Әлемдік көшбасшы делегациясын қабылдады

592
0
Бөлісу:

Үкімет үйінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев цифрлық технологиялар жөніндегі вице-президент Уилиям Ру жетекшілігіндегі General Electric компаниясының өкілдері делегациясымен кездесу өткізді. Кездесу барысында аталған белді компаниямен ел экономикасының түрлі салаларында цифрландыру бойынша перспективті инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде ынтымақтастық орнату мәселелері талқыланды.

General Electric – өнеркәсіп пен цифрлық технологиялар бойынша әлемдік көшбасшы. Компания Қазақстанда көптеген жылдар бойы көліктік машина жасау, энергетика, денсаулық сақтау, авиация, сондай-ақ мұнай-газ салаларында қызмет көрсетуде. Қазіргі кезде GE қазақстандық «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «ҚТЖ», «ҚазМұнайГаз», Air Astana, Kaz Minerals және ERG компанияларымен серіктестікте маңызды инфрақұрылымдық міндеттерді шешуге қатысып жатыр.
Сенбі күні Үкімет басшысы бұрынғы EXPO – 2017 халықаралық мамандан­дырыл­ған көрмесін өткізу аумағындағы сферада орналасқан, келушілерге есігін қайтадан айқара ашқан «Нұр әлем», «Болашақ музейі» туристік аймағын аралап көрді. Аралау барысында Бақытжан Сағынтаев
EXPO – 2017 нысандарының көрмеден кейін пайдаланылуымен танысты. «Болашақ музейі» қабаттарында цифрлық, мультимедиялық және интерактивті технологиялар арқылы энергияның негізгі түрлері – ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетика энергиясы көрсетілген.
EXPO – 2017 Астанада 2017 жылғы10 маусымнан бастап, 10 қыркүйекке дейін өткізілгені мәлім. Оның тақырыбы «Болашақ энергиясы» болды. EXPO – 2017 өткен үш айда елордаға 5,4 млн адам келді. Көрменің өзін 3,977 млн адам аралап көрді. Көрмеде 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым өз павильондарын таныстырды және Халықаралық көрмелер бюросы ұйымы­ның талабы бойынша көрме аяқталған соң, Қазақстаннан басқа шет мемлекеттер өз ұлттық павильондарын жапты.
Енді қазір EXPO – 2017 нысандарын көрмеден кейін пайдалану тұжырымда­ма­сына сәйкес, көрме кешені орнында «Нұр әлем» павильоны, тақырыптық павильон­дар және үздік практикалар аймағы ғана «музей кешендері» ретінде жұмыс істейді. Конгресс орталығы, энергия холы, арт-орталық және коммерциялық павильондар да көрме холдары, концерт залдары ретін­дегі өздерінің мақсатты арналуын сақтап қалады және көпшіліктің тамаша­ла­уына ашық болады.
EXPO – 2017 орталық нысаны – «Нұр әлем» диаметрі 80 метрлік, биіктігі 100 метр­лік, пішімі біртұтас сфера болып сана­латын әлемдегі жалғыз ғимарат санала­ды.

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*