Робототехникаға баулу бала жастан

325
0
Бөлісу:

ХХІ ғасыр – ақпарат пен жаңа технологиялар заманы.  Сондықтан робототехникаға деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Расында, бүлдіршіндерді робототехникаға  баулу, жастайынан бұл ілімнің негіздерін үйрету жағы әлі де кемшін түсіп келе жатқаны жасырын емес.  Осы жайтты ескерген жас өрен  Дастан Рахатов  BOZBALA атауымен робототехниканы оқытуға арналған  оқу құралы мен құрал-жабдықтары біріктірілген арнайы жинағын дайындады. Жаңа жоба Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен Zhastar Innovation – 2017 стартап жобалар байқауында үздік атанған болатын.  Бүлдіршіндер үшін берері мол дүниемен танысып, өнертапқышпен тілдескен едік.

– Робототехникаға үйрету жина­ғы қандай бөлшектерден тұрады? Идея қайдан келді?
– Расында, бүгінгі заманда робот жасап, бұл саланың қыр-сы­рын білгісі келетін бүлдіршін­де­рі­­міз аз емес. Оған қатысты арна­йы курс­тардың басым көпшілігі уни­вер­ситет студенттеріне арналған немесе мектеп оқушыларына қол­же­тімді емес. Сондай-ақ кей­бір талап­ты жастар интернет арқылы өз бетін­ше үйреніп жүргенін бай­қа­дық. Деген­мен интернеттегі бей­­нежазба­лар арқылы бұл саланы то­лық әрі жан-жақты үйрене ал­май­ды. Осы­ның бәрін ескеріп, баланың өз бетінше оқып, робот жасап үйрететін теория­лық ілімі мен тәжірибесі жүйеленген әдіс­те­ме­ліктің аса қажет екенін ұғын­дым. Университетте сабақ берген ұс­тазым Бейбіт Әмірғалиев деген кісі бұл бастамамды қолдап, жұ­мыс­­ты өткен жылы бірге бастап кеттік.
Біздің жинақ әдістемелік оқу құралынан және 100-ден астам сенсорлардан, радиоэлектронды бөлшектерден тұрады. Оқу құралы 3 бөлімге теория, тәжірибе және жобалар болып жіктелген. Теория бөлі­мінде оқушылар қарапайым фи­зикалық заңдылықтармен та­ныс болады. Бұл заңдылықтарды қалай өмірде қолдануға болатыны түсін­ді­ріл­ген. 12 негізгі теориялық тақы­рып­тар қамтылды. Екінші бөлім 12 тәжірибелік жұмысқа арналған. Бала жинаққа кіретін 100-ден астам сенсорлардың әрқай­сысының ерекшеліктерін анық­тап, таныс болады. Мысалы, жа­рықдиоды тақырыбы болса, оны өз қолымен ұстап көріп, кі­тап­тан қалай, қай жағдайда пайдалануға болатынын оқып, үйренеді. Үшінші жобалар бөлімінде балалар алған білімдерін нақты іс жүзінде көрсетеді. 17 жоба жасау тапсырмасы беріледі. Ең қарапайым тапсырмалар бірте-бірте күрделене береді. Мәселен, ең алғаш­қы жобада балалар бағ­дар­шам жасауы керек. Ол үшін үш түсті жарықдиодтар таңдалып, олар­дың кезек-кезек жануын жа­сауы қажет. Бұдан кейін пианино жасау тапсыр­масы бар. Мұнда бала 7 түрлі бас­тыр­ма таңдап алып, динамикті ала­ды. Сол динамик арқылы әртүрлі ноталардың ды­бы­сын шығаруға болады. Пиа­ни­но­ға ұқсату үшін әр бастырмаға әр нотаны код арқылы байланыстыру керек. Жинақтың ерекшелігі – бала теориялық білімі мен тәжірибені ұштастырады.
– Бұл жинақты мектеп оқушысы үшін лайықты етіп жасау қиындық туғызған жоқ па?
– Жалпы, бұл жинақты 2016 жылдың көктемінен бастап, түрлі сұрыптау, тексеру жұмыстарынан өткіздік. Жасаған дүниеміздің бала үшін қызықты әрі тиімді болғаны маңызды еді. American Corner ұйымында робототехника бойынша тегін курстар өткізіп, сынақ жаса­дық. Курс барысында кітап тілі­нің, ақпаратты жеткізу формасы­ның бала үшін қанша­лық­ты күрделі екенін анықтадық. Нәтижесінде, кейбір тақырып­тар­ды оқушыларға түсінікті болу үшін өзгертіп, толық­тырдық. Балаларға жасаған дүниеміз қызық екенін ұғынған соң ғана жинақты жарыққа шығардық.
BOZBALA деп атауымыз да бекер емес. Жинақ 12-14 жас ара­лы­ғындағы балаларға арналған. Дәл осы жаста олар мектепте физи­ка пәнін оқи бастайды. Біздің жинақ арқылы білімін жетілдіріп қана қоймай, радиоэлектроника, бағ­дарламалау саласындағы білі­мін жаңа деңгейге көтереді. Бір жинақ­пен әртүрлі салаларды қам­ты­дық. Бұған қоса, балаға арнайы логин мен пароль беріледі. Бала сайтымыз­ға кіріп, қосымша бей­не­­жазбалармен таныса алады. Сай­тымызда жинақтан бөлек, 50-ден астам теориялық тақырыптар, тә­жі­­рибелік тапсырма­лар мен 100-ден астам жаңа жобалар ұсыныла­ды.
– Жинақ мектептер мен оқыту орталықтарында пайдаланыла баста­ды ма?
– Қазір біз екі оқу орталығымен серіктестік орнатып, жұмыс істеу­де­міз. Робототехника курсы бойын­ша дә­ріс оқимыз, жина­ғы­мыз­­ды қол­да­на­­мыз. Бұл оқу орталықтары үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашылып отырғаны анық. Жаңа салаға бет бұрып келіп жатқан жастарымыз аз емес. Жуырда О.Жәутіков атындағы Республика­лық физика-математика мектебін­де робототехника кабинетін жинақ­тарымызбен қамтыдық. Соны­мен қоса, мұнда арнайы курс­тар да өткіземіз.
Жобамызды бастаған кезде бізге Шеврон компаниясы демеу­ші­лік көрсетті. ІТ-университет ар­найы кабинет бөліп, қолдады. Жуық­та стартап жобалар бай­қа­уын­да Qadam intech қоғамдық қоры грантын ұтып алдық. Бұл – біздің жобамызды жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететіні сөзсіз. Ел болашағы білім мен ғы­лым­да де­сек, біз отандық ғылыми әле­ует­ті көтеруге өз үлесімізді тигізуді мақсат етеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*