Оңтүстікте оң өзгеріс бар

540
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысында болып, жұртшылықпен бірқатар кездесулер өткізді.

«Нұр Отан» партиясының Шымкент қаласындағы облыстық филиалында пар­тия активімен кездесіп, Елбасы Н.Назарбаевтың берген тапсырмаларын орындау бойынша жиналыс өткізді. Басқосуда мемлекеттік бағдарламалардың Оңтүстік Қазақстан облысында орын­далуы хақында облыстық білім басқар­масының басшысы Исатай Сағындықов, Облыстық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Мұқан Егізбаев, Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және Әлеуметтік бағдарламалар басқар­масының басшысы Мұхит Отаршиев хабарлама жасады.
– Биылғы 11 айда облыстың макроэко­но­ми­калық көрсеткіштерінде оң серпін байқалған. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 773,5 млрд теңгені немесе өткен жылдың сәй­кес кезеңіне 102,0 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі – 526,9 млрд теңгені (105,2 пайыз), ауыл шаруа­шылығы өнімінің жалпы көлемі – 497,8 млрд теңгені (102,4 пайыз) құрады. Ша­ғын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 179 704-ке жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106,3 пайыз болды. Жыл басынан бері 72 943 (оның ішінде тұрақтысы – 51 809) жаңа жұмыс орындары ашылды.
Аймақта «Нәтижелі жұмыспен қам­туды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту­дың 2017-2021 жылдарға арналған бағдар­ла­масы» нәтижелі іске асуда. Бағдарлама шеңберінде облыс бойынша 1 желтоқсанға дейін 86950 адам қам­тылып, жылдық жос­пар 135,2 пайызға орындалды. Тех­ни­калық және кәсіптік білімі бар кадрларды даяр­лауға Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпеген түлектер қатарынан 26 мамандық бойынша 27 білім беру ұйымдарына 4584 адам тегін оқуға жіберілді. Қысқамерзімді кәсіптік оқытуға 85 мамандық бойынша 53 білім беру ұйымдарында 12159 адамға жолдама берілді.
– Жолданған азаматтар ішінен 9205-і оқуды бітірген, оның ішінде 4286 адам тұрақты жұмысқа орналасқан, – деді Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­ма­сының басшысы Мұхит Отаршиев.
Жиында облыста шешімін таппай отырған бірқатар мәселелер де сөз болды. Бұл апатты және үш ауысымды мектеп­терге, әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру­дағы сыбайлас жемқорлыққа, құрылыс саласындағы олқылықтарға, ша­ғын және орта бизнес үшін, әсіресе, ауылдық жерлерде, несиенің қолжетім­сіз­дігіне және басқа да мәселелерге қатысты болды.
– Біз қадағалаушы немесе құқық қорғау органдары емеспіз. Партияның міндеті мен мақсаттары айқын. Бүгінгі таңда партияда да жаңғыру жұмыстары бас­талды. Біз халықтың сенімін ақтап, сайлауалды уәделердің толық орындалуын бақылауда ұстаймыз. Алдағы уақытта да нақты жұмыстар жүргізіп, халықтың сенімін ақтауымыз қажет, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.
Мәжіліс барысында партия хатшысы 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесіне орай бірқатар азаматтарға «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісін және Құрмет грамоталарын тапсырды.
Партия хатшысы Ғ.Әбдірахымов М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жастар ұйымдарының жетекшілері және «Жас Отан» Жастар қанаты төрағаларымен кездесіп, студенттердің білім алу бары­сында кездесетін түйткілдері жөнінде, жастар ұйымдарының жұмысы, партия­ның жаңа бағыттары, жастардың жұмысқа орналасуы, шетелде білім алудың маңызы, «Болашақты» бітірген түлектер және басқа да мәселелерді талқылады.
Ғ.Әбдірахымов Төле би ауданында болып, Леңгір қаласы тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша жергілікті тұрғындармен де кездесті.
Жамбыл ҚЫРҒЫЗБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*