Инвестиция тасқыны күрт артады

948
0
Бөлісу:

Қазақстанға шетелден құйылған инвестициялар ағыны 255 миллиард долларға жетіп қалды. Алдағы бесжылдықта ол 400 миллиардқа жуықтайды. Бұл дерек Сенатта өткен, «Қазақстан экономикасына инвестициялар тартудың өзекті мәселелері» тақырыбын арқау еткен дөңгелек үстелде жария етілді. Онда депутаттар, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері елімізге инвестиция тартудың жай-күйі мен келешегі туралы мәселелерді қарады.

Айтқандай, бүкіл Орталық Азия ел­деріне келген тікелей шетел­дік ин­вестициялардың сексен пайы­зы – жалғыз Қазақ елінің үле­сін­де. Соны­­мен бірге, Елбасы «Қазақ­стан­ның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы жолдауында «Қазақ­стан шетел ин­вес­­тицияларын тарту ісіндегі көш­бас­­шылығын сақтап қалуы қажет» деп мін­дет қойды.
Бұл ретте Сенаттың эконо­мика­лық саясат, инновация­лық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Ас­қар Бейсенбаев халық­аралық ын­­ты­мақтастық аясында ұлттық эко­но­микалық мүддені қорғап, ілгері­ле­туді қамтамасыз етуге, ол үшін «экономикалық дипломатияға» серпін беруге шақырды. Сенатор шетелдік инвестицияны тартуда басшылар мен әкімдердің жауапкершілігін арт­ты­руды ұсынды.
Сондай-ақ инвестициялық ах­уал­ды жақсартуға және инвестор­лар кезігетін бюрократтық рәсім­дерді оңтайландыруға арналған заң ережелерін қабылдау қажеттілігін айтты. Инвестициялық жұмыстарға арналған құқықтық базаны қамтама­сыз ету үшін Парламент соңғы жыл­дарда Кәсіпкерлік кодексін, «Арнайы экономикалық аймақтар туралы», «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» және басқа да заңдарды қабылдаған.
«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» мін­дет­теріне сәйкес, Инвестициялар және даму министрлігі шетелдік тіке­лей инвестиция көлемін артты­ру үшін Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесе отырып, 2017-2022 жылдарға арналған «Ұлттық инвестициялық стратегияны» әзірлеп шыққаны мәлім. Бұл стратегия жақында қабылданды.
Қаржы министрінің орынбасары Руслан Бекетаевтың айтуынша, ин­весторларды қолдау үшін салық және кеден рәсімдерін жақсартудың, биз­неске әкімшілік қысымды тө­мен­­­детудің бірқатар шаралары қа­былданып жатыр. Алдағы жыл­да Салық кодексі, «Кедендік реттеу туралы» кодексі, сондай-ақ Еуразия­лық экономикалық одақтың Кеден кодексі күшіне енеді деп күтілуде.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша, мемлекеттік органдарға жіберілетін ұсыныстар қабылданды және олар бұдан былайғы заң шығару жұмыстарында ескерілетін болады.

Бетті дайындаған: Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*