ҰЛЫЛАРДЫ ҰЛЫҚТАУ – ҰРПАҚҚА ПАРЫЗ

1147
0
Бөлісу:

Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының бірыңғай ақпараттық порталының тұсаукесері өтті. Бұл портал бағдарламалық мақаланың әр бағыттары бойынша алты бөлімді қамтиды.
Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады. Негізгі басымдық «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына беріліп отыр. Әзірге el.kz порталы 2000-ға жуық өтінішті қабылдап, 100esim.kz сай­тына орналастырды. Келесі бөлім «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» деп аталады. Мұнда аталған бағыт бойынша атқарыл­ған жұмыстар жарияланып отыра­ды. Қазіргі уақытта онда 100 киелі жердің тізімі көрсетілген. Одан кейінгі бөлім – «Туған жер». Бұл бөлімде «Туған жер» бағыты аясын­да жүзеге асырылған әлеу­мет­тік жобалар картасы дайын­далды.
«Жаһандағы заманауи қазақ­стандық мәдениет» жобасы екі кезең­нен тұрады. «Жаңа гумани­тарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» бағыты бойынша портал­да қазақ тіліне аударылған кітаптар мен олардың түпнұсқалары ұсы­нылады. Жобаны жүзеге асыру мақсатында коммерциялық емес, «Ұлттық аударма бюросы» қоғам­дық ұйымы құрылды. Әзірге 17 оқулықты аудару жұмыстары жүр­гізілуде.
«Рухани жаңғыру» сайтында мемлекеттік тілдің латын әліп­биіне көшу жобасы орналасты­рылған. Бұдан бөлек латын гра­фикасы негізінде жаңа латын әліпбиін талқылау мақсатында сайтта өз пікірлері мен ұсыныс­тарын қалдыруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде #Latyn хэштегі іске қосылып, әлеуметтік желі пайдаланушылары да әліпби жобасына қатысты көзқарастары мен ұсыныстарын білдіре алады.
«Рухани жаңғыру» бағдарла­масы аясында жүзеге асқан тағы бір қуанышты оқиға – Кейкі ба­тырдың бас сүйегінің жер қойнына берілуі. «Біздің бабаларымыз ға­сыр­лар бойы ұшқан құстың қана­ты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың бола­шағын, келер ұрпағын, бізді қор­ғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қада­мын да бермей, ұрпағына мирас етті». Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында осылай дейді.
Азаттық жолында құрбан болған, ұрпақтың амандығы үшін шейіт кеткен батыр ұлдарымызды ұлықтау – ұрпақ парызы. «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзент­тері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» дейді Елбасы. Мем­лекет басшысы тілге тиек еткен біртуар перзенттердің қата­рында Кейкі Көкембайұлы да бар. Қаһарман ұл ұлт тәуелсіздігі жо­лында мерт болды. Сол заманның бір куәгері С.Искаков өз естелі­гінде «Кейкінің басын қанжы­ғасына байлап М.Сафарғалиев қалаға кіргенде жұрт таңырқап көруге барды. Бас көше шамына байлаулы тұрды кешке дейін. Оны ілу себебі – кеңес өкіметіне қарсы шыққандарға осындай өлім деп айбар етілді» деп жазды. Міне, қапыда жау қолына түсіп мерт болған, азаппен өлтірілген Кей­кінің басы 93 жылдан соң туған топырағына оралды. Мергеннің бас сүйегі бір ғасырға жуық уақыт бойы Кунсткамераның антро­пология қорында сақталып кел­ген. Елге қайтарылған Кейкі батырдың бас сүйегін жерлеу рәсімі Қостанай облысы Аман­гелді ауда­нында өтті.
Арқалық жұрты ұлан-асыр той жасап жатқан тұста, шығысқа­зақ­стандықтар да көл-көсір қуанышқа бөленді. Абай ауданының Қарауыл ауылында дала данышпаны, ұлы Абайдың әкесі Құнанбай Өскен­байұлының ескерткіші ашылды. Ескерткіштің авторы – семейлік мүсінші Нұрбол Қалиев. Балқаш мысынан құйылған мүсіннің сал­мағы – 12 тонна, биіктігі – 7 метр. Мүсінші ескерткішті жасауға 10 ай уақыт жұмсаған.
Кешегі күн Құнанбайын биік­ке көтерген, Кейкісіне кесене тұр­ғызған, жаңғырған, жаңарған күн ретінде қазақтың есінде қалатын болды. Елбасы белгілеп берген Мәңгілік елдің рухы мықты болуы үшін, оның отансүйгіш ұрпағын тәрбиелеуде Ұлы дала батырларын дәріптеудің маңызы зор. Тәуелсіз еліміздің жас жеткіншектері Азат­тықтың қазақ халқына оңайлық­пен келмегенін білуі тиіс. Осы ретте Кейкі, Құнанбай сияқты батырлардың есімдерін ұлықтау өте маңызды. «Рухани жаңғыру» дегеніміз осы емес пе?!.

Гүлзина БЕКТАС

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*