Жетістікке жетелейтін төте жол

1166
0
Бөлісу:

Елімізде латын әліпбиіне көшу мәселесі соңғы жиырма жылда көтеріліп, соның он жылында қызу талқыланып келеді. Десек те, оның толғағы күннен-күнге жақындап келе жатқаны байқалады. 

Латын графикасына көшуді кешеуіл­детпей, алдағы уақытта жүзеге асыру қажет. Латын әліпбиіне көшкен өзге елдер бұдан тек пайда көрген. Айталық, латын қарпіне көшкен соң, Өзбекстанда тұратын халықтың 97 пайызы өзбек тілінде сөйлейтін болған. Өзбек тілі ең керекті және ең басты тілге айналған. Бүгінге дейін латын қарпіне негізделген жаңа қазақ әліпбиінің дайын 11 нұсқасы бар екен. Енді тек нақты шешім қа­б­ыл­дау қалды. Бізде латын әліпбиіне көшуге қажетті барлық алғышарттар жасалған. Өйткені біздің елімізде бір әліпбиден екінші әліпбиге көшудің бір емес, екі бірдей тәжірибесі бар. Мысалы, 1926 жылы Қазақстанда араб графикасынан латын әліпбиіне көшу 20 күннің ішінде жүзеге асырылды. Латын әліпбиінен бүгінгі кириллицаға көшу 1937 жылы басталып, ол 1940 жылы толық аяқталған болатын.
Елбасы латын әліпбиіне көшу мәсе­лесіне өзі қолдау білдіріп отырғанда, ендігі арада бұл мәселені соза бермей, жан-жақты сараптамадан өткізу қажет. Ахмет Байтұр­сынов атындағы Тіл білімі инс­ти­туты латын әліпбиіне көшудің жобасын әзірлеп те қойған. Бұл институт маман­дары ең әуелі өз еліміздің тарихындағы әліпби рефор­ма­сының, сонымен қатар, өз тәуелсіздіктерін алғаннан кейін кирил­лицадан латынға көшкен Өзбекстан, Түркіменстан, Әзір­байжан, тағы басқа елдердің тәжірибелерін зерттеп және осы реформаның бұлардағы оң тұстары мен жіберілген кемшіліктерінің бәрін де зерделеп, жинақтап отыр.
Көрнекті қоғам және ғылым қай­рат­кер­лері, зиялы қауым өкілдері латын әліпбиіне көшуді қолдап қана қоймай, олар мұны әлемдік өркениет жетістік­теріне алып баратын бірден-бір төте жол деп есептейді.
Бұл реформаның саяси салмағы да бар. Яғни, латын әліпбиіне көшу арқылы Қазақстанның түрік әлемімен жақын­дасуы одан әрі арта түседі. Еліміздің мемлекеттік мәртебесіне зор ықпал етеді. Сонымен бірге, шет елдерде тұратын қандастарымыз үшін өз атамекенімен қарым-қатынас жасауларын да жеңілдете түсер еді.

Латын әліпбиінің тиімді тұстары:
– Қазақ тілінің ішкі заңдылықтарын сақтап, дамыту үшін латын әрпіне көшу маңызды. Ұтатын жағымыз көп. Ақ­па­рат­тық техникаларды пайдалануда, халық­ара­лық кеңістікке шығуда латын тілінің бізге тигізер оң әсері мол. Бірақ біз соңғы жетпіс жылдан астам уақыт бойы кириллицаны пайдаланып келеміз. Осы әліпбиде біздің қаншама ғылыми еңбектеріміз, көркем дүниелеріміз жазылды;
– Екіншіден, латын әрпіне көшу арқылы біз әлемдік кеңістікке жақын­дай­мыз. Қазақстан өзгелермен терезесі тең ел болған кезде, бұл біз үшін өте маңызды. Қарап отырсаңыз, күнделікті өмірімізде латын тілімен жиі бетпе-бет келеміз. Тауарлардың көпшілігінде ақпараттық жазулар латын тілінде жазылған. Компью­тер­лік техникалардың көпшілігі латын тілінде жұмыс істейді;
– Латын графикасына көшу – бізге алдымен орыс тілінің ықпалынан құтылу үшін қажет. Сондықтан латын әліпбиіне көшу арқылы біз осы мәселені шешкен болар едік;
– Латын таңбаларын үйрену оншалықты қиындық туғызбайды деп ойлаймын. Онсыз да қазір компьютерде, ұялы теле­фон­­дарда осы әріпті қолданатын жастар көп. Бірақ оған жедел-жедел көшіп кетпей, Елбасының өзі айтқандай, бірте-бірте қол­ға алған жөн;
– Латын әліпбиі көп тілді меңгеруге тиімді;
– Әлемдік өркениет дамуына мүмкін­ші­лік беретін бірден бір төте жол;
– Шет елде жүрген қандастарымызға бізбен ғаламтор арқылы байланыс жасауға мүмкіндік береді, оларға өз елі туралы ақпарат алып тұруға қолайлы.
Ғалымжан Байжігіт,
Тарихи мәдени-этнографиялық орталықтың Ғылыми-зерттеу
бөлімінің меңгерушісі
Түркістан қаласы

Бөлісу:

Пікір жазу


*