Елбасы Ақтөбені аралады

741
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі инфрақұрылымдық және әлеуметтік-мәдени нысандарды аралап көрді. Сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындарға бас сұқты.
Президент жұмыс сапары барысында алдымен «Қазхром» трансұлттық ком­паниясы» акционерлік қоғамының Ақтөбе ферроқорытпа зауытына ат басын бұрды. Зауыттың ферроқорытпа өндірумен айналысатын цехының жұмысымен танысты.
Мемлекет басшысына кәсіпорын­ның өндірістік қуаты жылына 440 мың тонна ферроқорытпа өндіруге жететіні жө­нінде баяндалды. Бұл өнім Қытай Халық Республикасына, Еуропа елдері мен АҚШ-қа экспортталады.
Ақтөбе ферроқорытпа зауыты – Қазақстан қара металлургиясының ірі кәсіпорындарының бірі саналады. Зауытта 4 балқыту цехы, конвертерлік қо­рытпа телімі, қалдықты қайта өң­дейтін цех пен қосалқы цехтар бар.
Елбасы бұдан кейін «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінде болды. Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған рельс-арқалық зауыттың жұмысын бағамдады. Зауыт өнімін алыс және таяу шет елдерге, соның ішінде Өзбекстанға, Түркіменстан мен Әзірбайжанға экс­порттаудың қазіргі жағдайын білді. Со­ңында зауыт жұмысшыларымен кез­десіп, оларға жемісті еңбек етіп, кәсіби табысқа жетуге тілектестік білдірді.
Бұл зауыт «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қо­ғамын өз өнімімен қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жы­лына 430 мың тонна өнім өндіруге жетеді.
Нұрсұлтан Назарбаев Greenhouse Kazakhstan жылыжай кешенін де аралап көрді. Озық үлгідегі Ultra-Clima инно­вациялық жүйесінің қолданылуымен салынған жылыжайға жоғары баға берді. Қазақстан Президентіне осы жобаның көкөністі бүкіл өңірге жеткізу, сондай-ақ оны таяу және алыс шет елдерге экспорттау мүмкіндіктері жеткізілді.
Кәсіпорынның өнімділік қуаты жылына 6 мың тонна көкөніс өндіруге жетеді. Greenhouse Kazakhstan жылыжай кешені «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының қолдау көрсетуімен мем­лекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған.
Президент «Нұрлы жер» бағдарла­масы аясындағы пилоттық жобаның іске асырылу барысымен танысты. «Нұр Ақтөбе» алқабында несиеге берілетін әрі жылдам салынатын бір қабатты және екі қабатты тұрғын үй құрылысын аралап, еліміздің тұрғындары үшін «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудың маңызды екенін ерекше атап өтті.
– Халықтың әл-ауқатын арттыруда бұл бағдарламаның маңызы зор. Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың жайлы тұрмысы үшін қажетті инфра­құрылым қалыптастырып, оларды жұмыспен қамтамасыз ету, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мем­лекеттік бағдарламаларының іске асыру барысында биыл облыстағы 1000-нан астам отбасын тұрғын үймен қам­тамасыз ету жоспарланғанын жеткізді.
Соңында Елбасы аталған жобаны іске асыруға атсалысып жатқан құрылыс компанияларының өкілдерімен әң­гімелесті.
Мемлекет басшысы «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоға­мының қаржысына салынған жаңа Өнер орталығын тамашалады. Облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдары өз өнерін көрсетіп, Елбасы оларға шығармашылық табыс тіледі.
1200 орындық концерт залы Тұңғыш Президент атындағы орталық саябаққа қарсы бетте орналасқан. Батыс Қазақстанда теңдесі жоқ бірегей жобаны салудағы мақсат – қаланың әр бөлігінде шашырап жатқан 15 мәдени мекемені бір орталықта шоғырландыру. Екіншіден, Ақтөбедегі ең үлкен залдың сыйымдылығы – 500 адамдық. Өнер орталығында 1200 орынға арналған өңірдегі бірегей концерттік зал бар. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бой көтерген құрылысты «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қаржы­лан­дырды. Ғимараттың жалпы құны 1,5 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын «Интерстиль» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Орталыққа тиесілі жердің жал­пы аумағы 2,9 гектар болса, ғимараттың алаңы – 5 765,76 шаршы метр. Орта­лықта көпшілік қатысатын іс-шаралар мен шығармашылық концерттер өткізіледі.
Елбасы бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігін дамыту бағдарламасы аясында салынған Шығармашылық академиясына да барды.
Қазақстан Президентіне акаде­мия­ның жұмыс жоспары жөнінде баян­далды. Онда бір уақытта 1000-ға жуық бала ғылыми және шығармашылық қызметпен айналысып, өздерінің ақпараттық технологиялар саласындағы қабілеттерін дамыта алады. Соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің қазіргі кезеңдегі негізгі даму көрсет­кіштері жөнінде айтты. Шығармашылық академиясы «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының қаржысына салынған. Мекеме 6-18 жас аралығындағы балалар мен жастарға мектептен тыс қосымша білім беруге арналған.
Қазақстан Президенті атақты Жұ­бановтар әулетінің көрнекті тұлғала­рының шығармашылық мұрасын дәріптеу, сондай-ақ дарынды балаларды оқыту мақсатымен жұртшылық игілігіне ұсынылған «Жұбановтар әлемі» атты жаңа орталықты да көріп шықты. Бұл нысанның да құрылысы жеке адам­дардың қаржысы арқылы жүргізіліпті. Соңынан Елбасы облыстың жұртшылық өкілдерімен кездесті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап көрсетілген жаңғыру үдерісінің ерекшеліктеріне тоқталды.
– Әлем көз алдымызда өзгеруде, біз сол өзгерістердің ортасындамыз. Жаңа ғылымдар пайда болып, тың көзқарас қалыптасуда. Барлық реформалар, соның ішінде қоғамдық сананы жаң­ғырту үдерісі замандастарымызды жарқын болашаққа дайындау үшін жасалуда, – деді Қазақстан Президенті. Елбасы Астана, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар Ақтөбе де инновация орталығы болып, өндірістік, қаржылық және адами ресурстарды тартатын факторға айналуы тиіс екендігін ерекше атап өтті.
– Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе облысының халқы екі есе өсті. Осы көрсеткішті арттыру мақсатымен мұнда тұтас ықшамаудандар мен қажетті инфра­құрылым салынуда. Барлық жағдай жасалып жатыр. Тұрғын үй, жол салынып, газ бен су құбырлары тарты­луда. Сол сияқты бүкіл Қазақстан аума­ғы жол желісімен қамтылады. Міне, даму дегеніміз – осы. Мұны адами даму деуге де болады, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев облыс тұрғындарына аман­дық пен бақ-береке тілеп, еліміздің өркендеуі жолында табысқа жетулеріне ниет­тестігін білдірді.

 

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*