Қоғамдағы «Шыңырау» сахналанды

198
0
Бөлісу:

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында М.Горькийдің «Шыңырау түбінде» драмасының премьерасы болды.

Бүгінгі қоғамда адамдардың бір-бірі­-не бейжай қарауы, рухани құндылық­тар­дың жұтаңдауы, қоғамдағы жан түрші­герлік жайттарға таңғалмайтыны үйрен­шікті жағдайға айналып бара жат­қаны жасырын емес. Осы мәселені арқау еткен қойылым адам өз жолын дұрыс жа­сап, мойымау керек дегенге саяды.
Сахна шымылдығы ашылған сәттен бастап, шиеленіске толы оқиға желісі шытырман сәттерге толы болды. Қойылым бүгінгі күні көкейкестілігін жоғалтпай отыр­ған әлеуметтік, қоғамдық мәселе­лерді арқау ете отырып, талғампаз кө­рерменнің көңілінен шыға білді деп айтуға болады. Драманың ерекшелігі – шиеле­ніске толы оқиғаның қалай болғаны әдеттегідей бірте-бірте емес, кейіпкердің еске алуы арқылы жаңа әдіс-тәсілдермен жеткізілді.

Данияр БАЗАРҚҰЛОВ, қоюшы режиссер:
– Бұл шығарманы қою жайында бұрыннан ойлап жүргенмін. Сәті туып, қойылу жүйесін ойластырып, сахнала­-дым. Шығарма идеясын халыққа әдемі жеткізу формасын ойлап таптым. Шығар­ма тақырыбы да көкейкесті. Бүгінгі қо-
ғам – шыңырауда. Алайда әр адамның таңдауы – өз қолында. Сахна ашылған сәтте қол ілініп тұрады. Мұның да мағы­насын таңдау өз қолында дегенге келеді. Қоғамдағы адамдардың бір-біріне бей-жай қарауы, шыңырауға түспес үшін не істеу керек деген сұрақтардың жауабын қойылым арқылы жеткізуді мақсат тұттым. Адам қолындағы бағын, мүмкіндігін дұрыс пайдаланып, шыңырауға түспеуі керек.
Қойылымның негізгі идеясы – адам­ның өз таңдауы бар дегенді сахнадағы баспалдақ арқылы жеткізуге тырыстық. Яғни, сахнаның оң жағындағы баспал­даққа шыққан адам дұрыс жолды таңдап, өмірін бастап кетеді дегенді білдіреді. Қойы­лым­ды дайындауға жалпы 5 ай уақыт кетті.

 

Ақбота ИСЛӘМБЕК

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*