Киелі мекендер қастерлі бола түседі

688
0
Бөлісу:

Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жобаның жүзеге асырылу барысын талқылау бойынша «Мирас» республикалық кеңесінің көшпелі отырысы өтті.
Іс-шараға партия хатшысы Қаныбек Жұмашев, «Мирас» кеңесінің мүшелері, Мәжіліс депутаттары, кәсіби сарапшылар, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері қатысты.
Кеңесте баяндама жасаған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, «Мирас» кеңесінің мүшесі Берік Әбдіғалиұлы бүгінде Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандарының тізімі дайындалып, онда еліміз бойынша 600-ден астам киелі жер анықталғанын айтты. «Арнайы сараптамалық кеңесіміз оны жалпыұлттық және аймақтық деп екі деңгейге бөліп жатыр. Жалпыұлттыққа 100-ден аса нысан мен кешендер кірсе, қалғандары аймақтық деңгейге жатады. Бірақ бәріне бір карта жасалады», – деді ол.
Отырыс барысында «Қазақстанның қасиетті географиясы» бойынша жалпыұлт­тық маңызы бар орындардың көпфункцио­нал виртуал картасы танысты­рылды. Оның ішінде «Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері», «Археоло­гиялық ескерт­кіштер және ортағасырлық қалалық орталықтар», «Діни және ғибадат орындары», «Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар», «Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар» көрсетілген.
– «Қасиетті Қазақстан» энциклопедия­сының 1 томы жыл соңында жарық көреді, оған еліміздің Астана мен Алматы қалалары және Ақмола мен Алматы облыстары кірді, – дейді Берік Әбдіғали.
Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова киелі орындар турасында көрсетілетін фильмдерге тоқ­талды: «Бүгінгі таңда еліміз бен шетелдерге арналған бірнеше фильм түсіріліп жатыр.
4 фильм өндірісте және олар БҰҰ-ның 6 тіліне аударылады. Бұдан бөлек BBC World News телеарнасында көрсетілетін «Қожа Ахмет Яссауи», «Айша бибі мавзолейі» және «Алтын адам» атты деректі фильмдерінің түсірілімі аяқталып, халықаралық телеар­налардан көрсетілмекші. Голливудтың белгілі актері Марк Дакаскостың қа­тысуымен Сastle films компаниясы түсіріп жатқан «Номадтар елі» атты тағы бір ауқымды деректі фильм түсірілімі мәресіне жетті. Сондай-ақ «Күлтегін» туралы да фильм түсірілді», – деді ол.
Астанада «Рухани жаңғыру» атты орталық жобалық офис және облыс ор­талықтарында өңірлік жобалық офистер құрылғанын, соның негізінде, «Рухани қазына» атты кіші бағдарлама жасалғаны да аталып өтті. Кіші бағдарлама ұлттық мәдени бірегейлігімізді сақтап, киелі жерлер георгафиясын зерттеп, қазіргі заманғы қазақстандық мәдениетті насихаттауды және дамытуды көздейді.

 

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*