Мектептерде қағаз журналға тыйым салынады

912
0
Бөлісу:

Қазақстанда «мега-заң» әзірленді. Ол елімізді әлемдік рейтингтерде таяуда-ақ озық «отыздық» қатарына қосуы мүмкін. Бұл Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кешегі отырысында мәлім болды. Жиында Үкімет мүшелері алдымен 9 айдағы инфляция деңгейін бағамдап, оны жыл соңына дейін ұстап тұру шараларын қарады. Сондай-ақ күн тәртібіне электрондық білім беру мәселелері, кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіруге бағытталған заң жобасы шығарылды.

Бірінші мәселе бойынша баяндаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлей­меновтың айтуынша, «жыл ба­сынан бері республикада инфляциялық үде­рістердің баяулағаны байқалады».
– Биыл қыркүйек айында инфляция 0,3 пайызды, жалпы жыл басынан бері – 4,2 пайызды құрады. Баяулаудың негізгі факторлары «валюталық нарықтағы жағ­дайдың тұрақтануы», «нарықтағы инфля­циялық күтілімдердің ұстамды болуы», «азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша өнім шығарудың өсуі» болды. Атап айтқанда, азық-түлік тауарларының бағалары соңғы үш ай қатарынан төмендеуде. Бұл ретте, азық-түліктік емес тауарлар бағасы тамызда және қыркүйекте жоғарылай бастады. Ақылы қызмет түрлері бойынша тарифтер бірқалыпты қарқынмен өсуде, – деді бас экономист.
Оның дерегінше, жыл басынан бері елімізде азық-түлік тауарларының бағасы 3,1 пайызға, азық-түліктік емес тауарлар ба­ғасы – 5,5 пайызға, ақылы қызметтер бағасы 4,3 пайызға қымбаттапты. Азық-тү­ліктер бағасының маусымдық төмен­деуіне қарамастан, жалпы алғанда, пияз, сәбіз, қызылша, қой еті және сиыр еті баға­сының бірден екі таңбалы санға қымбаттағаны тіркелді.
Арзандау да байқалған: жұмыртқа, қарақұмық жармасы, қырыққабат, қант және күнбағыс майы бағасы екі таңбалы санға төмендеген екен. Бұл өнімдердің азық-түлік тауарлары құрамындағы  үлесі – 9,1 пайыз.
Министр азық-түліктік емес тауарлар бойынша дизель отынына, бензинге, сұ­йы­тылған газға, маталарға, кеңсе тауарла­рына, аяқ киімге, қатты отынға бағаның барынша өскенін айтады. Ақылы қыз­меттердің ішінде газ, кәріз жүйесі, қоқыс жинау тарифтері инфляцияның бекітілген аралығынан артық өсті. Өңірлер арасында аққұла бесеуінде – Атырау, Солтүстік Қазақ­стан, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстары және Астана қаласында ин­фляция орташа республикалық деңгейден жоғары қалыптасып отыр.
Өз сөзінде министр Т.Сүлейменов жыл соңына дейін инфляцияның өсуіне ықпал етуі мүмкін қатерлерді атады. «Мау­сымдық факторлады ескерсек, сон­дай-ақ ірі мейрамдар IV тоқсан ен­шісіне тиетіндіктен, мереке күндері дәстүрлі түрде жемістер мен көкөністердің және ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы өседі. Мұның сыртында жылыту маусымы кезеңінде бірқатар өңірлерде қатты отын бағасы күрт қымбаттауда. Мысалы, қыркүйекте Астана қаласында көмір – 19 пайызға, Алматы облысында 16,4 пайызға және Ақмола облысында 10,6 пайызға өсті» деді ол.
Сондықтан Үкімет отырысында ин­фля­цияны жылдың соңына дейін жос­парланған 6-8 пайыз аралығында ұстап қалуға қажетті шаралар белгіленді. Сонымен, өңірлер әкімдеріне, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, Өңірлік тұрақтандырушы қорларда негізгі азық-түлік тауарларының жеткілікті қорын қамтамасыз ету жүктелді. Сондай-ақ олар бағаға күнделікті мониторинг жүргізуге, тапшылыққа жол бермеу және нарықты қажетті азық-түлік тауарла­рымен молықтыру үшін тұрақтандыру қорларының ресурстарын тиімді пайда­лануға міндеттелді. Тұрақтандыру қорла­ры үшін өнімдер сатып алуды жандан­дырып, 15 қарашаға дейін аяқтаулары керек.
Егер осы алдын-алу шаралары орын­далса, 2017 жыл қорытындысында ин­фля­ция деңгейі 6,9-7,5 пайыз аралы­ғында болады деп күтілуде.
Бұл мәселе бойынша отырыста Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, Солтүстік Қазақстан об­лысының әкімі Құмар Ақсақалов, Пав­лодар облысының әкімі Болат Бақауов, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Төлеген Сәрсембаев және Астана қаласы әкімі Әсет Исекешев сөз сөйледі.
Бақытжан Сағынтаев барлық салалық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға тауарлар мен қызметтерге, әсі­ресе, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына бағаның өсу мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Үкімет отырысында осыдан кейін элек­тронды білім беруді дамыту мәселе­лері бойынша Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баян етті. Оның ай­туынша, бүгінде Қазақстанда білім беру жүйесі «білім беру үдерісін цифрлан­дыру», «цифрлық білім беру контентін түзу», «білім беруді басқаруды цифрлан­дыру» секілді негізгі үш бағытта дамуда.
Мектептердегі оқу үдерісін автомат­тандыру үшін электронды журналдар жүйесі пайдаланылуда. Электронды жур­налдарды енгізген орта білім орда­ларында қағаз түріндегі журналды қолдануға ты­йым салу жоспарланып отырған көрінеді. БҒМ басшысы осы өнімді әзірлеушілер пікіріне сүйеніп, бұл тыйым «қосарлану­шылықты тоқтататынын және ұстаздар есептілігін айтарлықтай қысқартатынын» айтты.
Жоғары оқу орындарында «Жоғары білімді басқарудың бірыңғай жүйесі» жұмыс жасауда, оның контенті ЖОО-лардың ақпараттық жүйелерін интегра­циялау көмегімен толығады екен. Осы­лай­ша, олардағы әрбір шәкірттің мәрте­бесі бойынша өзекті мәліметтерді әрдайым көруге мүмкіндік беріледі. Ғы­лым саласында барлық ғылыми грант­тарға өтінім беру, есептер қабылдау, ма­қалаларды есепке алу, электронды мекенжайлар базасы цифрландырылды.
Екінші бағыт – цифрлық білім беру контенті бойынша мектептер үшін үш тілде 80 мың бейнефильм мен интерак­тивті сабақтар енгізілді. Олар мұғалімге сабақты әлдеқайда жоғары деңгейде жүр­гізуге көмектесуге тиіс. Биыл 7 082 мектеп аталған цифрлық ресурстарға қол жет­кізген. Бұл цифрлық ресурстар он­лайн және офлайн режимдерде қолже­тімді.
«Пәнді жүргізуші мұғалім дайын бей­нематериалды алып, оны сабақ бары­сында оқу материалын түсіндіру үшін пайдалана алады. Мұғалімге енді сабақ­тарға қосымша материал іздеудің қажеті жоқ» деді Е.Сағадиев.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев БҒМ-ның ақпа­раттық жүйелерін виртуалды серверлерге көшіру бойынша жұмыс жүргізіп жат­қанын хабарлады.
Талқылауды қорытқан Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев осы екі министрлікке, әкімдермен бірге, әр өңір­де мектептерді жылдамдықты интернетке қосу жоспарын әзірлеу туралы тапсырма берді. Бұдан өзге, ведомствоаралық білім берудің мәліметтер базаларын ықпал­дас­тыруды жоспарланған мерзімдерде аяқтау тапсырылды. Осы барлық тапсыр­ма­лар­дың орындалуын бақылауға вице-пре­мьер Асқар Жұмағалиев жауапты болады.
Күн тәртібіне сәйкес, осы отырыста Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлей­менов «Кейбір заңнамалық актіле­ріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетіл­діру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды. Бұл құжат «мемле­кеттің бақылау-қадағалау қызметін реформалау», «өзін-өзі реттеу институтын дамыту», «бизнес шығындарын жаппай төмендету», «бизнесті қолдау шараларын дамыту», Doing Business рейтингіндегі Қазақстанның позициясын жақсарту» және басқа да бағыттарды қамтиды. Бұл заңды кәсіпкерлік орта «мега-заң» деп бағалауда.
Елбасының биылғы жолдауындағы тапсырмаларын орындау үшін әзірленген жаңа жоба қолданыстағы 13 кодекске және 103 заңға 1000-нан астам түзетулер енгізетін болады.
Т.Сүлейменовтың түсіндіруінше, заң жобасының негізгі жаңалықтарының бірі – «алдын-ала бақылауды» енгізу болмақ. Бұл реформа тексерушілердің мінез-құлқын және ұстанымын қазіргі «анықтау және жазалау» саясатынан «құқық бұзу­шылықтардың алдын-алу және ескерту» бағытына қарай өзгертуге тиіс. Басқаша айтқанда, тексеру бары­сында кәсіпкердің заң бұзғаны анықталса, оған бірден әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салын­бай, сол бұзушылықты өз бетімен түзеуіне уақыт берілетін болады.
Жаңа заңның басқа да елең еткізерлік жаңалықтары жетерлік.
Біріншіден, бірін-бірі қайталауына және тиімділігінің болмауына байланыс­ты қазіргі бақылау саласының 114-інің 27-сін, қадағалау саласының 18-інің үшеуін жою көзделеді. Мысалы, Инвести­циялар және даму министрлігінде – «жер қойнауын пайдалану контрактілері шарт­тарының орындалуын», «қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байла­нысты объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды» бақылау салалары, Әділет министрлігінде – «нормативтік құқықтық актілердің ресми мәтіндерін кейіннен жариялауды» бақылау саласы, Мәдениет және спорт министрлігінде – «спорт нысандарына техникалық қызмет көрсету және пайдалану, сондай-ақ дене шынық­тыру және спорт саласындағы заңнама стандарттарын, ережелері мен нормала­рын сақтауды» бақылау салалары, Денсау­лық сақтау министрлігінде – «халыққа жұқпалы ауруларға қарсы профилак­ти­калық егулерді ұйымдастыру және өт­кізуді» бақылау саласы алып таста­лынады.
Бұдан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрлігінде «жануарлар дүниесін қорғау, молайту және пайдалануда», «орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсiруде», сондай-ақ «ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда» қадағалау салалары жойылады.
– Мемлекеттік органдардың 540 бақылау және қадағалау функциясының мемлекет және тұтынушылар қауіпсізді­гіне қауіп-қатерге байланысты емес, әрі бірін-бірі қайталайтын 137 функциясын жою ұсынылады. Бұл ретте олардың штаттық саны да оңтайландырылады. Тексеруші мемлекеттік қызметшілердің 1 мың 137-сін қысқарту ұсынылды, – деді Тимур Сүлейменов.
Бұған қоса, кәсіпкерлік субъектілерін тексеру бойынша қолданыстағы 30 497 талаптың 17 654-і немесе шамамен 50 пайызы қысқартылады. Соның ішінде, халықтың санитарлық-эпидемиоло­гиялық салауаттылығы саласындағы талаптардың 85 пайызы, өрт қауіпсіздігі саласындағы талаптардың 72 пайызы қысқартуға ілігеді.
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, барлық іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2018 жылға қарай тексерулердің жалпы саны 30 пайызға азаяды. Сөйтіп, олардың саны 70 мыңнан аспайтын болады. Салыстыру үшін айта кетсек, 2016 жылы 101 мың тексерулер тіркелді. 2020 жылға қарай тексерістер саны тағы 10 пайызға кемімек.
Жаңа заң аясында рұқсат беру жүйесін одан ары оңтайландырылады. Өткен жылы рұқсаттарды 50 пайызға қысқарту бойынша реформа жүргізілді. Нәтижесінде рұқсаттамалық құжаттар саны 708-ден 316-ға дейін қыс­қартылды. Ендігі оңтайландыру «қол­даныстағы заңнамамен толық реттел­меген, әрі табиғи монополиялар мен квази­мемлекеттік сектор кәсіпорын­дарына ба­сыбайлы берілген 69 рұқсат түріне қа­тысты болады». Өйткені олар кәсіпкерлер үшін белгілі бір қиындықтар тудырады және операциялық шығыс­тарды талап етеді.
Жалпы, заң жобасында бизнес шы­ғындарын жаппай азайтатын 80-нен астам түзету енгелі отыр. Оның біріне сәйкес, бизнесмендер қызметтерді «Азамат­­тарға арналған Үкімет» мемлекет­тік корпорациясы (ХҚКО-лар) немесе «Электрондық үкімет» веб-порталы арқы­лы ала алатын болады. Тағы бір тобы бойынша кейбір салықтар мен алым­дар ставкалары төмендетіледі. Мыса­лы, отандық көлік құралдарын Қа­зақстан аумағынан шығару үшін қарас­тырылған алымдар мөлшерлемесі 3-тен 1 АЕК-ке дейін төмендемек. Бұл шара қазақстандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағыт­талады.
Тұтастай алғанда, заң қабылданған соң, елдегі іскерлік ахуалды және Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингісіндегі Қазақстанның орнын жақсарту аясында заң жобасында аталған жаһандық рейтингтің 10 көрсеткішінің 7-еуі бойынша реформалар басталады.
Үкімет отырысы соңында Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министр­лігіне Премьер-министр кеңсесімен бірлесіп, Президент Әкімшілігімен заң жобасын бекітіп, осы қазан айының соңына дейін оны Парламентке енгізуді тапсырды.
Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бірқатар шараларды атап өтті. Осыған орай, вице-премьер Асқар Жұмағалиевке, Ұлттық экономика министрлігіне, «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, қараша айының соңына дейін шағын және орта бизнеске арналған «бір терезе» режиміндегі цифрлық платфор­маның жұмысын бастау тапсырылды.

 

 Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*