Құнды қағаз кімдерге қолжетімді?

1530
1
Бөлісу:

Халық арасында биржаға қатысты түрлі түсініктер қалыптасқан. Бірі «инвестор болу тым қиын» десе, енді бірі «инвестиция құмар-ойын секілді» деп ат-тондарын ала қашады. Тіпті кейде «құнды қағаздарды сатып алу орасан зор ақшаны қажет етеді» деп ойлайтынымыз да жасырын емес. Бірақ бұл түсініктердің көбісі биржадағы шындықпен жанаса бермейді. Сол себепті, бүгін Freedom Finance компаниясының бас инвестициялық кеңесшісі Бауыржан Сыдықовпен бірге қор нарығындағы аңыз әңгімелердің рас-өтірігіне көз жеткізетін боламыз.

Бауыржан мырзаның күні таңертең на­рық жаңалықтарын оқудан басталады. Қор биржасында кез келген динамиканы қалыптастыратын ақпарат екенін біріміз білсек, біріміз бейхабармыз. Брокер клиенттің жағдайына қарап түрлі кеңестер беріп отырады. Мысалы, сіздің бір жыл көлемінде бос тұратын 1 млн теңгедей қара­жатыңыз бар делік. Брокер сізге қандай құнды қағаздар сатып алуға бола­тынын ескеріп, инвестициялық порт­феліңізді тиімді етіп құруға көмектеседі.
– Қазақстан мұнай, мыс секілді пай­далы қазбаларды өндіретін мемлекет ретінде шикізатты экспортқа шығарады. Сол себепті, бізде осы компаниялардың құнды қағаздары тартымды. Одан бөлек, банктердің акциялары да үлкен сұранысқа ие. Бұл сала да жақсы дамып келеді. Мұн­дай қаржы құралдары жылына 40-60 пайыз табыс әкеледі, – дейді кеңесші.
Акция мен облигацияның айырмашылығы неде?
Акция мен облигацияның айырмашы­лығын мысалмен түсіндірсек. Мысалы, екі адам «альфа» компаниясын құрды. Екеуінде сол компанияның 100 пайыздық акциясы бар. Компанияны ары қарай дамыту үшін екі жол бар. Бірі – банкке барып несие алу. Бірақ банк несиесі қым­бат әрі уақыты қысқа болуы мүмкін. Нәтижесінде, оны төлеу үшін көп қаражат керек болады. Екінші жол – Қазақстан қор нарығына акциялардың ең болма­ғанда 20 пайызын сатып, содан түскен қаражатты ары қарай компанияны дамы­туға жұмсау. Міне, бұл процесс ІРО деп аталады. Ол – компания акцияларының алғаш рет қор биржасына шығуы. Сол кезден бастап кез келген инвестор «альфа» компаниясының акцияларын сатып алуы­на болады. Сатып алар кезде олардың ең басты назар аударатын дүниесі: Ком­пания қанша табыс табады? Оның стра­тегиясы қандай? Шетелдік нарықтарға шығу жоспарында бар ма? Егер осы ай­тылған факторлар оң нәтиже берсе, онда акцияның бастапқы құны жоғары­лауы мүмкін.
Облигация дегеніміз – борышкерлік құнды қағаздар. Акция үлескерлік құнды қағаздар санатына жатады. Ком­пания толыққанды жұмыс істеп жатыр және жаңадан акцияларды нарыққа шы­ға­руға еш себеп жоқ, бірақ оларға ақша керек. Міне, осындай жағдайда ол обли­гацияларын шығарады. Нақтырақ айсақ, 3 жылдық мерзімге шығарылған обли­гацияларда 10 пайыз көлемінде жылдық пайыздық мөлшерлемесі болады. Депо­зитке қарағанда оның табыстылығы жоға­ры болуы мүмкін. Облигациялардың бір айырмашылығы шетелдік нарықтарда сатылуына болады. Қазақстанда заң бойын­ша барлық есепшоттар мен келі­сім­шарттар тек қана теңгеде болуы керек. Бірақ компанияға шетелдік валюта қажет болса, ол сол елдің қор нарығында саты­лады. Бұл – «еуробонд» деп аталады. Борышкерлік құнды қағаздар Қазақстан ішінде болса – облигация, ал шетелде сатылса еуробонд болып саналады.

Акциядан қалай табыс табады?
Инвестициялық кеңесші адамдардың акцияны арзан бағамен сатып алып, қым­бат бағамен сату арқылы пайда табатынын айтады. Бірақ бұл – бірінші жолы. Екінші жолы – дивиденд.
– Мысалы, жылдың соңында ком­пания табыс тапты делік. Сол таза та­бысты акционерлердің арасында бөледі. Бірақ бір ескеретін жайт бар, дивидендті барлық компаниялар төлей бермейді. Акционерлердің басқосуында «Түскен пайданы қазір акционерлерге бөліп берген дұрыс па әлде сол ақшаны компа­нияны дамытуға жұмсаған жөн бе?!» деген мәселе талқыланып, шешімін табады. Сондықтан дивидендті дамып жетілген үлкен компаниялар ғана төлейді. Әлемде Facebook, Microsoft секілді ірі компания­лар акционерлеріне жыл сайын дивиденд үлестіріп отырады, – дейді брокер. Ол «Инвесторлар енді ғана аяққа тұрып келе жатқан компанияларға қызыға бермейтін шығар» деген пайымымызды теріске шығарды. Өйткені инвестор үшін даму жо­лындағы мұндай компаниялардың бо­лашағы зор екен. Бауыржан Сыдықовтың айтуынша, ІРО-ға негізінде жаңадан құрылған стартаптар шығады.
Инвестициялық кеңесші: «Былтыр Қазақстанда екі ІРО болды. Біріншісі – БАСТ компаниясы. Ол – мыс және никель шығаратын кен орны. Олар қор на­ры­ғына шыққанда жерлері мен бизнес-жоспарынан басқа ештеңелері болмады. ІРО-ға шыққан соң акцияларды сатқан­нан жиналған ақшаға өндіріс орнын са­лып, жарық көзін тартты, құрал-жаб­дықтар сатып алды. Олар алғаш рет ІРО-ға шыққанда бір ғана акциясының бағасы 23 мың теңге болатын, қазір 56 мың теңге. Екінші ІРО – Ақтөбелік металлоконструк­ция зауыты. Ол да кішігірім компания. Оның акцияларына да сұраныс жоғары бол­ғандықтан, бір күннің ішінде 45 пайыз­­ға қымбаттады. Биыл жазда Астана банкі ІРО-ға шықты. Ендігі жерде олар Ресей нарығына шығуды көздеп отыр» деп елдегі ахуалды қысқаша сипаттап өтті.

Инвестициялық портфель қалай құрылады?
Қаражатты жинау маңызды болса, оны тиімді сақтай алудың жөні бір бөлек. Ин­вес­тор келген кезде брокер одан «Ақшаңыз қай уақытқа дейін бос?», «Қандай тәуе­кел­ге дайынсыз?» дегендей сұрақтарға жа­уап алу арқылы оның қаржылық жағдайын тү­сі­нуге тырысады. Себебі, тәуекелдің өзі әр­түрлі. Мысалы, жұмысын жаңадан бас­таған компаниялардың тәуекелі жоғары, ал үлкен компаниялар – аз тәуекелді. Сіз­дің қаражатыңыз мол табыс әкелсін деген мақ­сатта брокерлер инвестициялық порт­фельді құру барысында әртүрлілік прин­ци­пін ұстанады. Бауыржан мырза оны мы­надай мысалмен сипаттап берді: «Егер сіз­дің 1 млн теңге көлемінде қаражатыңыз бол­са, оның 300 мың теңгесіне обли­гация­лар сатып аламыз. Оған бір жыл ішінде тиіс­пейміз, себебі, оның табыстылығы ал­дын ала белгіленіп қойылған. Қалған со­маны акцияларға бөліп саламыз. Мысалы, екі­ден бір бөлігіне – шикізат компа­ния­ла­рының акцияларын, артылғанына банк ак­цияларын сатып аламыз. Осылайша, ин­вестордың тәуекелін төмендетеміз».
Freedom Finance компаниясы барлық клиенттер үшін мынадай лимит саясатын ұстанады: инвестициялық қаражаттың 10-20 пайызы қаржы құралдарына, 20-30 пайы­зы экономиканың әртүрлі сала­лары­на, активтердің азғантай үлесі, яғни небәрі 1-5 пайызы клиентпен келісе отырып, тәуе­келі аса жоғары қаржы құралдарына ин­вестицияланады.


Брокер – қа­рапайым адамдарға қор нарығында жұмыс істеуге мүмкіндік беретін заңды тұлға. Мысалы, сіз құнды қағаздар сатып алғыңыз келсе, тікелей қор биржасына бара алмайсыз. Себебі, биржа жеке тұлғалармен емес арнаулы лицензиясы бар компаниялармен жұмыс істейді.


Қазақстан қор нарығында қазір 100 мың­ға жуық инвестор бар. Осы нарықта бағаны қалыптастырып отыратын ақпарат. Сондықтан компаниялар әр тоқсан сайын қаржылық есеп беріп отырады. Бауыржан Сыдықовтың айтуынша, брокерлік ком­панияларда талдау жасайтын арнаулы мамандардан тұратын үлкен департамент бар. Олар осы компаниялардың есептерін қадағалап, жаңалықтарға қарап болжау жасайды. Егер компания жағдайы бол­жамға сәйкес болмай қалса, онда акция­ла­рының бағамы төмендейді, ал болжам­нан жоғары болса, онда акциялардың баға­сы көтеріледі. Компания туралы жал­ған ақпарат таратылса, онда акция­лар­дың бағасы қысқа мерзімде құбылмалы бо­лады. Осы тұста инвестициялық кеңес­шіден акция бағасының төмендеуіне қо­сымша не әсер ететінін сұрадық. Себебі, «мұн­дай жағдайда инвесторлар акция­лардан тезірек құтылу мақсатында жаппай сатады, сәй­кесінше, ол акция бағасының құл­дырауына әкеліп соғады» деген ой болды. Ол теріс пиғылда таратылған ақпа­рат­тардың ин­весторларды уайымға са­ла­тынын жасыр­мады. Бірақ бізді таңғал­дыр­ғаны инвес­тор­лар акцияларды жаппай сат­паса да, ақ­парат нарыққа әсер етеді екен.
– Негізінде, сатып алу мен сатудан бө­лек, индикативті баға болады. Мысалы, іс­керлік ақпарат көздерінде әртүрлі гра­фик­терді кездестіресіз. Оларды біз тех­ни­калық анализ деп атаймыз. Мысалы, Co­ca-Cоla компаниясының акциялары на­рықта 100 жылдан астам уақыт бойы са­­­тылып жатқандықтан, олардың акция­ла­рынан белгілі бір динамиканы байқауға бо­лады. Қай кезде түседі, қай кезде жо­ғарылайды? Белгілі бір ритм бар. Ком­па­нияның абыройына нұқсан келтіретін ақ­парат тараған кезде сол ритм бір мезетке тоқтап қалуы мүмкін. Міне, дәл осы уа­қытта ешкім қоржынындағы акциясын сат­паса да, бағалар 50 пайызға дейін тө­мендеп кетеді, – дейді Бауыржан Сыдықов.

Техникалық анализді кім жасайды?
Бұрын брокерлік компаниялардағы талдау департаменттері жасайтын, қазір техниканың дамыған кезеңінде анализдің 50 пайызын – роботтар, яғни компьютер жасайды. Одан бөлек, фундаменталды ана­лиздің де маңызы зор. Ол – компа­ния­ның немен айналысатыны, қанша табыс табатыны, не өндіретініне талдау жасау. Сонда техникалық және фундаменталды анализдің әсерінен компания акциясының орташа бағамы шығады.


Инвестициядан табыс тапқысы келетіндерге кеңес:
Ең біріншіден, дұрыс брокер таңдап алу керек. Себебі, кейбір брокерлердің комиссиясы жоғары болуы немесе тек қана шетелдік нарықтарға шығуы мүмкін. Енді бірі сатып алған инвестициялық портфельдің табысын арттыру үшін ары қарай жетектеп отырмайды. Екіншіден, өзіне ыңғайлы тәуекел деңгейін белгілеп алуы қажет. Ең тиімдісі – орташа, аз және жоғары тәуекелді құнды қағаздарды біріктіру арқылы инвестициялық портфель құру. Ең маңыздысы – Уоррен Баффет айтпақшы, өзіңіз қызметі мен тауарларын күнделікті пайдаланатын компаниялардың ғана акциясын сатып алған дұрыс.


Кімдер инвестор бола алады?
Қазақстан қор нарығы инвесторларға ешқандай шектеу қоймайды. Бастысы, адам кәмелеттік жасқа толуы және ақыл-есі дұрыс болуы керек. Балаңызға акция сатып алғыңыз келсе, онда қорғаншылық жә­не қамқоршылық органынан рұқсат қа­ғазын алып келуіңіз қажет. Біз көптен бері жауап ала алмай келе жатқан «Бір ғана акция пакетін сатып алуға бола ма?» деген сауалымызға Бауыржан мырза былай деп жауап берді:
– Сіздің айтып отырғаныңыз жиі қойы­латын сұрақ. Бізге қоңырау шалу­шы­лар да үнемі «Қанша ақшамен келе ала­мын?» деп сұрайды. Әрине, сіз компания ак­циясының біреуін ғана сатып ала алсыз. Бі­рақ бұл жерде мына мәселені ескерген жөн. Акция пакетінің бір ғана данасын са­тып алғанда оны қай уақытта пайда­сы­мен қайтара алатыныңызды есептеу керек. Себебі, бұл жерде сіз есепшот ашу үшін шы­­ғындаласыз, ақшаны аудару үшін бро­кер мен банктің комиссиясын төлейсіз. Мы­салы, қазір Астана банкінің бір ак­циясы 1560 теңге тұрады. Брокердің ко­мис­сиясы – 0,2 пайыз, одан бөлек, банктің комиссиясына 100 теңге төлейсіз. Сонда 1500 теңгенің үстінен тағы да 500-600 тең­геге шығындаласыз. Банктің акциясы 1,5-2 жылда өсуі мүмкін. Сондықтан сал­ған ақшаңызды ертерек қайтарып алғыңыз келсе немесе қомақты табыс тапқыңыз келсе, онда ең аз дегенде 100-200 мың тең­ге көлемінде қаражат керек болады. одан төмен соманы тек адам өзін осы са­лада байқап көруі үшін және қызығу­шылықтан инвестициялауы мүмкін.
Бауыржан мырза қазақстандық ин­весторлардың қоғамдағы статусы әртүрлі екенін айтты. Мысалы, бірі – зейнеткер, бірі – студент. Бірақ олардың ортақ образы мынадай сипатқа ие болады: «Жасы 30-50 жас аралығында, белгілі бір компанияның топ-менеджері, 50 мың доллардан жоғары қаражат жинақтаған, экономика саласын­да білімі бар. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкер­лер де бар. Оларға депозиттер мен жылжы­май­тын мүліктің табысы қызықты емес. Сон­дықтан басқа табыс көздерін іздейді».

Түйін:

Таныстарымыздан «жиғанымды доллармен сақтап қойдым» немесе «құны жоғалмайды ғой деп үй сатып алдым» дегенді жиі естиміз. Бірақ одан бөлек, қаражатты көбейтудің қандай жолдары бар екенін біле бермейміз. Көпшілігіміз үшін биржа аузы құлыптаулы сандық секілді, сол сандықты ашуға қаржылық сауаттылығымыздың төмендігі немесе жоқтығы кедергі болады. Батысты батыс
қылған – биржа. Оңтүстік-шығыс Азияның экономикасын алға сүйреген де осы қор нарығы. Сондықтан ұрпағымызға дамыған әрі тұрақты экономиканы мұраға қалдырамыз десек, әрбір адамның кішігірім экономистке айналатын уақыты жетті ме деген ойда қалдық.

Кәмила ДҮЙСЕН

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Қанат 7 Қараша, 2018 at 09:20 Жауап

    Керемет,осы кісімен қалай хабарласуға болады?Мені осы акция сатыпалу қатты қызықтырды!💸💵👍📰📑😕

Пікір жазу


*