Ынтымақтастық бағыттары айқындалды

853
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Иордания Королі ІІ Абдалла Ақордадағы келіссөздер аяқталған соң, екі елдің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдына шығып, брифинг өткізді. Нұрсұлтан Назарбаев Иордания Королімен өткізген кездесуін қорытындылап, қос мемлекет арасындағы екіжақты қарым-қатынас жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті.
– Келесі жылдың ақпан айында Қазақстан мен Иордания арасындағы дипло­ма­тия­лық қарым-қатынастың 25 жылдығын атап өтеміз. Ширек ғасырда елдеріміздің түрлі саладағы байланыстары қарқынды да­мып, тығыз әрі сенімді саяси диалог орна­ды. Бұл Король Абдалланың Қазақ­стан­ға деген ыстық ықыласының арқасында жүзеге асқа­нын ерекше атап өткім келеді, – деді Мем­ле­кет басшысы.


Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Иордания арасындағы барлық бағыттағы мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенімізді айтты.
Сондай-ақ брифинг барысында Қазақстан Президенті халықаралық салада­ғы екіжақты өзара іс-қимыл мәселелеріне тоқ­талды.
– Көптеген халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша ұстанымдарымыз ұқсас. Иордания халықаралық қоғамдастықта жоға­ры беделге ие болып, лайықты құрметке бөлен­ді. Соның арқасында бұл ел Таяу Шы­ғыс­та бейбітшілік пен қауіпсіздік орнату жолында маңызды рөл атқарып келеді. Мысалы, Иордания 1 миллион 300 мың сириялық босқынды қабылдап, Палестина мен Израиль ара­сын­дағы түйткілдердің бейбіт жолмен шешілуіне үлес қосқанын атап өтуге болады, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Иордания тарапына Астанада өткен халықаралық EXPO – 2017 мамандан­дырылған көрмесі мен Ислам ын­ты­мақ­тас­тығы ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитіне белсенді қатысқаны үшін ризашылық білдірді.
Сонымен бірге, Қазақстан Президенті Король ІІ Абдалламен өткізген екіжақты кездесудің қорытындылары туралы айтты. Екі ел басшылары мемлекетаралық қарым-қатынастың, халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады.
– Атап айтқанда, Сириядағы шиеленіс, Ирактағы жағдай, Қатар төңірегіндегі дағдарыс және басқа проблемалар туралы ой бөлістік. Сирия дағдарысы – қазіргі уақыт­тағы ең ірі шиеленістердің бірі. Қазақстан бұл қақтығысты шешуге бағытталған барлық бас­тамаларды қолдайды. Астанадағы келіс­сөз­дер нәтижесінде Сириядағы зорлық-зомбылық айтарлықтай азайып, жергілікті халықтың бейбіт өмірге оралуына мүмкіндік туды, – деді Елбасы Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы Иорданияның Астана процесіндегі рөлін ерекше атап өтіп, оның бақылаушы ел ретінде Сириядағы ахуалды тұрақтандыруға зор үлес қосып отырғанын айтты.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық қарым-қатынастардың даму барысына тоқталды.
Қазақстан Президенті келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолын­дағы бірқатар маңызды бағыттарды айқын­дағанын атап өтті.
– Қарым-қатынасымызды нығайту үшін ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор екені айтылды. Мысалы, Қазақстан Иорда­ния­ға ауыл шаруашылығы мен мал өнімдерін жеткізсе, Иордания қыс және көктем айла­рында біздің елге көкөніс пен жеміс экспорт­тай алады, – деді Елбасы Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы Иорданияның «Хикма» компаниясы Алматы қаласында фар­мацевтика зауытын салуды жоспарлап отырғанын хабарлап, энергетика және әскери-техника саласындағы ынтымақтас­тық аясын кеңейту мәселелеріне назар аудартты.
– Иорданияның баламалы энергия көздерін дамытуға мүдделі екенін ескеріп, осы салада серіктестік қарым-қатынас орнату мүмкіндігін қарастырдық. Бүгінде әскери және әскери-техникалық салаларда ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың алғышарттары бар. Осы бағыттағы өзара байланыстарды одан әрі жалғастыру арнайы үкіметаралық комиссияға жүктелді, – деді Елбасы Н.Назарбаев.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы екі елдің арнаулы қызметтері алдағы уақытта халықаралық терроризм мен діни экстре­мизм­ге қарсы күрес жүргізу мақсатында бірлесіп жұмыс атқаратынын айтты.
ІІ Абдалла қонақжайлылық көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне тағы да алғыс айтып, өзіне тапсырылған марапат барша Иордания халқының еңбегіне берілген баға екенін атап өтті.
– Бұл марапат – мен үшін өте маңызды. Өзекті халықаралық сын-қатер­лерді еңсеру мәселесі бойынша Қазақ­стан­ның жаһандық ұстанымы бар. Қазақстан – жа­һандық ынтымақтастықтың көш­басшы­сы, – деді Иордания Королі. Ол еліміздің ядролық қарусыздану мен жаһандық бейбіт­ші­­лікті сақтау жолында атқарып отырған шараларына назар аударды.
Бұдан бөлек, Иордания Королі Астанада Сирия мәселесі бойынша өтіп жатқан келіссөздердің нәтижелеріне тоқталып, Қазақстанның әлемдік терроризм және діни экстремизммен күрес жүргізуге барынша күш салып отырғанын атап көрсетті.
Түсіндіре кетсек, Сириядағы қанды қақтығыс салдарынан Иордания елі де зар­дап шекті. Халықаралық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, бұл елде босқындар лагері тұтас қалалар ауқы­мына дейін ұлғайып кеткен екен. Мәселен, Сирия­­дағы көпжылдық соғыстан бас сауға­лап, иордан еліндегі Аз-Заатари лагерін пана­лаған адамдар саны жүз мыңға жуық­. Жалғыз Иорданияның өзі қабылдаған босқындардың жалпы саны 1 миллион 300 мыңнан асқан. Иордания Королі II Абдалла бұл жағдайды «апат» деп бағалап, өткен жылдың басында бүкіл әлемдік қоғам­дас­тықтан осы көші-қон дағдарысы­мен күресте көмек сұрауға мәжбүр болды.
Бұл күрделі жағдай – халықаралық сарап­шылардың бағалауынша, тек Сирия­дағы ахуалды реттеу бойынша «Астана процесі» аясындағы келіссөздердің өнімді нәтиже­лер­ге қол жеткізуі арқасында біраз жеңіл­де­ген көрінеді. Бұл ретте, елордадағы жоғары деңгейлі кездесулер нәтижесінде, қазір Сирияда «қауіпсіздік-деэскалация аймақ­тары» құрылып, оларға босқындардың қайта ора­луына, әлеуметтік-медициналық және гу­манитарлық көмек көрсетілуіне жағдай жасалуда.
Қазақ елі осылайша, тек Сирияның ғана емес, иордан елінің де күйзелістен арылып, еңсе тіктеуіне ықпал етуде.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*