Сап түзеген Сыр сәулеті

1509
0
Бөлісу:

Ақмешіт атырабы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көріп отырған аймақтың бірі. Қарқынды құрылыс алаңына айналған Сыр елінде мемлекеттік бағдарлама барлық салалардың дамуына ықпал етуде. Мәселен, білім саласында осы жылдың тамыз айында Жаңақорған ауданының Төменарық және Нәлібаев ауылдарында 300 орындық мектеп ел игілігіне берілді. Мұнымен қоса, республикалық бюджет қаржысы есебінен облыста Жаңақорған, Арал, Қазалы аудандарында 300 орындық 4 мектептің құрылысы басталды. Сондай-ақ өткен жылы облыста апаттық жағдайдағы 12 мектептің құрылысы басталған. Нысандарды биылғы жылы толығымен пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ағымдағы жылдың маусым айында Қармақшы ауданында «Айгөлек» және «Ер Төстік» сынды екі бірдей балабақша пайдалануға берілді. Бұдан бөлек облыста 7 балабақша салынуда.

Сыр өңірінде спорт саласы да жақсы дамып келеді. Спорт­шы­лардың жеткен жетістігінің өзі бір төбе. Тұрғындар салауатты өмір салтына ден қойған. Сәйкесінше, спорт нысандары да бой көтеруде. Арал, Қазалы, Қармақшы, Жа­лағаш, Сырдария, Жаңақорған, Шиелі аудандарында барлығы
7 спорт кешені салынуда. Бұларды келер жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Мәдениет саласы бойынша да 3 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, Қазалы ауданындағы 150 орындық клубты биылғы жылы пайдалануға беру жоспар­ланса, Жалағаш пен Шиелі ау­дандарындағы мәдениет ошақ­тарының құрылысы келер жылы аяқталатын болады. Қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік саласы бойынша 4 нысан бой көтеруде.
Бүгінгі Қызылорда сәні мен салтанаты жағынан өзге шаһар­лардан кем түспейді. Өйткені Сыр елінің ордасына айналған бұл қала Елордаға қарап бой түзеп келеді. Осы жерде шығыстық үлгіде жаң­ғыртылатын Сырдарияның сол жағалауы ерекше аталады. Өйт­кені қарқынды құрылыс жұртшы­лықтың қызығушылығын тудырып отыр. Сол жағалауда қанат жаятын жаңа шаһар өзгеше, ерекше бол­мақ. Ұлттық реңкке қанық, ұлттық нақыштағы кескіндермен, ою-өрнекпен, қазақы иірімдермен көркемделмек. «Сыр – Алаштың анасы» деп білсек, бар қазаққа тән ұлттық сәулет өнерінің иірім ай­шықтарын осы жерден көрсету заңды да. Әрине, кеңесіп пішілген, ақылмен шешілген дүние болған­дықтан, жаңа қала салуда бар ерекшеліктер ескерілген.
Сол жағалауды кешенді игеру­дің алғашқы кезеңі 2017-2024 жылдар аралығына белгіленді. Десе де, бұл бағыттағы жұмыстар мерзімінен бұрын басталды. Дәлел ретінде, өткен жылы пайдалануға берілген Сырдария өзенінің екі жағалауын байланыстыратын көпірді айтуға болады. Қаланың бас жоспарына сәйкес, аталған аймақтың 1532 гектарын игеру көз­делген. Негізінен, сол жағалау­дағы аумақ 15 ауданнан құралады. Атап айтқанда, тұрғындарға арналған 11 аудан, 1 индустриалды аймақ және 3 ірі саябақ пен жасыл желекті аймақтар қарастырылып отыр. 2013 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 132,9 млн теңгеге Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 1532 гектар аумақ­қа инженерлік-геологиялық және геодезиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2014 жылы осы аумақ­тың түбегейлі жоспарлау жобасы әзірленіп, облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілді. Биылғы жылдың мамыр айында Сырдария өзенінің сол жағалауынан 5 қа­батты 18 тұрғын үй мен 320 орын­дық балабақшаның іргетасы қа­ланды. Жалпы, құрылыс жұ­мыстарын қыркүйек айының аяғы­на дейін толық аяқтау жоспар­лануда. Ең бастысы, бұл нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен салынады.
Мамандардың пікіріне сүйен­сек, 2018 жылы республикалық бюджет есебінен тағы бір 320 орындық балабақша, 600 орындық мектеп салу да жоспарда бар екен. Алдағы уақытта осы аумақтан жастар орталығы, неке сарайы, «Болашақ» университетінің сту­денттер қалашығы, онкологиялық орталықтың және Сыр елінің өтке­нінен сыр шертер Қазақ орта­лық Атқару комитеті мұражайы­ның ғимараттары бой көтермек.
Сол жағалауды жандандыру жұмыстары мұнымен тоқтап қал­масы анық. Қазіргі таңда осы аумақта салынуы жоспарланған ауысымына 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік көпса­лалы аурухана құрылысының жоба-сметалық құжаттамасы әзір­лену үстінде. Оның құрылысы ке­лер жылы басталмақшы. Биылғы жылы «Нұрлы жер» тұрғын үй құ­рылысы бағдарламасының аясын­да халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін сатып алу құ­қығынсыз жалға берілетін 2 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп,
жалпы – 210 пәтер пайдалануға беріледі. Одан бөлек аллеялар, бульварлар, саябақтар ел игілігі үшін берілмек. Жол-көлік инфра­құрылымын дамыту мақсатында, «Шіркейлі» каналы үстінен өтетін көпір, 5 ша­қырымды құрайтын ма­гистралдық көше, сонымен бірге, ұзындығы 7,8 шақырым бо­ла­тын Сырдария өзенінің бойынан жағалау құры­лысын жүргізу де жоспарланған. Мұның бәрі өңір тұрғындары үшін үлкен қуаныш, тың жаңалық, жаңа серпін.
Қазақтың сәулет өнеріне жаңа леп қосар жаңа шаһардың тарихи ескі өрнектерді қайта жаңғыртып, қазақы үлгіге, шығыстық стильге ден қоюы – ел үшін үлкен мақ­таныш. Ұлт үшін мерей. Жаңа қала құрылысында ұлттық өнерді жаң­ғырту, ұмыт қалған этнографиялық иірімдерді толықтыру рухани жаң­ғырудың тағы бір келбетіне ай­налары сөзсіз.
Осыншама жұмыс атқарылған Сыр аймағын алып құрылыс алаңы десек те болады. Облыстың қай ауданына барсаңыз да толассыз соғылып жатқан ғимараттарды көресіз. Бұған облыс орталығы Қызылорданың бүгінгі келбетін қосыңыз. Қала көшелері кеңейіп, жарықтандырылып, сымбатын арттырар гүлдермен көмкерілген. Ұлттық нақышпен әдіптелген оюлар, тіпті ғажап. Әсіресе, әр жерге қойылған бағзы замандар­дың бейнесін беретін ескерткіштер, өткен күндерден сыр шертіп тұр­ғандай әсер қалдырады. Бір жерде халықтық дәстүрді насихаттаған «Қыз қуу» ойынының ескерткіші бой көтерсе, енді бірде аламан бәйге бедерленген. Осындай көріністерді тамашалап келе жатқанда түйелі көшті көресің. Кейде алдыңнан кең жайлауда жүрген жылқылардың бейнесі шыға келеді.
Күні кеше ғана 234 қызылор­далық отбасы көппәтерлі тұрғын үйден баспаналарының кілтін алды.
Баспаналы болған тұрғындар ішінде дәрігер Дана Есетова көп­тен күткен қуанышымен бөлісіп, мемлекеттік бағдарлама аясында алған пәтерін көрсетіп, алғысын жеткізді.
«Бұл күндері Қызылордада құрылыс қарқыны өте жоғары, со­ның ішінде, тұрғын үй құрылысы. Біздің елде «Нұрлы жол» сынды мем­лекеттік бағдарламаның ба­рына отбасымыз қуанышты. Осы тұста, халық мүддесі үшін аянбай тер төгіп, осындай бағдарлама жа­сап қабылдаған Мемлекет бас­шысына және оны табысты іске асырған облыс әкіміне айтар ал­ғысымыз шексіз» дейді.
Айта кету керек, облыс орталы­ғында соңғы 4 жылда 11 жаңа ықшамаудан бой көтеріп, 7 мың­нан астам тұрғын баспаналы бол­ды. Аймақтағы құрылыс көлемі – 3,5 есеге, облыс орталығында құ­рылыс 8 есеге ұлғайды. Жыл ба­сынан бері 61 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары ж­үруде. Бүгінгі күні олардың 23-і пайдалануға берілді. Қалған 38-і жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп жоспарланған.

Нұрәли САҒАТ,
Қызылорда қаласы

Бөлісу:

Пікір жазу


*