Нұрбек КӨМЕКОВ: Қазақты таныту – мұратым

999
0
Бөлісу:

Голливудта Nurtuan есімімен танылған жас әнші Нұрбек Көмеков – анимация, пиар және музыка салаларын қатар алып жүрген жас таланттардың бірі. Бүгіндері ол АҚШ-та еңбегі мен іскерлігінің арқасында De Qazo Records музыкалық лейблды, Nurkom Production кинокомпаниясын, NurKom Pictures анимациялық студиясы мен NurKom Promotions бизнес маркетингтік компаниясының негізін қалап, қыруар жұмыстар атқаруда. Жас өреннің ұлттық бағыттағы анимациялық туындылары, әсіресе, «Алтын адам» комиксі шетел жұртшылығын тамсандыруда. Ұлттық құндылықтарымызды, төл тарихымызды барша әлемге таныстыруды мұрат тұтқан Нұрбектің алға қойған мақсаттары да айқын. Бизнес пен өнерді қатар алып жүру оңай шаруа емес екені анық. Жырақта жүрсе де қазақты танытуды мақсат еткен Нұрбекпен сұхбаттасудың сәті түсті.

Өнер мен бизнесті алып жүру оңай емес
Өнер жолына келуім де кез­дей­соқ емес. Алматыдағы «Кө­кіл» мектебінде домбыра кла­сы бойын­­ша білім алдым. Бала күнім­нен салт-дәстүрлері­міз­ді, ұлттық танымды бойыма сіңіріп өстім. Мамандық таңдауға келгенде бүгінгі нарық заманына сай, маркетинг және менеджмент саласын таңдадым. Англия мен Қытайда білім алдым. 2010 жылы оқуымды тәмамдаған соң, АҚШ-қа Нью-Йоркке бет алдым. Нью-Йорк – нағыз шығармашылық пен өнердің ортасы. Мұнда 4 жылдай тұрып, маркетингтік жаңа жобаларды зерттеп, тәжірибе жинақтап жұмыс істедім. Өзіме қажетті білім жинаған соң, өнер жолында өзімді сынамақ болдым. Мақсатым – қазақ халқын әлемге таныту, ұлттық дәстүріміз бен құндылықтарымызды ұлықтау. Бұған қоса, халықтың сұранысына лайықты, заманауи дүние шығару қажеттігін де естен шығармадым. Осылайша, Лос-Анджелеске көшіп, музыкалық промоушн бағытында зерттеулер бастадым. 2012 жылы кәсіби кино және музыка саласының мамандарын жинап, Nurtuan records компаниясының негізін қаладым. Жас әншілерге музыкалық клиптер түсіре бастадық. Бұл – менің өнер жолындағы алғашқы қадамым болды. Біздің жұмыс тобы тың әдіс-тәсілдерді тез игеруге, жаңалыққа құмар болды. Мұнымен тоқтамай, биік белестерді бағындыру керектігін ұғындым. 2014 жылы Лос-Анджелеске көшіп, промоушн және маркетинг компаниясын құрдым. Осы уақытқа дейін алған білімім мен жинаған тәжіри­бем­нің жемісі осы болды. Лого мен слоган дизайннан бастап, презен­тациялық роликтар дайындап, жаңа өнімді нарыққа шығаруға көмектестік. АҚШ-та ойлаған идеяларыңды іске асыру үшін бірталай қаржы керек екені түсінікті. Сондықтан осылайша, бизнесті қолға алып, өнермен қатар алып жүруге бел будым.
Nurtuan деген атауды «нұрдан туған» деген тіркестен шығардым. Кейін ыңғайына қарай осылай қысқарттық. Бала күнімнен өнерден алыс емеспін. Жуықта
I Like The Way әніне бейнебая­ным шықты. Америкалық үздік бейнебаяндар қатарына кіргеніне қуаныштымын. Give me a chance, Butterfly әндеріне бейне­баяндарым жуырда жарық көрді. Америкалық музыка нарығына Nurtuan деген жаңа атпен шықтым.

Америкалықтарды жаулаған «Алтын адам»
2015 жылы NurKom Pictures анимациялық студиясын ашып, визуалды эффектілерді пайдалана отырып, жаңа анимациялар жасадық. 2016 жылдан бастап, комикстер жасай бастадық. Бұл – менің арманым еді. Өнер адамы жан-жақты болуы керек дейді ғой. Жырақта, еліңнен алыс жүргенде Отанға деген сағыныш ерекше болатыны айтпаса да түсінікті. Анимация өнері арқылы Қазақ елін таныстырғым келді. Америкалықтар Қазақстан жайлы білмейді десем, жаңсақтық болмас. Геннадий Головкин әлемге танылғалы Қазақстан жайында жақсы пікірлер айтылып жүр.
Менің мақсатым – біздің бай тарихымызды, көне жәдігерлері­мізді, құндылықтары­мызды анимация арқылы таныстыру. «Қазақ халқының көзтартар жәдігері – Алтын адамды неге кейіпкер ретінде алмасқа?» деп ойладым. Америкада комикстер жасау қалыптасқаны қашан?! Сондықтан жаңа кейіпкер жұртшылықты қызықтыратыны­на сенімді болдым. Алтын адам бүгінгі заманда Американы бағындыруға бет алады. Осы сәттен оқиғалар өрбиді. Жеңіл-желпі не арзан күлкіден аулақ болдым. Мәселен, Арал теңізінің проблемасы сынды көкейкесті мәселелерді көтердім. «Алтын адамның! бет-бейнесін, құнды жәдігерлерді дәл айнытпай жасау үшін елге келіп, мұражайларды да араладым. «Алтын адам» комиксі ағылшын, орыс тілінде жарыққа шықты. E-book сайты арқылы жүктеп алушылар қатары көп болды. Шетел жұртшылығы әрдайым жаңа кейіпкер іздеп отырады. Алтын адамның шытырман оқиғаларын оқи отыра, біздің тарихымыз жайында іздене бастайды. Алғашында, шетелдіктер Алтын адамды ұқпағаны анық. Осылайша, бірте-бірте төл тарихымызды анимациямен де дүйім жұртшылыққа таныстырсақ, нұр үстіне нұр болады. Орыс тіліндегі нұсқасын Ресейден жүктегендер аз болмады. Қазір комикстердің қазақ тіліндегі нұсқасын енді дайындаймыз. Жаңа латын әліпбиіне негіздеп жасамақпыз.

Төл тарихымызды ұлықтау – парыз
Алға қойған мақсаттарымыз өте көп. Қазақ елінің сұлулығын, тектілігін, мәдениетін, даралығын жаңа фильмдер арқылы көрсетсек деймін. Біз бұған біртіндеп келеміз деп ойлаймын. Мағыналы, айтары мол дүниелер арқылы көрермендердің ықыласына бөленсек, қандай ғанибет! Алдағы уақытта ашаршылық жайында көркем фильм түсіру жоспарымызда бар. Жас ұрпақ ата-бабаларымыздың басынан өткізген зұлмат жылдарын білу керек. Ұлт мүддесі үшін қызмет еткен Алашорданың тарихы­мызда алатын орны ерекше. Қаншама қарагөз қыз-жігіттері­міз азаттық үшін Желтоқсан оқиғасының құрбаны болды. Бұл да – үлкен тарих. Желтоқсан оқиғасынан кейін КСРО құрамындағы басқа елдер бас көтерді. Осылайша, аңсаған тәуелсіздігімізге жеттік. Осы идея желісімен тәуелсіздік құны жайында фильм түсірсек дейміз. Мұндай ауқымды тақырыптарды қозғау арқылы Қазақстан жайында оң пікір қалыптастырып қоймай, өзіміздің халқымызға, әсіресе, жас буынға ой тастау – үлкен мақсат. Қазақты әлемге танытып, мағыналы дүниелер қалдырсам, бұдан асқан бақыт жоқ.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*