Latyn qarpi – ta’y’elsizdigimizdin’ nys’any

917
0
Бөлісу:

Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик:

ӘЛЕМДІК ҮЙЛЕСІМДІЛІК РӘМІЗІНДЕЙ
– Рухани жаңғырудың елеулі қадамы – қа­зақ қарпін латын әліпбиіне көшіру ту­ра­лы Елбасы Жарлығын Қазақстан халқы аса ірі құбылыс, ізашар елдік тұғырнама деп қа­былдады. Бұл тарихи күннің мәні жыл­дан-жылға арта беруі тиіс.
Латын қарпіне орайлы және сәтімен өту Қазақстан Республикасындағы мемлекет құрылысы саясатының салиқалы, байыпты екенін тағы бір рет айғақтады. Бұл шара рухани-әлеу­меттік, тарихи-танымдық тұрғыдан бүгінгі және ертеңгі ұрпақ үшін де маңызды.
Елбасының көреген саясаты мен елдің парасатының арқасында латын қаріпті қазақ әліпбиі мәдени өріс аясындағы серпінді идеяға ұласып, дамуымыздың жаңа кезеңін бастағалы тұр.
Латын қарпіне көшу Қазақстан Республикасының институттық қалыптасу үдерісінің толық аяқталғанын көрсетеді. Тәуелсіздік жемісі деген – осы: ұлт ұғымы ұлықталып, тұрақтылық тұғыры тиянақталды.
Бұл ретте жүйелеу, сараптау, талқылау жұмысына Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдарының, әсіресе, «Жасанды зерде» институты, Қазақстан халқы ассамблеясы мен ЮНЕСКО кафедралары мамандарының белсене атсалысуын азаматтық парызымыз деп санаймыз.
Жалпы жазу тарихы – сана мен сапа тарихы. Сол сана мен сапаға Мем­лекет басшысы қамқорлығы мен барша этностың түсіністікпен қарауын халқымыз аса жоғары бағалап отыр. Жаңа әлемдегі жаңа Қа­зақстан дәстүр сабақтастығын үзбей, жасампаздықпен алға дами бе­рері сөзсіз.
Қоғамымызда жүріп жатқан рухани жаңғыру елдік және ұлттық құндылықтарымызды халық игілігіне айналдыруға зор қозғау салып келеді. Осы орайда, жаңа әліпби де ұлттық код деп білеміз. Ол береке-бірліктің, үйлесімділіктің, әлемдік ықпалдастықтың рәмізіндей.
Дамуымыздың жаңа кезеңінде қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру шек-шеңбері, бағыт-бағдары анық Елбасы айқындаған «Қазақстан жолы» бағдарламасына сәйкес келеді.
Қазақстанда тіл саясаты «бүлінгеннен бүлдіргі алатын» дүрдараз­дық­қа емес, қоғамның бар жігін біріктіретін, азаматтық бірегейлікке ке­пілдік беретін айрықша құбылысқа айналғаны әлемге мәлім.
Әлемдік тәжірибеде әліпби – тілдің болашағын айқындайтын ұстын. Мұнда ұлт болмысы, ұлт жаны жинақтала көрінеді. Латын қа­ріпті қазақ әліпбиі – ұлт санасына серпін, ашықтық, жасампаздық әке­леді деп сенеміз.

Серік СӘПИЕВ,
Мәжіліс депутаты, Олимпиада чемпионы:

Латынға үйренісіп кетеміз
– Латын әліпбиіне ауысу – заман та­ла­бы. Өйткені бүгінде бүкіл әлемде осындай тенденция бар. Технологияның дамыған кезінде кириллицадан латынға көшкеніміз жөн. Бұл үдерістің пайдасын уақыт өте ке­ле көреміз. Осыған дейінгі ұсынылған нұс­қалар ел арасында талқыланды. Әлі де ха­лық пікірін білдіріп жатыр. Дегенмен соң­ғы нұсқа бекітіліп, қабылданды. Бұған үйренісіп кетеміз деп ой­лай­мын. Апострофтармен белгіленетін латын әліпбиін құрастыруға осы саланың мамандары атсалысты. Ұзақ уақыт бойы қарастырылып, жан-жақты талқыға түсті.
Шыны керек, латынға ауысуға көпшілік қарсы емес. Тек нақты қай нұсқа қабылданар екен деген сауал көпке дейін ойда жүрген еді. Ел­басы бекітіп, соңғы нұсқаға ауысатындығымызды жеткізді. Осы рет­те алдағы уақытта көптеген жоспарлар бар. Оның ішінде латын қар­пінде жүз жаңа оқулық шығару секілді көлемді шараларды айта кету керек. Елдің көзі үйреніп кеткенше уақыт керек, әлбетте. Бірақ үйренісуді бүгіннен бастаған дұрыс. Бастапқыда қиындау болатыны сөзсіз. Қалай десек те, мұндай шешімнің бір күні қабылданары белгілі еді. Сол себепті, латынға толықтай ауысуға дайындықты әр адам бүгіннен әрі өзінен бастап кеткені дұрыс.

Арықбай АҒЫБАЕВ,
заң ғылымдарының докторы:

Тарихи маңызы зор жарлық
– Биылғы жылдың тарихи маңызы зор жаңалығы – 27 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ тілі әліпбиін ки­рил­лицадан латын графикасына көшіру ту­ралы Жарлыққа қол қоюы болды. Осы­лай­ша, қазақ халқы сонау бір жылдары ұлт ақ­сақалы Ахмет Байтұрсынұлы әліппесін әзірлеп, кеңестік кезеңде қолданыста бол­ған латын әліпбиіне тәуелсіздік жағдайында қайта оралуға мүмкіндік алып отыр. Сондықтан Елбасының мұндай шешімін тәуелсіз еліміздің игілігі мен өркениетті дамуы, жас ұрпақтың болашағы жолындағы парасатты да баға жетпес іс-шара деп бағалаймыз. Өйткені күнделікті жазу-сызуымызда кириллицадан латын қарпіне көшуіміздің мән-маңы­зы айрықша! Жасыратыны жоқ, сонау ғасырлар қойнауынан бү­гінгі күнге жеткен асыл да құнды рухани қазыналарымыз – ұлттық жә­дігерлеріміздің басым көпшілігі әлі күнге дейін көптеген шетел­дер­дің тарихи мұрағаттарында шаң басып жатыр. Еліміздің латын графикасына көшуі жағдайында ізденуші жас ғалымдардың әлгі мұра­ғаттарды ақтарып, тарих қойнауындағы тарихи жәдігер-жаз­баларымызды туған халқымызға қайтарып, оны жан-жақты зерттеуге жол ашады. Бұл – сөз жоқ, өркениетті даму жолындағы аса ірі қадам.
Ең бастысы, латын әліпбиіне көшу барысында барша тіл мама­нының қыруар іс атқаруына тура келеді. Атап айтқанда, алдағы жыл­д­­арда тілші-ғалымдарымыз латын әліпбиін қолданатын көршілес ел­дердегі ахуалды жан-жақты зерделеп барып, содан соң елімізде ла­тын әліпбиін енгізудің ең тиімді методикасын жасап, сол методика негізінде қажетті сөздікті құрастырғаны абзал. Сөйтіп, латын әліпбиін күнделікті тұрмыста біртіндеп қолдануға енгізуіміз керек. Өзім білетін қа­зақстандық тілші-ғалымдардың пікірінше, біздің елімізде ұсы­нылып отырған латын әліпбиінің нұсқасы барлық түркітілдес мем­лекеттер қолданып жүрген нұсқаның ішіндегі ең ыңғайлы әрі зама­науи әліпби көрінеді. Себебі, мұнда тек компьютердің пер­не­тақтасындағы таңбалар ғана бар екен. Мұның өзі латын қарпіндегі қазақ әліпбиін кез келген компьютерде еш қиындықсыз пайдалануға мүмкіндік береді. Демек, кез келген тұрғын компьютерде немесе күнделікті жазу-сызуда латын әліпбиін қиындықсыз қолдана алады.

 

Төрегелді ШАРМАНОВ, академик:

Жақсылықтың белгісі
– Латын әліпбиіне көшу – үлкен көрі­ніс. Халық үшін мұны кодтық белгі деп қа­рауға болады. Бұл сәтті біз көптен бері күтіп жүрміз. Сондықтан тым кеш қалмай, ер­терек болса деп армандаймыз. Өйткені бұл – тәуелсіздігіміздің бір нышаны. Ке­зін­де біз кириллицаға ілігіп, соның әсе­рі­нен бодандықтан шыға алмай қалдық.
Бұл – бостандықтың бір белгісі, егемендіктің ерек­ше айқын көрінісі іспетті.
Латын қарпіне көшудің ешқандай қиындығы болуы тиіс емес. Бұл – дүниежүзілік технология тілі. Қазір ағылшын тілі дү­ние­жүзілік тіл болып кетті. Орыс тілі қаншама бай болса да ол көп­теген ха­лық­аралық тілдің бірі ғана. Біз толысу деңгейіндеміз. Латын әліпбиі – технологияның көрінісі. Жаңа технология, жаңа бағыт. Дүниежүзіндегі ғылым саласындағы жаңалықтардың 92 пайызы ағыл­шын тілінде басылады. Оның көшірмесін, аудармасын қарайтын бол­сақ, кеш қалып қоямыз. Бұл – қазіргі замандағы жылдамдықтың, же­дел түрде дамып келе жатқандықтың көрінісі. Уақыт солай қазір, күт­тірмейді. Қанша тәуелсіз ел болғанмен, кириллицадан шыға алмасақ, алға жылжудан кешігіп қаламыз. Жақсылықты бастадық па, халықаралық кеңістікке шығып, өркениетті елдердің қатарында болуға тиіспіз. Себебі, өркениетті елдердің басым бөлігі – латын әліпбиінде. Сондықтан латын әліпбиі жай ғана нышан емес, ол – дамудың, өркениеттің, технологиялық көріністердің нышаны.
Біз үшін латын әліпбиімен жұмыс істеудің ешқандай қиындығы жоқ. Өйткені бір кездері бұл қаріппен жұмыс істегенбіз. Жаңа тех­но­логия көп, латын қарпіне көшу оп-оңай. Барлық кітаптарды, ғы­лы­ми-зерттеулерді латын қарпіне көшіру түк те қиындық тудырмайды. Сондықтан жаңа заманның жақсы көріністеріне ие болу үшін, ешкімнен қалмау үшін, еңсемізді көтеру үшін, өзгелермен иығымыз бірдей болуы үшін міндетті түрде көп кешікпей латын әліпбиіне көшуіміз керек. Бұл – үлкен жақсылықтың, тәуелсіздіктің белгісі. Жал­пы, дамуымыздың бір ерекше бағытының көрсеткіші. Неғұрлым тез латын әліпбиіне ауыссақ, соғұрлым үлкен мүмкіндіктер туады. Бұл – көптен күткен сәт. Осы сәттің туғанына қуанамыз.
Біз сияқты медицина саласы қызметкерлеріне латын қарпі таңсық емес, осы қаріппен көзімізді аштық. Медицинада ертеден келе жатқан үрдіс, бойымызға сіңген дүние. Медицина – өте үлкен, ауқымды сала. Сол себепті, латын қарпіне көшу бұл саланың дамуына оң әсер етеді.
Сейілбек МҰСАТАЕВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдардың докторы:

Қазақ тілінің бәсекелестігін арттырады
– Латын әліпбиіне көшу – әлеуметтік, ғылыми, рухани, саяси жағынан да заман талабына сәйкес үлкен шешім. Латын әліпбиіне көшу бірінші кезекте әлемдік өркениетке жол ашып, қоғамдық сананы жаңғыртады. Біріншіден, бұл – қазақ тілінің бәсекелестігін арттыруға жасалып отырған үлкен қадам. Біз ғылыми ақпаратты орыс тілінен аударып алуға әбден үйренгенбіз. Әлемдік ақпараттық кеңістікке орыс тілі арқылы қосылып, орыс тіліндегі ақпараттарды аударамыз. Бұл қазақ тілінің бәсекелестік қабілеттілігін тежеп отыр. Негізі, пси­хо­ло­гиямызда латын қарпімен жазылған ақпаратқа үркіп қарау стереотип қалыптасқан. Осындай жайттан арылуымыз қажет. Кейінгі ұрпақ латын әліпбиінде білім алып, латын қарпінде жазылған ақпараттар оларға жылы ұшырап көрінетіні анық. Болашақта мұның өзі ғылымды дамытуда серпіліс жасауға ықпал етпек. Ақпараттарды орыс тілінен емес, бірден қайнар көзінен аударып үйренеміз. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне өтудің саяси маңызын айта келе, «100 жаңа оқулық» жоба­сын ұсынған болатын. Бұл жоба да бүкіләлемдік маңызы бар әде­биет­терді тікелей қазақ тіліне аударып, бүгінгі қоғамға жеткізуге бағытталған.
Латын әліпбиіне көшуден қорқудың қажеті жоқ. Заман талабына сәйкес, қазақ тілін дамыту қажеттілігі туып отырғаны белгілі. Осы жа­ғынан келсек, латын әліпбиінің берері мол. Мұнда айтарым, әлемде қа­лыптасқан кейбір терминдерді сол қалпында сақтап беру жағын ой­ластыру қажет. Халықаралық терминдерді түпнұсқасында жазып, соны сіңіру жолдарын қарастырған жөн. Осындай неологизмдермен тілімізді байытып, бір жағынан басқа халықтарға түсінікті болады. Саяси тұрғыдан келсек, орыс тілінің ықпалынан шығуға септігін тигізеді деген сенім бар. Түркітілдес халықтардың бірлігін арттырады деген де пікір айтылуда. Түркітілдес халықтардың барлығы латын әліпбиіне көшпегенін де ескерген жөн. Көрші Қытайда тұратын қандастарымыз төте жазуды пайдаланатынын да айта кету керек. Бұл бастама сол бірлікке жетелейді.
Алғашқы уақытта үйрену, игеру кезеңінде қиындықтар болады. Дегенмен бұл өтпелі кезең, рухани жаңғыруды мақсат тұтқандықтан бұдан қорқудың қажеті жоқ. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асты. Сондықтан латын әліпбиіне көшу руханиятымызды жаңғыртуға, са­намызды жаңғыртуға бағытталған дүние. Қазір университет қа­бырғасында студенттер арасында латын әліпбиіне өтудің саяси, мә­дени, әлеуметтік тұстары жайында түсіндірме жұмыстарын жүр­гізудеміз. Жастар – ел ертеңі. Олар бұл процестің маңызын жан-жақ­ты ұғыну керек. Ғылыми, мәдени ортада латын әліпбиінің қажеттілігі жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді азаматтық парызымыз деп санаймыз.

Бөлісу:

Пікір жазу


*