Өндірісі өрге басқан Атырауда атқарылған жұмыс аз емес

1387
0
Бөлісу:

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,  «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары:
– Атыраудың еліміздегі ең ірі мұнайлы өңір екенін бәрі біледі. Елбасымыз тек мұнаймен шектеліп қалмай, облыс экономикасын әртараптандыру керек екенін үнемі айтып келеді. Дәл осы зауытта ТМД елдерінде ғана емес, Батыс Еуропаның өзінде бәсекеге қабілетті, жоғары сапалы өнім шығарылады. Міне, бүгін бізге керегі де дәл осы.


«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Атырау облысына барды. Сапар барысында ол мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Атап айтқанда, Мұхтар Құл-Мұхаммед Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен бірге «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы қаржылай қолдау көрсетілген және индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған зауыттарда болды. Сондай-ақ
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Одан бөлек, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университе­тінің профессор-оқытушылар құрамы және студенттерімен кездесті.

Атырау облысы еліміздегі ең ірі мұнай өндіретін өңірлердің бірі екені баршаға мәлім. Бүгінде облыста осы салаға тәуелділіктен арылып, экономиканың өзге сек­торларын дамытуға ерекше мән бері­луде. Нәтижесінде, жыл басынан бері облыс­та 4 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, өн­діріс көлемі айтарлықтай артқан. Бұл өт­кен жылдың сәйкес мерзімімен салыс­тырғанда шамамен ширек есеге артық көрсеткіш.
Индустрияландырудың 2010-2014 жылдарға арналған бірінші бесжылдығын­да облыста 28 жаңа жоба іске қосылып, нәти­жесінде, 2,1 мың жұмыс орны ашыл­­ды. Келесі 2015-2019 жылдарға арналған екінші бесжылдықта 3,5 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін тағы 26 жоба жүзеге асырылмақ.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары алдымен полиэтилен және металлпластик құбырлар мен құбыр желісіне арналған арматура шыға­ратын «Шеврон МұнайГаз Инк» компания­сына барды. Бұл кәсіпорын индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағ­дарламасы аясында іске қосылған. Онда техно­логиялық үдерістерді бақылап және бас­қарып отыруға мүмкіндік бар. Ол үшін арнайы микропроцессорлық техникалар­мен жабдықталған еуропалық жетекші өндірушілердің қазіргі заманғы қондыр­ғылары орнатылған. Соған орай, Атырауда шығарылған полиэтилен құбыр сапасы жағынан Батыс Еуропа мен АҚШ-та өндірілетін өнімнен еш кем емес.
Зауыттың жылына 450 тонна полиэти­лен құбыр мен 30 мың сыналы ысырма дайындауға толық мүмкіндігі бар. Осы ретте Атырауда шығарылатын құбыр желісіне арналған арматуралар жарты ғасырға дейін қалтқысыз қызмет ететінін атап өткен жөн. Өйткені оны тот баспайды, судың дәмін өзгертпей, сол күйінде сақтайды және олар құдықсыз тәсілмен орнатылады. Сондай-ақ мұндай тәсіл су бөлуді бақылап, ресурстарды үнемдеуге де мол мүмкіндік береді.
Зауыт жұмысымен танысқан Мұхтар Құл-Мұхаммед бұл кәсіпорын Елбасымыз­дың Қазақстанды үшінші жаңғырту бас­тамасының нәтижесі екенін айтты.
– Атыраудың еліміздегі ең ірі мұнайлы өңір екенін бәрі біледі. Елбасымыз тек мұ­наймен шектеліп қалмай, облыс экономи­касын әртараптандыру керек екенін үнемі айтып келеді. Дәл осы зауытта ТМД ел­дерінде ғана емес, Батыс Еуропаның өзінде бәсекеге қабілетті, жоғары сапалы өнім шы­ға­рылады. Міне, бүгін бізге керегі де – дәл осы, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Кәсіпорынның өнімі ішкі нарықпен қатар, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Ауғанстан елдеріне экспортталады. Бұл туралы «Шеврон МұнайГаз Инк» компа­ниясының бас директоры Зәмзәгүл Бекова айтты. Оның сөзіне қарағанда, ел ішінде олардың өнімдеріне деген сұраныс әлі де болса айтарлықтай деңгейде емес. Оған бағаның қымбат болуы себеп. «Өнім­дерімізді Аустрияның Borealis AG, Нидер­ландының Basell, Германияның Dowlex сияқты атақты компанияларының техно­логиясы бойынша аламыз. Сондықтан оның сапасы еуропалық талаптарға сай. Құбырларымыз бен ысырмаларымыз жарты ғасырға дейін сыр бермейді. Осын­дай артықшылықтар мен шығынды есептеп бағасын қойдық. Десек те, бүгінде елімізде сапасы нашар болса да бағасы арзан өнімдерге сұраныс бізге қарағанда жоғары» деген компания басшысы алдағы уақытта осы мәселенің оң шешілетініне үмітті екенін жеткізді. Осыған орай, Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партиясы «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, осындай мәселелерді шешу жол­дарын қарастырып жатқанын айтты.
«Бизнестің жол картасы – 2020» биз­несті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша Атырау облысында 514 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, соңғы үш жылда несие портфелінің көлемі 33 млрд теңгеден асқан. Бұл бағдарлама аясын­да жемісті жұмыс істеп тұрған кә­сіпорындардың қатарында оптикалық-талшықты кабель шығаратын Атырау кабель зауыты да бар. Осыған орай, партия Төрағасының Бірінші орынбасары аталған өндіріс орнына арнайы барды. Бұл кә­сіпорын мемлекеттің қолдауымен 483 млн теңге көлемінде субсидия алып, жұмыс істеуде. Зауыттың өндірістік қуаты бір ауысым­мен жұмыс істегеннің өзінде жы­лына 5 мың шақырым кабель дайындауға мүмкіндік береді. Үш ауысымда бұл көр­сеткіш 12 мың шақырымға дейін артады. Соған сәйкес, кешен аталған өнімге деген ел ішіндегі сұраныстың 40 пайызын қам­тамасыз етіп отыр.
Зауыттың тағы бір ерекшелігі – Елбасы­ның жастарды қолдау мақсатында қолға алған дуальді оқыту жүйесінің енгізілуі. Нәтижесінде, жыл сайын жергілікті кол­ледж­дердің ондаған студенті осы жерде тәжірибеден өтіп, білігін арттыруға мүм­кіндік алуда. Тіпті көпшілігі оқуын бітір­геннен кейін осы жерге жұмысқа орна­ласуда. Зауыт бас директоры орынба­сары­ның айтуынша, бүгінде кәсіпорын қыз­меткерлерінің 60 пайызға жуығы – жер­гілікті оқу орындарының түлектері. Бұл Елбасымыздың жастарға жасап отырған қамқорлығының нәтижесі екені даусыз.
Атырау облысында халықты баспанамен қамту мәселесінде де көңіл қуантарлық істер аз емес. Бір ғана «Нұрлы жер» бағдар­ламасы бойынша биыл 2007 пәтер ел игілігіне берілмек. Оның басым бөлігі қазірдің өзінде өз иелерін тапқан. Келесі жылы осы бағдарлама аясында 43 көпқа­батты үй салынып, 4638 отбасы баспанамен қамтылады деп жоспарланып отыр. Елба­сымыздың барша нұротандықтарға мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуына үнемі бақылау жүргізуді тапсырғаны белгілі. Соған орай, Мұхтар Құл-Мұхаммед аталған бағдарлама бойын­ша салынып жатқан үйлердің құрылыс алаңында болып, Мемлекет басшысы тапсырмасының орындалуын бақылап қайтты.
Қаладағы құрылыс жұмыстарының қарқыны жөнінде айтқан шаһар басшысы Серік Шапкенов келесі жылға жоспар­ланған 43 үйдің 15-і қазірдің өзінде дайын екенін атап өтті.
– Қаламызда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Береке» және «Нұрсая» деген екі бірдей ықшамаудан бой көтеруде. Одан бөлек, бағдарламаны жүзеге асырудың 2019-2021 жылдарға арналған жоспарына сәйкес, тұрғын үйлер салу үшін 1400 гектар жер қарастырылды. Ол жерге 430 көпқа­батты үй салуды көздеп отырмыз. Бұл
25 мыңнан астам халық баспаналы болады деген сөз. Сондай-ақ болашақта «Береке» ықшамауданында 1200 орындық мектеп пен екі балабақша салу мәселесі қарасты­рылуда, – дейді қала әкімі С.Шапкенов.
Сапар барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Х.Дос­мұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылар құрамы және студенттерімен кездесті. Іс-шарада Мұхтар Құл-Мұхаммед Алаш қайраткерлерінің елге сіңірген еңбегі мен еркіндік жолындағы игі істері туралы айтты.
– Алаш зиялылары армандаған, аңсаған асыл идеялар тәуелсіз Қазақстан тұсында жүзеге асты. Ұлттың рухын биіктететін бұл идеялар әлі күнге өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Сондықтан сіздер сапалы білім алып, ел ертеңінің одан әрі еңселі болуына үлес қосуларың керек. Ол үшін Елбасымыз барлық жағдайды жасап берді, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сондай-ақ іс-шара барысында бірқатар талантты жас азамат нұротандық атанып, оларға партиялық билеттері салтанатты жағдайда тапсырылды.
Өңірге жасаған сапарын қорытынды­лаған партия Төрағасының Бірінші орын­басары партияның облыстық активімен кездесті. Онда Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына ерек­ше назар аударды. Соған орай, партиялық жаңғыруды сәтті жүзеге асыру үшін нақты тапсырмалар беріп, барша нұротандық әр істе жұдырықтай жұмылып әрекет етуі керектігін айты.

Еламан ҚОҢЫР,
Суреттерді түсірген
Рустам АМАНТАЙ


 

Асқар ҚАЛИЕВ,

«Шеврон МұнайГаз Инк» компаниясының ауысым басшысы:
– Зауытымызда құбыр желісіне арналған арматуралар, полиэтилен құбырлар және диаметрі 80-400 мм болатын сыналы ысырма шығары­лады. Кәсіпорын дат мамандарының жобалауымен және солардың техно­логиясы бойынша салынды. Қазір мұнда тұрған технологияның барлығы Даниядан әкелінген. Бұл – жоғарыда аталған бұйымдарды дайындайтын соңғы технология. Сондықтан өнім­деріміз Елбасы үнемі айтып жүретін жаһандық бәсекеге толығымен қабілетті.
Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына құны 25 млн доллар болатын 30 мың ысырма шығаруға мүмкіндік береді. Жоба бойынша зауыт әрқайсысында 22 адамнан екі ауысым жұмыс істеуге есептелген. Дегенмен қазір бізде бір өзі бір мезетте тесу, жону, кесу сияқты бес-алты операцияны орындайтын бірегей қондырғымыз бар. Ол бұрын әрқай­сысы жеке-жеке станокта жұмыс істеген бірнеше адамның орнын алмастырды. Осылайша, аз адам күшімен сапалы әрі мол өнім алуға қол жеткіздік. Өзге бәсекелестерімізден басты ерекшелігіміз де осындай заманауи қондырғылармен жұмыс істеуіміз деп білемін. Сондай-ақ елімізде дәл осындай технологиямен жұмыс істейтін зауыт жоқ екенін атап өткен жөн.

Айғаным ҚАЛМҰРАТОВА,
«Шеврон МұнайГаз Инк» компаниясының қызметкері:
– Бұл жерде 2013 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Су және газ құ­бырларын сырлаймыз. Мұнда бірінші кезекте техникалық қауіпсіздікке аса зор мән беріледі. Сондықтан біздің қауіпсіздігіміз үшін барлық жағдай жа­салған. Қызметкерлердің әлеумет­тік жағдайына да ерекше көңіл бөлі­неді. Атап айтқанда, медициналық сақтандыру, тұрғын үй ссудасы сияқты жеңілдіктер қарастырылған. Сауық­тыру орталықтарына берілетін жылдық абономент төлемінің 80 пайызын жұмыс орны төлейді. Бұл да – біз үшін үлкен мүмкіндік.
Сонымен қатар әрине, өнімнің сапасына қойылатын талап өте жоғары. Сол себепті, өз жұмысымызды асқан жауапкершілікпен істейміз. Біздің қолымыздан шыққан құбырлардың ел аумағынан асып, шетелге шығатыны қуантады. Алдағы уақытта өзімізге де, елімізге де орасан зор табыс әкелетін осындай заманауи кәсіпорынның жұмысын жандандыру жолында бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Елбасымыз да үнемі әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қараса, елдің алға жылжуында кедергілер болмайтынын айтып келеді. Мемлекет басшысының осы сөзін негізге ала отырып сол талаптан шығуға барымды саламын.

Марат ҚАЛЫМОВ,
Атырау кабель зауыты бас директорының орынбасары:
– Атырау кабель зауыты Ел­басы­мыздың тікелей қамқорлығының арқасында 2015 жылы тамыз айында іске қосылды. Оның алдында дайын­дық жұмыстары жүргізіліп, 718 млн теңге ақша жұмсалды. Оның ішінде 483 млн теңге «Бизнестің жол кар­тасы – 2020» мемлекеттік бағдар­ла­масы арқылы алынды. Қазіргі кезде зауыт оптикалық-талшықты кабель шыға­рады. Сонымен қатар кә­сіпорын­ды кеңейтуге, өндірістің әртүрлі заттарын шығаруға ары қарай жұмыстанып жатырмыз. Соған сәйкес, Оңтүстік Кореяның инвесторларымен келіссөздер жүргізілуде. Соның нәти­жесінде, болашақта электр кабелін шығаруды жоспарлап отырмыз.
Әзірге Қазақстанда оптикалық-талшықты кабель шығаратын білікті мамандар тапшы. Сондықтан алғашында бас мамандарды Ресейден шақырттық. Олар бұл жақта жұмыс істеп қана қоймай, жергілікті оқу орындарымен келісім бойынша кадр дайындауға да өз үлестерін қосып келеді. Бүгінде бұл бастамамыз өз жемісін беріп отыр. Нақты айтқанда, дәл қазіргі таңда қызметкерлеріміздің 60 пайызға жуығы – жергілікті Атырау политехникалық колледжі мен Атырау энергетика және құрылыс колледжінің түлектері. Олар – Елбасымыздың тапсырмасы бойынша қолға алынған дуальді білім беру жүйесі бойынша өзіміз дайын­даған мамандар. Сондай-ақ бүгінде екі бас маманымыз ғана ресейлік болса, қалған кадрлардың барлығы – Қазақстан азаматтары, осы атыраулықтар екенін атап өткен жөн.

Еркелді БАҚЫТЖАН,
Атырау кабель зауытының бригадирі:
– Бұл жерде зауыт ашылған күннен бері жұмыс істеп келемін. Оптикалық-талшықты кабельдің бірнеше түрін шығарамыз. Осы сала бойынша еліміздегі ең ірі кәсіпорын­дардың қатарындамыз. Осындай қазіргі заманғы қондырғылармен жабдықталған зауытта жұмыс істей­тінімді мақтан тұтамын.
Елбасымыз әрдайым кәсіпорын­дардың сапалы өнім шығаруына ерекше мән беріп, айтарлықтай қолдау көрсетіп келеді. Сол жолда жастардың сапалы білім алып, білікті маман болуы үшін барлық жағдайды жасап берді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы бағдарламалар қабылданып, түрлі тың бастамалар қолға алынуда. Осы тұрғыдан келгенде біздің зауыт көпке үлгі көрсетіп келеді. Себебі, бүгінде әріп­тестерімнің көпшілігі – оқу орындарын енді ғана бітірген өзім сияқты жас мамандар. Жаңа технологияның тілін үйреніп, бәсекеге қабілетті маман болып қалыпта­суымызға зауытта барлық жағдай жасалған. Жалпы, мұнда жұмыс­шылар үшін қажетті дүние толығымен қарастырыл­ғанын атап өткен жөн. Уақыт өткен сайын кәсіпорнымыздың аясы да кеңейіп келеді. Соған сәйкес, өндіретін өнімнің сапасы одан әрі жақсарып, түрі де арта түсуде. Сондай-ақ ұжымдағы қызметкерлердің саны да бастапқы кезден көбейді. Бұл зауыт жұмысының тұрақтылығы мен бәсекеге қабілетті өнім шығаруының жемісі деп білемін.

Арай ТАҒАТОВА,
Атырау кабель зауытының операторы:
– Атырау кабель зауытына Елба­сы­мыздың жастарға көрсеткен қамқорлығының нәтижесінде, жұ­мысқа тұрдым. Яғни, Атырау поли­техникалық колледжінде оқып жүріп, Мемлекет басшысының тап­сырмасымен қолға алынған дуальді оқыту жүйесі бойынша осы зауытқа тәжірибеден өтуге келдім. Кейін зауыт басшылығы жауапкершілігіме ризалығын білдіріп, маман ретінде жұмысқа алды. Осылайша, колледжде оқи жүріп, осындай бәсекеге қабілетті өнім шығаратын кәсіпорында жұмыс істеудемін. Бұл – мен үшін аса зор мүмкіндік. Біріншіден, кәсіби маман болып қалыптасуыма осы кезеңнің алар орны ерекше болмақ. Екіншіден, табыс тауып, өзімді де, ата-анамды да қуантып жүрмін. Келе­шекте Елбасының жастарға артып отырған сенімін ақтап, елімнің бір кетігіне кірпіш болып қалансам деймін.
Зауыттағы жұмысым туралы айтар болсам, кабельдерді бояу жолағының операторымын. Бұйымның бірқалыпты боялуына жауап беремін. Ұжымдағы аға-апаларым да білмегенімді үйретіп, кәсіби деңгейде өсуіме үлкен үлестерін қосуда. Сондықтан алдымен осындай зор мүмкіндік сыйлаған Елбасыма және барша әріптестеріме өз ризашылығымды білдіремін.

Мәлік АМАНОВ,
Атырау облыстық құрылыс басқармасының бастығы:
– Атырау облысы «Нұрлы жер» бағдарламасының бес бірдей бағыты бойынша қарқынды жұмыс істеуде. Биылдың өзінде осы бағдарлама аясында 37 көпқабатты үйдің құры­лысы басталып, оның 29-ы пайда­лануға берілді. Қалғаны жыл соңына дейін беріледі деп жоспарлануда. Одан бөлек, қаланың ішінен «Бе­реке», «Нұрсая» аты ықшамаудандар бой көтерді. Сол аудандарда жаңа жылға дейін тағы 43 үйдің құрылыс жұмыстары басталады. Кейбірі басталып та кетті.
Бағдарламаның тағы бір тармағы жер телімдерін бөліп, оған инфрақұрылым тарту екені белгілі. Бізде бұл жұмыс та өз деңгейінде жүргізілуде. Бүгінде бөлінген жерлерге газ, су, жарық желілері тартылуда. Алдағы уақытта сол жерлерге тағы 70 көпқабатты тұрғын үй салу үшін жоба­лық-сметалық құжаттама жұмыстарын бастадық. Сондай-ақ қазірдің өзінде 80 бірқабатты жеке тұрғын үйдің құ­рылысы қарқынды жүргізілуде.
Елбасымыз ерекше маңыз беріп тапсырған мәселенің бірі – осы «Нұрлы жердің» игілігін шалғайдағы аудандар мен ауылдардың да көруі. Соған орай, облыстағы барлық ауданда бағдарлама аясында тұрғын үйлер салынуда. Онда тек жеке тұрғын үйлер ғана емес үшқабатты, 60 пәтерлі тұрғын үйлер де бой көтеруде. Міне, бұл – Мемлекет басшысының барша қазақстандықтарға жасап отырған қамқорлығының жемісі.

Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің магистранты:
– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын­дағы басым бағыттарды жүзеге асыру мақса­тында елімізде бірқатар игі істер қолға алынуда. Солардың бірі – Қа­зақстанның киелі жерлер геогра­фиясын жасау. Осыған орай, «Нұр Отан» партиясының Атырау облыс­тық филиалы арнайы автоэкс­педиция ұйымдастырып, облыс аумағындағы бірнеше қастерлі мекенді аралауға мүмкіндік туды. Сол экспедицияның мүшесі болғаным үшін өте қуаныштымын. Бұл бізге еліміздің тарихы мен мәдениетін тереңнен тануға мол мүмкіндік берді.
Осы ретте ұлт руханияты туралы ой-өрісіміздің кеңеюіне «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орын­басарының бүгінгі дәрісі де айтарлықтай оң әсер еткенін атап өткен жөн. Шыны керек, бір сағаттың қалай өте шыққанын аңғармай да қалдық. Биыл желтоқсанда құрылғанына 100 жыл толатын Алаш партиясы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов бастаған Алаш қайраткерлері туралы мол мағлұматтар алдық. Елбасының қасында жүрген ел ағаларының осылай аймақтарға келіп, жастармен кездесіп, өз өмір тәжі­рибелерімен бөлісуі бізге өзгеше бір күш береді. Сондықтан алдағы уақытта осы игі бастама дәстүрге айналса деймін.

Александра САМАРЦЕВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті:
– Бүгін мен үшін өте маңызды күн­дердің бірі. Себебі, еліміздегі талай жетістіктер мен игі істерге мұрындық болып жүрген Елбасы партиясының мүшесі атандым. Біріншіден, бұл бізге аса зор жауап­кершілік жүктейді. Сондықтан осы сенімді ақтауға тырысамын.
Сондай-ақ партия Төрағасының Бірінші орынбасары оқыған дәріс­тен айрықша әсер алдым. Өзіміз оқитын университетке есімі берілген Халел Досмұхамедов туралы тың деректерге қанықтық. Еліміздің өткені мен бүгінгі жетістіктерін ұштастыра отырып, тағылымы мол дәріс оқығаны үшін ол кісіге ерекше ризашылығымды жеткізгім келеді.
Кездесуде партия Төрағасының бірінші орынбасары бізге Елбасының жастарға зор сенім артатынын, бүгінгі жақсылықтардың барлығы тек еліміздің ертеңі – жас буын үшін жасалып жатқанын айтты. Мемлекет басшысының мұндай қамқорлығын жақын сезінген жандардың бірімін. Олай дейтін себебім, Президент шәкіртақысының иегерімін. Сондықтан бүгінде тегін жоғары білім алу­дамын. Өмірден өз орнымды табу үшін осыншалықты жақсылық жасаған Елбасыма алғысым шексіз.

Бөлісу:

Пікір жазу


*