Іргелі келісімдер жасалды

843
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь елінің астанасы Минскіге сапар шекті. Сап түзеген сарбаздар мемлекет басшыларына тағзым жасап, қос тараптың ресми делегациясы президенттер­мен қол алысып, салтанатты шара сәтімен атқарылды.
Алдымен тараптар шағын құрамда кездесті. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты.
Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь мемле­кетінің президенті Александр Лукашенкоға шақырғаны үшін алғыс білдірді. Осылайша, қос президент екі ел арасындағы дипло­матиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толған сындарлы шақта жүздесті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Беларусь қатынас­тары­ның аса маңызды екенін атады.
– Қысқа ғана тарихи уақыт ішінде біраз маңызды жетістіктерге қол жеткіздік. Қиын-қыстау жағдайға қарамастан екі­жақты ынтымақтастықты дамытуға мүм­кіндік беретін мықты саяси база қалып­тастырдық. Біз – әрқашан бір-бірімізбен ашық әрі сенімді қарым-қаты­нас орнатуға мүдделі серіктестерміз, – деді Қазақстан Президенті.
Президент екі ел арасында эконо­ми­калық алыс-берістің тынысы кеңейіп, тамыры тереңге жайылып келе жатқанын атап өтті. Мемлекеттер арасындағы сауда-эконо­микалық ынтымақтастық қазір күшейе түскен. Бұған Қазақстан мен Беларусь елдерінің ортақ Еуразиялық экономикалық одақ аясында тізе қосып қимылдап жатқаны да оң әсер берсе керек. Президенттің айтуын­ша, қазір Қазақстанда 260 беларусиялық кәсіпорын, 6 біріккен ірі автоқұрастыру зауыт екі иінінен демалып жұмыс істеп тұр. Қазақ­стан сауда дүкендері сөрелерінен де экономи­калық одақта­сы­мыз­дың ауыл­шаруашылық өнімдерін еркін кезіктіруге болады. Александр Лукашенко екіжақты ынты­мақтастықты арттыра түсу үшін Қазақстан Президентінің рөлі орасан екенін жеткізді.
Бұдан кейін мемлекет басшылары екі ел үкімет мүшелерінің қатысуымен кеңей­тілген құрамда келіссөздер өткізді. Келіс­сөздер барысында қос тарап инвести­ция, қаржы құралдары, білім және ақпа­раттық техно­логиялар, тұрғын үй және жол құры­лысы салаларында ынтымақтастық орнату бойынша уағдаласты. Еуразиялық эконо­микалық одақ аясында трансұлттық кор­по­рациялар құру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
– Үкіметаралық комиссияның тең төрағаларына нақты тапсырмалар жүк­те­дік. Тиісінше, күн тәртібінде тұрған өзекті халықаралық және өңірлік тақырыптар бойынша да пікір алмастық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Беларусьтің ақпа­раттық технологиялар саласында жетіс­тік­терге қол жеткізіп жатқанын айтып, мұндай жобалардың біздің елде де қолға алынып, қарқынына қарқын қосып келе жатқанын жария етті.
Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар келісімдер жасалды. Қол қойы­лып, қол алысқан келісімдердің арасында Қазақстан мен Беларусь Сыртқы істер министрліктері арасында жасалған 2018-2019 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспары бар. Одан бөлек екі ел үкіметтері арасында бұқаралық ақпарат құралдары бойынша келісімдер жасалды. Жиын соңында ел басшылары Қазақстан мен Беларусь арасындағы 2026 жылға дейінгі ынты­мақтастық бағдарламасына және әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Қазақстан Беларусь елінің ТМД бойынша сауда серіктестерінің ішінде үздік үштікке кіреді. 2014 жылы екі ел арасында тауар айналымы 1 млрд долларға дейін жеткен. Одан кейін әлемдік экономикалық дағда­рысқа байланысты тауар айналымы­ның көлемі азайып кеткен еді. Бірақ қазір жағдай дұрысталып келеді. Соңғы ақпар­ларға сүйенсек, сауда көлемі 70 пайызға дейін жоғарылаған. Дегенмен екі мемле­кеттің шынайы әлеуеттері бұдан да жоғарғы деңгейді қажет етеді.
– Осы жылдар ішінде сізбен бірлесе отырып күшті экономикалық, саяси база құрдық. Қиын шақтарда өз еліңіз үшін елеулі іс атқардыңыз. Беларусь – нағыз еуропалық ел. Сіздердің ауылшаруашылық өнімдеріңіз бәрін тамсандырады. Машина құрастыру әлеуеті де мықты, әлемге тара­лып жатыр. Қазір Қазақстаннан Беларусь кәсіп­орын­дарының өнімдері, тауарлары, жиһаз­дарын көре аламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан мен Беларусь елі машина құрастыру саласында бірлесе еңбек етеді. Ет өңдеу зауытының құрылысы үшін бірлескен кәсіпорын да құрылды. Мемле­кеттер ғарыш, әскери-техника салалары бойынша да жұмыс істеп жатыр.
Келіссөздерден соң мемлекет басшы­лары бас­пасөз мәслихатын өткізіп, келіс­сөздерге қо­рытынды баға берді. Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасында мәмілеге келмейтін мәселе бол­­майтынын, барлық сауалдар жауабын тапқанын атап өтті. Елбасы ұсынған мәлімет бойынша, осы жылдың тоғыз айында тауар айналымы 60 пайызға артып, 441 миллион дол­ларды құраған. Президент әсіресе, ма­шина құрастыру саласы бойынша қызу ең­бек­ті арттырып, бірлескен кәсіпорындар не­гі­­зінде комбайн, трактор, тіркемесі бар жүк көлігі және басқа да техникалар жасап шы­ғаруға көңіл бөлді. Екі елдің гео­гра­фиялық орналасуын ескере отырып Қазақ­стан Президенті транзиттік-транс­порт­тық ын­тымақтастық мүмкіндігін айтып, оны кеңей­те түсу үшін жұмыстар атқару қажеттігін жеткізді.
– Соңғы алты жылда Қытай мен Еуропа арасындағы Қазақстан мен Беларусь арқылы өтетін транзиттік тасымал 100 есеге дейін артқан. 2018 жылы аталған кө­лем тағы да екі есе жоғары көтеріледі деп күтіп отырмыз, – деді Елбасы.
Сапар аясында Мемлекет басшысы Минск қаласындағы Жеңіс монументіне гүл шоқтарын қойып, Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарының рухына тағзым етті. Жеңіс монументі қаладағы ең айшықты демалыс орталығы болып саналады және ол жерде түрлі іс-шаралар өткізіледі. Нұрсұлтан Назарбаевтың Минскідегі саяси кездесулері түстен кейін қайта жалғасты. Өйткені Бе­ларусь астанасында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессия­сын өткізу қа­растырылған. Алек­сандр Лукашенко төрағалық еткен шараға Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей прези­денті Владимир Путин, Армения президенті Серж Саргсян, Тәжік­стан президенті Эмомали Рахмон, Қырғыз­стан президенті Сооронбай Жээнбеков қатысты. Биыл Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл, ұйымның құрыл­ғанына 15 жыл. Президент­тер шара бары­сында Корея түбегіндегі, Ауғанстан мен Сириядағы шиеленіскен жағдайларды талқыға салып, халықаралық һәм өңірлік қауіпсіздіктегі өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесіне 2016-2017 жылдары Беларусь елі төраға болған. Енді Минск сам­ми­тінің қорытындысы бойынша төра­ға­лық міндеті Қазақстанға ауыс­тырылды.

 

Абай АЙМАҒАМБЕТ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*