ДАМУҒА ЖЕТЕЛЕЙТІН ДАРА ЖОЛ

1322
0
Бөлісу:

Серік Бектұрғанов, сенатор:

Рухани интеграцияға ұмтылыс

– Қазақ тілінің латын графи­касына ауысуы отандаста­ры­мыздың ғана емес, шетелдік мамандардың да қызығушылығын оятты. Бұл мәселе терең талқы­ланып, оны қолдайтын көптеген салмақты әрі ғылыми негізі бар мысалдар айтылды. Аракідік мұндай өзгерістердің әлі ерте екені және іс жүзіндегі қиын­дықтар туралы, тіпті кейде оның әзірге қажет еместігі жөнінде пікірлер айтылуда.
Ел экономикасының нарық­тық қатынасқа өткенде туындаған мәселелерін шешу, әлемдік қаржы дағдарысының зардаптарын ең­серу, экономиканы индустриал­ды-инновациялық даму арқылы нығайту, қоғамдық қатынастар­дың модернизациясы, соңғы жыл­дардағы саяси реформалар – барлығы соған бағытталды. Одан бөлек, біз мақтана алатындай жетістіктердің барлығы өздігінен келген жоқ. Тек ел Президентінің алға қойған мақсаттарын жете түсініп және әрбір қазақстан­дықтың күш біріктіріп, мүдделі түрде осыған атсалысуы нақты міндеттерді жүзеге асыруға кө­мек­­теседі. Сондықтан мемле­кеттік органдар мен ғылыми қауым­дастықтың, азаматтық қоғам мен қазақ тіліне жанашыр әрбір тұлғаның күш біріктіруі біздің латын әліпбиіне сауатты әрі жүйелі түрде көшуімізге мүмкіндік береді.
Біз таңдаған жол біржылдық емес екені және оның өзге әліп­биге автоматты түрде ауысуын білдірмейтіні даусыз. Бұл қа­дамның маңыздылығын аңғарған Мемлекет басшысы жаңа әліп­бидің барлық нұсқасын барша маманмен және бүкіл қоғам болып талқылаудың қажет­тілігіне назар аударды. Яғни, латын қарпіне өту процесі өткен ға­сырдағыдай асығыс жүргізіл­мейді. Ол кезде қазақ тілінің әліп­биі екі рет: бірінші – арабшадан латыншаға, одан кириллицаға ауысты және мұның саяси астары болды әрі сол тілде еркін сөй­лей­тін адамдармен кеңес жүргізілген жоқ.
Латын қарпіне ауысу – осыған дейін талай айтылғандай, жа­һанданудың әлемдік тенденциясы және үдемелі дамуға апаратын тағы бір жол. Одан бөлек, барлық елдерге бірдей түсінікті әліпбиді пайдалану әлемдік қауымдас­тыққа экономикалық салада ғана емес, сонымен бірге мәдени және рухани интеграцияға деген ұмты­лысымыздан хабар береді. Оған қоса, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылып келе жатқан қысқа мерзім ішінде тарих пен мәде­ниеттің, рухани құндылық­тарымыздың жаңа беттері ашылуда.


Шерубай Құрманбайұлы,
филология ғылымдарының докторы, профессор:

Латынға көшуді ел қолдайды

– Қалың көпшілік, қа­зақ қауымы латынға көшуді қолдап отыр. Әсіресе, жастар жағы латын әліпбиін қолдануға бейім. Маман­дар латын әліпбиіне көшкен елдер тәжірибесін зерттеп, ұсынылған әліпби нұсқаларын кейінгі ширек ғасыр бойы талдап, талқылап келді. Қазір де талқылауға жұртшылық белсенді атсалысып жатуын да түсінуге болады. Өйткені жазу, әліпби мәселесі әркімге қатысты, ешкімді айналып өтпейді. Алайда біздің пікірімізше қалың көп­шіліктің назарына, Парламентке, Елбасына әбден екшелген, сараптан өткен, пісіп жетілген ең тиімді нұсқа ұсынылуы тиіс еді. Әліпби ұсынушылардың сонша дәріптеп, дұрыс жасалғанын негіздеп сонша кездесулер мен жиындар, теле-ра­дио­хабарлар өткізгеніне, мақалалар жазғанына қарамастан, ұсынған бірінші нұсқаны қалың қауым қабылдамады, сын көп болды. Көпшіліктің белсенділігін, қоғам үшін аса маңызды мәселеге атса­лысқанын дұрыс қабылдауымыз керек. Бұл біздің қоғамның ел ішінде болып жатқан құбылыс­тардың бәріне немқұрайды қара­майтынын, азаматтық позициясын, пікірін ашық айтатын адамдар саны арта бастағанын көрсетеді. Бұл – жақсы үрдіс. Жұртшылық ұсыныс­тарын қабылдап, ресми органдар­дың «айттым бітті, кестім үзілдіге салмай» әліпбидің жаңа екінші нұсқасын талқылауға шығаруы да қоғамдағы диалогтың бар екенін айғақтайды. Екінші нұсқа алдың­ғыға қарағанда дұрыстау. Дегенмен бұл әліпбиді де жетілдіре түсу қа­жеттігі байқалады.


Марал Жақыпова,
Қазақстан халқы ассамблеясы Ақмола хатшылығының меңгерушісі:

Ақпараттық кеңістікке жол ашады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы ора­лымды ойлары – мен үшін қалғып бара жатқан қазақтың санасын дүр сілкіндіріп, есеңгіреген есін жинатқан таудың салқын суындай татымды әрі тегеуірінді. Әр там­шысында арлы азаматтың сана­сына жететін зор тағылым бар. Астарында асыл қазынадай тіні бар. Ұғар ұрпаққа ұлағат бар. Әсіресе, мақалада айтылған қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуге қадам басуы – бар халықтың болашағына әсер ететін тарихи шешім.
Тіл мамандарының пайым­дауын­ша, латын әліпбиі арқылы қазақ тілі жаңа деңгейге көте­ріледі. Қазақ тілін меңгеруде жаңа мүмкіншілік туады деп күтілуде. Байыпты пікірталас қашан да жан-жақты пысықталған, дұрыс шешім қабылдауға ықпал етеді. Парламентте ұсынылған бірінші жобаны көпшіліктің талқысына салғанда сын көтермей қалған тұстары болды.
Жуырда тіл мамандары Мем­лекет басшысына 32 дыбыс таң­баланған жаңа жобаны таныс­тырды. Президенттің әр әріптің, әр дыбыстың зардап шекпеуін қадағалауды мұқият тапсырғаны ескеріліп, енді әр қазақы төл дыбыс өзінің дербес таңбасына ие болды. Алдыңғы жобадағыдай төл таңбаларымыз екі әріппен емес, қосымша белгі қою арқылы бе­рілуі әрине көңілге қонымды.
Әлемнің алдыңғы қатарлы 20 елінің 18-і латын әліпбиін пайда­ланады екен. Яғни, латын әлемі біздің елге әлемдік кеңіс­тікке, со­ның ішінде ақпараттық кеңіс­тік­ке, бәсекелес ортаға еркін кіруге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Елбасының дара идеясы­мен құ­рыл­ған Қазақстан халқы ассам­блеясы «Латын қарпіне көшу – біздің ортақ міндетіміз» тақы­рыбында ғылыми-сараптамалық кеңес отырысын өткізіп, ассам­блеяның тіл реформасына тікелей атсалысуға кіріскенін мәлімдеген болатын. Осы отырыста сөз алған Мәжіліс төрағасының орын­басары Владимир Божконың: «Бұл әліпби тек қазаққа ғана емес, күллі қазақстандықтарға ортақ рухани бірлікке шақыратын тетікке айналуы керек» деген пайымы өте құнды. Себебі, кез келген реформа – қоғам дамуы­ның беталысын айқындайтын фактор. Осы уақытқа дейін қа­зақша білетіндер мен қазақша білмейтіндер болып екіұдай жүрген халқымыздың басын бірік­тіруге осы тіл реформасы шешу болса, осындай жолайы­рыққа келгенде екіге бөлінбей, бір елде, бір бағытта даму жолы­н ұстансақ деген үміт бар. Қазақ тілін латын әліпбиіне кө­шіру тек қазақ тілінің тағдырына ғана қа­тысты емес, мемлекеттік мүддені көздеген үрдіс емес пе?! Бір ел, бір мақсат деген ұстаным­мен дамып келе жатқан елімізде әр қазақ­стандықтың осы қажеттілікті ұққаны абзал.


Меруерт КӨПБАЕВА, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ Филология және журналистика кафедрасының меңгерушісі:

Тың серпіліс береді

– Қазақ елі үшін саяси, әлеу­мет­тік маңызға ие мәселенің бірі – латын әліпбиіне көшу. Әліп­бидің алғашқы нұсқасын тал­қылау елімізде бір айға созылды. Елбасы мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жұмыс тобымен кездесіп, тілді рефор­малаудың маңыздылығын атап өтті. Алдағы уақытта аталған маңызды мәсе­ленің дұрыс ше­шімін табу үшін ақпараттық-түсін­діру жұмыстарын жалғастыру қажет екеніне тоқ­талды. Мемлекет бас­шысы латын қар­піне көшу тілімізді дамыту мен оны әлемдік ақпа­раттық кеңіс­тікке шығарудың бірден бір жолы екенін ерекше атап көрсетті.
Жалпы, халық Елбасының бастамасын қолдайды. Бұған дәлел ретінде Президент Әкім­шілігіне келіп түскен 300-ден астам өтініштерді айтар едік. Ұсыныс, өтініш, пікірлердің орын алуы өте заңды. Соның арқасында көпшілік осы бір күрделі мәселеге орай өзінің көзқарасын қалып­тастырады. Алайда анық болатын бір мәселе бар. Ол – қазақ тілінің әліпбиі міндетті түрде латын қар­піне «бір әріп – бір дыбыс» прин­ципімен көшіріліп, төл дыбыс­та­рымыз қалпын сақтап, дәйекше – апострофтар арқылы бері­ле­тіндігі. Негізінен, қазақ әліпбиі клас­сикалық латын әліп­биінің шегінде жасалса ғана қа­жетті мақ­сатын толық қанағат­тандыра­тынын ға­лымдар дәлелді ұсынды.
Латын қарпіне көшу – қазақ тілінің халықаралық, әлемдік деңгейде өрістеуіне жол ашады. Шет елдегі қандастарымыз және түркі текті бауырларымызбен рухани, мәдени, ғылыми, эконо­микалық қарым-қатынасты, ты­ғыз байланысты күшейтуіміздің көкжиегі кеңейе түсері сөзсіз.


Әлмұхамбет ИМАНБАҚОВ, Алматы облысының «Тіл» оқыту-әдістемелік орталығының директоры:

Әлемдік өркениетке бастайды

– Ақпараттық және техникалық үдерістің қарыштап дамыған кезе­ңінде өзге елдердің көшінен қал­май, алда болу – заман талабы. Жас әрі дамушы мемлекеттердің қата­рынан өз орнын тапқан қазақ елі үшін алда үлкен әрі жауапты ке­зеңдер күтіп тұрғаны анық. Қазіргі таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен латын әліпбиіне көшуді бастап кеттік. Осыған дейін бірнеше нұс­қасы ұсынылғанын білесіздер. Менің көңілімнен шыққаны – соңғы нұсқасы. Алматы облыстық «Тіл» оқыту-әдістемелік орталы­ғының ұжымы да аталған нұсқаға бірауыздан қолдау танытып, іске көшуге әзір отыр. Әлеуметтік желі, интернеттік және мерзімді басы­лым­дардар мен түрлі сайттарда қызу талқыға түсіп, көбі осы нұс­қаны тандап жатыр. Оның себебі де жоқ емес.
Біріншіден, нақты таңбалармен берілген. Екіншіден, ноқаты мен дәйекшесі аз. Үшіншіден, жастар­мен бірге ересектердің де қиналмай меңгеріп кетуіне жеңіл. Сондықтан барлығын осы нұсқаны қолдауға шақырамын. Етек-жеңімізді жи­нап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір атаның баласындай әркет ететін кезең келді. Тамыры терең тарихымызды қайта түгендеп, мәдениеттің ошағы болған осынау даламыздың қадірін асқақтатын уақыт жетті. Рухани жаңғыруға бет алған мемлекетіміз бәсекеге қа­білетті әрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының ықпалымен әрмен қарай дамып келеді. Сол себепті, латын әліпбиіне көшу міндеті әлемдік өркениетке бізді біртабан жақындатады.

Бөлісу:

Пікір жазу


*