3 пікір жазылған

  1. Айгерим 18 Қыркүйек, 2017 at 12:04 Жауап

    Иә, дүйім жұртты шулатқан Экспо көрмесі де аяқталды. Эксподан кейін жаңатынысқа ие болып, одан әрмен елді қуантса болғаны.

  2. Мұқан 27 Қыркүйек, 2017 at 03:28 Жауап

    ЕХРО мен ЭТНОауылды бөлек қоюы өзіміздің дәстүрлі мәдениетімізді жасыру ма әлде ұялу ма? Не деген бассыздық?! Егер шетелдіктерді күтсек оларға өзіміздің мәдениетін көрсету керек қой. Егер мен басқа елге барсам, олар тек өздерінің төл мәдениетін және дәстүрін көрсетеді. Ұйымдастыру жағынан сол ұнамаған жоқ

Пікір жазу


*