Президент үлгісі – ұлы бастамалар мұрасы

689
0
Бөлісу:

Бір ел, бір ұлт, бір лидер – Қазақстанның табысты жаңғыруының басты факторы. Бұл туралы Тұңғыш Президент күніне орай Мәжіліс пен Сыртқы істер министрлігі бірлесе ұйымдастырған «Жаңа жаһандық болмыстағы Қазақстанның жаңғыру моделі» атты халықаралық конференцияда айтылды.

Форумға АҚШ, Испания, Италия, Венгрия, Болгария, Қытай, БАӘ, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан секілді 15 елден мәртебелі меймандар, сарапшылар шақырылды. Жиын жұмысына қатысқан Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ел жеткен табыстар мен болашақ жоспарлар «тек Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен байланысты» екенін нықтады. Сонымен бірге, Елбасыға ерген барша қазақстан­дықтардың ерлікке бергісіз ерен еңбегін де атап көрсетті.
– Қазақстанның Тұңғыш Президен­тінің Мәңгілік ел жолындағы дана саясаты арқасында кең байтақ қазақ жері тату­лықтың үлгісіне айналып, дамудың қа­зақстан­дық жолы қалыптасты. Осы жолда Парламент әрқашан Елбасының сенімді тірегі болып келеді. Енді егемен еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Ол – Қазақстанның Үшінші жаңғыруы. Бұл – біздің мемлекетіміз үшін заман талабына сай өсудің басты бағыты, сонымен бірге, алға қойған ұлы мақсаттарға жетудің кепілі, – деді Мәжіліс төрағасы.
Өз сөзінде Нұрлан Нығматулин елімізде жүрген реформалардың барлық үш кезеңіне тән және «Назарбаев моделін» даралар ерекшеліктерді атады.
– Біріншіден, Қазақстандағы барлық реформалардың авторы бір, ол – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев. Соның арқасында барлық бастамаларды жүйелі түрде іске асыруға мүмкіндік бар. Мемлекет басшысы еліміздегі күрделі реформалардың басты идеологы саналады. Президенттің жыл сайынғы Жолдаулары ел экономикасын рефор­малауға, қоғамның руxани жаңғыруына, ұлтаралық және конфессияаралық келісім моделін қалып­тастыруға, жалпы елдің жаңаруына жол ашты. Негізі, жаңғырудың қазақстандық моделін «Назарбаев моделі» деп атаған дұ­рыс. Тәуелсіздік жылда­рындағы рефор­ма­лардың нәтижесі мен жинақтаған тәжіри­беміз соның айқын дәлелі, – деді ол.
Екіншіден, оның байламынша, үздіксіз жаңғыру үдерісі – «Назарбаев моделінің» тағы бір ерекшелігі. Осы уақытқа дейін барлық шаралар жүйелі әрі бірізді түрде жүргізілуде. «Алдымен – экономика, саясат – содан кейін» деген ұстаным Кеңес Одағы күйрегеннен кейінгі қиын-қыстау заманнан сүрінбей өтуге ықпал етті. Үшінші ерекшелік ретінде «жаңғырудың кең ауқымдылығы және жан-жақты қамтылымдығы» аталды.
– Соның арқасында 1997 жылы «Қазақстан – 2030» стратегиясын іске асыруға кірістік. Бұл құжаттың мақсат-міндеттерін алдын ала орындап, «Қа­зақстан – 2050» стратегиясына бет алдық. Енді міне, Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруына арналған үлкен бастаманы қолға алып отырмыз. Осылайша, Прези­дентіміз бір мақсатқа жеткеннен кейін өзін де, xалқын да келесі міндеттерге жұмылдырып отырады, – деді Нұрлан Нығматулин. Қазақстанды цифрландыру және руxани жаңғыру «xалықты бұдан да зор жетістіктерге жетелейді». Конститу­цияға енгізілген өзгерістер олардың бар­лығын іске асыру үшін қажетті ұстын болды.
Форумда Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстанның Орталық Азия елдері басшыларына үлкен саммитке жиналып, бейресми ақылдасып, кеңесуді ұсынатынын мәлімдеді. Сыртқы саясат ведомствосы бұл саммит халық­тарымызға ортақ әз-Наурыз мейрамы кезінде өтуі үшін барлық көршілермен жұмыс істемек. Кездесуге Елбасы төрағалық етеді деп күтілуде.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев рухани жаңғыру аясында Елбасы ұсынған «Қазақстандағы 100 жаңа есімге» кірген азаматтар биылғы жыл соңына дейін Мемлекет басшысымен кездесетінін жеткізді. Оның айтуынша, жобаның бірінші кезеңі аяқталды, оның қорытындысында 102 үміткер іріктелді. Енді олардың өмірлік жолы мен танымды өнегесі әртүрлі фильмдер, роликтер, кітаптар арқылы жас ұрпаққа үлгі етіледі.
Ресей Мемлекеттік Думасы төраға­сының орынбасары Сергей Неверов биыл Қазақстан мен Ресейдің тәуелсіз мемлекеттер ретінде өзара дипломатиялық қатынас орнатқанына 25 жыл толғанын, екі ел сенімді дос, стратегиялық серіктеске айналғанын айтты.
Конференция аясында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Ресей Мемлекеттік Думасы төрағасының орынбасары Сергей Неверовпен екіжақты кездесу өткізді. Сондай-ақ Түркиядан, Мажарстаннан, Болгариядан, Әзірбай­жаннан келген әріптестерімен кездесулерде де екіжақты ынтымақтастықты нығайту­дың өзекті мәселелері талқыға салынды.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*