МЕРЕЙТОЙ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, «СЫРБАРДЫҢ» САРДАРЛАРЫ!

1070
0
Бөлісу:

«Біз Қазақстан Республикасының егемендігі Конституция мен заңдардың берік арқауы мен халық мүддесіне қызмет ететін мемлекеттік аппараттың кәсіби және негізді іс-қимылына арқа сүйеуін қамтамасыз еттік. Тәуелсіздігіміздің жоғары халықаралық беделмен және ұлттық қауіпсіздіктің тиімді жүйесімен сенімді қорғалуын қамтамасыз еттік».

Мемлекет басшысының 2016 жылғы 6 қаңтардағы «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласынан

5 қараша күні Қазақстан Республикасы «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің құрыл­ғанына 20 жыл толды. Сыртқы барлау сала­сын­дағы уәкілетті орган ретінде арнайы қыз­­­меттің міндеттері жүктелген «Сырбар» – Қазақстан Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган. Сыртқы барлау қызметі еліміздің басқа да әскери салалары сияқты мемлекеттің қауіпсіздігін, тұтастығын қорғауға, қауіп-қатерлердің ал­дын алуға негізделген. «Сырбар» Сырт­қы барлау қызметі өресі биік элиттік құ­рылым болып саналады. Осы уақытқа дейін құпия болып келген сыртқы барлау қыз­меті аз­дап болса да өз жұ­мыс­тарымен ха­лықты таныстыра бастады. Жиырма жыл­дық мерейтой қарсаңында «Сыртқы барлау» атты қазақ­стан­дық сыртқы барлау­шылардың шетелдердегі құпия операциялары туралы баян­далатын тұңғыш кітап жарыққа шықты. «Хабар» телеарнасынан бірін­ші рет сыртқы барлау қызметі туралы арнайы түсірілген деректі фильм көрсетілді.
1992 жылдың 13 шілдесінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті құрылды. 1993 жылдың 15 қазанында «ҚР Ұлттық қауіп­сіздік комитетінде және Қорғаныс ми­нистрлігінде барлау бөлімдерін құру ту­ралы» Жарлығы шықты. Ұлттық қауіпсіздік ко­митетінің құрамында болған Сыртқы бар­лау қызметі ол кезде Бірінші Бас бас­қар­ма (ПГУ) деп аталды. Кейіннен, 1997 жыл­дың 5 қарашасында Президент «Барлау» қыз­метін құру туралы Жарлыққа қол қой­ды. Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сырт­қы барлау қызметінің тарихы осы күн­нен басталады.


Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін дер­бес мемлекеттік басқару жүйесіне көш­кен тәуел­сіз Қазақстан алғашқы жылдарда эко­но­ми­калық, саяси тұрғыдан біршама қиын­­шы­лық­тарға кездескені белгілі. Жас мем­ле­кетімізге тез арада алыс-жақын шетел­дер­мен дипломатиялық қарым-қатынас­тар орнату, саяси диалогтарды жоғарғы дең­гейде жүргізу, экономикалық ынты­мақ­тастықты жолға қою сияқты кезек күттір­мейтін жұмыс­тарды атқару қажет болды. Біздің елімізге өзіндік барлау құрылымын жасау тиімді. Қа­зақ­стан Мемлекеттік қауіп­сіздік комитетінің Бірін­ші Бас Басқар­масы (Сыртқы барлау қыз­меті) бұған дейін Мәс­кеу­ге бағынып кел­ген. Қысқасы, КСРО ыды­рағаннан кейін әрбір одақтас респуб­ли­каға өзінің бар­лау жүйесін құру керек бол­­ды. осыдан жиырма жыл бұрын бү­­гінгі Қа­зақстан Республикасының «Сыр­бар» сырт­қы барлау қызметі Ұлттық қауіп­сіз­дік ко­митетінің құрамынан жеке ве­домство бо­­лып бөлініп шығып, жеке отау тікті.
Ең көне кәсіптердің бірі – журналис­ти­каның тарихы біздің дәуірімізге дейінгі мың­­жылдықтардағы папирусқа жазылған хат­тардан басталады. Барлау жұмыстары одан бұрын пайда болса керек. Алғашқы қауым­дас­тықтардың адамдары аңға шығу үшін алдымен барлау жасаған. Бар­лау қыз­метінің алғышарттары қашан пайда бол­ғанын кім білсін, бірақ ең ежелгі маман­дық­тардың бірі екендігіне дау жоқ. Қандай жой­қын соғыстар болмасын барлаусыз бас­­тал­маған. Шыңғыс хан, Македонский, Наполеондардың әрбір шабуылы барлау­шылар әкелген мәліметтер негізінде жүзеге асырылғаны тарихтан белгілі. Кеңес өкіметі тұсында Қазақстанның сыртқы барлау қыз­меті, аз ғана уақытта Мемлекеттік қауіп­сіздік комитетіндегі кішігірім бөлімнен осы жүйе­дегі аймақтық құрылымдардың ішін­дегі ірі басқарма деңгейіне дейін өсті.
Еліміздің тәуелсіздік алуына, аяғынан нық тұруына орасан үлес қосқан қазіргі «Сыр­бар» – Сыртқы барлау қызметінің та­ри­хы осы күн­нен басталғанмен, Қазақстан сыртқы бар­лау қызметінің тамыры тым терең­де жа­тыр. Жиырма жыл дегеніңіз – бір адам­ның ғұ­мырында аз уақыт емес, мем­ле­кеттік құрылым үшін қас-қағым ғана ме­зет. Сыртқы барлау қызметінің тарихы ен­ді қалып­тасып келе жатыр. Алайда бұл ар­нау­лы қызметтің же­ке құрылымға жет­кен­ге дейін­гі өзіндік та­рихы жетерлік.

Қазақ хандарының барлау жасайтын құпия қызметшілері «ертуыл» деп аталған. Ол моңғол тілінде шолғыншы, күзетші, қара­уыл, киіз үй, күрке деген бірнеше мағынаны біл­діретін «ергеуіл» сөзінен шыққан. Ертуыл қа­­зіргі тілмен айтқанда агент, астыртын, құпия барлаушы дегенді білдіреді. Әрине, біздің ата-бабаларымыз ғылыми-техникалық жағынан қазіргідей өркендеген заманда өмір сүрген жоқ. Ол кезде бүгінгі құпия қызметтің қолданатын айла-тәсілдері, экономикалық, өн­дірістік, ғарыштық шпионаж деген тү­сінік­тер болмаған. Алайда қазақ хандары ертуылдары арқылы көршілерінің тұр­мыстары, әл-ауқаттары, әскерлерінің күш-қуаты туралы мәліметтер алып отырған. Бұл – тек қазақ хандарына ғана емес, барлық ел­дердің билеушілеріне тән нәрсе. Ертуыл­дардың жеткізетін мәліметтері арқылы үлкен қантөгістердің алдын алған немесе аз күшпен жаудың бетін қайтарған оқиғалар тарихта аз емес. Сондықтан кейде бір барлаушының мүл­тіксіз атқарған қызметі мыңдаған жауын­гердің өміріне пара-пар болады.
Қазіргі кезде «Сырбар» сыртқы барлау қыз­метін генерал-майор Ғабит Байжанов бас­қарады. Бүгінде «Сырбар» әлемдік сыртқы барлау ведомстволардың ішінде өз орнын алған, салмақты құрылымға айналды. Бұл – ақылды, сақтықты, ұстамдылықты қажет ететін үлкен дипломатиялық жұмыс. Сыртқы барлау білектің күшіне емес, ой еңбегіне негізделген интелектуалды қызмет түріне жатады. Бұл қызметтің негізгі жұмысы тек мемлекеттік маңызы бар «құпия» және «өте құпия» құжаттардан тұрады. Бүгінгі күні шетелдік арнайы қызмет өкілдерімен «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», бірлесіп жұмыс істеу халықаралық терроризм, діни экстремизм, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, жаппай қырып-жою қаруының және екіжақты пайдаланылатын техно­логиялар мен өнімдердің шекаралардан өтуі­не қарсы тосқауыл қоюға бағытталған өте тиім­ді тәсіл. Бұл жағынан қарағанда арнайы қыз­меттің жүгі қырғиқабақ соғыс кезінде­гі­ден біршама жеңілдеді деп айтуға болады. Қай елдің барлаушылары болмасын, шетел­дерде өз мемлекетінің мүддесі үшін қажетті құ­пия ақпараттар жинайды, арнайы тап­сырмаларды орындайды.
«Қанжар мен сулық рыцарьлары» немесе «кө­рінбейтін майданның батырлары» деген әде­би атақ алып, барлаушылардың ерлік­терімен елді еліктірген кейіпкерлер Джеймс Бонд, Штирлиц-Исаевтардың талай про­тотипі дәл қазір халыққа қалтқысыз қызмет етіп «сыртта» жүр. Барлаушылардың жұмысы қай заманда да жеңіл болған емес. Бұларға кө­бінесе Рихард Зорге, Рудольф Абель, Ко­нон Молодый сияқты кеңестік барлаушы­лар­дың баяғыда салып кеткен қиын соқпақ­тары­мен жүруге тура келеді. Сондықтан сыртқы бар­лау қызметіне кез келген адамды алмай­ды, бұл жұмыс әркімнің қолынан келе де бер­­мейді. Ең бастысы – барлаушы сегіз қыр­лы, бір сырлы болуға міндетті. Үнемі «екі от­тың ортасында», әрбір басқан қадамы қауіп-қатерге толы барлаушылар өзінің кә­сіби мейрамын, тіпті туған күндерін маңайын­­­дағы адамдармен бөлісіп, бірге тойлай алмайтындай жағдайда жүргенін жұрт біле бермейді. Халық барлаушылардың есім­дерін қазіргі кезде білмеуі мүмкін, бірақ олар­­дың істеген ерліктері ешқашан ұмы­тыл­майды. Уақыт өте келе, күндердің күнінде бәрі­­бір жарияланады.
Аса шешіліп сөйлей бермейтін Сыртқы барлау қызметі ардагерлерінің ара-тұра бе­ретін сараң сұхбаттарынан басқа бұл арнайы қыз­мет туралы материалдар халыққа көп жа­риялана да бермейді. Қандай да болмасын бар­лау қызметі өздерінің адамдарын аша бер­мейді. Сондықтан егер нағыз барлаушыны із­деп тауып, сөзге тартқан күннің өзінде оның негізгі қызметі туралы тіс жармайтыны заң­ды нәрсе. Сыртқы барлаудың атқаратын қыз­меті негізінен, құпия болғандықтан, бұл ме­кеме өз қызметкерлерінің істеген ерлік­те­рін көп жария ете бермейді. Кеңес үкіметі тұ­сын­дағы мемлекеттік деңгейдегі аса маңыз­ды құпия операциялар туралы арада жиыр­ма-отыз жыл өткеннен кейін ғана ес­тіп-біліп жатырмыз. Мысалы, 1972-73 жыл­дары болған Сирия соғысында жауған оқ пен бомбаның астында жүріп жасаған ерліктері үшін Мәскеудің «Қызыл жұлдыз», Сирияның «6 қазан» ордендерін кеудесіне таққан Сырт­қы барлау қызметінің полковнигі марқұм Ма­ман Жүнісов, Сирияда төрт жыл, одан кейін Ауғанстанда барлау жұмыстарын атқар­ғаны үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының гра­мотасымен, Ауғанстанның «Интер­на­цио­на­лист-жауынгерге Ауған халқынан», «Ерлігі үшін» медальдарімен марапатталған Тоқ­тар­хан Күзембаев, Солтүстік Кореяда, Ауғанс­тан­дағы ерліктері үшін екі бірдей «Қызыл жұл­дыз» және Ауғанстан ордендерімен наг­рад­талған Әбдіғаппар Мейірмановтар туралы мә­ліметтер кейінгі жылдары ғана құпия са­наттан шығарылды. Кеңес әскері Ауғанстанға кір­мей тұрып, бірнеше мәрте Кабулға астыр­тын іссапармен барып, Кремльдің саясатына қажетті құпия ақпараттар жинаған да, Ау­ған­с­тан астанасындағы Тәж Бек сарайына шабуыл жасаған осы барлаушылар болды. Сол жылдары Әбдіғаппар Мейірманов, Тал­ғат Әмірғалиев, Сабыр Имандосов, Қабдолда Бекжанов, Төлеухан Боқажанов, Наград Сәйкенов сияқты көптеген қазақ офицерлері Ауғанстан жерінде барлау операцияларын жүргізді. Олардың еңбектерін Ресей Феде­ралдық қауіпсіздік қызметі қазірге дейін қатты бағалайды. Тәуелсіз еліміздің Сыртқы бар­лау қызметінің іргетасын қалаған білікті бас­шылар, отставкадағы генералдар – Жүкен Мар­денов, Болат Мешінбаев, Жеңіс Рыс­баевтар бастаған жоғарыда аталған бір топ пол­ковниктерді Ресей жағы медаль, орден­дермен марапаттады.
КСРО Ауғанстаннан басқа ешбір елге ар­найы әскер кіргізген жоқ, тек белгілі бір тап­сырмаларды жүктеп, шағын ғана ма­мандандырылған жасақтарды аттандырды. Ондай жерлерге алдымен аттанатындар – әрине, арнайы дайындықтан өткен сыртқы барлау офицерлері. Кеңес қарулы күштерінің шетелдердегі соғыс операцияларына қа­тысуы кейінгі кездерге дейін құпия сақталды. Сон­дықтан басқа мемлекеттердегі шай­қас­тарға қатысқан әскери мамандар, әсіресе, сыртқы барлау офицерлері қай елде, қандай соғыстарға қатысқаны туралы құпияны бел­гілі бір мерзімге дейін ашпауға қолхат бе­ретін болған. Дегенмен батыр ұлдарын Отаны ұмыт­қан емес. Бүгінде олар – үкімет тара­пы­­нан бірнеше ордендермен, медальдермен, бағалы сыйлықтармен марапатталған арнайы қыз­меттің құрметті ардагерлері. Әрине, олар­дың арасындағы көпшілігі қазір арамызда жоқ, тіпті барлаушылардың кейбіреулері «ашыл­маған» күйі өмірден озды. Осыған орай айтылса керек, қауіпсіздік қызметін­дегі­лер арасында «Барлаушы бірінші болып ұрысқа кіреді, бірақ марапатқа ең соңынан ие болады» деген сөз бар. Халық олардың есім­дерін білмеуі мүмкін, бірақ істеген ерлік­тері ұмытылмайды. От пен оқтың, қауіп-қатердің ортасында жүріп, халқына қалт­қы­сыз қызмет еткен батыр ағаларымыздың ер­ліктері кейінгі ұрпақты отанын сүюге ша­қырып, патриоттыққа тәрбиелейді.
Бүгінгі күні арнаулы қызметтің жиырма жыл­дық мерейтойы қарсаңында Үкімет және «Сырбар» басшылығы тарапынан мара­пат­талып жатқандардың аты-жөндері белгілі себептермен жұртшылыққа жарияланбайды. Марапатталған екен, демек барлау батырлары өз міндеттерін мінсіз орындап жатыр деген сөз. Мерейтой құтты болсын, «Сырбардың» сыр­баз сарбаздары!

Қайыржан ТӨРЕЖАН 

Бөлісу:

Пікір жазу


*