Шетелде сотталғандар оралды

981
0
Бөлісу:

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Жоғарғы палатаның кешегі жалпы отырысында сенаторлар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы қызметтік және азаматтық қаруды өткізу туралы келісімді ратификациялады.

Бұл құжат қызметтік және азаматтық қаруды өткізу мен оның ішкі транзитіне байланысты қатынастарды, сондай-ақ Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттердің құзыретті органдары арасында осындай өткізу мен ішкі транзитті мемлекеттік бақылауға байланысты мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасауды реттеуге бағытталған. Осы Келісіммен қызметтік және азаматтық қаруды өткізу және оның ішкі транзиті жүзеге асырылатын жағдайлардың тізбесі реттеледі, Еуразиялық экономикалық комиссия бекітетін нысан бойынша бірыңғай құжат негізінде міндетті рұқсат беру тәртібі белгіленеді.
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, Келісімді ратификациялау осы қару түрлерін ЕАЭО елдері аумағында өткізуді оңайлатуға, нақты айтқанда, қаруды әкелу және әкету үшін рұқсат беру құжаттарын беру мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.
Осы күні ел Парламенті Қазақстан мен Сербия арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы екіжақты шартты да ратификациялады. Құжат мемлекеттер арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмекті іске асырудың ұйымдастыру-құқықтық тетіктерін егжей-тегжейлі реттейді. Иммунитет, банк есеп-шоттары мен қаржы-қаражат ақпаратын айқындау, заттар мен құжаттарды қайтару, ақпараттарды, шығыстарды ерікті түрде беру, сотталғандығы туралы ақпаратты алмасу, құжаттар мен материалдарды заң­дастырудан босату мәселелеріне жекелеген ережелер арналып отыр.
Палата Қазақстан мен Сербия ара­сындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты да құптап, Елбасының қол қоюына жіберді. Бұл құжат қылмыстық іздестіруден жасырынып жүрген, сондай-ақ жазадан жалтарып жүрген адамдарды ұстап беру мәселелері бойынша екі елдің құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін реттейді.
Отырыста сондай-ақ сотталған адам­дарды беру туралы Қазақстан мен Сербия қол қойған шарт та ратифи­кацияланды. Құжат сотталған адамдарды оңалтуға және әлеуметтік ортаға қайта оралуға жәр­демдесу мақсатында оларды беру саласындағы ынтымақтастықты орнатуға, сондай-ақ сотталған адамдарға өзінің елінде жазасын өтеуге мүмкіндік жасауға бағытталған.
– Бүгін отырыста Сербиямен арадағы үш келісім қаралып, мақұлданды. Алда Иордания, Бразилия, Украина және Сауд Арабиясымен арамыздағы дәл осындай типтік келісімдер Парламентке енгізілуге дайын. Бұл келісімдер Қазақстанның өз халықаралық міндеттемелерін орындайтын сенімді ел екендігін куәландырады, – деді осы шарттар бойынша Сенат отырысында баяндаған бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.
Оның мәліметінше, жыл сайын шамамен 80 сотталған қазақстандық азамат бас бостандығынан айыру мерзімін өз Отанында өтеуге қайтарылады. Өз елдеріне оралатын шетелдік қылмыскерлердің саны да осыған шамалас екен. Бұл ретте егер сотталушы кері қайтаруға келісім бермесе, оны күштеп жүзеге асыруға ұлықсат етілмейді.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан екіжақты келісім негізінде дәл осындай шарттарды 25 елмен арада бекітті. Сондай-ақ еліміз осы саладағы бірқатар көпжақты келісімдердің қатысушы болып саналады.
– Бұл – қажетті тәжірибе. Елбасының сарабдал саясаты арқасында жыл сайын өзге мемлекеттермен арада экономикалық, мәдени, шаруашылықтық, іскерлік және басқа да байланыстар артуда. Қазақстан барған сайын туристер үшін тартымды бола түсуде. Қазақстандықтар да шетелге көп саяхаттайды. Ұлттық экономика министр­лігінің мәліметінше, 2016 жылы Қазақстанға әлемдегі 170 елден 6,5 миллион қонақ келген. Шамамен 10 миллион отандасымыз шетелге шыққан. Жатжұрттарда жүріп, азаматтарымыз әртүрлі, соның ішінде қуаныш әкелмейтін жағдайларға да тап болады. Дәл осы жағдайда Ата заңда көрсетілгендей, Қазақстан өз азаматтарына шетелде де қамқор және қорған болады, – деген сенатор Владимир Волков осыны қамтамасыз етудің бір кепілі – сотталған­дар­ға да елге қайтуға құқықтық көмек көрсету екенін айтты.
Отырыс барысында сенатор Динар Нөкетаева «балалар мен жасөспірімдер кітапханасын ашу қажеттігі» туралы, сенатор Әли Бектаев «Оңтүстік Қазақстан облы­сындағы газ құбырының құрылысын аяқтауға және балалар бақшасының құрылысына қаржы бөлу» туралы, сенатор Әлімжан Құртаев «Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясындағы жобаларды іске асыру үшін қосымша қаржы бөлу» туралы депутаттық сауалдарын жария етті.

 

 Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз