ЖҰРТТЫ АЛДАҒАНДАР ЖАЗАЛАНДЫ

738
0
Бөлісу:

Алаяқтық – алдау немесе сенімге кіру арқылы бөтеннің мүлкіне қол сұғу, иә болмаса, бөтен мүліктің құқығына ие болу арқылы іске асатын қылмыс. Алаяқтықтың негізгі принципі – өзі құрбан етіп отырған адамды алдау арқылы өзіне ақша, мүлік, басқадай нәрселердің құқын ерікті түрде бергізу.
Қазақстанда адамды алдап пай­да табудың жаңа түрлері шығып жа­тыр. Жұмыссыздар санының ар­туы, түрмелерден босап шыққан аза­мат­тардың қайтадан қылмыстық жол­ға түсіп, жеңіл олжаға оңай кене­лу­дің жолдарын іздеуі алаяқтық қыл­мыстардың орын алуына негіз бо­лып отыр. Статистикалық мәлі­мет­терге қа­ра­ғанда, алаяқтар көбіне біреудің ақ­шасын алуды көздейді. Ондай­лар­дың арбауына әйелдер жиі түсетін кө­рінеді. Арбауға түсіп алданып қал­ған­дардың ортақ кемшілігі – заңды білмеуі. Көптеген адам аңғалдық­тың кесірінен ақша айырбастау, ұя­лы телефоннан хабарласу секілді алаяқ­тардың өтініштерге сеніп, алда­нып қалып жатады. Сондай-ақ соңғы кез­дері телефон арқылы хабарласып «жа­­қыныңыз қиын жағдайға тап бол­ды» деп үптеп кететіндер де жиі кез­де­седі. Өзгенің жылжымайтын мүл­кін, кө­лігін алдап иеленіп кету фак­­­тіле­рі­нің көбеюі бүгінде өзекті мәселе бо­лып отыр. Жұмысқа орналастыруға уә­де бер­гіштер мен әртүрлі мемле­кет­тік жәр­демақыларды тағайындау жұ­мыс­тарына «көмектесетін» алаяқтар да көбейді. Сондықтан құқық қорғау ор­­гандары халыққа осындай жағдай­лардан абай болу керектігін ескертеді.
– Алаяқтың бойында адамның пси­хологиясын терең білетін және қиын жағдайларға тап болған адам­ның психикалық күйі мен жүріс-тұ­ры­сындағы өзгерісті бірден байқап, өз пайдасына бағыттай алатын белгілі бір өзіндік ерекшеліктерінің болуы заң­ды. Әдетте, аферистер тартымды кел­беті бар, адамдармен тез тіл табыса алатын, өзіне жақын тартып, іші-бауы­рына кіріп кететін, әр нәрсеге көңіл аударып, жанды жерін дөп басу ар­қылы адамның сеніміне ие болатын қасиеттерімен ерекшеленеді. Сон­дық­тан қылмыстың бұл түрімен кү­рес­тің тиімді жолы сізді алдауы мүм­кін адамның айтқан мәліметтерінің анық-қанығына көз жеткізу керек. Алаяқ­тық белгілерін байқап қал­са­ңыз, бірқатар қарапайым сақтық ша­ралары есіңізде болсын. Егер жаңа та­нысыңыздың іс-әрекеті, сөзі күдік ту­дырса, ең алдымен оның кім екен­ді­гін анықтауға тырысыңыз. Өзінің кім екенін растайтын құжаттарын (куәлік, сенімхат, сертификат, т.б.) көр­сетуін сұраңыз. Әртүрлі себеппен ол ұсынған әрекеттің орындалуын кейінге қалдыруға тырысыңыз. Істің мән-жайын анықтағанға дейін оған ақша бермеңіз, ешқандай құжатқа қол қоймаңыз. Болған оқиға жайлы де­реу құқық қорғау органдарына ха­бар­­лаңыз, – дейді Атырау облысы Қы­зылқоға аудандық прокуратура­сы­ның аға прокуроры Ғ.Орынбасаров.

Әдетте, алаяқтардың арбауына жеңіл пайда тапқысы келгендер түседі. Мысалы, өткен айдың соңында Шымкент қалалық ІІБ 35 жастағы жәбірленуші белгісіз бір қыз кредит рәсімдеуге көмектесетінін айтып, алдап 300 мың теңгесін алып ізін суытқаны туралы арызданған. Осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Полиция бөліміне осыған ұқсас алаяқтық әрекеттер бойынша облыс орталығының бірнеше тұрғындары арызданған. Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында 23 жастағы ешқайда жұмыс істемейтін Сарыағаш ауданының тұрғыны ұсталды. Ол мемлекеттік бағдарламаның біріне сәйкес, кредит рәсімдеуге көмек көрсете­мін деп сенімдеріне кіріп, жалған уәдемен ақшаларын алған, сөйтіп, зым-зия болатын көрінеді. Тергеу барысында күдіктінің жалпы сомасы үш миллион теңге болатын 10 алаяқтық әрекетке қатысы бары анықталған. Осы жайттар бойынша күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Шымкент қалалық ІІБ әл-Фараби полиция бөлімінің қызмет­керлері 1995 жылы туған күдікті Насиба Юлдашева тарапынан алаяқтықтың құрбаны болған азаматтар болса, полиция бөлімінің «102» нөміріне хабарласула­рыңызды сұрайды.
Әл-Фараби полиция бөлімі осыған ұқсас тағы бір істі анықтап, 32 жастағы бұрын сотталған Сайрам ауданының тұрғынын ұстады. Оның алаяқтық бойын­ша 8 іске қатысы бар болып шықты. Бұл алдап, ақшасын алу мақсатында әлеуметтік желі арқылы қыздармен танысып, кез­десуге шақырады. Сөйтіп, болатын олар­дың алтын бұйымдарын, қымбат қалта телефондарын алдап-арбау арқылы иемденіп кететін болған. Қазір қамауға алынып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Оңтүстік Қазақстан облысында мұндай істер соңғы кезде тым көбейіп кетіпті. Алдауға түсіп қалатындар көбінесе, заңнан хабары жоқ, сауатсыз адамдар деп есептеледі. Мұндай аңғал адамдар барлық жерде бар. Осы айдың басында Шымкент қаласындағы Қаратау полиция бөліміне жергілікті тұрғын «таныс бір әйелдің банкте жұмыс істейтінін, үй алып беруге көмектесе алатындығын айтып миллион теңге ақшамды алып жоқ болды» деп арызданған. Осындай арыздар тағы бір­неше адамнан түскен. Жедел іздестіру ша­расы барысында Шымкент қаласының 29 жастағы тұрғыны ұсталды. Бұл әйел бас­панасыз жүргендердің сеніміне кіріп, банк­тен несие алуға, пәтер алуға көмекте­семін деп 10 адамды алдап соққан екен. Осындай жолмен ол 3,5 млн теңгені ием­деніпті. Тағы бір мысал: Тараз қаласының 60 жастағы тұрғынынан «жер телімін алуға көмектесемін» деп 1 700 000 теңгесін қағып кеткен Бақытгүл деген 51 жастағы Жамбыл облысының Сарыкемер ауылында тұратын әйел ұсталды. Тараз қаласында жұрттың миллиондаған ақшасын алдап алған басқа да алаяқтар ұсталып жатыр.
Соңғы кездерде автокөлік сату кезіндегі алаяқтық істер көптеп анықталуда. Тараз қаласының 30 жастағы тұрғыны «Киа-Соренто» автокөлігін сатамын деп екі адамнан алдап ақшаларын алып кетіпті. Бірінші сатып алушыдан 900 000 теңге, ал екіншісінен 1 135 000 теңге алған, бірақ сатылатын автокөлікті бермей, алдап кеткен. Осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалған. Жақында қызылордалық полицейлер автокөлікті алып-сатумен байланысты алаяқтыққа қатысы бар деген азаматтардың қылмысын әшкереледі. Қызылорда қаласының тұрғыны хабар­ландыру сайттары арқылы Audi А6 маркалы автокөлігі сатылымға қойылғандығын көреді. Автокөлік иесімен кездесіп, екеуіне де қолайлы бағаға уағдаласып, сұраған
1 млн 630 мың теңгесін қолына ұстатады. Алайда көлік иесі түрлі сылтаулар айтып, көлікті сатып алушының меншігіне заңды түрде ресімдеп беруден қашқақтап жүреді. Біраз уақыт өткеннен кейін көлік басқа біреуге сатылып кеткендігі белгілі болды. Алданғанын білген қала тұрғыны Ішкі істер органдарына шағымданады. Дәл осы тектес алаяқтық фактісі оның алдында да тіркелген екен. Қызылорда тұрғыны «кепілде тұрған Toyota Camry – 40 маркалы автокөлігін арзан бағаға сатып алып беремін» деп сендіріп, жәбірленушінің
1 560 000 теңге ақшасын алған. Алайда берген уәдесін орындамай, ақшасын заң­сыз иемденген. Осыған орай, қызыл­ордалық тәртіп сақшылары ірі сомада келісімшарт жасамас бұрын немесе жылжымайтын мүлік сатып алар алдында, барлық құжаттарының дұрыстығына мұқият көз жеткізіп, сақтық шараларына баса көңіл бөлулерін сұрайды.
Алаяқтық әрекеттері үшін полиция қызметкерлерінің өздері ұсталып жатыр. Арыс ауданының полиция қызметкеріне қатысты жақында «алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полицейдің жер қойнауын заңсыз пайдаланып, ұсақ тас алған жергілікті тұрғынды қылмыстық жауапқа тартпайтын болып келіскені және одан 300 мың теңге алғаны анықталды. Арыс АІІБ жедел уәкілі қамауға алынып, «алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалды. Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД мәлім­деуінше, облыстық ІІД мен ҰҚК департа­ментімен бірлескен жедел шаралар бары­сында жыл басынан бері Абай полиция бөлімшесінің 4 қызметкері және Отырар по­­ли­ция бөлімшесінің 4 қыз­меткері осын­дай жағдайлармен ұсталып, істі болған екен.
Соңғы уақытта жиі жасалып жүрген алаяқ­тық заманына сай түрленіп, әдіс-тәсілдерін жаңартып, жетілдіріле түсуде. Азаматтық құқық бұзушылықтың жаңа түрлері және заманауи технология­лар­ды пайдалану арқылы қылмысты жасаудың жаңа әдістері, несиені үшінші адамдар ар­қы­лы заңсыз ресімдеу, иелікте жоқ мүліктің сауда-саттығы, туысқандар туралы жалған мәліметтер беру, алдап-арбаудың сан қилы айла-шарғылары пайда болуда. Бұл құқық қорғау органдарына меншікке қарсы қылмыстың алдын алу және онымен күресуге қатысты жаңа талаптар қоюда.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*