ТӘУЕЛСІЗДІК ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ

1034
0
Бөлісу:

Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен
қарыштаған жасампаз халқыма арналады!

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарса­ңын­да Қазақстан Республикасының Тұңғыш
Прези­денті – Ел­­басы кітапханасында Мемлекет басшысы Н.На­зар­баевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының сал­танатты тұсаукесер рәсімі өтті. Тарихи публи­цистика жанрында жазылған, қазақ және орыс тілдерінде басылған Елбасымыздың бұл еңбегі еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасын танытады.

Жаңа басылымның тұсаукесер рәсімін ашып, жүргізген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Осыдан тұп-тура 26 жыл бұрын халқымыздың жаңа дәуірі басталды. Бұл – егемендік, тәуелсіздік, еркіндік дәуірі. Бұл – ер қазақтың Елбасымен бірге дәуірлеу кезеңі. Жаңа кітапта Елбасымыздың дана басшылығымен тәуелсіз еліміздің ширек ғасырдан астам уақытта қол жеткізген барлық жетістіктері сараланған. Елбасымыздың жүрек төріндегі толғаныстарынан шыққан бұл кітапты бәріміздің қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасының негізін қалаған Тұңғыш Президентіміздің өз қолымен жазылған тәуелсіздік энциклопедиясы деп атауға толық негіз бар», – деді.
Жаңа туындыда егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап, оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баяндалады.
Сонымен қатар кітапта «қазақстандық даму үлгісінің» табиғаты мен оның эволюциясы, басты ұстанымдары мен қозғаушы күштері сараланған. Қазақстанды жаңғыртудың үш толқыны кеңінен ашып көрсетілген. Бірінші және екінші жаңғырту аясында тоталитарлық жүйеден түбегейлі ажырап, нарықтық экономиканы құру және бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына қосылу міндеті мерзімінен бұрын орындалды. Үшінші жаңғыртудың мақсаты – елімізді қалыптасқан жаңа жаһандық ахуал жағдайында жаңғырта отырып, әлемдегі ең өркенді 30 мемлекеттің қатарына қосу.
Кітап еліміздің жаңа тарихын тұтас қамтыған, мазмұны аса бай 4 бөлімнен тұрады:
1. Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қа­зақстанның бірінші жаңғыруы (1991-1995 жылдар);
2. Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы (1996-1999 жылдар);
3. Қияға құлаш сермеу. Қазақстанның екінші жаңғыруы (2000-2010 жылдар);
4. Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруы (2010 жылдар).
Жаңа туындының алғысөзінде біздің өз жолымыз­бен – қазақстандық даму жолымен жүретінімізге назар аударған Елбасы: «Деректерді талдап, оқиғаларға объективті баға беруді үйрену ғана емес, тарихи үдерістерді болашақ тұрғысынан терең түсіну, өткенге қазіргі кезең тұрғысынан көз салу және болашақты ойлай отырып, өткенді ұмытпау – ортақ міндетіміз. Біз тарихтан өзімізге және еліміздің одан әрі дамуына қажетті тағылым ала білуге тиіспіз», – дейді.

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары:

– Елбасымыздың жүрек төріндегі толғаныстарынан шыққан бұл кітапты бәріміздің қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасының негізін қалаған Тұңғыш Президентіміздің өз қолымен жазылған тәуелсіздік энциклопедиясы деп атауға толық негіз бар.

Аталған кітапта әр бөлімнің өзі бірнеше бөлімге бөлінген. Олардың да атауларына аса мән беріліп, жаңа тарихымыз бен қазақстандық құндылықтардың дәуірлік оқиғалары нақты әрі дәл суреттелген. Атап айтқанда, «Тарихи әділеттілік салтанаты», «Тұғыры берік мемлекеттік құрылым», «Басты құндылығы­мыз – бейбітшілікті қастерлей білдік», «Жаңалықтың жылы лебі және қайта түлеген дәстүр», «Сыртқы саясат: тыңға түрен салғандай…», «Қияға көз тіккен Қазақстан барысы», «Баянды болсын Бас қала!», «Саяси тұрақ­тылықтың жемісі», «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Біз әлемдік дағдарыс сынағына төтеп бердік», «Бұрын-соңды болмаған зияткерлік өрлеу», «Әлем мойындаған көшбас­шылық», «Көз алдымыздағы ұлы өзгерістер», «Жаңа экономикаға батыл ұмтылыс», «Адам капи­талының жаңа сапасы», «Қазақстанның айқын және мызғымас басымдықтары» және тағы басқа бөлімдерде еліміздің жарқын сәттері бүге-шігесіне дейін баяндалады.
Сондай-ақ кітапта еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген басты 33 жетістігі мен оған жету жолдары жан-жақты айтылған. Олардың қатарында: заманауи қуатты мемлекет құру, халықаралық дәрежеде мойын­далған нақты шекара, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі, Семей ядролық сынақ алаңының жабылуы, нарықтық экономикаға өту, ұлттық валюта, жаңа елордамыз – Астананы салу, қуатты әрі заманауи Қарулы Күштеріміздің құрылуы, кең көлемдегі инновациялық индустрияландыру, әлеу­меттік жаңғыру, ЕҚЫҰ-ға және басқа да беделді ха­лықаралық ұйымдарға төрағалық ету, «Қазақстан – 2030» стратегиясында көз­дел­ген басымдықтардың мерзімінен бұрын орындалуы және 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы, Бес инс­титуттық реформа, ЕХРО – 2017 халықаралық көрмесін өткізу және халқымыздың мақтанышына айналған еліміздің тағы басқа да аса маңызды жетістіктері бар.
Бұл жетістіктердің барлығы тәуелсіздіктің жемісі және Елбасымыздың елі үшін еткен ерен еңбегінің нәтижесі екеніне назар аударған Мұхтар Құл-Мұхаммед:
– Тәуелсіздік заманы – Қазақстан үшін ғасырлар жүгін арқалаған ғаламат дәуір. Соның бәрінде елі үшін туған Елбасы Қазақ елін әлемдік қауымдас­тық­тың ең алдыңғы қатарына шығарды. Қазақстан – бүгінде іргесі берік, ынтымағы жарасқан, эко­номикасы қуатты, саяси жүйесі сараланған, өз жолын, өз болашағын айқындаған, әлемдік қауымдастық алдындағы беделі биік, үш бірдей жаңғыруды ойдағыдай өткізе білген абыройлы мемлекет. Оның туған халқын замананың сан алуан сынынан аман алып шығып, биіктен биікке бастап келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлындай кемеңгер басшысы бар, – деді.
Одан бөлек, салтанатты іс-шарада Премьер-министр Кеңсесі Басшысының орынбасары Ержан Бабақұмаров, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, Қазақстан халқы ассамблеясы Хатшылығы жетекшісінің орынбасары Леонид Прокопенко және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов сөз сөйлеп, жаңа кітаптың маңызы туралы ойларымен бөлісті.
Б.Жұмағұлов: «Жаңа кітаптың маған ерекше әсер еткен тұсы – елдегі адам капиталын жаңа сапаға көшіруге қатысты қамқорлық екенін айта кеткім келеді. Бұл білім, ғылым, денсаулық сақтау, спорт саласын түбегейлі жетілдіруді қарастырады. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда білім мен ғы­лымның жаңа жүйесі қалыптасты. Әсіресе, мектепке дейінгі және орта білім берудегі материалдық база айтарлықтай күшейді – кітапта бұл туралы жақсы айтылған», – деді.
Сондай-ақ сенатор Елбасымыздың «Болашақ» бірегей бағдарламасының арқасында 12 мыңнан астам талантты жас әлемнің озық университеттерінде білім алғанын, елімізде зияткерлік мектептерінің, кәсіби-тех­никалық колледждерінің, әлемдік деңгейдегі универ­ситеттер жүйесі құрылып, дамып жатқанын атап өтті.
Иә, тәуелсіздіктің арқасында ғылым саласы да айтарлықтай реформаланып, Мемлекет басшысы ұсынған білімді басқарудың жаңа үлгісі енгізілгені белгілі. Бұл өз кезегінде зерттеушілердің ынтасын оятып, ғылыми өнімдердің сапасын арттырды – рейтингі жоғары басылымдардағы шетелдік жа­рияланымдардың саны еселеніп өсті. Ғылымды ком­мерцияландырудың қайтарымы мен нәтижесіне, бет бұрылды. Нәтижесінде, бүгінгі таңда бізде ең озық әлемдік тәсілдерге сәйкес білім берудің ғылыми жүйесі қалыптасты. Жаңа кітапта осы жетістіктер жайында автор жан-жақты айтады.
Өз кезегінде Д.Қыдырәлі бұл кітаптың тәуелсіз Қазақстанның даңқты тарихын білуге және түсінуге, елімізді мақтан етер жасампаздар қатырының өсуіне зор септігін тигізетініне сенім білдірді. «Сондықтан дәйекті деректермен өрілген «Тәуелсіздік дәуірі» Қазақ елінің тарихына үңілетін зерттеушілер мен өт­кенімізді зерделейтін әрбір оқырманның ұдайы жү­гінетін кітабы болады деп ойлаймыз. Себебі, бұл – жа­сампазжылдардың жиын­­тық жылнамасы.
Бұл – мәңгілік елдің темірқазығына айналған тұтас дәуір­дің шежіресі. Бұл – азаттық архитекторы алған абыройлы асудың айнымас айғағы» деді.
Кітапты бояуы кеппей тұрып, оқу мүмкіндігіне ие болғанына аса қуанышты екенін жеткізген Е.Сыдықов: «Көп нәрсені ойға түйдік. Біріншіден, бұл кітап – тұжырымдамалы, іргелі еңбек. Біз, тарихшылар, жүріп өткен Тәуелсіздік жылдардағы ширек ғасырымызды байыптайтын және шынайы баға беретін өрелі еңбекті күтіп жүргенбіз. Оны Елбасының жазуы еліміз үшін де, елдігіміз үшін де үлкен оқиға деп білеміз. Екіншіден, Нұрсұлтан Назарбаев – жай ел басшысы емес, құрушы, жасампаз, көреген Президент. Сондықтан бәрі «бірінші» және «тұңғыш» дегеннен басталады. Ендеше, бұл еңбек – жаңа мемлекетті өз қолымен, өз бастамасымен тұрғызған аса ірі тарихи тұлғаның әрі жылнамасы, әрі дәуірнамасы. Үшіншіден, Елбасы Тәуелсіздіктің елең-алаңынан «Біздің өз жолымыз бар» деп мәлімдеді. Бұл кітап – Қазақстан жолының күнделігі, шежіресі, тұғырнамасы», – деді.
Сөз алғандардың барлығы жиынға қатысушы­лардың назарын кітапта кеңінен сарапталып, сараланған тәуелсіздік тарихының экономикалық, саяси және әлеуметтік қырларына, рухани-мәдени құндылықтарға, осы кезеңдегі маңызды оқиғаларға, оларға берілген тарихи бағаға және оның саяси-әлеуметтік қарым-қатынастағы мәніне аударды. Сол себепті де олар Елбасымыздың жаңа кітабы барша қазақстандықтарға, әсіресе, жас ұрпаққа тәуел­сіздігіміздің алғашқы он жылдығындағы маңызды оқиғаларды кеңінен біліп қана қоймай, туған Отанымызбен мақтануға, оның жарқын болашағына қандай да бір өз үлесін қосуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
Елбасы өз еңбегін: «Тәуелсіз Қазақстан тарихының басты тағылымы мынада: кез келген тығырықтан жол тауып, кедергіні – мүмкіндікке, тәуекелді табысқа айналдырып, ең асқақ арманға қол жеткізу әркімнің өз қолында. Жеңіс пен жетістік – жасқанбай алға ұмтылғанның еншісінде. Қа­зақстанды жоғары дамыған мемлекетке айналды­ратын – азат ойлы, жаңашыл да жасампаз азаматтары. Ол үшін әркім жан-жақты және кемел білімге ден қойып, қажырлы еңбек пен өзін өзі толассыз жетілдіруді өмір салтына айналдыруы қажет. Демек, бүгін де болашақ үшін құлшына іске кірісетін, жігерімізді жанып, санамыз бен өмірімізді өзгертетін сәт тағы туып тұр. Ұлы тарих Кемел келешекке жетелейді», – деп аяқтайды.
Іс-шара соңында барша қатысушыларды тәуел­сіздік күнімен құттықтаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Алдарыңыздағы кітап – Елбасының бә­ріміз үшін ең қасиетті құндылық саналатын тәуел­сіздік туралы ой-толғамдарының жиынтығы. Ендеше, бұл көп ұзамай-ақ барша қазақстан­дықтардың сүйіп оқитын кітабына айналарына кәміл сенемін», – деді.
Кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысқан Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, «Нұр Отан» партия­сының басшылығы мен мүшелері, ғылым, зиялы қауым, ақпарат құралдары және жастар ұйымдарының өкілдері, сарапшылар мен студенттер жаңа басылымға ерекше қызығушылық танытты. Сондықтан да «Тәуелсіздік дәуірі» отандық және шетелдік қалың оқырман қауымды қызықтырар тың туынды болары сөзсіз.

Еламан ҚОҢЫР,
Суреттерді түсірген Рустам АМАНТАЙ

Пікір

Ержан БАБАҚҰМАРОВ,
Премьер-министр Кеңсесі Басшысының орынбасары:

– Бұл жай кітап қана емес. Бұл – Елбасымыздың ел та­рихы мен болашағы туралы ой-толғамы. Өйткені кітапта тәуел­сіздік жылдарында еліміз­дің қол жеткізген жетіс­тігінің барлығы жіктеліп, зерттеліп, нақты сараланған. Сон­дықтан кітаптың құнды­лығы аса жоғары. Себебі, автор еліміздің қалыптасу кезеңіндегі оқиғалардың куәгері және жай ғана қатысушысы емес. Ол – тәуелсіз Қазақстанның тарихын өз қолымен жасаған ерен тұлға. Осы тұрғыдан келгенде жаңа кітап ешқашан өз құнды­лығын жоғалтпай, келер ұрпаққа қазақстандық жолды нақты көрсететін аса маңызды құжат ретінде жетеріне кәміл сенемін.
Бұл туындыда қазақстандық даму үлгісінің қыр-сыры, оның эволюциясы мен басым бағыттары, ел дамуының үш толқыны анық айтылған. Бірінші және екінші жаңғырту аясында тоталитарлық жүйеден түбегейлі ажырап, нарықтық экономика құру және бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосылу міндеті мерзімінен бұрын орындалды. Келесі Үшінші жаңғыртуда елімізді қалыптасқан жаңа жаһандық ахуал жағдайында жаңғырта отырып, әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу көзделіп отыр. Сол себепті, бұл кітапты өткен тарих қана емес, болашақ басымдықтарды бағдарлап, жаңа биіктерді бағындыру жолдарын айқындап берген туынды деп атауға әбден болады.

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
Сенат депутаты:

– Кітаппен танысу мені терең ойға қалдырды. Бұл – оқырман жанын тебірентетін, ойы мен сезімін толғантатын, жігерін оятатын сан қырлы еңбек. Дегенмен бұл кітаптың маған әсер еткен екі қыры болғанын айта кеткім келеді. Біріншісі – ол іргелілік, тәуелсіз Қазақстанның бұрын­ғы және жаңа тарихын, жақын болашақтың мақсаты мен міндеттерін қамту ауқымының кеңдігі – талдаудың тереңдігі. Екінші қыры – өміршеңдігі, әр реформаны баяндаудағы әрбір жолдан автордың көңіл-күйі сезіліп тұрады. Оның сан қырлы толғамдары, шешім іздеуі және оны жүзеге асырудағы табандылығы таң қалдырады.
Елбасымыздың кітабын оқығаннан кейін есіме 2005-2008 жылдары «Нұр Отан» пар­тиясында болған күрделі кезеңдерім оралды. Өйткені 2005 жылғы президенттік сайлау бүкіл партия үшін нағыз өсу, саяси кемелдену сынағы болды. Елбасы кітапта атап өткендей, ол сайлау ХХІ ғасыр басындағы Қазақстанның ішкі саяси өміріндегі ең маңызды оқиғаға айналды. Сол кезде Елбасының сайлауалды штабын басқардым. Тарихи сәттердің басы-қасында болдым. Сол үшін өзімді бақытты санаймын. Сол кездегі саяси өміріміздегі тағы бір маңызды мәселе 2007 жылғы конституциялық реформа болды. Оның ең басты жаңалықтарының бірі – еліміздегі Парламент сайлауалды мажоритарлық үлгіде пропор­цио­налды, яғни тепе-теңдік сайлау жүйесіне ауысты. Осылайша, еліміздегі саяси партиялар ашық бәсекеге, электоралды үдеріске толық қосылды. Бұл дамыған демократиялық елдерге тән жүйе еді. Біз жаңа жүйедегі пар­ламенттік сайлауды сәтті өткіздік. Онда «Нұр Отан» партиясы сенімді түрде жеңіске жеткенін бәріміз білеміз. Сонымен бірге, сайлаудың осы пропорционалды жүйесі өмірімізде толыққанды қолданысқа енді. Өзім куә болған осынау күрделі процестердің барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен жүргізіліп отырды.

Санат КӨШКІМБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:

– Елбасымыздың жаңа кітабы – терең толғамдар мен ой-пікірлер қамтылған аса құнды дүние. Мұнда ел дамуына әсер ететін барлық сала түгелімен көрсетіліп, олардың әрқайсысы бойынша жетістіктері баяндалған. Еліміздің үш бірдей жаңғыруды ойдағыдай өткізіп, ішкі және сыртқы саясатымызда бағындырған белестеріміз айтылған. Қазақстандық дамудың үлгісі мен тәуелсіздік жылдарындағы 33 жетістігіміз жан-жақты сарапталған.
Осының ішінде сыртқы саясаттағы Қазақстан бағындырған биіктерге ерекше назар ауда­рылған. Әсіресе, беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық етіп, бүкіл әлемнің өзімізге артылған сенімін абыроймен ақтап шыққанымыз, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуымыз, EXPO – 2017 халықаралық көрмесін жоғары деңгейде өткізіп, әлемдік қауымдастықтың лайықты бағасын алуымыз біздің елдің дұрыс бағытта қадам басып келе жатқанын аңғартады. Әрине, мұның барлығы айтуға оңай болғанымен әр істе Елбасымыздың ерен еңбегі мен қажыр-қайраты жатқаны даусыз. Мемлекет басшысының тұлғалық абыройының арқасында еліміз осындай жетістіктерге жетіп отыр. Елбасымыз осы істердің басты жүзеге асырушысы ретінде жаңа кітабында олардың барлығын жіліктеп жазған. Сондықтан бұл кітап ел тарихына қосылған сүбелі үлес деп білемін.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ Басқарма төрағасы:
– Бұл кітап азаттықтың ақ таңын­дағы жас мемлекеттің ал­ғаш­қы демін, әрбір қадамын, еңсесін тіктеп, құлашын қалай жаз­ғанын нақты дәйектермен жи­нақ­тағандықтан, оны тәуел­сіздік тарихының атласы, жаңа шежіреміздің бояу-болмысы түгел қамтылған тұтас картинасы деуге болады. Біз әдетте тарихты зерделегенде кезеңдерді жылдармен, ал дәуірлерді ғасырлармен өлшейміз. Кейде бұл атаулар уақыттың ұзақтығымен емес, маңызды оқиғалармен де өлшенеді. Бұл тұрғыдан алғанда 100 жылға бергісіз ширек ғасыр тәуелсіздік дәуірінің бастауы болды. Бұл кезең осы кітапта «Ұлы дәуір» деп аталады. Осы дәуірде жаңа тұрпатты мемлекеттің, жаңа қоғамның барлық саласы өз тарихының алғашқы парағын ашып, жетіс­тіктерге толы жылнамасы жазыла бастады.
Қазақстанның құрылуы мен қалыптасуы хроно­логиялық және жүйелі түрде қамтылған бұл іргелі еңбекте тәуелсіздік жылдарын жаңғырудың үш толқы­нына балаған Нұрсұлтан Әбішұлы ел тарихын кезең-кезеңге бөліп, әрбір саланы жеке-дара қарастырады. Біз кітаптан оқиғалардың қалай өрбігенін, шиеленіс­тердің қалай шешілгенін ғана емес, олардың түпкі себебі мен қисынын да табамыз. Кітапта мыңдаған оқиғалар айтылып, көптеген тұлғалардың аттары аталады. Ол бізге тәуелсіздік дәуірінде әрбір деректің маңызды екенін білдірумен қатар, автордың замандастарына деген ерекше құрметін де сездіреді.
Қоғам өмірінің дамуында маңызы зор бұқаралық ақпарат құралдары жайында да көптеген деректерге қанығамыз. Мәселен, 2017 жылы мемлекеттік бұқаралық ақпараттық құралдары жаңғыртылды. Жетекші газеттер өз келбеттерін өзгертіп, жаңа даму жолына түсті деп баға береді. Сондай-ақ түркі интеграциясы, Түркі академиясының құрылу тарихы туралы да нақты деректер келтірілген.

Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры:
– Біз көптен күткен кітапқа қол жеткіздік. Бұл еңбек әрбір қазақстандықтың тағдыры ту­ралы! Еліміздің ширек ғасыр­дағы бары мен нары туралы! Еңбегіміз бен елдігіміз туралы! Жарқын істеріміз туралы! Бұл – Елбасының елге сыйы, елдіктің баянды бағына, бағаналы ордасына сыйы! Енді мұның қуанышын, жемісін Қазақстанның бар өңірі, барша азаматтары бір кісідей көруі тиіс. Кітапты парақтап оқып, ой түюі қажет! Өйткені бұл кітап – Қазақстан жолының айнасы!
Маман ретінде айтарым, «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы арқылы Елбасымыз тәуелсіз елдің мәртебелі тарихын канондық үлгіде жазып берген. Ал тарихты тұлғалар жасайды. Тарих тұлғаларды анықтайды. Мемлекет құрудың жөн-жосығын да, теориялық практикасын да ғылыми өреде меңгерген Нұрсұлтан Әбішұлының ел тарихын жазуға толық моральдық құқы бар. Джордж Вашингтон, Махатма Ганди, Уинстон Черчилль, Мұстафа Кемал Ататүрік, Шарль де Голь, Ли Куан Ю және тағы басқа дара қайраткерлер – ізашар тұлғалар, асқар қайраткерлер еді. Біз Елба­сымызды да осы биіктен көрдік. Осы биікте тұратынына да сенімдіміз. Мұны миллиондар айтып, миллиондар мойындайды. Бүгін 18 миллион­дық халқымыз, Қазақстанның жанкүйерлері, қолдаушылары және де әлемдегі қандастарымыз зор рухани танымдық байлыққа кенелді деп толық сеніммен айта аламыз.
Алдағы уақытта бұл кітапты оқу құралы ретінде білім жүйесінде кеңінен пайдалану қажет. Одан бөлек, кітаптағы тұжырымдамалы ойлар мен маңызды фактілер бойынша түрлі мәдени-танымдық шаралар кешенін ұйымдастырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы тілдеріне аударып, бастыртқан жөн. Цифрлік жүйеге түсіріп, түрлі форматта насихаттаған абзал.
Леонид ПРОКОПЕНКО,
Қазақстан халқы ассамблеясы Хатшылығы жетекшісінің орынбасары:

– Қазақстан халқы ассам­блея­сының ХХV сессиясында Мем­ле­кет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Егер біз бірлігіміз бен тұрақтылығы­мызды сақтай алсақ, болашаққа үмітпен қарай аламыз. Егер оны іске асыра алмасақ, бізде ештеңе де болмайды» деген еді. Міне, осы ойлар «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының өне бойында, оның тобықтай түйіні ретінде айқын көрініс тапқан. Елбасы еңбегінде бейбітшілік саясаты мен келісім ретіндегі Қазақстан халқы ассамблеясының мемле­ке­тіміздегі әлеуметтік-саяси үдерістердің тұрақтылығын қам­тамасыз етудегі рөлі айтылған, Қазақстан жаңғыруы­ның барлық үш кезеңіндегі тұрақтылықтың қалай нығая түскені баяндалған. Азаматтық қағидаты бойынша бүгінгі қазақстандық бірегейліктің қалай қалыптасқаны көрініс тапқан.
Бірінші жаңғырудың кезеңінде-ақ Қазақстан халқы ассамблеясы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ауқымды қызмет атқарып, жаңа Конституция қабылдау жөніндегі референдумға және Президент өкілеттілігін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартуға байланысты бастамашы болды. Бұл жылдары тіл, азаматтық бірегейлік, мәдениет салаларындағы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісінің негізі қаланды. Кітапта, екінші жаңғыру барысында, Президент жетекшілігімен бірлік пен келісімнің қазақстандық үлгісінің, оның қағидаттары мен арқауы қалай қалыптасқанының барлық қыры егжей-тегжейлі ашылған. Соның арқасында этносаралық қарым-қатынастардың шиелене түсетініне қатысты адамдардың күдігі сейілді.
Кітапты оқып шыққандағы біз жасауға тиісті негізгі түйін әлемнің бір орында тұрмайтындығы, бірегейлік пен бірліктің үнемі еңбек ету мен дамуды, нақты істерді талап ететінінде болып отыр. Сондықтан да қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі «Рухани жаңғыру» қазақстандық бірегейлікті жаңа мазмұнмен байытатын, біртұтас ұлтымыздың күшті және жауапты адам­дары­ның бәсекеге қабілеттілігін белгілейтін бейбітшілік саясаты мен келісімнің жаңа кезеңі болып саналады.

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*