Сенаторлар – әскери-теңіз күштерінде

852
0
Бөлісу:

Маңғыстауға Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бастаған бір топ сенаторлар іссапармен келді. Сенаторлар ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Қарулы Күштері, Теңіз күштерінің қызметімен және Ақтау халықаралық теңіз сауда портының жұмысымен жақын танысып, мемлекеттің әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында жүргізіліп жатқан реформаларын талқылады.

Сенаторлар алдымен, Ақтау қаласында­ғы 29011 әскери-теңіз базасына барды. Әскери қызметшілермен тілдесіп, жұмыс барысымен танысты.
Мұнан кейін Ақтау халықаралық теңіз сауда портында болып, порттың даму перспективасымен танысты. Ақтау халық­аралық теңіз сауда портының басқарма төрағасы Абай Түркпенбаевтың айтуынша, Ақтау теңіз портының өндірістік қуаты – 17,7 млн тонна. Бүгінде порт табысты жұмыс істеуде. Ол құрғақ жүктерді, шикі мұнай мен мұнай өнімдерін Шығыстан Батысқа, Солтүстіктен Оңтүстікке және кері бағытта Иран, Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Түркіменстан мемлекеттеріне тасымалдауды қамтамасыз етеді. Ақтау портының жүктерін өткізу көлемі 2017 жылдың аяғына дейін 1,5 млн тоннаны құрайды деп жоспарланған. Порттың аумағына тоқталсақ, 79700 шаршы метр болатын ашық алаңы және 2 мың шаршы метр болатын жабық транзиттік қоймасы бар. Сыйымдылығы 13 мың тоннаға дейінгі танкерді алуға қабілетті төрт мамандан­дырылған мұнай құю айлағы, жалпы жүк тасымалына арналған үш әмбебап айлақ та қарастырылған. Сондай-ақ қуаттылығы 2,5 млн тоннаға дейін Ro-Ro кемелерін, қуаттылығы 2,0 млн тонна болатын темір­жол паромдық кешенін және жылына 700 мың тонна астық терминалын маман­дандырылған айлаққа алып шығарды.
Порт жұмысымен танысқаннан кейін Сенаттың сыртқы байланыстар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі мәжілісі өтті. Онда Қазақстан Республика­сының Әскери-теңіз күштері мен Қарулы Күштерінің қызметі, бүгінгі хал-ахуалы сөз болды. Басқосуда Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, вице-адмиралЖ.Жанзақов, облыс әкімінің орынбасары М.Сқақов, ҰҚК төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің дирек­торы Д.Дил­манов, Ақтау халықаралық теңіз сауда пор­тының басқарма төрағасы А.Түркпенбаев баяндама жасап, браконьерлермен күресті күшейту, әскери қызметкерлерді баспана мәселесімен қамтамасыз ету, еліміздегі теңіз кемесін жасау саласының көшбас­шысы саналатын «Зенит» зауытының Ақтау қаласында филиалын ашу жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде, сенаторлар өңірдегі қорғаныс жүйесін жетілдіру мен күш-қуат органдарының әлеуетін арттыру бағыттарын талқылап, қажет болған жағдайда сенат тарапынан түрлі қолдаулар көрсететінін атап өтті.
– Бүгін өте жақсы отырыс болды. Шешімін таппай жатқан өзекті мәселелер көтеріліп, ортаға салынды. 25 жылда әскери теңіз күштерінде аз жұмыс жасалған жоқ. Дей тұрғанмен, Каспий маңы қауіпсіздіктігін арттыруда әлі көптеген жұмыстар жасалуы тиіс. Бүгінгі басқосуда көтерілген мәселелердің үлкен, кішісі жоқ. Барлығы да өзекті, бұл жерде айтылған мәселелер жерде қалмайды, шешімін табуға жұмыс істейтін боламыз, – деді өз сөзінде Сенаттың халықаралық қаты­настар, қорғаныс және қауіпсіздік коми­тетінің төрайымы Дариға Назарбаева.
Жиыннан кейін қонақтар «Сарбаз», «Қарағанды», «Алатау» және «Орал» кемелерінде болып, теңізші сарбаздардың жұмысымен танысты. Сонан соң «Сары­арқа» әскери кемесімен ашық теңізге шықты.
Венера МИРЛАН,
Маңғыстау облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*