«ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ» – ЛӘЙЛА

665
0
Бөлісу:

Ләйла Сұлтанқызы «Хабар» телеарнасына ауысты. 17 қазаннан бастап тележүргізуші көрермендерімен тікелей эфирде қайта қауышады. Жаңа жобаның мақсаты мен бағыты туралы Ләйла ханыммен тілдескен едік.

– «Қазақстан» ұлттық арнасынан кет­кеніңізде «шетелге барып, білім ала­мын» деген едіңіз. Оқуыңыз аяқталды ма?
– Басты мақсатым – ұлдарымның арманын орындау. Олар футбол ойнай­ды. Сол себепті, жазғы дема­лы­сын­да танымал Еуропа клубының академия­сынан білім алды. Қосымша тіл үйрен­ді. Балаларыммен бірге өзім де ағыл­шын тілін жетілдіріп келдім.
– Үйренген жерді тастап кету оңай болмаған шығар…
– Бұдан трагедия жасаудың қажеті жоқ. Кішкентай бала емеспін, өз бағамды білемін. Ересек адамдардың бір нәрсені үйренуі әрі одан бас тартуы қиын болады дейді. Солай болуы да мүмкін. Бірақ маған соншалықты қиын­­дық тудырды деп ойламаймын. Өмір болған соң түрлі кезеңдерді бас­тан өткізуге тура келеді. Тіпті бәрін жаңа парақтан бастайтын да уақыт бола­ды.
– Инстаграмдағы парақшаңызда жаңа жоба бастағаныңызды жаздыңыз. Қандай бағдарлама? Форматы қалай болмақ?
– «Хабар» телеарнасынан «Тікелей эфирді» бастайын деп отырмыз. «Әйел ба­қыты» аты айтып тұрғандай, тек әйел­­­дерге арналған жоба еді. «Тіке­лей эфир» – еркін форматтағы ток-шоу. Түрлі тағдыр иелерін, шешімін таппай жүрген түйткілдерді көрсетеміз. Мақ­сатымыз – қоғам назарына ілінген ерекше оқиғаларды талқыға салу, кезек күттір­мейтін мәселелердің тобықтай түйінін табу. Сон­дай-ақ танымал тұлғалар мен әлеу­меттік желі жұлдыздары біздің қонағымыз болады. Телеарна басшы­ла­ры­мен бірнеше рет кездесу барысында мұндай бағдарла­малар елімізде аз екенін түсіндік. Әлеу­меттік, мәдени, ойын-сауық бағдар­ла­­мала­ры бар, бірақ кез келген тақырыпты көтере беретін ток-шоулар аз. Оның үстіне, «Ха­бар» арнасында көрермендерге арналған тікелей эфирдегі бағдарлама жоқ. Сон­дықтан идея – арна басшыларына тиесілі. Оған өз тарапымыздан көзқара­сымызды айтып, жетілдіруге тырыстық.
– «Тікелей эфирді» 15.00-ге қоюдың ерекше сыры бар ма?
– Телевизияда жиырма жыл жұмыс істеген болсам, көрермендер соңғы 5 жыл­да көбірек тани бастады. Бұл «Әйел бақы­тымен» байланысты ма, жоқ басқа ма, нақты білмеймін. Әр адамның өзінің «прайм-таймы» болады. Іштей менің прайм-таймым сағат 15.00 деген сенімім бар. Өйткені үйде отырған қыз-келіншек­терге, болмаса базарда сауда жасап жүрген адамдарға, жалпы, барлығына үштің кезі теледидар көруге уақыт бөле алатын кез сияқты. Басшылар тарапынан кешкі уақытқа қою туралы ұсыныстар болды. Кешкісін телехикаялар өте көп, ауыр тақырыппен елдің мазасын алғанды жөн санамадық.
– «Қазақстан» арнасына үйренген ауди­тория­ның пікірі қандай?
– Қанша адам болса, сонша пікір бар.
Басым көпшілігін «неліктен?» деген сауал мазалайды. Сұраққа жауап ала ал­ма­ған соң кейде күдерін үзеді. Кейбіреу­лер түсіністікпен қарап жатады.
– Ұзақ уақыт Ұлттық арнада қызмет істеген адамға «Хабар» арнасына ауысу қа­лай екен?
– Адам үнемі өзіне ыңғайлы жақты іздейді. Өмірінің, жағдайының жақсы болғанын қалайды. Мен де – сондай жан­дар­д­ың бірімін. Кім білсін, келесі жылы Аме­ри­каның немесе Кореяның бір арна­сында жұмыс істермін. Сондықтан бір нәрсеге байланып, өзіңе шек қоймау керек. Неғұр­лым жақсы, рейтингі жоғары жобалар жасап жатсаң, бір жерде қалып қою, талан­тыңды тұншықтыру деп білемін. Басында «қалай болар екен?» деген қорқыныш болды. Бірақ үлкен қадамдарға бармай, үлкен іс жасай алмаймыз. Үш айлық дема­лы­стан кейін сезімнің барлығы ор­нық­ты, ешнәр­седен қорқудың, уайым­дау­дың қажеті жоқ екенін түсіндім.
– Жаңа кітап жазуды бастап кетіпсіз. Рас па?
– Алла қаласа, айдың соңында шығып қалар. Екі-үш айдан бері осы кітапты шы­ға­румен айналысып жүрмін. Оның жар­на­малық пакеті қай уақытта дайын болады? Бір әрпінен қате кетпей ме? Яғни, бір-біріне шынжыр сияқты байланған жұмыс­тар өте көп. Сондықтан «созылып» кетті.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Гүлнұр ДОСБОЛ

Бөлісу:

Пікір жазу


*