Қамауды айыппұлмен ауыстыру артты

846
0
Бөлісу:

Еліміздің Жоғарғы сот органында «Үкімді орындаумен байланысты мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Қазақстанның Жоғарғы соты мен IRZ халықаралық құқықтық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоры ұйымдастырды.

Форум жұмысына ішкі істер ми­нистрінің орынбасары Рашид Жақыпов, Жоғарғы және жергілікті соттардың судьялары, Бас прокуратура, ІІМ, Қыл­мыстық-атқару жүйесі ко­митетінің өкіл­дері, адвокаттар мен басқалары қатысты. Бұған қоса, халықаралық құқықтық ынтымақ­тас­тық жөніндегі Герман қорының Қа­зақстандағы сарапшылары – Гер­манияның Жоғарғы жер сотының судьясы Арнт Вайсхаупт пен Майндағы Франкфурттың учаскелік сотының вице-президенті Франк Рихтер сөз сөйледі. Іс-шараны Жоғарғы соттың қыл­мыстық істер жөніндегі сот алқа­сының төрағасы
А.Рахметулин жүргізді.
Жиынға қатысушылар мерзімінен шартты түрде босату, үкімдерді орындау бойынша қылмыстық атқару жүйесінің қызметі мәселелерін талқылады. Сонымен қатар жазаны тағайындау шараларын ауыстыру, айыппұл салу, сотталғандардың шағымдарын үкімді орындау тәртібінде қарастыру, мүліктен тыйымды алу бойынша қолданыстағы сот практикасы қаралды.
Іс-шараны аша келе, А.Рахметулин үкімді орындау сатысын қылмыстық процесті аяқтайтын қисынды бөлігі деп бағалай келе, талқыланып отырған тақырыптың маңызы зор екенін атап өтті.
– Қылмыстық сот ісін жүргізудің осы кезеңінде үкімдегі шешімдердің басталуы мен нақты іске асырылуын қамтамасыз ететін әрекеттер жасалады, үкімді орындау барысында туындайтын түрлі мәселелер жедел түрде шешімін табады. Сот жазаны орындайтын мекемелер мен органдардың ұсыныс­тарын, сотталғандардың арыздары мен өтінішхаттарын қарастыра келе, үкім­дердің орындалуына, сотталғандардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына қадағалау жасайды, – деді ол.
Қылмыстық заңнама бойынша жүргізілген соңғы реформа соттарға аталған санатта келіп түсетін материал­дар санының айтарлықтай артуына ықпал етті. Жаңа заңдар қолданысқа енген алғашқы жылдың өзінде-ақ мұндай материалдардың саны 28 пайызға артты. Осы жылдың 9 айында соттардың іс жүргізуінде 55 мыңнан астам осындай материал болды, олардың басым бөлігін мерзімінен шартты түрде босату және жазаны неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру істері құрады. Рес­публика соттары осы кезеңде мерзімінен шартты түрде босату туралы барлығы 7108 материалды қарап, оның 64,2 пайызын қанағаттандырды.
Заңда көзделген жаңа құқықтық нормалар белсенді қолдануда. Мәселен, соттар айыппұл секілді жаза түрін белсенді тағайындай бастады. Осы жылдың өткен жартыжылдығы ішінде қылмыстық құқықбұзушылықтардың барлық түрлері бойынша сотталған тұлғалардың ішінде айыппұл тағайын­далғандарының үлес салмағы 12 пайызды құрады. Заңды күшіне енген үкімдер бойынша өндірілген айыппұл сомасы 609 миллионнан астам теңгені құраса, оның 470 млн теңгеден астамы сыбайлас жемқорлық құқықбұзу­шылықтары бойынша тағайындалған.
Бас бостандығынан айыру орын­дарынан босатылған адамдар санының артуына және «түрме тұрғындарының» азаюына жаңа қылмыстық заңнама мен «Жазаны өтеуден мерзімінен шартты түрде босатудың, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру мен тағайындалған жаза мерзімін қыс­қартудың сот практикасы туралы» Жоғарғы сот әзірлеп, 2015 жылы қабыл­данған нормативтік қаулы зор ықпал етті. Талқыланып отырған мәселе бойынша сот практикасына тұрақты түрде дәйекті шолу жасалып келеді, жиі қайталанатын қателіктер мен заңды дұрыс қолданбаумен байланысты орындалмай қалуы секілді мәселелер сарапталуда.
А.Рахметулин сот жүйесі сот төрелігін жүзеге асыру процесіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізуде озық болып табылатындығын атап өтті. Жоғарғы сот түзеу мекемелерін бейне­байланыс (ББ) жүйелерімен жарақ­тандыру бойынша бастама көтерген болатын. Қазіргі таңда Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бейнебайланыс жүйесімен 100 пайызға жарақтан­дырылған. Бұл технология уақыт пен қаржылық шығынды үнемдеуге мүм­кіндік береді, сондай-ақ қауіпсіздіктің жалпы режимін сақтауға оң әсер етеді. Осы жылдың 9 айы ішінде соттар Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мекемелері бейнебайланысқа шығу арқылы сотталған­дарды күзетпен алып келусіз 10 мыңнан астам материалды қарады.
Бекітілген күн тәртібіне сәйкес Жоғарғы соттың судьялары Ғазиза Мұсабекова мен Серік Әбнасыров сот­тардың мерзімінен шартты түрде босатуға байланысты өтінішхаттарды қарастыруы, үкімдерді орындау, ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Бекболат Төремұратов комитеттің үкімдерді орындау бойынша қызметі туралы сөз сөйледі. Үкімдерді орындау саласындағы қадағалау туралы Бас прокуратураның 2-басқармасының бастығы Серікжан Мырзалы сөз қозғады.
Өз кезегінде Арнт Вайсхаупт Гер­ма­нияның заңнамасы бойынша сот­талғандарды жазаны одан әрі өтеуден босату, сондай-ақ жазаны орындаумен байланысты мәселелерді шешудің қол­даныстағы практикасы туралы өз ойымен бөлісті. Франк Рихтер үкімді орындау тәртібіндегі кейбір мәселелер мен Германияның қылмыстық-атқару па­латаларының қызметі туралы әңгімелеп берді.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар қабылданды. Олар Жоғарғы сот сайтында орна­ластырылып, жұмыста ескеру үшін барлық мүдделі құрылымдарға жол­данды.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*