«Рухани жаңғыру» порталы сұранысқа ие

1258
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында ұлттық сана мен жалпы сананың ашықтығы, ұлттық бірегейлікті сақтау мен заман ағымынан қалмау мәселелеріне ерекше тоқталған еді. Бұл тұста Елбасы: «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту» деп баса айтқан. Қуантарлығы, осыдан бір-екі ай бұрын ruh.kz доменімен «Рухани жаңғыру» ақпараттық порталы іске қосылып, ел ішінде бұл бағыттағы жобалар мен жалпы іс-шаралардың жүзеге асырылу барысы барынша айқын насихаттала бастады. Желі қолданушылары да мұндай ақпараттық порталдың маңызына күмән келтірмейді.

Атауы бағдарламалық мақаламен ұштасқан сайтта негізгі алты бөлім бар. «Туған жер» бөлімінде ел азаматтарының туған өңірін көркейтуге қосқан үлесі, жергілікті халықтың сұранысына сай ат­қарылып жатқан шаралар тізімі жария­ланады. Республика шеңберінде атқарылып жатқан акциялар жайы да сөз етіледі. Мәселен, Астана қаласының аумағында және қала маңында «Туған мекен» атты экологиялық акцияның, көмекке мұқтаж адамдарға ақысыз азық-түлікті ұсыну бойынша әлеуметтік шара­ның, «Бірге жеңеміз» атты мүмкіндігі шектеулі балалар арасындағы спорттық эстафетаның, тағы басқаларының жүзеге асырыл­ғаны жазылған. Қарттардың үйлері мен аулаларын тазалау бойынша «Ардагерлер­ді ардақтайық» сияқты бірқатар маңызды акциялар 2018 жылдың еншісіне қалмақ.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бөлімінде тарих пен мәдениетке, руханиятқа қатысты дүниелер жарияланады. Бүгінде айтулы жобаға сәйкес сайтта 100-ден астам киелі жер­лердің суреттерімен қатар тарихы жайлы мәліметтер берілген. Келер жылдан бастап тарихи мекендердің тек суретін ғана көрумен шектелмей, видеосын көріп, лекциялар да тыңдауға болады. Сондай-ақ 3D-тур арқылы киелі мекендерді саяхат­тау­ға мүмкіндік туады. Бұл 6 бөлімнен тұра­тын Қазақстанның негізгі 100 тарихи нысанына қатысты жаңа бастама болмақ. Онда табиғи ландшафт, археологиялық және сәулет ескерткіштері, ортағасырлық қалалар мен Қазақ хандығының астана­лары, діни-рәсімдік, тарихи тұлғалармен байланысты киелі жерлер, сондай-ақ саяси оқиғалар болған мекендер тарихы баяндалады.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасында еліміздің егемендік жылдары қол жеткізген жетістіктері қамтыл­­ған. Онда әдебиет, театр, кино мен хореография, бейнелеу өнерінің үздік туындылары жарияланған. Сонымен қатар еліміздің мәдени өміріне қатысты жаңа­лықтар топтамасы берілген. Мәселен, «Оралман» фильмінің Германиядан жүлдемен оралғаны немесе АҚШ-та Қазақстан мәдениеті күндерінің сәтті өткені туралы соңғы ақпараттар берілген.
Бір қуантарлығы, «Рухани жаңғыру» ақпараттық порталы – «өлі сайт» емес. Ақпараттардың лезде жаңартылып отыра­тыны байқалады. Кері байланыс та бар.
«100 жаңа оқулық» бөлімінде мемле­кеттік тілге аударылған кітаптар мен олардың түпнұсқалары ұсынылған. Әлеуметтік-гуманитарлық саладағы бұл маңызды бастама прагматизм мен бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, жаңа қазақстан­дық ұрпақты қалыптастыруға бағытталған нақты қадам боп тұр. Бұл бөлімге жастар­дың ынтасы зор болуы тиіс.
«100 жаңа есім» бөлімі Тәуелсіздік жылдары кәсібін ашып, ғылымға бет бұрып немесе қоғамдық, әлеуметтік мәселелерімен шұғылданған азаматтар жайлы сыр шертеді. Шынын айту керек, 100 жаңа тұлғаны қалыптастыруға бағыт­талған жоба елдің ерекше ықыласын туғызды. Ел азаматтары әлі де республика­лық деңгейде таныла қоймаған бүгінгі күннің батырларын өздері ұсынып, дауыс беру науқанына белсене қатысты. Ұсыныл­ған азаматтардың ішінде батыл полиция қызметкерлері, тәжірибелі дәрігерлер, өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұстаздар және өздерінен де жасы кіші балаларды апаттық жағдайдан құтқарған 10-12 жастағы жасөспірімдер де болды. Бүгінде бұл жоба бойынша дауыс беру аяқталған. Дауыс саны есептелуде.
«Латын әліпбиіне көшу» бөлімі ақпараттық тұрғыдан жан-жақты мәселе­лерді қамтыған. Порталда берілген мәліметтер бойынша, әлем халқының 75 пайызы латын әліпбиін қолданады екен. Бұл орайда сайттың алғысөзінде «Сондық­тан қазақ тілінің де әлем халықта­рының 75 пайызы қолданатын латын әліпбиіне көшіп, жаңартылатын уақыты жетті.
Бұл – бір жағынан, қазақ грамматикасы мен лексикасының кемелденуіне әкелсе, екінші жағынан, еліміздің сандық, ғы­лыми, мәдени әлемдік ақпарат кеңістігіне шығуын жылдамдатады» делінген. Бұл бөлімде қазақ тіліне ыңғайланып жасалған латын қарпінің соңғы нұсқасы мен азаматтардың пікірлері берілген. Мәселен, facebook әлеуметтік желісінде жарияланып, кеңінен талқыланған тіл мамандары Анар Фазылжан мен Мұхтар Сеңгірбайдың, Нұрлан Жанайдың сараптамалық мақала­ларын осы жерден табуға болады. Бұл дегеніңіз әлеуметтік желілерде #Latyn хештегі іске қосылып, әлеуметтік желі қол­данушылары да әліпби жобасы бойын­ша өз көзқарастары мен ұсыныстарын білдіре алатынын аңғартады.
«Латын әліпбиіне көшу» бөлімінде кері байланыстың болғаны құптарлық. Бұл өз кезегінде жұмыс тобына кіретін тіл маман­дарының жедел жауап беруіне, сын ескерт­пелерді ескеруіне жол ашады. Мұның өзі елі­мізде жүзеге асып жатқан бағдарлама­лар­дың кең ауқымды қоғамдық талқыға тү­сіп отырғанын көрсетеді. Елмен ақыл­дас­қан шешім де, белсенді азаматтардың пікір­лері ескерілген қоғам да кері кетпесі анық. «Рухани жаңғырудың» мәні де қоғам­­дық сананы сілкінтіп, ұлттық бол­мыс­­ты сақтай отырып, келешекке нық қадам жасауда.

Кәмшат ТАСБОЛАТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*