Аягүл МАНТАЙ: АЛМАТЫ МЕНІ КӨП ЖҰБАТТЫ

1225
0
Бөлісу:

Қазір қазақ прозасының көшін алға сүйреп жүрген санаулы ғана қыз бар. Сол санаулылар қатарында Аягүл Мантайдың да есімі жиі аталып жүр. Бүгінде Мәскеу төрінде білім алып жүрген қаламгер қыздың әдебиет туралы айтары да жоқ емес. 

– Аягүл, Мәскеуге неге құмарттың? Әлде орыс әдебиеті, дәлірегінде орыс интеллигенциясы қызықтырды ма?
– Шетелде оқуды армандайтынмын. Бірақ Мәскеуде оқимын деп ешқашан ойлаған емеспін. Ағылшын тілін мең­герсем, жетілдірсем Америкаға не Англияға кететін шығармын деп ойлай­тынмын. Шынымды айтсам, ешқа­шан «Болашақпен» оқуға талпын­ған емеспін. «Болашақпен» оқудың жауапкершілігі ауыр деп түсінем. Себебі, мемлекеттің, халықтың ақшасына оқып жатқасын мойныңда ауыр жүк тұрады. Сосын «елімнің осыншама қаржысымен оқыдым, соған сай білім алдым ба?» деп өзімнің ар-ұятым маза бермеуі мүмкін. Елде жүрген соңғы жылдары жұмыссыз қалдым. Бернард Шоудың айтқаны бар: «Мен әрбір сәтсіздігіммен бақыт тап­тым». Сол айтпақшы, мен де сәтсіз­дігімнен қуаныш таптым. Жұмыс­сыз қалмасам, шетелде оқу туралы мақса­тым­ды кейінге ысыра берер ме едім. Сол сәтте Мәскеуде аспирантурада құрбым оқып жатқан. Оған жұмыссыз қалға­нымды, өзімнің күннен күнге тұншығып бара жатқанымды айттым. Содан не керек, құрбымның шақыруы­мен Мәскеуге келдім. Ресей Халықтар Достығы университеті – беделді оқу орны. Шынымды айтсам, бұл универ­ситетке өз күшіммен оқуға түсем деп ойламадым. Қабылдаудың соңғы күні құжат тапсырдым. Емтиханды ресей­лік­термен бірдей тапсырдым. Араларында жалғыз шетелдік болып отырғаным есімде. Шетелдік ретінде ешқандай жеңілдік болмайтынын естігенде әрине, қатты уайымдадым. Емтихан тапсырған күннің ертесіне қабылдау комиссия­сынан хабар­ласып, жақсы балл алғанымды, құжатта­рымды министрлік­ке жіберіп жатқанын айтты. Өмірімдегі қуанышты сәтімнің бірі – РУДН-ге оқуға қабылданған кезім.
Мәскеу – шаршап, жалығып, бәрінен түңіліп жүрген кезде жұбатқан қала. Бұл – мені өзіме таныт­қан қала. Толстой, Достоевский, Гоголь, Цветаева, Пушкин, Тургенев, Есенин, тағы басқа ақын-жазушы­лардың тұрған үйінде болдым. Басқа да көптеген музейлерді араладым. Әрқай­сысының өзіне тән ерекшелігі бар. Әр музейді ара­лап жүріп, бір нәрсе үйренуге болады.
Сосын мұндағы оқытушылардың сабақ түсіндіру әдісі, студенттермен, магистрант­тармен қарым-қатынасы ұнады. Бәрімізге ойымызды ашық айтқызады. Тіпті бір магистранттың ойы дұрыс болмаса да, сөзін бөлмей мұқият тыңдайды. Сосын пікірімен келіспейтінін айтады. Сіз де оқытушының пікірімен келіспеуге құқығыңыз бар. Шыным­ды айтсам, мұнда шығар­машылық адам­дарының еркіндігін сезіндім.
Мәскеуде мемлекеттік, жекеменшік театр көп, кейде қай театрға баратыныңды білмейсің. Себебі, бірінің пьесасы қызық­тырса, екіншісінің режиссері мықты. Мәскеудің өзінде 150-ге жуық театр бар.
– Орта демекші, Мәскеуде әдеби орта бар ма?
– Сізге бір мысал айтайын. Былтыр Мәскеуге бір ақын келді. «Жас ақын-жазушылармен, әдебиетшілермен таныс­тыр­шы» деді. «Кешіріңіз, мұнда жас ақын-жазушылар, әдебиетшілер шақырған жеріңізге жетіп келмейді. Олар уақыттарын бағалайды. Алдын-ала хабарласу керек» дедім. Шыны – сол. Мысалы, бірге оқыған жас әдебиетші группаластарымның өзі бір жеті бұрын «Ая, кофе ішейікші» деп хат жазады. Бәріміз бірге оқыдық, жақсы ара­ластық. Бірақ кездесуге уақыт жоқ. Себебі, Мәскеу – уақытты ұрлайтын қала. Күннің қалай атып, қалай батқанын білмейміз.
Мұнда әдеби кештерде біздегідей зал толып отырмайды. Ешкімді қинап шақыр­майды. Студенттерді қинап апарып, отыр­ғызып қою деген жоқ. 20-30 адаммен де әдеби кеш өте береді.
Әрине, мұнда әдеби орта бар. Орыс ақын-жазушыларының уақытты қатты бағалайты­ны, көп жағдайда ырду-дырдудан қашып жүретіні байқалады. Мұнда инди­видуалистік сана үстемдік құрады. Кейде шығармашылық­пен алаңсыз айналысу үшін эгоизм де керек. Бізде қашан көрсең, той тойлап жүретін ақын-жазу­шылар бар. Олар­дың қашан шығар­ма­шылықпен айна­лы­сатынын білмеймін… Қа­шан олардың жазу­шыға тән ішкі жалғыздығын сезінетінін біл­меймін… По­тен­циалы мықты шығар­машылық адамы­ның жалғыздығы – кемелдікке апарады.
Тағы бір айта кетерлігі: біздегі әдеби байқаулармен салыстырғанда мұнда байқаулар әлдеқайда әділ өтеді.
– Әңгімелеріңнен де, пікірлеріңнен де бір «депрессия» байқалатын секілді. Неге?
– Өмірде өзімді өзімнен жасырсам да, шығармашылықта жасыра алмаймын. Жалпы шығармашылықта өзін жасыратын жазушыларды оқи алмаймын. Мысалы, мені көп адам қатал деп ойлайды екен. Сыртқы бейнем қаталдау көрінсе керек. Бірақ жүрегімнің түкпірінде мейірім жасырынып жатқанын өзім білем. Жалпы, адамдармен қарым-қатынаста дистанция ұстаймын. Ашылатын кезім өте сирек. Адамдардан қашып жүрем, бәлкім өзімнен қашып жүретін шығармын… Жаны мұңға жақындау адаммын.
– Әлем әдебиеті жауһарларының өмірі туралы көбірек зерттеп жүрсің. Зерттеу барысында көз жеткізген ақиқат қандай?
– Саналы әрбір адам, мейлі ол шығармашылық адамы болмасын, бір ғана ақиқатты іздейді, яғни Құдайды танығысы келеді. Бодлер жаны шарқ ұрғанда «Құлағыма Ібіліс сыбырлай ма, Құдай ма?» деді. Оны өмірбойы осы сұрақ мазалады. Паганини де жаны тыныштық таппай шарқ ұрды. Жұрттың «Паганини жанын шайтанға сатқан» деген өсегі де оны селк еткізбеді. Себебі, ол өзі іздеген ақиқатты таппай қиналды. Құдаймен арасынан үйлесім таппай жаны қиналды. Адамзатқа ақиқатты танытқан Толстойдың да жан күйзелісін жақсы білесіз. Біздің бәріміз, сіз де, ол да, мен де Құдаймен үйлесімді өмір сүргіміз келеді, сол жалғыз ақиқатты іздейміз.
– «Қазақ әдебиетіне интеллектуалды шығарма қажет» дейсің. Қазақ әдебиетінде ондай шығарма жазылған жоқ па?
– Төлен Әбдіктің «Оң қолы» – интеллектуалды дүние. «Парасат майданын» да интеллектуалды дүние десек те, пуб­ли­цис­тикалық сарын басым.
– Мықты шығарма танылмайды. Мықты жазушы да танымал емес. Есесіне, әлеуметтік желідегі «қыртымбайлардың» дәурені жүріп тұр. Сөздің неге қадірі кетті?
– Әлеуметтік желіге тәуелді емес едім. Бәрі «Мой мирде» отырғанда «уақытымды алады» деп жауып тастағам. Қазір фейсбукта ғана бармын. Оны да жауып тастамақ болғам, бірақ елден жырақта жүргесін елді сағы­насың.
Әлеуметтік желіде сөйлемдерді қатемен жазатын айғайшылдардың дәурені жүріп тұр. Билікте жүрген кей шенеуніктердің олармен кәдімгідей санасатыны байқалады. Сонда бұл не? Қорқу ма? Билік интеллек­туал­дардың пікірімен санасқанда ғана қоғам өзгереді.
Сөздің қадірі кеткен себебі, біз тым ұсақталып кеттік. Қорқыныштысы – сана дағдарысына ұшырадық.
– Проза жазып жүрген қыздар көп емес. Лира Қоныс та сыртта жүр. Сенің де жаныңа Мәскеу жақын болып кеткен сияқты. Алматыны сағынбадың ба?
– Бұрын Мәскеуде Алматыға ұқсайтын аудан көрсем, жылағым келетін. Қазақ құрбым екеуміз Мәскеудегі Әлия Мол­да­ғұлова көшесін жаяу кезгеніміз есімде. Әйтпесе, Мәскеуде көше көп қой. Мәскеуде жаңбыр жауса, «Алматыда да жаңбыр жауып тұр ма екен? Алматының жаңбыры да әдемі жауады» деп ойлайтын­мын.
Астанада алты ай тұрғаным бар. Ай сайын сағынып Алматыға келетінмін. Шынымды айтсам, Астанаға үйрене алмадым. Алматыға қайтып келдім. Алматы мені көп жұбатты. Астананы көрмегеніме сегіз жарым жыл өтіпті. Астананы қатты өзгерген деп естимін. Шынымды айтсам, соңғы кезде Астананы көргім келіп жүр.
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу:

Пікір жазу


*