Қариялар қамқорлыққа алынады

503
0
Бөлісу:

Халықаралық қарттар күні қарсаңында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл А.Шәкіров егде жастағы отандастарымыздың құқықтарын қорғауға қатысты Үкіметке Үндеу жолдады. Онда аға буын өкілдерінің өмір сүру сапасын жақсарту, олардың қоғамдық өмірдің барлық салаларына толыққанды қатысуына жағдай жасау бойынша Үкімет қабылдаған шаралардың маңыздылығы жайлы айтылған.
Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілгендей, биыл зейнетақы көлемі 20 пайызға артты. Әлеуметтік саясат саласында қабылданған шаралар табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесін 2,5 есе азайтуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар Омбудсмен атына келіп түскен шағымдардың талдамасы және мониторинг жұмысының нәтижесі егде жастағы тұлғалардың денсаулық сақтау саласында, әлеуметтік қызметтерге қол жеткізу барысында немесе еңбек, мәдени және мүліктік т.б. құқықтарын қамтамасыз етуге кедергі келтіретін факторларды көрсетіп берді. Ең алдымен, осы санаттағы азаматтар құқықтарын пайдалану кезінде тәуелсіз құқықтық мәртебесін айқын­дайтын, жоғарыда көрсетілген құқықтарын реттейтін бірыңғай, жүйелендірілген құжаттың жоқтығы назарға ілікті. Мұндай құжат балалар, әйелдер, әскери қызмет­шілердің құқықтарына ұқсас, егде жастағы адамдардың денсаулығын қорғаудағы құқықтарын қамтамасыз ету негіз бола алар еді. Омбудсмен медицина қызметкер­лерінің созылмалы аурулары бар егде жастағы науқастарға қажетті медициналық көмек көрсетуде бас тарту жағдайына, сондай-ақ емханаларда гериатриялық бөлімшелердің және білікті мамандардың жетіспеушілігіне назар аударды. Үкіметке жолданған Үндеуде еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде, ауылдық жерлерде егде адамдарға гериатриялық және геронтологиялық көмек көрсету мүмкіндігін қарастыру ұсынылған. Сонымен бірге, тегін медициналық көмек аясында берілетін дәрі-дәрмек тізімін егде жастағы адамдардың ауруларын ескеру арқылы қайта түзу, ауылды жерлерде әлеуметтік дәріханалар ашу, қарттардың жұмысқа орналасуына немесе кәсіп­керлікпен айналысуына жәрдемдесу, қарияларға қатысты құқық бұзушылық­тарға ресми статистика арқылы талдау жасау т.б. ұсыныстар айтылды. Оның ішінде күн тәртібінен түсе қоймаған қарттар үйіндегі қариялардың ахуалы да бар. Көбінесе, тұрмысы жақсы, қаржылық жағдайы тұрақты балалары бар егде адамдар қартайған шағында өз қамын өзі ойлауға немесе жоғарыда көрсетілген мекемелерде тұруға мәжбүр болады. Ел Консти­туциясының 27-бабы, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 145-бабына сәйкес, кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті. Омбудсмен аға буын өкілдерінің өмірдегі отбасылық рөлін насихаттайтын, оларға құрметпен қарауды қалыптастыру бойынша ақпараттық жұмысты, егде жастағы адамдарға қызмет көрсетуге волонтерлік қызметке мемлекеттік көмек көрсетуді күшейту қажеттігіне тоқталды. Үндеуде егде жастағы адамдардың құ­қықтарын қамтамасыз ету және олардың өмір сүру сапасын жақсарту Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылатын институттық реформалармен толықтай сәйкес келетіні айтылған. Бүгінде аға буын өкілдерінің құқықтарын қорғау мәселелері жаһандық деңгейде жаң­ғыртылып, мемлекет пен қоғам дамуының көрсеткіштеріне айналуда.

Кәмила Дүйсен

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*