О’rkeni’ettin’ o’risin ken’ei’tedi

909
0
Бөлісу:

Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:

Кемел келешек кепілі
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген көкейкесті мәселенің бірі һәм бірегейі – латын әліпбиіне көшу. Бұл – жаңа өмірге, соны кеңістікке бастар баспалдақ, өскелең ұрпақтың ой-өрісі мен дүниетанымының тереңдей түсуіне негізгі алғышарт. Латын әліпбиіндегі қазақ жазуын қалыптастыру – ұлттық сананы азат етіп, жаһанның озық елдерімен тереземізді теңестіретін есік.
Үшінші мыңжылдықта қоғам мен мемлекеттің орнықты дамуының ең басты алғышарты сапалы бе­рілген білім екендігі дәлелденді. Біз «білім – ғылым – инновациялар» үштігіне негізделген постиндустриялық әлемге қарай қадам басып келеміз. Жаһандану жаңа талаптар мен тың бастамаларды талап етеді. Ғаламдық дамудың жаңа кезеңінде латын әліпбиіне көшу мәселесі қажеттілік ғана емес, тіліміздің тарихи ерекшелігін сақтау арқылы әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндігіміздің артуына негіз. Сонымен қатар латын әліпбиіне көшу тіліміздегі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы оның табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік береді. Латын әрпі үш тілде оқытуды дамытуға да септігін тигізбек. Мұндай қадам өз кезегінде отандық ғылымның жаңа көкжиектерін ашады, жаһандық ғылыми өлшем базаларына тезірек кіруге мүмкіндік туғызады, қазақстандық ғалымдардың шетелдік әріптестерімен қарым-қатынасын жандандырады. Өйткені адамзаттың көп бөлігі құрылымы латын графикасына негізделген латын әліпбиін қолданады. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, бүгінде дүниежүзіндегі аса өзекті ақпарат ағынының 70 пайызы латын графикасымен беріледі. Сондай-ақ бұл озық ғылым мен білімнің, яки заманауи инновациялардың және ең бастысы интернет пен ақпараттық технологияларға орайластырылған жұртшылықтың сұраныстарын санаулы секундтарда қанағаттандыратын Yahoo, Google сияқты іздеу жүйелерінің де, цифрлы технологияның да негізгі іргетасы.
Үшіншіден, жаңа әліпбиге өту – түркі тілдес елдерді жақындастыратын маңызды шешім. Түркі халықтарының мәдениеті, сөздік құрамы латынша жазылғандықтан, оларды зерттеу де тиісінше оңайға түседі. Тарихқа көз жүгіртсек, аталған жазу жүйесін алғаш болып 1928 жылы Түркия қабылдаса, 1991 жылдан кейін бұл графикаға Түркіменстан, Әзірбайжан және Өзбекстан мемлекеттері де өткен болатын.
Төртіншіден, латын әліпбиіне ауыса отырып тіліміз халықаралық деңгейде зор мәртебеге ие болады. Сонымен қатар бұл қадам арқылы киіз туырлықты қазақ өз руханиятының тізгінін өзі ұстайды. Бір бұл ғана емес. Мемлекет басшысы ұсынған қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жобасы басқа тілдерде сөйлейтін адамдарға біздің тілді жылдамырақ үйренуді ынталандыратын нұсқа ретінде қарастырылып отыр. Себебі, аталған форма қазіргі заманның талабын ескере отырып жасалған.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұжымы мен студенттерінің арасында әлемдік өркениет көшіне ілесуге бағытталған стратегиялық маңызы зор қадамға қатысты қызу талқылау жүріп жатыр. Білікті тіл мамандары тарапынан нақты ұсыныстар айтылуда. Мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктететін, қолданыс аясын арттыратын жаңа әліпбиге көшуді белгіленген мерзім аралығында жүйелі түрде жүзеге асыру әсіресе, педагог қауымға үлкен жауапкершілік жүктейді. Менің ойымша, біз бұны талқылап қана қоймай, тиісті дайындық жұмыстарын да жүргізуіміз қажет.
Қазақ әліпбиін 2025 жылға қарай біртіндеп латын әрпіне көшіру мәселесін жүзеге асыруда мақсатты нәтижеге жету үшін, ең алдымен латын әліпбиін меңгерту әдістемесі жасалуы керек. Осы тұжырымдар негізінде қоғамға әсіресе, жастарға көптеген жетістіктерге қол жеткізетіндігімізді, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақты анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арылу болашақ үшін әлдеқайда маңызды екендігін анық түсіндіруіміз қажет.
Қазіргі күннің басты тренді үздіксіз даму, ноу-хау мен инновация. Жаңа заманның жастары осындай өзгермелі уақытта өмір сүруге қабілетті болып қана қоймай, оқиғалар мен үдерістердің ортасында, көш басында болуы тиіс. Бұл терең түйсіне білгенге бәсекелестікке апарар жолдың басы, ұлттық кодымызды көздің қарашығындай сақтаудың негізі. Қазіргі мемлекетімізге ұлтты ұйыстыра алатын, тың бағыттағы рухани ағым керек. Латын әрпін енгізудің басты өзегі де осында жатыр. Сондықтан да жаңа әліпби еліміз үшін қажетті, уақыт талабынан туындап отырған жаңа атрибут, аса маңызды фактор деп санаймын.

Мырзакелді КЕМЕЛ, экономика ғылымдарының докторы:

Бала күннен таныс қаріп
– Латын әліпбиіне көшу – заманның талабы. Оны саясиландырудың қажеті жоқ. Он екі жасымда 1938 жылы шыққан «Кенесары – Наурызбай» деген кішкентай қалтакітабым латын қарпінде болды. Сонда криллицамен тілім бірдей шықпаса да, 7-8-сыныптарда латын қарпіндегі әдебиеттерді оқитынбыз. Оның ешқандай қиындығы, өрескелдігі жоқ. Қайта ол маған ағылшын тілінде докторлық диссертация қорғаған кезде жәрдемін тигізді. Қазір де жұмыс барысында пайдаланып, «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару» деген үш тілде оқу құралын жазып, авторлық пән ретінде осы қыркүйек айынан бастап сабақ беріп жатырмыз. Заманнан қалуға болмайды. Шын мәнінде, бұл біреулердің еркелігі немесе қыңырлығы емес, заманның талабы. Мұны саяси мәселе деп қараудың керегі жоқ, бұл – прагматикалық мәселе. Интернеттегі ақпараттың 67 пайызы ағылшын тілінде болса, соны білуіміз үшін де бұл қаріпті үйренуіміз керек. Криллицадағы ақпарат 3 пайызға да жетпейді. Сондықтан «Біз кешіктік, кезінде бізге қажет болмады» деп жүре бергенмен, немерелеріміз ағылшын тілінде маманданып шығуы тиіс. Жұмыс бабымен сырт мемлекеттерде көп болдым. Оңтүстік Африка Республикасында еден жуушы, таксистке дейін ағылшын тілін біледі. Себебі, олар ағылшын тілін білмесе жұмыс таба алмайды. Шетелден келіп жұмыс істеп жатқан адамдарды өз мамандарымыз ығыстырып, жұмыс істеуі керек деген кезде тіл білмейтіндігі көбіне кедергі келтіріп жатады. Бұл – экономикалық мәселе, прагматикалық деп жатқанымның себебі сол. Осының бәрін ескергенде, бұл жағдайды саяси мәселе деп қарамай, алдағы заманымызға, дамуымызға керек деп қарауға және өзгелерге солай түсіндіруге тиіспіз. Қай әліпби дұрыс екеніне төреші бола алмаймын. Ноқаттары біреу немесе екеу бола ма, болмаса қайырма бола ма, кириллицаның кейбір әріптерін пайдаланамыз ба, ол жағын бізден жақсы білетін мамандар бар. Солардың айтқанын мақұлдауға тиіспіз.

Бағдат БЕЙСЕНОВ, философия ғылымдарының докторы, ҚазҰУ-дың доценті:

Ұлттық бірлік негізі
– Елбасының латын қарпіне кезең кезеңмен және жүйелі түрде көшу туралы Жарлығы өркениетаралық және мәдениетаралық өзара әрекеттестік пен сұхбат жолына қызмет жасайды. Латын әліпбиінің соңғы нұсқасы қоғамның оң бағасын алды деп ойлаймын. Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру жаһанданудың дүниежүзілік үдерісінің өркениеттік талабы. КСРО аумағындағы мұсылман халықтарын ислам әлемі елдерінен алыстату мақсатында 1929-1940 жылдары латын қарпіне көшірген кеңестік атеистік жүйе – 1940 жылы кириллица негізінде орыстандыруды жүйелі жүргізуді мемлекеттік ұстанымға айналдырды. Кеңестік жүйенің алғашқы жылдары кириллица патшалық ресейдің халықтарды шоқындыру және орыстандыру саясатымен байланыстырылды.
Сондықтан кеңестік билік жаңа латын әліпбиін еңгізу жолымен отарлық қанаудағы халықтарды пролетарлық билік тарапына тарту және латын әліпбиі дүниежүзінің жұмысшылары мен бұқара халықты әлемдік социалистік революцияға жұмылдырушы бағдар ретінде қарастырылды. 1929-1930 жылдары көрнекті тіл ғалымы Н.Яковлев жетекшілігімен орыс әліпбиін латинизациялау тұжырымдамасы даярланған болатын. Жаңа әліпби бүкілодақтық комитеті 1925-1937 жылы Баку қаласында орналасты, кейін Мәскеуге көшірілді. Латын әліпбиіне кеңестік одақтағы 60 аса ұлттан құралған 25 миллион адам көшті. Жаңа әліпби бүкілодақтық комитеті жанында құрылған комиссия 1930 жылы қаңтарда орыс латын әліпбиінің үш нұсқасын жариялады. 1930 наурызда И.Сталин төрағалымен өткен саяси бюро отырысында орыс тілін латынға көшіру туралы комиссия ұсынған жобаға тосқауыл қойылды. Орыс әліпбиінің латынға көшпеу себептерінің бірі, католиктік (латындық) батыс мәдениетінің ықпалынан сақтану болған тәрізді. 1990 жылдары Ресей ғылым академиясының корреспондент-мүшесі ғалым-этнограф С.Арутюнов Ресей Еуропаға жақындасуды қаласа, онда ерте ме, кеш пе латын әліпбиіне көшуі тиіс деген болатын. Латын қарпі бүгінгі жаһандық сандық экономиканың, заманауи мәдениет пен озық инновациялық технологияның жетістіктерін меңгеруімізге ашылған жол. Еліміздің салиқалы тіл саясаты қоғамның рухани келісімі мен жаңғыруына қызмет етеді. Жаңа әліпбиге көшудің дүниетанымдық, мәдени және психологиялық қырлары болатыны анық. Жаңа әліпби елімізді рухани кемелдену мен жаңа серпіліске, тың істерге жұмыл­дыруы тиіс. Әлемнің 80 пайызға жуығы қолданатын қаріпті жатырқамай қабыл аламыз, себебі біз латын қарпіне жаңа ғасырда қайта оралып отырмыз. Латынға көшу – халқымыздың бауырлас түркі дүниесімен рухани және мәдени тұтастығын арттыра түседі. Латынға көшу ұлттық сананың, ұлттық рухымыздың нығаюының және мемлекеттігіміздің тұғыры.

Берекет КӘРІБАЕВ, Тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Түркі халықтарының байланысы нығаяды
– Осы жылдың 12 сәуірінде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында латын әліпбиіне көшу туралы нақты тапсырма берілген болатын. Сол кезден бері қоғамымызда көптеп талқыланған мәселе осы болды. Алғашқы күндерден-ақ, латынға ауысуды қолдаушылардың саны көп екенін байқадық. Қарсы пікірлер де болғаны рас. Дегенмен салыстырып қарасақ, қолдаушылардың салмағы басым түсті. Тіпті қарсы адамдардың пікірі еленбей, білінбей қалғандай әсер қалдырды. Қазақ халқы әлемдік деңгейге шығып, түркі елдерімен ортақ рухани кеңістікте болуы үшін осы қадам керек-ақ. Мұның дұрыстығын уақыт та көрсетіп келеді. Жалпы латынға көшуді қолдағанымен, бастапқыда әліпбидің қай түрін қолданамыз деген мәселе қозғалды. Бір дыбысты екі таңбамен белгілеу нұсқасын ұсынғанда қоғам белсене талқылады. Өз басым, диграфты аса қолдамадым. Өйткені қай кезеңде болмасын қазақтың төл дыбыстары бір ғана таңбамен белгіленген. Оны тарихтан көпшілік біледі. Бір дыбысты екі таңбамен беру – дәстүрімізде жоқ. Бұл туралы біраз жиындарда да айттым. Кейін шыққан келесі нұсқада ол олқылық жөнделді. Елбасы халықтың пікірін тыңдай отырып, шешім шығарды. Күні кеше 27 қазандағы Жарлығында бекітіп, қол қойды. Дегенмен бұл нұсқада да кемшіліктер бар. Оны алда дамытатын да шығар. Әріптердің орналасуын, белгіленуін ескеру керек. Әлеуметтік желілерде қазақтың кей сөздерін латынша жазғанда ыңғайсыз екендігі талқыланып жатыр. Сондай-ақ төл әріптерді таңбалауға өз нұсқаларын ортаға салуда. Көш жүре түзеледі. Демек, ең алдымен осы қадамды бастау керек. Кейін уақыт өте келе жөнделіп кететін сыңайлы. Лингвистер жан-жақты талдап, өзгерістер енгізуі де ғажап емес. Бастысы, көптен бері талқыланып жүрген тақырыпқа нүкте қойылды. Еліміз латынға ауысатын болды. Дәл осы қадамымыз арқылы түркі халықтарымен байланысымыз одан әрі жақындай түседі. Өйткені бәріміз бір әліпбидеміз, бір-бірімізді түсіну оңай. Әлемдік кеңіс­тікке де жол ашылып келеді. Бұл ретте қатты асығыстық танытып та қажет емес. Өйткені көршілес Әзірбайжан, Өзбекстан елдері тез көшіп алып, кейін көптеген қиыншылыққа тап болды. Осы қателіктерді жан-жақты ескеруіміз керек. Кездесетін қиындықтарды алдын ала біліп, оны шешудің жолын қарастырған жөн. Бір сатыдан келесісіне өткенде кездесетін мәселелер әлбет­те, болады. Онсыз мүмкін емес. Бірақ жұмысты кеше­уіл­дететін ірі қиындықтарды болмайды деп ойлаймын.

Жеңіс СЕЙДОЛЛАҰЛЫ,  Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Жұмыла көтерген жүк жеңіл
– Елбасының көреген­дігімен биыл егемен еліміздің ертеңі, ұрпақ болашағы үшін маңызды қадам жасалды. Ата-бабаларымыз қәріп танып, хат жазған латын әліпбиін қабылдап, қолданысқа енгізгелі отырмыз. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары жазушыларымыз қолданған графика біздің буынға да бөтен емес. Бұл бастама «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырудың» басты қадамдарының бірі. Себебі, жаңа әліпби – ұлттық сананы жаңғыртудың басты тетігі. Жаңа фонетикалық форматтағы әріп жүйесін қолдану жалпыға тиімді екені тағы рас.
Халықты рухани жаңғыруға бастаған Елбасы­мыз­дың қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру ісіне қатысты соңғы жарты жылдықта көптеген пайымды пікірлер айтылды, талқыланды. Бұл латын әліпбиіне қатысты тарихи жобаның мақсат, маңызын айқындай түседі.
Латын әліпбиі – фонетикамыз бен дыбыс жүйемізге ең жақын әліпби деуге болады. Зерттеулер нәтижесінде, латын әліпбиінің түбі бір түркі жұртының ортақ әліпбиі екендігіне көз жеткіземіз. Әліпбиді жетілдіру жолында білімі мен біліктілігін, күш-жігерін жұмыла жұмсаған тіл білімі ғалымдары мен ғылыми қызметкерлерді, жалпы баршамызды Елбасының «Латын әліпбиіне көшу» Жарлығының қабылдануымен құттықтаймыз! Тәуелсіз Қазақ елінің өз әліпбиінің болуы тиіс.
Әрине, әліпби өзгерту бір күнде, тіпті бір жылда да жүзеге асатын процесс емес. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қанатқақты жоба қолданысқа енгізіл­геннен кейін, уақыт өте келе қолымыз да жаттығып, көзіміз де үйреніп кетеді. Ең бастысы, жаһандану жо­лын­да рухани жаңғыруға нақты қадам жасалды. Елба­сы­мыздың арыдан ойлап жасаған әр қадамын өнер адамдары қашан да қолдайды.

Бөлісу:

Пікір жазу


*